«Аштан ақыл сұрама»

Бүгінде ашығу арқылы денсаулықты түзеуді жоққа шығаруға болмайды. Десек те, көп адамдарда бұл кері реакция береді. Осы саланың білгірі, жапон ғалымы Ёсинори ашығудың адам ағзасын жақсартатыны, жасартатыны жөнінде айта келе, ұзақ уақыт ашығудың ағзаға кері әсері болып, керісінше, басқа проблемаларды туындататынын ашық айтады. Ашығу түрлі аурулардан арылуға себебі болғанымен, дәрігердің кеңесінсіз өз бетіңізше ашығу аса қауіпті болып саналады. Ұзақ уақыт ашығу бұрыннан бар дертті қоздырып, жаңадан гипертония, импотенцияны тудыруы әбден мүмкін.

Сіз ашығу арқылы салмақ тастаған болсаңыз, енді соны ұстап тұру да қажет. Ал ашығудан соң салмақ тез қосылады. Әдетте сол режимге үйренген адам үнемдеуге көшеді. Соның салдарынан ағзадағы процесс те баяулайды. Мысалы, жүректің жиі соғысы, терең демалу, көздің өткірлігі, тағы басқалар бәсеңдейді. Ал енді ағзаны қайта дұрыс қалпына келтіру де оңай емес. Ол үшін әрине тамақ жеуді үдетесіз, есесіне салмағыңыз қайтадан өседі.

«Аштан ақыл сұрама» деп бекер айтылмаған ғой. Әдетте қарны тоқ емес адам ашушаң, күйгелек болады. Ағза өне бойы тамақты талап етеді де, жұмыс үстінде мидың өзі де қалпынан айырылып қалады. Сондықтан көбіне аш адамнан жақсы көңіл-күй күтуге болмайды. Қысқасы, ұзақ ашығудан кейін бұрынғыдай тамақтануға ешқашан ден қоя алмайсыз, өйткені, сіз күтпеген басқа ауру түрлері тез белең алуы әбден мүмкін.

Дене бітіміңізді дұрыс ұстап, өміріңізді ұзартқыңыз келсе, ашығудың қажеті де жоқ. Клеткаңызды жаңартқыңыз келсе, арнайы азық түрлері жеткілікті. Ол үшін эндокринолог пен диетологтың кеңесін, арнайы ас мәзірін жасатып алу керек. Мәселен, анар, құлпынай, басқа да жеміс-жидек, көкөніс қартаюды тежеп, бұлшық еттердің жұмысын жетілдіреді. Сондай-ақ, үздіксіз ашығу жүрекке айрықша салмақ түсіреді екен.

Қысқасы, өзінің денсаулығын жақсартуды, арықтауды ойлайтын адамдардың қазіргі түрлі жаңалықтардың жетегінде кетіп, желпілдей беруге болмайды. Ол үшін дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, өмірден өзіңізге қанағаттанарлық ләззат алсаңыз жетіп жатыр. Ал ашығуды сәнге айналдыруға әуес болудың қажеті жоқ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close