Ашық есік күндері Алматыда апта сайын өтіп тұрады

Гнездилова Наталья Николаевна көптен шешілмей жүрген мәселесін бүгін шешіп, алғысын жаудыруда. Мұрагерлікке байланысты мәселелерін шешу үшін біраз табалдырықты тоздырған көрінеді. Бүгін Ашық есік күні өтетінін, онда қаланың құзыретті орындарының өкілдері қабылдау өткізетінін естіп келген екен…

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемле­кеттік корпорация­сының Әуезов аудандық фронт-офисінде Халықаралық «Жана­шыр» қоғамдық қоры мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Алматы қаласы Достық үйі Медиация кабинетімен бірлесе ұйымдас­тырған ашық есік күні Наталья Нико­лаевна тәрізді 20-дан аса адам өздерінің сұрақтарына жауап алды.

Алматы қалалық Соты, Алматы қала­лық прокуратурасы,  «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ал­маты қаласы бойынша филиалы (Жыл­жымайтын мүлікке құқық­тарды тіркеу, Жер кадастры, Халыққа қызмет көрсету орта­лықтары, Маманданды­рылған ХҚО салалары бойынша),  АХАЖ, Алматы қаласы ҚХА, Көші-қон қызметі басқар­масы, халықаралық Медиация орталығы өкілдері қатысып, банк несиелері, мұра­герлік, алимент төлеу, қыл­мыстық істер, еңбек қатынастары және тағы басқа сұрақ­тары бойынша кеңес алды, мәселелерін шешті.

«Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азамат­тық баста­маларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында Халықаралық «Жанашыр» қоғам­дық қоры Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Медиация кабинетімен бірге жыл соңына дейін осындай қабылдаулар өткізіп отыруды жоспарлаған болатын. Бүгінгі шара республикалық бірыңғай медиация күніне орай ұйымдас­тырылып отыр. Әр түрлі тақы­рыптағы мұндай ашық есік күндері апта сайын өтетін бола­ды», – дейді шара ұйымдастыру­шысы, Халық­аралық «Жанашыр» қорының басшысы Жаңыл Әпетова.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны дамытуға қолдау көрсету мақсатында өткен шарада Алматы қаласы ҚХА төраға­сының орын­басары Мамсуров Казбек Владимирович,  Алматы қаласы ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шардинов Ахметжан Бакримұлы, «Азамат­тарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Қырық­баев Данияр Батанұлы, Д.А. Қонаев атын­дағы  Еуразиялық заң академиясы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Батталханов Болысбек Заманбек­ұлы, Қазақстандық орыс мәдени орталығының төрағасы Лука­шев Всеволод Анатольевич және басқа құрметті қонақтар даталы күнмен құттық­таған ресми бөлім, осы күні кешке дейін созылған қоғамдық қабылдауға ұласты.

Шараға шешен, кәріс, әзер­байжан, грек, ұйғыр, орыс, ауған, ингуш және т.б. қазақстандық этностар өкілдері атсалысты.

Бүгінгі шараның негізгі мақ­саты – шиеліністі жағдайдан ши шығармай, дауды сотқа жет­кізбей шешудің жайын жұртшы­лыққа түсіндіру болғандықтан, халық­аралық медиация орталы­ғы­ның  кәсіби медиаторлары мен ҚХА медиа­торлары азаматтармен етене араласып жұмыс істеді. Ақпа­раттық парақшалар таратып, сауалнамалар жүргізді.

«Қазақстандағы татуластыру рәсімде­рінің өміршеңдігі кәсіби медиаторлар, судьялар мен адво­каттарға ғана байла­нысты емес, ең алдымен, өз уақытын, қар­жысын үнемдеп, қарым-қаты­насты сақтай отырып, дауды балама түрмен шешуге ұмтыла­тын азаматтардың құқықтық санасына байланысты», – дейді Алматы қаласы ХҚА Медиация кабинетінің меңгерушісі Нұр­сәуле Әлтекова.

Мұндай ашық есік күндері алдағы уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының барлық фронт-офистерінде жалғаспақ.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *