Қасіреттен қасиет іздеген

Бүкіл ел болып жиырма жылдан бері ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап келеміз. Бұл күні бүгінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің жолында құрбан болған миллиондаған бейкүнә тағдырлардың алдында бас иіп, олардың рухына тағзым етеді. Рухымызды жанып, болашаққа үндейтін бұл игі дәстүрді ғылыми негіздеуде тарихшы-ғалымдардың үлесі аз емес. Осы бағытта өнімді де өтімді еңбек еткен ғалымдардың бірі – тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков.
Ақтаңдақтар айғақтарын ақтарды
Қазақ тарихында заман алмасқан ХХ ғасырдың 20-30 жылдары апатты революциялық өзгерістердің реформалық модернизацияға ұласқан кезеңі ретінде бағаланады. Кеңестік тарихнама бұл кезеңді ұлы орыс халқының «ағалық қамқорлығымен» қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өрлеуге, мәдени дамуда биік жетістіктерге қол жеткізген жылдары ретінде бағалады. Ең бастысы, көшпелі қазақ елі социалистік ұлтқа айналып, индустриялы ел болды деп дәріптелді. Осындай «жетістіктерге» қандай құрбандықтар арқылы қол жеткені жөнінде ешқандай дерек айтылмады. Осылайша қазақ тарихының мазмұнында «ақтаңдақ» тақырыптар қалыптасты. Ол тақырыпты қозғаған тарихшының тағдыры не боларын ойлаудың өзі қорқынышты еді тоталитарлық қоғамда.
Қазақстанда қайта құру жылдары елдің рухын көтерудің бір жолы — тарихымыздағы осы «ақтаңдақ» тақырыптарды ашып, ақиқатты қалпына келтіру болды. Кәсіпқой тарихшы ретінде Талас Омарбеков қайта құрудың алғашқы жылдарынан бастап еліміздегі ұжымдастыру мен отырықшыландырудың кеңестік идеология тұмшалаған құпиясының сырын ашуға білек сыбана кірісті. Жалаң сөзбен дау шешілмейді. Журналистер мен көсемсөзшілердің жазғандары елді елең еткізері рас. Бірақ ол ойлар ғылыми негізделуі, дерекпен дәйектелуі керек қой. Мәселеге кәсіби тарихшы ретінде қараған Талас Омарбеков отандық және шетелдік архив қорларында айлап отырып, тақырыптың мәнін ашатын ғылыми деректерді жинастырды. Сол кезеңде дерек пен дәлелге негізделген Таластың мақалаларын көпшілік асыға күткен болса, интеллектуалды орта оларды іздеп жүріп оқыды, сөздеріне дәйек етті. Бұл — Талас Омарбековтің жұлдызды сәттері болатын…
Тақырыпқа тереңдей енген Таластың «Тарих тағлымы не дейді?» (1993), «Зобалаң» (1994 ж), «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» (1997 ж.) атты іргелі еңбектері отандық тарих ғылымдағы елеулі құбылысқа айналды. Қазақ поэзиясында Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаевтың құбылысы тұтастай буынның ақындарына үлгі-өнеге болғандығы сияқты Талас Омарбеков құбылысы да Отандық тарих ғылымында жаңа буын тарихшыларға осындай өнеге болды. Тәңірінің жазуымен тарихшылардың бәріне бұйыра бермейтін бұндай бақ Талас ағаға бұйырыпты.
Саяси билік сырт айналды
Отан тарихының қасіретінен рухани жаңғыруға өзек болатын қасиет іздеген тарихшы мақсатына жете алды. Сол бір қасіретті оқиғалардың себебін іздеушілер әр түрлі пікірлер айтып жататын. Жекелей алғанда бәрі де дұрыс. Бірақ халқымызды алапат аштыққа, қызылтабан босқыншылыққа, жойдасыз қуғын-сүргінге ұшыратып, миллиондаған тағдырды ажал құштырған қасіреттің ең басты себебі – халқымыздың саяси биліктен айрылып қалғандығы екендігін алғашқы болып тұжырымдаған да Талас Омарбеков болыпты. Демек, отан тарихындағы Талас Омарбековтің орны мен рөлі жөнінде соқталы пікір айтуға болады.
Тәуелсіздік рухы дарынды тарихшылардың тұтастай шоғырын дүниеге әкелді. Олардың әрқайсының да тәуелсіз тарихи сана қалыптастыру бағытында атқарып келе жатқан еңбектері ерен. Сондай тарихшы ғалымдардың арасында Талас Омарбеков
— қайта құру кезеңінде Отан тарихының «ақтаңдақтары» жөнінде алғаш мәселе көтергендердің бірі;
— тарихшыларға тарихты жаңа методологиямен жазуда үлгі-өнеге болғандардың бірі;
— еліміздің тарих ғылымының дамуына методологиялық негіз қалаған «Ұлттық тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасын» дайындаушылардың бірі;
— кәсіпқой тарихшылардың тұтас шоғырын дайындаған ғалымдардың біріне айналды.
Осындай ортақтықпен қатар Тәңірінің берген дарыны мен еңбекқорлығы Талас Омарбековті отандық тарихшы ғалымдардың бірегейіне айналдырды. Ол
— қазақтың ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы «ақтаңдақтарын» ашып, оның тарихи деректерін ғылыми айналымға шығарушылардың бірегейі:
— Кіші Қазан, күштеп ұжымдастыру, отырықшыландыру, кеңестік ауылшаруашылық реформаларына қарсы шаруалардың қарулы бас көтерулері мен науқан салықтарға қатысты кеңестік тарихнаманың негізсіздігін әшкерелеп, тақырыптың ұлттық мүддеге байланған методологиясын ұсынушылардың бірегейі;
— дәстүрлі тарихи деректер – шежірелерге негізделген қазақтың этнотарихын қалпына келтіруді ғылыми негіздеушілердің және осы бағытта кешенді зерттеулер жүргізген тарихшылардың бірегейі болып тарих ғылымында өз орнын алды.
Міне, осындай бірегейліктер Талас Омарбековті тәуелсіздік жағдайында тарих ғылымының даму бағыттарының теориялық-методологиялық негізін айқындаған үлкен тарихшы-ғалым деп бағалауға негіз болады. Ғалымның бұндай жаңашылдық еңбегі өзі тәрбиелеген ондаған шәкірттерінің зерттеулері арқылы тақырыптың аясын кеңейтіп, ізденістер мазмұнын байытты, тарихи танымды тереңдетті. Ең бастысы, бұл құбылыстың барынша ғылыми сипат алып, еліміздің гуманитарлық кеңістігінде толық мойындалғандығы һәм ақиқатқа айналып, рухты жанитын тарихи сана болып күнделікті қолданыста берік орныққандығы. Бүгінгі ұрпақ мектеп, колледж, жоғары оқу орны қабырғасында Қазақстан тарихының тұтас кезеңін Талас Омарбековтің тұжырымы арқылы танып өсті.
Зерделі зерттеулер зиялылыққа тән
Қайта құру жылдары басталып, тәуелсіздік жағдайында тарихи сана қалыптастырушы қуатты факторға айналған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан тарихының толығымен ғылыми қалпына келтірілуін профессор Талас Омарбековтің есімімен байланыстырамыз. Ал өзінің ғылыми-шығармашылық қызметін осы кезеңнің тарихын зерттеумен бастап, бұл күнде іргелі еңбектерімен отан тарихына олжа салып жүрген кәсіпқой тарихшылардың қуатты тобын Талас Омарбековтің ғылыми мектебінің өкілдері деп танимыз. Ресей тарих ғылымында ғылыми мектеп мәселесі айқын. Онда жекелеген тарихшылардың белгілі бір тақырыптарға, теориялық-методологиялық ұстанымдарына қарай қалыптасқан дәстүрімен, тұжырымдарымен айқындалатын ғылыми мектептер қалыптасқан. Кеңестік қоғамда қазақ кәсіпқой тарих ғылымының кештеу қалыптасуы, тоталитарлық биліктің қысымы, кадр тапшылығы және т.б. себептерге байланысты тарих ғылыми мектептер мен академиялық үлгіде қалыптаса алған жоқ. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары тарих ғылымының қарқынды дамуының нәтижелері бұл мәселеге қатысты алдын-ала тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Отандық тарих ғылымының жекелеген бағыттары мен тақырыптары бойынша М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, М.Асылбеков, Ж.Қасымбаевтар ғылыми мектептердің негізін қалап кетті. Қазіргі кезде алаштануда М.Қойгелдиевтің, методология мен мәдениет тарихында Х.Әбжановтың, археологияда К.Байпақовтың, шығыстануда М.Әбусеитованың және т.б. бірқатар бағыттардың ғылыми мектептері дараланып келеді. Осылардың қатарында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кезең тарихына бағытталған Талас Омарбековтің ғылыми мектебінің де қалыптасқандығын нық сеніммен айта аламыз.
Ұстаз-ғалымның кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған шәкірттерінің қатары мол. Олардың өзі қазіргі кезде тарихшы ғалымдардың орта буынын құрап, республиканың жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерде ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға қызмет етіп келеді. Олардың өздері де соңына шәкірт ерткен ұстаздарға айналған. «Алдыңғы толқын ағалар, соңғы толқын інілер» деген ғой Абай дана. Кеше ағаларына іні болған Талас, бүгінгі күні інілеріне аға болып отыр. Бұл жай ғана ұрпақ сабақтастығы десек, жеріне жеткізіп айта алмағанымыз болар. Бұл жердегі маңыздысы ұлт рухының сабақтастығы болса керек.
Тарихшы А.Кроченің: «біз алыптардың иығында тұрған ергежейлілерміз» деген сөзі бар. Кеңестік тарих ғылымының өткелегінен өткенімен тәуелсіздік жағдайында коммунистік идеяның психологиялық комплекстерін сілкіп тастап, ұлттық идеяға қызмет етудің үлгісін көрсеткен ұстазы, академик Кеңес Нұрпейістей алып тұлғадан дәріс алған Талас Омарбековтың өзі қазіргі күні иығына үкілі үміттерін қондырған алыпқа айналды.
Тарихшылардың әр буынының атқаратын өз миссиясы, замана арқалататын жүгі болады. Тәуелсіздіктің елең-алаңында отан тарихының ғылыми ақиқатын қалпына келтіру тарихшылардың басты қызметі болды. Аға буын бастаған бұл миссияны Талас Омарбеков өте жоғары деңгейде атқара алды.
Тәуелсіздігіміздің толысқан тұсында тарихшылардың алдына жаңа міндеттер қойылуда. Сонау бір жылдары өзіне жол көрсеткен ағалары сияқты Талас Омарбеков те өз кезегінде кейінгі буын тарихшыларға жол көрсететін жасқа келіп отыр.
Халқымыздың бастан кешкен қасіретінен қасиет тауып, ол қасиетті рухани жаңғырудың өзегіне айналдыра алған профессор Талас Омарбековтен Отан тарихының күтері мол.
Хазретәлі ТҰРСЫН,
тарих ғылымының докторы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,
Камалбек БЕРКІМБАЕВ,
педагогика ғылымының докторы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.