ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында бірқатар бірегей іс-шаралар қолға алынғаны белгілі. Сол маңызды шаралар қатарында – Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждер  қашықтықтан оқыту түріне көшірілетіні де айтылған болатын.

       Жақында ғана Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде де Президент қашықтықтан жүйелі білім беруге ерекше назар аудару қажеттігіне маңыз берген еді. Біз осы бағытта бағдарлы жұмыстар жүргізіліп келе жатқан Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде атқарылып жатқан шараларды білу мақсатында ХАТУ-дың Қазақстан тарихы және медиакоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Айгүл Әскербекқызы НИЯЗҒҰЛОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

 

    – Айгүл Әскербекқызы, бүгінде білім саласының алдында жоғары оқу орындарын цифрлы университеттерге трансформациялау бойынша күрделі,  маңызды да мазмұнды міндеттер тұрғаны белгілі. Сандық технологиялар дәуірінде әрі дәл қазіргі жағдайда жоғары оқу орындарының қашықтықтан дәріс беру жүйесіне көшуі – заман талабы болып отыр. Осыған орай елімізде цифрлық технологиялық білім берудің көшбасшысы – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Президент тапсырмасына орай қандай шаралар атқарылуда?

– Жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені шындық. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның жиынына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен коллеждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін хабарлағаны мәлім. Министр айтқандай, қашықтықтан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауқары жетеді. Студенттерді қашықтықтан оқытуға техникалық мүмкіндік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті.

Бүгінгідей, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде студенттерге қашықтықтан дәріс беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. ХАТУ ректоры, техника ғылымының докторы Раиса Қабиқызы Өскенбаеваның тікелей басшылығымен әрі ұйымдастыруымен бұл бағытта Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындары үшін тәжірибе боларлықтай ұтқыр шаралар іске асырылуда.

Осы ретте сандық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған сандық шешімдер мен сервистер саны күн сайын өсіп келеді. Мәселен, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету, open-source, ақылы бұлтты порталдық шешімдер, интеллектуалды корпоративтік жүйелер айырықша мазмұнға ие.

– Бұл бағытта нақты қандай бағдарлар мен бағдарламалар бар?

– Технологиялық шешімдердің сан алуандығына қарамастан, оқытушылар мен студенттердің қашықтықтан оқыту форматын еш қиындықсыз игеруі үшін және дәріс беру нәтижелерін сапалық деңгейге көтеру  алгоритмдерін дұрыс түсіну мен бағалау мақсатында нақты ойластырылған жоспарлы бағдарлар керек. Сандық технологияларды тиімді енгізуге, міне, осындай бағдарлар ғана көмектесе алады. Бұл орайда цифрлық бағдарларға көшу үрдістері ең алдымен адами капиталға бағытталуы қажет: білім алушылардың таланттарын ашатын ұлық тұлғалар – педагогтарға деген қамқорлықтың маңызы зор, қайтарымы көп.

 

– Студенттерді онлайн дәріс алу жүйесіне көшіру сапалы білім беру жауапкершілігін қаншалықты арттырады?

 

– Онлайн дәріс оқытушылардың да, студенттердің де жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейтетіні сөзсіз. Шәкірттер қашықтықтан дәріс алу барысында бұдан бұрынғы кесте бойынша оқуды жалғастыра береді, айырмашылығы – сабақтар онлайн режимде жүргізіледі.

ІТ университетінің цифрландыруға бағытталған жаңа стратегиясы бар, біздің білім ордамызда DL платформасы қолданылады. Ал, өткен жылы енгізілген Microsoft 365 (Teams) платформасы бүгінгідей күрделі кезеңде оқытушылар мен студенттерге күйзеліссіз , кідіріссіз, толыққанды онлайн оқыту режиміне көшуге мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап ХАТУ-да сабақтар онлайн режимде жүргізілуде. Студенттер оқытушымен аудиторияда емес, қашықтықтан, онлайн режимде жүздеседі. Ең бастысы – студенттердің сабаққа қатысу көрсеткіші артты. 50 минуттық дәріс барысында олар жаңа тақырыптарды тыңдайды және талқылайды. практикалық тапсырмаларды орындайды, пікір алмасып, жауап береді, жазбаша материалдарын жібереді. Менің ойымша, мұндай формат сабақ сапасына да жоғары деңгейге көтереді, өйткені әрбір сабақтың үдерісі студенттің де, оқытушының да жауапкершілігін арттырады.

Қашықтықтан оқытуды енгізудің бастапқы кезеңінде оқытушылардың жүктемесі айтарлықтай өседі. Сандық оқу контентін дайындау, білім алушылардың жетістіктерін қадағалау, студенттермен тұрақты коллаборация жасау, сандық және кәсіби дағдыларды жетілдіру – дәрістік жұмыстағы негізгі бағдарлар болмақ. Бұл бағытта оқытушының рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейеді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» аудиторияны біліктілігімен,іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Аудиторияны қашықтықтан онлайн-режимде басқару, ұйымдастыру шеберлігі, қызықты, сандық мазмұнды жобаларды дайындап, білім алушылардың білімін объективті бағалау, студенттердің үлгерімін талдау және есептілікті уақытында қалыптастыру – бұлардың бәрі оқытушыларға үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.

– Бұлардың бәрі әрине, нақты білім берудің алгоритмдері. Ал, қашықтықтан дәріс беруде зертханалық, тәжірибелік жұмыстар қалай атқарылмақ?

– Қашықтықтан білім берудегі проблемалардың бірі – көбінесе зертханалық жағдайларда сынақ жұмыстарын жүргізудің мүмкін еместігі еді. Бұл мәселе виртуалды зертханалар арқылы шешімін тапты, олардың көмегімен студенттер тікелей байланыссыз-ақ сынақ негіздерін меңгере алады. Барлық процестер компьютер көмегімен моделденеді.

Сандық оқу контентін әзірлеу үшін университетімізде заманауи жабдықталған зертхана құрылды, онда оқытушылар өздерінің бейне-дәрістерін жаза алады. Олар бұл зертханада өз дәрістері мен оларға сілтемелерді алдын ала жүктеп қояды. Ал, бейне контенттер студенттер үшін әрдайым қолжетімді. Teams, Zoom және т. б. бағдарламалары арқылы тақырып зерделенеді, сол арқылы аудиториямен «жанды» қарым-қатынас, байланыс орнатуға болады.

Жалпы, онлайн-форматтағы сабақтар бейне-лекциядан, интерактивті дербес тапсырмалардан тұрады.Тапсырма нәтижесі – сабақ тақырыбының ашылуымен және студенттердің оған чаттар,форумдар, аудио және бейне жиналыстар арқылы тікелей белсене қатысуымен өлшенбек. Бұл онлайн курстың бір түрі. Басқа нұсқаларда ол оқу үшін міндетті мәтіндерді және қосымша әдебиеттер тізімін, өзін-өзі бағалау тапсырмаларын, оффлайн орындайтын практикалық тапсырмаларды қамтуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар курс платформасында, бейне конференцияда немесе видеоконференцияда өз есебін жариялауы тиіс немесе «жанды» сабақ барысында тікелей трансляция жүргізеді.

– Қашықтықтан оқыту технологиясы білім алушыға оқуды білім ордасына қатынамай-ақ, алыстан жалғастыруға мүмкіндік береді. Сіздерде қашықтықтан оқыту бағдарында қандай платформалар қолданылады?

–      Сіз дұрыс айттыңыз, ХАТУ-да енгізілген қашықтықтан оқыту технологиясы білім алушыға оқуды университетке қатынамай-ақ, алыстан жалғастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, студент – қашықтықтан білім берудің негізгі буыны десек, мұндай аудиториялық кеңістіктен алшақ дәріс алудың психологиялық факторларын да ескерген жөн. Сандық оқыту кезінде студенттің мінез-құлқы өзгереді: студент прокторинг жүйесі арқылы онлайн емтихан тапсырады, әрине, бұл ретте академиялық адалдық қағидаттарын қалыптастыру аса маңызды. Осылайша университеттің цифрлық мұрағаты да, студенттің сандық біліктілігі де қалыптасады. Университет қабырғасынан тыс жерде отырып-ақ, ол білім беру үрдісінің толық қатысушысы ретінде,арнайы бағдарламалардың көмегімен қашықтықтан дәріс ала алады.

Қазіргі таңда бағдарламалау бойынша тапсырмаларды автоматтандырылған режимде орындауға және тапсыруға болады, бұл қашықтықтан оқытуды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      – Бейне-дәрістер өткізу үшін оқытушылар қандай технологияларды қолданады?

       – Біз Microsofteams (MS Office365 пакетіне кіреді) бағдарламасымен жұмыс істейміз. Бұл бағдарлама оқытушыға онлайн дәрістерді, семинарлар мен тәжірибелік сабақтарды өткізуге көмекші болса, жоғары оқу орнының әкімшілігіне өткізілетін сабақтарға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Оқытушылар өз сабақтары бойынша лекцияларды трансляциялай алады, ал студенттердің онлайн трансляцияны кез келген уақытта пайдалануларына мүмкіндігі бар. Негізгі ресурс – dl.iitu.kz. порталы арқылы оқытушылар студенттердің белсенділігіне қарай баға қояды, олардың сабаққа қатысу белсенділігін бағалайды.

ХАТУ оқытушылары қандай платформаны қолданады десек, онлайн-білім беру барысында Coursera сияқты платформалар пайдаланылады. Өзара ынтымақтастық аясында бұл бағдармен университеттің  4 мың пайдаланушысы қамтылған. Бағдарламалау бойынша тапсырмалар мен жобалар github. com, contester және acm.iitu.kz платформасы сияқты веб-қызметтерде орындалады. Сол арқылы оқытушылар мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда онлайн-кеңес береді.

Тапсырмалар мен барлық материалдар университеттің білім беру порталында әдеттегі режимде ұсынылады. Ал Microsoft-тың Teams бағдарламасындағы ортақ арналар мен жиналыстар өткізу бағдарлары оқытушылар мен студенттері қашықтықтан байланыстырудың негізгі тетігіне айналды. Ұстаздарынан тапсырма алған студенттер moodle сайты арқылы тесттерді дер кезінде шешуі керек. Бұл сабақ уақытында ғана орындалатын жұмыстар, оларды кейінге қалдыруға болмайды. Демек, студенттердің сабаққа қатысуы да оқытушының қадағалауында болады әрі білімі де дұрыс бағаланады.

Жалпы, бүгінгі күні қолда бар қашықтықтан онлайн-оқыту жүйелері оқытушы мен студенттер арасында тығыз байланыс орнықтыруға мүмкіндік береді, әрі нақты дәріс беру үрдісін қамтамасыз етеді. Ал, сандық трансформация моделі Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары үшін эталондық модель бола алады .

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен,

Т.ДЕРБІСАЛИН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *