ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕКІ БАҒЫТТАН ТҰРАТЫН БОЛАДЫ

 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мегаполис мектептерінде қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстарына байланысты брифингте айтты.

Спикер Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен барлық мектептердің мұғалімдері үшін қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша тегін курстар ұйымдастырғанын мәлімдеді.
«Білім және ғылым министрлігі Білімланд, Дарын.онлайн, Күнделік және басқа да интернет платформаларының оқыту контентіне тегін қолжетімділік туралы келісімге қол жеткізіп отыр.
Қаланың 276 мыңға жуық оқушылары мен 17 мыңға жуық ұстаздарына және ата-аналарға техникалық және әдістемелік көмек көрсету мақсатында әр мектеп, әр колледж, білім бөлімдері, Білім басқармасы және Алматы қаласы әкімдігінде анықтама телефондары ұйымдастырылды. Телефон нөмірлерін Білім басқармасының ресми сайтынан немесе әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады» — деді Л.Жылқыбаева.
Басқарма басшысы орта білім беруде қашықтан оқытуды ұйымдастыру Алматы қаласы бойынша екі бағытта іске асырылатынын жеткізді.
«Бірінші бағыт – интернет желісі арқылы, онлайн түрде өткізу. Бұл бағытта ең алдымен, бізге тиісті жабдықтар қажет. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес оқушылар мен мұғалімдерге мектептегі 10 мыңнан аса ноутбуктар мен компьютерлер уақытша қолданылуға берілді. Ал қалған 3 мыңнан астам оқушы компьютерлік құрылғыларымен қосымша мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу бойынша қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен тек бір ғана компьютері бар көпбалалы отбасылар қосымша компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Бұл отбасында төрт және одан көп мектеп оқушысы бар жанұяларға ғана қатысты жағдай.
Қазіргі уақытта үздіксіз интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының әкімдігі «Кселл», «Казахтелеком» және «Билайн» байланыс операторларынан әр түрлі тарифтік жоспарларды қосуға қатысты түскен ұсыныстарды жан-жақты қарастырып жатыр.

Осы ұялы байланыс операторлары арқылы 700-ден астам интернет желісіне қосылмаған ұстаздар және 4 000-нан астам отбасы тегін интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.

Екінші қосымша бағыт – бұл телеарналар арқылы оқыту, теледидар сабақтары. Төртінші тоқсанның басынан бастап 1–11 сынып оқушылары үшін аптасына бес күн «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында сабақтар көрсетіледі.

Ал Алматы қаласында «Алматы» телеарнасымен бірлесіп, 9 және 11-ші сынып мектеп түлектерінің бағдарламалық материалды сапалы игеруі үшін, телеарналарда көрсетілетін жаратылыстану-математикалық бағыттағы сабақтар көрсетілетін болады. Бұл сабақтар әр күн сайын Алматы телеарнасына сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін дейінгі аралықта эфирге шығып отырады» — деді Л.Жылқыбаева.
Спикер сөзінің соңында ата-аналардың қазіргі жағдайға байланысты қолдау көрсетуі өте маңызды рөл атқаратынын айтты. «Сондықтан мен барлық ата-аналардың шыдамдылық танытып, оқу үрдісінің осылайша ұйымдастырылуына түсіністікпен қарауын сұраймын», – деді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *