Аспантаудың АҚИЫҒЫ

Алматыда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, елімізде қазақ авторларының шығармаларын талдау арқылы, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арналған «Баққожа Мұқай шығармашылығындағы ұлт болмысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан филология ғылымының докторы, профессор Уәлихан Қалижанов жазу­шының еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті. Ғылыми конфе­ренцияда жазушының қаламгер достары, әріптестері оның өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты.

Жазушы Баққожа Мұқайдың әдеби шығармашылығының ұлт руханиятынан алатын орны ерекше. Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғаш­қы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Жазу­шының көркем туындылары тәжік, қырғыз, беларусь, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қара­қалпақ, түркімен, корей тілдеріне аударылды. Баққожа Мұқай шығар­масының ең бір өнімді саласы драматургия болды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Нұрлан Оразалин жазушы­ның әдебиетке төккен терінің өлшеусіз болғанын және оның шығармалары әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие болып отырғанын жеткізді.

– Жазушы Баққожа Мұқайдың қалың-қалың романдарының дү­ние­­ге келуі, «Өмірзая» атты атақты романының Мемлекеттік сыйлық­қа ие болуы, «Иірім» деген проза­лық дүниесінің оқырман көңіліне қонуы және өзі туып-өскен өңірі туралы жазған атақты «Жалғыз жаяу» атты дүниесі – мұның бар­лы­ғы Баққожаның қазақ прозасына өнімді қызмет еткені деп білемін. Баққожа прозада қалай сәтті еңбек етсе, драма­тургия жанрында да басыбайлы бүтін жақсы дүниелер берді. Баққожаның пьесалары 1970 жылдары репертуарға қалай кірсе, әлі күнге дейін өзінің көркемдік сапасын әлсіретпей, көрермен сұранысына жауап беріп келеді.

Баққожа Мұқай – 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райым­бек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1971 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жур­налистика факультетін бітір­ген. «Коммунизм нұры» (қазіргі «Хантәңірі») газетінде еңбек жолын бастап, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақ­стан Жазушылар одағында қызмет істеген. ҚР Мәдениет министр­лігінің репертуарлық редакциялық алқасында бас редактор, бас басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоға­мын ұйымдастырып, басшылық жасады. Қазақстан Республи­касының ЮНЕСКО істері жөнін­дегі Ұлттық комиссиясының мүше­сі. Бірнеше медальдармен марапат­талған. 1995–2008 жылдары рес­публикалық «Парасат» журна­лының Бас редакторы болған. Бірқатар шет ел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аудар­ған. «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсо­молы сыйлығының лауреаты атағы, Қырғызстан Республика­сының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы берілді. «Құрмет» орденінің иегері.

***

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі драматург, жазу­шы Баққожа Мұқайдың 70 жыл­дығына орай, «Сергелдең болған серілер» қойылымы көрсетілді. Қойылым алдында жазушы, драма­тург Баққожа Мұқайдың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы деректі фильм көрсетілді. М.Әуе­зов атындағы академиялық драма театрының бұрынғы директоры, Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының ректоры  Асхат Мае­миров Баққожа Мұқайдың пъеса­лары көзі тірісінде көптеген елдер­де, сондай-ақ, республикамыздың барлық өңірлерінде дерлік қойыл­ғанын, бүгінгі «Сергелдең болған серілер» қойылымы жаңартылып, көрермен назарына ұсынылып отырғанын атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов еліміз Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев­тың, Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлының және «Нұр Отан» партия­сы төрағасының бірінші орынба­сары Мәулен Әшімбаевтың Құт­тықтау хаттарын жазушының жары Нұржамал апайға табыстап, қазақ қаламгерлері атынан иығына камзол жапты. Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев, жазу­шы Смағұл Елубай, драматург Баққожа Мұқайдың қазақ мәде­ниетіне сіңірген еңбегі туралы тоқ­талып, естелік айтты. Жазу­шының ұлы Ерлан әкесінің еліне сіңірген еңбегіне орынды бағасын берген жұртшылыққа ризашылық сезімін білдірді.

Драматург Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» спек­таклінің режиссері – Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Басты рөлдерді театр актерлері Ш.Жанысбекова, Д.Темірсұлтанова, А.Боранбай, Б.Тұрыс, Қ.Құдайберген, А.Сейт­метов сомдайды. Белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқайдың аталмыш комедиясы бүгінгі күн проблемаларын көтеруімен бағалы. Мораль, әдеп, адамдық  ара-қаты­настар желісі уытты күлкі, ащы әзіл арқылы әдемі өріліп, актер­лердің тамаша да тапқыр ойында­рынан ғажап шынайылық табады. Комедияның бас кейіпкері Сайра атты кәрі қыздың күйеу таңдар тұстағы басынан кешірген күлкілі  әрекеттері пьесадағы тағы да басқа кейіпкерлердің қитұрқы мінез-құлықтарын жан-жақты аша түседі. Махаббаттың  өзін саудаға салар Байбол, Нұрбай секілді қуыршақ тақылеттес мансапқор жандардың сұрқай пішіндері онсыз да ойнақы комедияның оқиға бояуларын барынша құлпырта түседі. Коме­дияға лайықты ситуация да, мінез-құлық иірімдері де режиссерлік табиғи талғаммен нәзік астасып, аз ғана кейіпкерлері бар шығарманың серпінді дамуы, өрбуі көрермен көңілін енжар қалдырмайды. Пьеса бұдан біраз жыл бұрын жазылса да өзінің құндылығын жоймаған. Кө­рермен сахнадағы оқиғаны бүгінгі күн талабы тұрғысынан қабыл­дайды. Күнделікті өмір тынысы көз алдынан өтіп, жады­раңқы күліп отырып, қойылымның түпкі мақса­тына ой жібереді. Бұл – драматург қиялының ұшқырлы­ғын, өмірлік ситуацияны сахна тілі­мен шебер жеткізе білуін дәлелдейді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *