Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз

Алматы төрінде «Киелі Қазақстан» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Қазақстан дейтін Ұлы Дала киелі жерлерге толы. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Кие тұнған Қазақстан – рухани дәстүрдің бастауы. Олар – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», – деді Мемлекет басшысы.

 

Тізімге Алматы бойынша бес нысан енді

 

Тәуелсіздік алған жылдарда бұл бағыттағы жұмыстар күрт жанданғаны баршамызға мәлім. Соның ішінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңбе­рінде мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіш-нысан жаңғыртылғанын да білеміз. Ал бұл жолғы қолға алынған жобаның ауқымы кең, әрі мән-маңызы тым тереңде жатыр. Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық Мәдениет және архивтер басқармасының мұрындық болуымен өткен «Киелі Қазақ­стан» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына отандық ғалым, тарихшы, қоғам қайраткерлерімен бірге, алыс-жақын шет ел мамандары да қатысты.

Конференцияны Алматы қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы бас­шы­сының орынбасары Данияр Әлиев ашты. Данияр Абзалиденұлы «Қазақстан­ның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясын­дағы респбуликалық «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті орындары» тізіміне Алматы шаһары бойынша бес нысан енгенін атап өтті. Атап айтар болсақ, олар – Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознесенск соборы, А.Байтұрсыновтың музей-үйі мен Республика алаңы. Сондай-ақ, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар киелі жерлерінің жобасы да  іске қосылатынын айтты. Ал бұл жоба аясында тізімге 20-дан астам киелі орын енгізілмек.

– Бүгінде Боралдай сақ қорғандарының эскиздік жобасы жасалынып қойылған. Келер жылы 450 гектарды құрайтын аумаққа ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сақ мәдени орталығы бой көтер­мек. Сонымен қатар, қала ішіндегі «Райым­бек батыр» қоғамдық қорының атында болған Райымбек батыр кесенесі қала әкімінің арнайы қаулысымен әкімдіктің балансына өтіп, бұл қастерлі орынды да жоғары деңгейге көтеру жұмыстары қолға алынып жатыр. Кесене болашақта Алматы қаласының музейлер бірлестігінің тізіміне енгізілмек, – деді Д.Әлиев.

Ал конференция тізгіншісі – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы аталмыш орталықтың мақсат-міндеттеріне кеңірек тоқталып өтті.

Айта кетейік, Елбасының өткен жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала­сында көтерілген мәселелер негізінде, 2017 жыл­дың мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Елордадағы Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын. Мақсаты – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру.

– Еліміздегі киелі орындардың тізімін тек ғалым, археолог, тарихшы-мамандар ғана жасамайды, бірініші кезекте оған әр өңірдің жергілікті халқы атсалысатын болады. Себебі, әрбір нысан, қасиетті орын сол жердің жергілікті халқының өмірімен, тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сондықтан Елбасы айтқандай, тізім жергілікті елмен, ағайынмен санасып, ақылдасып барып жасалатын болады. Шыны керек, біз басында өңірлерден осыншалықты көп пікір түседі деп күтпеп едік, жергілікті өлкетанушылардан, ауыл­дың көшелі қарияларынан көп ұсыныс айтылды, біз, әрине, ол үшін қуаныш­тымыз,  – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Қазақ халқының ұлттық санасының ерекшелігі сонда – оның өзінің туып-өскен жерін, өнген ортасын кие тұтып, қадір-қасиетін бағалай білуімен құнды. Елдегі қастерлі жерлерді анықтап, тізімге алғанда, олар бізге не береді дегенге келетін болсақ, біріншіден, киелі нысандар біздің ұлтты рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқанымыз және ұлттық мақтанышы­мыздың қайнар бұлағы.

 

Ұлы Дала ұлағаты

 

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бес жылға жос­парланған. Яғни 2017–2021 жылдарды қамтиды.  Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалады. Берік Әбді­ғалиұлы конференцияда энциклопе­дияның екі томын таныстырды. Аталған жинақтарда Алматы, Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыстарының киелі орындары қамтылған.  Ал алдағы уақыттың еншісінде жоспар бойынша далалық-этномәдени экспедицияларды сөйлету тұр.

Иә, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» үлкеннің де, кішінің де рухани дамуына зор үлес қоспақ. Халық, оның ішінде жастар туған өлкесінің тарихымен етене танысуына мүмкіндік алады.

Айтпақшы, киелі орындар тізіміне енетін табиғи ландшафт нысандары, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше қадірленетін діни нысандар, тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты орындар алдағы уақытта туристік бағытта да жұмыс істейтін болады. Яғни ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосады деген болжам бар. Қасиетті жерлерге қызығушылық танытқан адамдар табиғатты тамашалап, көңіл көтеріп қана қоймай, ел-жер көріп, тәлімдік-тәрбиелік азық алады деген сенімдеміз.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы атап өткен тағы бір тың жаңалық – Қазақстандағы қасиетті жерлердің картасы жасалуда. Картаға өзіңіз іздеген, қызығу­шылық танытқан нысанның орналасқан жерінен бастап, тарихы, аңыз-әфсанасы, ғасыры, тіпті әлеуметтік сипаты, суреті де орналастырылады. Сонымен қатар, орта мектеп оқушыларына арналған өңірлік өлкетану оқулықтары қолға алынбақ, мектеп бағдарламасына өлкетану сабағы енгізілмек. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізу жайы да қарастырылып жатқан көрінеді. Яғни мемлекеттік тұрғыдан қорғалуы тиіс жерлер қатарына «Қасиетті нысандар» дейтін бап енгізілу қажеттігі – бүгінгі күннің талабы.

 

А.Байтұрсынов мұражай-үйі мемлекет қолына өтуі тиіс

 

Халықаралық конференцияда сөз алған Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Алматы ақшамы» газетінің директор – Бас редакторы Қали Сәрсенбай да біраз мәселені тарқатты. Қали Қошқарұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақ­станның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы, тұғырнамасы, тәуелсіздік идеясының алтын қазығы деп бағалады. Ал «Рухани жаңғыру» шеңберінде қолға алынып, Қазақстан жеріндегі тас дәуірінен бастап, бүгінгі таңға дейінгі тарихи сананы жаңғыртуға қатысты нысандарды тізімдеп, түгендеуге кіріскен қадамымызды рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба деп танитынын айтты. Сондай-ақ, осы айтулы жобаға қатысты бірнеше ұсыныс-пікірін де көпшілік ортаға салды.

– «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Алматы қаласынан бес киелі орынның енгенін білеміз. Әлі де тереңнен талдап, таразылап зерделер болсақ, мың жылдық тарихы бар шаһардың қасиетті жерлері әлі де ашылуы, бұдан да көп болуы бек мүмкін. Алматыны қазақтың игі жақсыларының, кілең қаймағының табаны тиген, іздері сайрап жатқан, қайраткерлік саналы ғұмыры өткен интеллигенция отаны деуге толық негіз бар. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынов тұрған, бүгінде мұражай-үйге айналған руханият ошағы жекенің қолында. Осындай ағартушы-реформатор, Алаш зиялысын тиісті деңгейде дәріптеп, мәртебесін биік­тету үшін мұражайы мемлекет қарауына өтуі тиіс. Тағы бір мәселе, қаладағы Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД-КГБ ғимараты бар. Сол қаһарлы да азалы сұр үйдің жертөлесінде атақты «ішкі түрме» болған. Сол жерде исі қазақтың талай азаматы қорлық көрген, азапталған, ақыр соңында атылған. Ол ғимарат та бүгінде жекенің қолында. Сол бір нәубет жылдары қабырғалы қазақтың жартысынан астамын опат қылған, талай сырды ішіне бүккен ғимарат та тарихи жәдігер ретінде мемлекет иелігіне өтсе дейміз. Ол болашақ үшін керек! Сондай-ақ, ілгерідегі қазақ батырларын, хандарын алайық, бұлардың да ерлік істері ұлт рухын жанғыртудың бірден-бір тетігі. Әйгілі Кенесары ханның өзі осы Жетісу жеріне келген, табаны тиген деген дерек бар. Сол киелі орындарды біз ұлықтау арқылы батырлық рухты көтеруге атсалы­сатын боламыз, – деді Қали Сәрсенбай.

Ал тарих ғылымының докторы, про­фессор Талас Омарбеков Тараз қала­сындағы ортағасырлық Ақыртас қамалына барып жүргізген зерттеулерімен, оның жұмбақ әлеміне үңілген әсерлерімен бөлісті.

 

Сең қозғалды

 

Республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп те конферен­цияның көтеріп отырған жүгіне тоқтала отырып,  тарихи ескерткіштердің қазіргі жәй-күйін тілге тиек етті. Оларды қайта жандандырып, тамырына қан жүгіртіп, тірілту қажет дейді.

– Тізімге енбей, қараусыз қалған тарихи ескерткіштердің мемлекеттік кешенді бағдарламасы жасалуы тиіс. Мысалы, өңірлерде қар-судың астында мүжіліп жатқан қаншама тас-ескерткіштер бар?! Соларды назарға алу керек.  Осы айтылған іс-шаралардың бәрі цифрлы технологияға бағындырылып жатқаны қуантады, әрине. Керек ақпаратыңызды дәл сол уақытта отырған жеріңізде ала бересіз. Осы орайда Мәдениет және спорт пен Білім және ғылым министрліктері үйлесімді жұмыс істей білсе деген ұсынысымды да айта кетейін, – деді Нұртөре Жүсіп.

Халықаралық конференцияда Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабыл­динов, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Шығыстану факультетінің кафедра меңгерушісі, шығыстанушы Зарина Жандосова, Каир университетінің профес­соры, филология ғылымының докторы Абу аль-Фатух Сабири Абу аль-Фатух Юнис, Ланьчжоу  университетінің профессоры, PhD докторы Сугавара Джун және тағы басқа ғалымдар сөз сөйледі.

Халықаралық конференция секциялық мәжілістермен жалғасты. Алқалы жиын қазақстандықтардың біртұтас рухани кеңістікте ынтымақты өмір сүру тетігін қалаудың жолын нақтылады. Елбасы мақаласында «Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деп атап көрсетілгендей, «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» алғаш рет қолға алынып отырған ауқымды жоба. Сең қозғалды. Бір жылғы нәтиже жаман емес. Бұл бағыттағы жұмыстар енді жанданды. Күтеріміз көп. Сәттілік тілейміз!

 

Талас ОМАРБЕКОВ,

тарих ғылымының докторы, профессор:

– Сонау көне заманнан бері бүгінгі күнге там-тұмдаған қалдығы ғана жеткен бірегей кешеннің қазіргі көрінісінің өзі де құнын жоймаған. Тіпті, әрі-бері өткен жолаушылар да, оған арнайы атбасын бұрып баратындар да қамалдың тастарына мінәжат ететін көрінеді. Адамзат өркениетінің елең-алаңында-ақ сондай қорғанды қала, қоршаулы қамалдар тұр­ғызған бабаларымыздың осындай құнды жәдігерлерін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Менің бір байқағаным, жергілікті өлкетану­шылар өз бет­терінше зерттеу жүргізіп, өз дәйектерін ғана алға тарт­қысы келеді. Тарихқа адалдық керек. Ол бұрмалан­бауы тиіс. Сондықтан олар археолог, тарихшы, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істесе екен деген тілегімді айтқым келеді.

 

Берік ӘБДІҒАЛИ,

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу  орталығының жетекшісі:

– Жалпы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы діни де емес, таза ғылыми жоба да емес. Бұл – Қазақ­стан тарихында орны бар жерлердің, іргелі нысандардың, тұлға­лардың тізімін жасау. Осы жоба арқылы халыққа, өскелең ұрпаққа рухани құнды­лықтарымызды  насихаттай­мыз. Мәселен, сол қасиетті деп танылған нысанның қандай тарихи оқиғамен, қандай салт-дәстүрмен, қай кезеңмен байланысты екенін анықтаймыз. Сол арқылы бүгінгі ұрпағымызға жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын рухани тәрбиені сіңіруді, нығайтуды мақсат етіп отырмыз, – деді.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

«Айқын» газетінің Бас редакторы:

– Бабаларымыз оқу-сызуы жоқ сол ескі замандарда-ақ тау-тастарға суреттер, түрлі бедерлер салып, жазу жазып кеткен. Сол жазуларды біз бүгінде оқи аламыз ба? Меніңше, біз сол таңбаланған тастарды әлі тани алмай келе жатқан сияқтымыз. Тарихи кешендерге реставрация жасайтын мамандар да саусақпен санарлық. Сондай мамандарды көптеп оқытуды қолға алсақ. Туристерді жетелеп жүретін гидтердің жұмысына да бірізділік керек деп ойлаймын. Мысалы, олардың қолында кез-келген хан, батырға қатысты аңыз-әфсаналардың басын біріктіретін деректер жүйесі болуы тиіс. Бәлкім, сол гидтерге арналған арнайы ғылыми жоба жасалуы керек шығар. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгенде ұлттық құндылықтарға баса көңіл аударылса деген де тілек бар. Мысалы, осындай зерттеу жұмыстары кезінде бір ғана буддизмнің белгі-нышандарын анықтау үшін кезінде мемлекеттен қомақты қаражат бөлінгендігінен хабардармыз. Өзімізден де қаржыны аямайық, ағайын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close