Қасірет пен тағдыр

Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Есімі елге танымал қалам иесінің бұған дейін де бір­неше туындысы жарық көрген. «Жыр тәжі», «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Арман қала», «Үлкен үйдегі үрей», «Өгей жүрек», «Құдіретті қалам иесі», «Менің жалғыз серігім», «Сағыныш», «Моя чужое сердце», «Когда жен­щина заложница» атты кітап­тары мен жиырмаға жуық белгілі әндердің мәтініне өлең жазған ақын қаламгер жұртшы­лықтың ыстық ықыласына бөленген жан.

Тұсауы кесіліп, оқырманына жол тартқан кітаптың көтеріп отырған жүгі ауыр болғанымен, тілі жеңіл. Қасиетті Семей жері­нің қасіретіне айналған полигон бүкіл қазақтың қасіреті. Семей полигоны туралы айтылса ал­дымен Ұлықбек Есдәулеттің «Заман-ай» мен Роза Мұқано­ваның «Мәңгілік бала бейне­сінің» тілге оралатыны белгілі.

Міне, Сәуле Досжанның жаңа кітабы да енді осы қасіретті дала туралы терең жазылған шығар­малар қатарына еніп отыр. Кітап тұсаукесеріне танымал ғалым­дар, жазушылар, бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдері мен оқырман жастар жиналды. Кітаптың тұсауке­серіне арналған жиынды Жүсіп­бек Қорғасбек ашып, жүргізіп отырды.

–Романның жазылуына өзім­­нің жолдасым Сәт Тоқпақ­баев көп әсер етті. Ақыры екеу­міздің ортақ әңгімемізге айнал­ған Семей полигоны туралы жазу­ды қолға алған едім. Бұл тақырыпқа бару оңай емес. Өйткені, қасіреті даланы, сол даланың адамдары туралы жазу үшін оларды көру керек. Сон­дықтан Семейге, Де­гелең, Қарауыл, Курчатовқа бір­неше рет баруға тура келді. Роман­дағы кейіпкерлердің бар­лығы да өмірде бар кісілер. Ара­ларында о дүниелік боп кеткен­дері де бар. Семей поли­гоны жабылды, дегенмен оның қасі­реті оңай­лықпен тоқтамай­ды. Менің «Өгей жүрек» деген кіта­бым әлемнің 8 тіліне ауда­рылды.

– Кітап деген талай ізденіс­тер арқылы дүниеге келеді ғой. Сондағы бір байқағаным, поли­гон сынағының зардабы үш жүз жылға дейін жойыл­май­ды екен. Кітаптағы бір әйелдің, бас кейіпкер Аяулым арқылы мен бүкіл қазақ даласының көр­ген қасіретін баяндауға ты­рыс­тым. Кітаптың әлі де жал­ғасы болады деп ойлай­мын. Өйткені, сол зар­дапты тартқан жандар туралы де­рек­­тер, яғни кейіпкерлерім та­былып жатыр, – деді кітап ав­торы, жазушы Сәуле Мағаз­бекқызы.

Осыдан соң Қазақстан Жазу­шылар одағынан арнайы келген Ғалым Жайлыбай мен Любовь Шашкова кітаптың тұсауын кесті. Сөз кезегін жазу­шы Нұрдәулет Ақыш алды:

– Көркемдік әлемін игеру жазушы үшін де, ақын үшін де оңай емес. Шығарманы оқып шықтым. Кітап кейіпкерлерінің тағдырын бей-жай оқып шығу мүмкін емес. Бір кейіпкердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының қасіретін сезім арқылы жеткізе білген. Кітапты ағылшын тіліне аудару керек, сосын Мемле­кеттік сыйлыққа ұсыну жағын да қарастыру керек, – деді.

– Бұл өте үлкен тақырып. Сәуленің жазғандарының бәрін қадағалап оқып отырамын. Жалпы, полигон тақырыбына ешкім батыл бара бермейді. Сонау 1949 жылы басталған по­лигонға 1991 жылы нүкте қойыл­ғанымен әлі де қасіреті сезіліп жатыр, – дейді Ғалым Жайлы­бай.

Өз кезегінде белгілі ғалым Айгүл Ісмақова Семей өңірінің тұрғындарының ғана емес, бүкіл қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты кітапқа сыйғыза білген жазушы Сәуле Досжан­ның сөз саптауы, кітаптың көркем тілінің өз оқырманын жетелеп отыратындығын айтып, өте жоғары деңгейде жазылған деп баға берді.

Жас ғалымдар романның желісі, бас кейіпкердің қиын тағдыры, полигонның қасіреті туралы өз пікірлерін білдірді. Оқырмандарының ортасынан орын алған Сәуле Досжан бар­лық жиналған қауымға риза­шылығын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *