АСПАННАН ТҮСКЕНДЕЙМІЗ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Әуелде бұл тақырыпты сауална­мамен, жұртшылық пікірімен, түрлі көзқарас­тармен ғана шектелсек деп ойлап, сол бағытта жұмысты бас­тап кет­кенбіз. Олай болмай шықты. Қай­сыбір күні Алматыға келген Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаевтың қала тұрғында­рымен кездесудегі сөзі тақырып өрісін кеңей­тіп жібер­ді. Ол кісі бір қағаберісте былай деді:

– …Елімізде 130 талантты бала­лар орта­лығы бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыз. Талант­ты балалар үшін арнайы бағдар­лама дайындау керек. 24 мың ата-анасыз бала бар. Же­тімдер үйін азай­тып, оларды отбасы­ларына тарту қажет…

…Халқымызды масылдыққа үйрет­пеу керек. Отбасында еңбек етудің үлгісін көрсету қажет. Бәріміз де сол еңбектің арқасында өстік. Абай атамыз айтқандай, «еңбек етсең ерінбей, тояды қар­ның тіленбей». Үйде жатып қарын тойдыруға болмайды.

Ендігі айтпағымыз былайша өрбіді.

Мектеп жасындағы балалар ара­сында семіздік дерті неге өршіп бара­ды? Маман­дардың айтуынша, 2030 жылға қарай көзілдірік кимейтін жас-кәрі қалмай­ды екен. Неге? Себебі, компьютер ойын­дары, қалта телефо­ны, интернет, жалпы әлеуметтік желі­лерді шектен тыс пайдалану осы дерт­ке апа­ра­тын бірден-бір төте жол болып тұр.

Ұйқысыздық, мазасыздық, күйзе­ліске ұшырау – қазір үлкендер ғана емес, балаларға да келді. Бір ағамыз «қазіргі балалар жабайы мысық тәрізді» деп еді. Бұрынырақта «бір бала бір кемпірді өлтіреді» деуші еді, қазір екі-үш кемпірді сұлатып салуы мүмкін. Аулаға шықса да жан-тәнін салып, секіріп ойнап жүрген баланы көп көрмейсің. Үлкен де, кіші де телефонға шұқшияды да отырады. Қысқасы, әр жаңалықтың осындай қызығымен қоса қасіреті де ел ішін жайлап бара жатқаны жасырын емес. Бұл сұмдықтан қалай құтылуға болады? Оның емі, дерті бар ма? Бар, әрине. Одан құтқаратын еңбек, тек қана еңбек ету. Ал енді солай болсын десек…

Күні кеше Білім және ғылым министрі бастап мектепте еңбек ету, оқушы­лардың кезекші болып, еден жуу, сыныпты тазалау жұмыстарын айта бастап еді, кейбір ата-аналар, басқалар шуылдап шыға келді. Еден жуу деген не сұмдық деп жағаларын ұстады. Бәріміз де аспаннан түскендей, оқушы болма­ғандай, еден жумағандай, кезекші болма­ғандай. Бәрі ақсаусақ боп туған тәрізді. Бәріміз бірден қалалық болған­даймыз. Ауылдан шықпағандай, отын жарып, шөп шауып, су тасып, мал қора тазалап, бақша екпегендейміз.

Сенбілік десе де баламыздың үсті шаң болады, түшкіріп, пысқырып қалады деп шыға келеміз. Осылай күн тигізбей, үлпілдетіп өсірген баланың болашағы туралы ойладыңыз ба? Азаннан қара кешке дейін телефоннан көз алмай, одан қала берді ұйқыдан бас алмай, одан қала берді құнары жоқ, нәрсіз хот-дог, мот-догты жеп өскен баладан не күтуге болады? Осындай тағамдардың кесірінен Америкаңыздың 80 пайызы семіздік дертіне ұшырады. Мұндай бала көлеңкеде өскен гүл тәрізді болмай ма? Баланы құр өбектей беру өнеге болмайды. Қазір бала баратын бұрынғыдай ауыл да жоқ. Сонда не мал көрмей, тірі кемпір-шал көрмей, жерден бір тал шырпы көтермей, қоқыс тасымай, басынан сөз асырмай өскен бала еңбек етудің, еңбектің қадірін қайдан біледі? Демек, ертең масыл, кісәпір қайдан шығады деп ойламайсыз ба? Сіздің осылай үлпілдетіп өсірген балаңыз сізді ертең үлде мен бүлдеге орайтынына сенімдісіз бе? Мемлекет еңбек ет дейді, билікте сол жалқау­лықпен, масылдықпен күресуге жанын салады, «қыңыр кісі бір жақ, қырық кісі бір жақ» болып не оған көнбейміз? Сонда не істемек керек? Жігерсіз, жасық, ынжық неме қайдан шығады деп неге ойламайсыз? Бұл заман қанша өзгерістерге, мүмкіндіктерге толы болса да, оның сұрқы жаман екенін, ешкімді аяп жатпайтынына әлі көз жетіп болған жоқ па?

Енді біреулер байдың баласы еден жусын дейді. Баланың баладан артығы жоқ. Бәрі бірдей. Әр балаға таңдап тәрбие бермейсің ғой.

«Еңбек етпеген ішіп-жемейді», «еңбек еткеннің еңсесі биік», «еңбек түбі – зейнет», «еңбек ердің де, елдің де атын шығарады», «еңбектеніп жеген ет тәтті», «еңбектенбеген еңбектеп қала­ды», «еңбек етпегеннің тұзы сор, бейнеті қалың», т.б. Ата-бабаңнан осынша сөз бекер қалды ма?

Сөзі аз, ісі көп, еңбек еткен елдің адамдары шүкіршіл, қанағатшыл бола­ды. Осыны көріп өскен бала ертең жемқорлық деген жегі құртты білмей өседі. Жемқорлықты, өз бойындағы кем­шілікті жоюдың бірден-бір жолы еңбек ету. Қоғамда әділетсіздіктер болмай тұрмайды. Бірақ адамның еңбегі бағаланатынына сену керек. Адал еңбек еткен ешкімге есесін жібермейді.

Осы бастан еңбектің қадірін біліп өскен бала ертеңгі күні көшеде шемішке сатып отырған шешесіндей адамның ахуалына алаңдап, елге жаны ашып тұратын болады.

Мектеп баланы білімге ғана емес, еңбекке де баулитын жер, оны сол деңгейге көтеруіміз керек. Бір сәт өзіңіз өскен ортаны, мектепті еске алыңыз. Өсіп-өнген елдердің бүгінде мектебі түгіл, университетінде еден жуатын адам жоқ екенін неге ойламаймыз? Жапонияға барсаңыз бала түгіл, қолы­на шүберек ұстап жүрген профессор, академикке ешкім таңқалмайды. Бұл үрдіс те бізге көп ұзамай келетініне кәміл сенімдімін. Ал енді бізде кеш те болса бір бастама көтеріле қалып еді, байбалам салып шыға келдік. Тазалық өз отырған жеріңнен басталады. Ертеңгі күні әр бастық өз кабинетін тазалап жүрсе оған таңқалудың еш қажеті жоқ.

Жай айттым ба, қатты айттым ба, білмеймін, олай болса ғафу өтінемін.

Осылай бір дедім.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *