«АСТАНА КЛУБЫ» бейбітшілікке шақырады!

Бүгінгі таңда әлемдегі саяси ахуал өте күрделі болып отыр. Алып Еуразияның кейбір бөліктерінде ауқымды әскери қақтығыстардың басталуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Ең қатерлі аймақ – Таяу Шығыс. Мәселе Сириядағы дағдарысқа, Ирактағы қақтығыстар мен Ливиядағы азамат соғысына байланысты. Оның үстіне жетекші державалар мен Иран арасындағы ядролық қаруға байланысты келісім де алға баспай отыр.

Өмірзақ МҰҚАЙ

Қазақстан басшысының пікірінше, оның ақыры әлемдік державалар арасындағы әскери қақтығысқа ұласуы әбден мүмкін. Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен жыл сайынғы «Астана Клубы» отырысында осы мәселеге тоқтала келіп, былай деді:

– Бұл жерде ұлы Эйнштейннің «Үшінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ядролық апаттан соң адамдардың таяқ­пен соғысқаннан басқа амалы қалмай­ды» деген сөзін алға тартты.

Қазіргі таңда алдымен державалар арасындағы орта және жақын қашық­тықтағы зымырандарды жою мәселе­сінде келісім болмай отыр. 2021 жылға дейін күшін жоймайтын стратегиялық қаруларды қысқарту жөніндегі келісім де алға баспай тұр. Оның үстіне бұл келісімнің бұзылуы мүмкін деген болжамдар да айтылуда.

Қазақстан жағының көзқарасында ірі державалар арасындағы қарама-қайшылық әлемдегі ықтимал оқиғалар­ды өте күрделілендіріп отыр.

– Біз мұндай конфротанцияны талайдан бері көрген жоқпыз. Бұған дейін күшін жоймаған постбиполярлы әлемдік тәртіп өткен шаққа ауды. Үлкен Еуразияның контуры біздің көз алды­мызда қалыптасуда. Оған жаһандық державалар арасындағы өзара бәсеке­лестік үлкен ықпал етіп отыр. Осының бәрі болашақ әлемнің қалай қалып­тасуына ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Клубының» отыры­сында.

Ең алдымен, мәселенің асқынуына түрткі болып отырған фактор – Ресей, АҚШ пен ҚХР арасындағы биосаяси бәсекелестіктің асқынуы. Әрі оның салқыны үлкен Еуразияға да тікелей әсер етуде. Осы стратегиялық үшбұрыш арасындағы күрделі оқиғалар бұған дейін  баршама бәсеңдеген болатын. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа. Кең ауқымды жанжалға ұласуы мүмкін оқи­ғалар жетіп-артылады. Осындай дағда­рысты жағдайлардағы қателіктердің арты апатқа ұшыратуы әбден ықтимал.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұндай текетірестің қауіпсіздіктің жаһандық институттары мен дамуының тиімділігіне кедергі келтіретініне баса тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңның шешуші тренді стратегиялық тұрақтылықтың әлсіреуі болып отыр. Қырғиқабақ соғысты айтпағанда, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұнша­лық­ты қатерлі жағдайдың болмағаны да белгілі.

Қазіргі жаһандық қаржылық-эконо­микалық дағдарыстың да аталмыш мәсе­леге тигізіп отырған әсері үлкен. Шы­нында да жетекші державалар арасын­дағы бәсекелестіктің әсерінен әлемдегі  саяси ахуал қатты ушығып тұр.

Бүгінгі таңдағы саяси-экономикалық дағдарысты кейбір сарапшылардың жетекші державалар арасындағы сауда соғысы есебінде айдарлайтынын білеміз. Алдымен, әлемдік экономи­каның үштен біріне қожалық етіп, жаһандық экспорттық 20 пайызын, әлемдік инвестиция ағысының үштен бірін иемденетін құдіретті АҚШ пен әлемдегі екінші экономикалық держава Қытай арасындағы бәсекелестікті ауызға алу керек. Мәселе осы екі мықтының арасындағы дүрдараздықта.

Жеме-жемге келгенде, Қазақстан басшысының пікірінше, осының бәрі кедейшілікке, жұмыссыздыққа, терро­ризмге, миграция мен сепаратизмге әкеліп соғатын факторлар. Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда алдымен басынан дау арылмай тұрған Ауғанстанды мысалға алды.

Шынында да бұл мемлекеттегі бүгінгі саяси-экономикалық дағдарыс есірткі бизнесінің, терроризм мен экстремизмнің салдары, 1979 жылы басталған соғыстың әсері.

– Жаһандастыру нәтижесінде қалыптасқан мемлекеттер арасындағы экономикалық өзара байланыстың әлсіреуіне осындай факторлар әсер етеді. Алайда, мемлекеттер арасындағы сауда соғысы мен сан алуан санкциялар оны одан әрі күшейте түспек. Дәл қазір болашақты болжап айту мүмкін емес. Бірақ ағымдағы ахуалдың өзі қауіпті. Ең соңында оның зардабы сол жетекші мемлекеттердің өзіне де тиюі мүмкін, деп мәлімдеді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Шекспирдің Гамлетіне тән «Не істеу керек?» деген пәлсапалық сауалдың туындайтын тұсы да осы. Әрине, жаһан­дық деңгейдегі мұндай мәселелер бір ғана «Астана Клубының» арқасында шешіле қалуы екіталай. Алда әлі де талай отырыстардың, келіссөздердің тұрғаны айтпаса да белгілі.

Қалай десек те, «жаһандық деңгейде асқынып тұрған мұндай мәселені қалай шешу керек?» деген сауалдың бұл жер­ден де көрініс беруі заңды. Қазақстан басшысы «Астана Клубының» отыры­сын жабар тұста сөйлеген сөзінде Қазақ­стан Республикасының астанасын әлемдік деңгейдегі экономикалық, саяси және әскери мәселелерді шешудің жаһандық алаңына айналдыру туралы өз ұсынысын білдірді.

Мұндай жағдайда шынында да өзара тарысы піспей отырған Ресейдің, АҚШ-тың, Қытай мен Еуроодақтың өкілдері бейтарап ел есебінде Қазақстан Респуб­ликасының астанасында бас қосып, біраз мәселелерді оңтайлы шешіп алуы мүмкін. Бұл орайда осындай жаһандық мәселелерді шешудің ең қолайлы ел есебінде Қазақстан Республикасының тәжірибесі де жеткілікті.

Нұрсұлтан Назарбаев осыны айта келіп:

– Қырғиқабақ соғыс кезінде 1975 жылы қол қойылған Хельсинки актісі жаңартуды, жаңаша жазуды талап етеді. Соған байланысты 2020 жылы осы стратегиялық құжаттың қабылдан­ғанына 45 жыл толуына орай қауіпсіздік пен әріптестік жөнінде конференция ұйымдастыруды ұсынамын. Әрине, осындай бейбіт райдағы жаңа келісім­дерге  қол қою процесінің оңайға түс­пей­тінін мен жақсы білемін. Дейтұр­ғанмен, кейбір ұлы державалар екіжақ­ты мұндай келісімдерді қолдайды. Әлбетте, екіжақты. Оған басқа мемле­кет­тердің араласуына қақысы да, құқысы да жоқ деп түсінем.  Әрине, бұл орайда көп мәселе әлемдік держава­лардың ұстанған позициясына байла­нысты. Соған орай әлемнің жетекші державаларының басшысын жаңа келісім жасауға байланысты бірлескен жұмыстарды жүргізуге шақырамын, – деді қорытынды сөзінде Елбасы.

Одан да басқа Нұрсұлтан Әбішұлы Америка Құрама Штаттарының прези­денті Дональд Трампқа ядролық қару­сыздандыру жөніндегі келісімдерді қайтадан бастау жөнінде ұсыныс айтты.

Қазақстан басшысы қорытынды сөзінде:

– Осы отырған бәріміздің де Дональд Трамп мырзаға өтініш айтудан басқа амалымыз жоқ. Ол өзінің алдындағы Америка Құрама Штаттары президенттері ұстанған саясатты қапе­ріне алса, құба-құп. Алда-жалда Трамп мырза осы мәселелерді талқыға салуға ниет білдірсе, әлемдегі тұрақтылық та біршама түзелер еді деп ойлаймын, – деді.

Бір сөзбен айтқанда, жыл сайын өткізілетін жаһандық «Астана Клубы­ның» отырысы әлемдік деңгейдегі біраз мәселені қаузағаны белгілі. Шынында да бұл жолғы отырысты өте актуалды болды деуге себеп жеткілікті. Оған әлемдегі бүгінгі ахуал куә.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *