Ашаршылық көрген қарттардан өмір-дастан жазып алуымыз керек

Елдің көзі ғана емес, ақпарат құралдарынан ести-ести құлағы да үйренген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы іс жүзінде қалай жүзеге асуы тиіс? Осы бағдарламаның ішіндегі әрбір шағын бағдарлама несімен құнды? Осы сұрақтар төңірегінде Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдиновпен әңгімелескен едік.

– Зиябек Ермұқанұлы, «Туған жер» бағдарламасының тәуелсіз Қазақстанда өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін маңызы қандай? Оның сәтті жүзеге асуы үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс деп есептейсіз?

– «Туған жер» бағдарламасы біздің қауіпсіздігіміздің стратегиялық негізі, тәуелсіздігіміздің кепілдігі мен тұғырлық тірегі. Олай дейтініміз, ата-бабамыздан бері қалыптасқан дәстүр бойынша қандай қазақ болсын кіндік қаны тамған жерін, туған үйін (мейлі «Ат байласа тұрғысыз» қу дала, тақыр болса да) тастап кетпей «киелі мекен», «ата-бабамның жерленген аруақты жері» деп қастерлеп, тапжыл­майтын. Сол қоныстанған жерде отырған бойы басынан қаншама қайғы-қасірет өтсе де, сол зұлматтардан аман-сау шығып, осыншама ұлан-ғайыр территорияны аман алып қалды. Сол киелі жер, қазақ дала­сының әрбір тасы мен тауы, сай-саласы мен орман-көлі бізге қымбат. Мұнда жауатын әрбір тамшы жаңбырдың өзі қастерлі. Бұл сүйіспеншіліктің бәрі біздің аға буынның бойында бар. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін бұл территория­ның маңызы қандай? Біздің көңіл қоятынымыз да осы мәселе. Біз олардың бойына патриотизмді, туған жерге деген махаббатты сіңіруіміз керек. Патриотизм кішкене ғана ауылға, сүйікті жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сосын аудан, облыс, бүкіл Қазақстанға, қазақтар шоғырланған жерлерге деген құрметпен жалғасады. Сол игі істердің бүкілінің бастауында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тұр.

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан тарихы пәнінен туған жерге байланысты жергілікті мазмұндағы тақырыптар бойынша сабақ өткізіледі. Жергілікті жер, ауыл, аудан, облыс орталығының тарихы оқытылады. Бұл – жағымды шаруа. Бірақ соңғы кездері жастардың шет елге аууы, оқуға, жұмысқа деп кетуі алаңдатарлық жағдай. Оның әр түрлі себептері бар шығар… Дегенмен, туған жер бағдарла­масы тиімді болу үшін мынадай ұсынысым бар. Біріншіден, әр ауылдың, бұрынғы ұжым­шар, кеңшарлардың  орталығының тарихы, әр бөлімше, әр аудан орталығы­ның, әр қаланың, әр облыстың тарихы жазылуы керек. Соны оқып-білген соң жастар Қазақстан тарихына үлкен сүйіспенші­лікпен келеді. Мәселен, 2014 жылы Омбы жақта Байболат деген батыр бабамыздың 320 жылдығы болды. Бай­болат – қазақ-жоңғар соғысында Абылай ханның туының астында жоңғарларға соққы берген қазақтың мықты батыры. Ол туралы қисса, дастандар өте көп. Ол біздің жетінші атамыз. 320 жылдығына орай Омбы облысында Тафрическое деген ауданының Байтұяқ ауылында үлкен ескерткіш қойып, бабамыз туралы ауылдың тарихымен байланыстырылған кітап шығардық. Онда қазіргі кезде жоғалып кеткен ауылдардың тарихы да жазылған. Сол кітап шыққанда көрші орыс ағайындар таңқалып, бізден үлгі болсын деп бір-бір данадан алып, өздері­нің бұрынғы колхоз, совхоз орталық­тарының тарихын жазамыз дегенін көрдік. Сондықтан мен жергілікті билікке, Отаншыл азаматтарға өзінің туған жерін, мейлі кішкентай, тіпті, жоғалып кеткен ауыл болса да, соның тарихын басынан аяғына дейін жазып шығу керек дер едім. Екіншіден, туған жер, облыстардың тарихын ғылыми тұрғыдан жазу керек. Мысалы, біздің институт Қазақстан тарихының 5 томдығын 10-15-20 жылда бір рет шығарып тұрады. Сол сияқты аймақтар тарихы жазылуы керек. Мысалы: «Қызылорда облысының кешегі және бүгінгі тарихы» деген атаумен 2-3 томдық кітаптар шығарып отыру керек. Ол еңбек ғылыми тұрпатта болады. Мысалы, 1-томда археология мен Орта ғасыр тарихы қамтылса, 2-томда жаңа замандағы тарихы қалай өрбіді, 3-томда Кеңес өкіметі кезінде тарихымыз қалай болды деген сұрақтарға жауап береміз. Қызылорда облысы мен қаласының тарихын мұрағат деректерімен қоса жергілікті тарихшы-өлкетанушылар және біздің институт бірігіп жазса, керемет еңбектер шығар еді. Үшіншіден, туған жерге керемет қызығушылық тудыру үшін біздің 80-100-ге келген аға-апаларымыздан өмір-дастан жазып алуымыз қажет. Олар тұнып тұрған шежіре. Ата-бабаларынан естіп, жадында сақтап қалған әңгімелері ауызша тарихымызды байытар еді. Бұл жұмысты уақыт өткізбей жазып алып, тым болмаса жеке қорлар ашып, архивтерді толтыруымыз керек. Мысалы, тақырып, тақырыбымен материал жинаған дұрыс сияқты. Өткен тарихқа шын көзбен қарау үшін бүгінгі күнге дейін ашылмай келе жатқан тарихтың бірі – Қазақстанда болған 1931–1933 жылдардағы ашаршы­лық қасіреті. Сол кездегі газеттерді парақтасаңыз, тіпті, материал шықпаған, ашаршылық болмағандай бір ауыз дерек айтылмайды.  Мұрағат қорларында материал болғанның өзінде көбінесе ол жергілікті орыстілді шенеунік немесе басқа ұлт өкілдерінің көзімен жазылған, сол кездегі басшылықтың баяндамалары. Ал қазақтың көзімен ашаршылық әлі дұрыстап жазылған жоқ. Ол үшін қазір жасы 90-100-ге келген ашаршылықтан өткен адамдардан «ашаршылық қалай басталды, қазақ қандай қиыншылық көрді, қайда қашып, қалай аман қалды?» дегенді сол кісілерден сұрап алып, облыс бойынша аудан, ауылдарға бөліп тарихын жазып алса дұрыс болар еді. Біздің институтта ол тәжірибе бар. Тұңғышбек Байқұлов есімді ақсақалымыз Тараз облысының тарихы бойынша бір том кітап жазып, былтыр соның тұсаукесерін өткіздік. Сол ақсақалдың Әулиеата ашаршылығы деген 2 том еңбегін биыл шығарып, тұсаукесерін өткіземіз. Басында сол кітаптарды бұрын­ғы Тараз облысы­ның  әкімі Көкірекбаев деген азамат 1000 данамен шығарып, кітапханаларға таратқан. Ол қоғамның және зерттеу­шілердің қызығу­шылығын тудырып отыр. Сондықтан осы жұмысты бір ғана Жамбыл облысы ғана емес, Қазақстанның 13 облысы және респуб­ликалық деңгейде жүргізу керек деп есептеймін.

– Жастардың киелі жерлерге өз еркімен саяхаттағысы келетіндей болу үшін бұл бағдарлама қалай жүзеге асырылуы керек?

– Қазақстанда тұнып тұрған киелі жерлер шүкір, жетерлік. Өз еркімен насихаттаймын деген жастарға нұсқау­лықтар, альбомдар қажет. Тіпті, әр ауыл­ды, әр ауданды, әр облысты қызық­тыратын көпшілікке арналған тарихи көпшілік кітаптар қажет. Мысалы, институт біздің жетекшілігімізбен үш тілде Астана қаласының тарихын жазып қойды. Соның ішінде сакральды объектілер бар. Сол кітаптар жастардың арасында кеңінен таратылып, өзге облыстар бойынша сондай қасиетті, киелі жерлердің картасы жасалса. Ол жерлерді аралайтын туристік маршруттар, тиімді болатын инфрақұрылым жасалып, оларды сайттарға жүктеп, кітаптарды таратса, біздің жастар киелі жерлерде көбірек болар ма еді. Біздің институт былтыр Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтпен бірігіп «Қазақстанның киелі жерлері» деген ғылыми жобаны атқарды. Сонда 700-ге жуық нысандар кірді. Екі тілде шыққан еңбектің биыл сәуір айында тұсаукесерін өткізгенбіз. Осындай зерт­теулер жалғасар болса, біз сол Археология институтымен жұмыс жасауға дайынбыз. Жұмыс жоғары, өте сапалы деңгейде ұйымдастырылды. Біздің ұжымның біраз азаматтары киелі география, киелі нысандар тізімін, анықтамасын жасауға атсалысты.

– Өз тарапыңыздан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты қандай жаңа идеялар, ұсыныстар айтасыз? 

– «Қазақстанның киелі жерлері гео­графиясы» жобасы бір реттік емес, тұрақты болуы тиіс. Киелі жерлер тізіміне енгізіліп, тарихы түгенделмеген елді-мекендердегі нысандар қалмауы тиіс. Біріншіден, киелі нысандарды іріктеу, тізімдеу мен ғылыми негіздемесін жасауды кәсіби маманданған ғалымдарға жүктеп, үйлестіру міндетін жүктеген дұрыс. Екіншіден, киелі нысандардың QR кодтарын енгізу мен нысанға орнатар алдында оның тарихи мәтінін тарихшылар сараптамасына беру қажет. Үшіншіден, облыс, қалалық әкімшіліктің жауапты бөлімдерімен бірлескен экспедициялар жасақтап, қаржыландыру мәселесі шешілсе. Киелі нысандардың тарихи интерактивті картасын жасау мен болашақ виртуалдық саяхат маршрутына енгізу үшін туристік соқпақ жолдар мен инфрақұрылымдар қалыптастырудың оңтайлы жолдарын жүзеге асыру мен GPS жол көрсеткіштер дайындау. Төртіншіден, өлкетану ісін жандандыру үшін жоғары оқу орындарында өлкетанушы маман­дығын ашу қажет. Мемлекеттік білім беру бағ­дарламасына міндетті пән ретінде енгізу мен типтік оқу бағдарламасын жасау, ауылдық жерлерде өлкетанушылар үйір­месін жандандыру мен оны қаржы­ландыруды қолға алу керек. Туристік салаға қажетті экскурсовод, гид және т.б. мамандықтарға грант бөлу. Осындай жұ­мыстың нәтижесінде көп томдық анық­тамалық және энциклопедиялық сипат­тағы басылымдар, толыққанды ғылыми зерттеулер дайындалып, құжаттар мен бейнелі басылымдар жариялануы қажет.

«Туған жер» деген бағдарламаны күшейту үшін ол туристік кластерге апарып тірелуі керек. Мысалы,  20 жыл бұрын Астананың тұрғындары 290 мың болатын. Қазір 1 миллион 100 мыңға жетіп қалды, яғни 4 есе өсті. Амандық болса, одан да өседі. Былтырғы ЭКСПО кезінде Астанаға тіпті, 4 млн. аса адам Қазақ­станның түкпір-түкпірінен және шет елден келді. Қыруар қонақты қайда апарамыз? Астана жанында Бозоқ деген қала орны болған. Әкімшілік, мәдени, діни бекініс болған Бозоқ деген көлдің жағасында орналасқан. Соның қалдық­тарын Еуразия ұлттық университетінің археолог ғалымдары зерттеп жүр. Солар­дың пайымдауы бойынша, VІІІ ғасырдың басынан осы қалашық тарихы басталады. Неге сол қалашықты жаңа тұрпатта істе­меске? Қабырғасын көтеріп, бекініс салып бүкіл әлемнен туристерді тартпаймыз? Сол арқылы қазақтың бүкіл материалдық мәдениетін көрсетіп, неге музей жасап, қазақтың дәстүрлі ойын-сауықтарын, қол­өнерін, әскери дәстүрлі ойын-сауықтарын соның маңайында көрсетпейміз. Өкінішке қарай, сол жұмыс бүгінге дейін жасалмай келеді. Республика бюджетін неге осылай туристер арқылы толтырмасқа?

Одан бөлек, біздің 40 пайыз қазақ, яғни  6 млн. қазақ қазір шетте жүр. Олар тұрып жатқан жерінде диаспора деп емес, иреденттер деп аталады. Сол қазақтар шоғырланған жерлерде қасиетті де киелі жерлерге неге зерттеулер жүргізбейміз? Біздің институт ғалымы Ахмет Тоқтабай Өзбекстан жеріне барып 20-дан астам жаңа киелі жерлерді фотоға түсіріп, зерттеп келді. Неге сондай жұмысты Моңғолия халық республикасына, Қытай, Қырғызстан мен Түркіменстан, Ресейде жүргізбейміз? Жуырда біздің институтта «Казахи Омской области» деп аталатын энциклопедияның тұсаукесері өтті. Туған жер бағдарламасы аясында Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығымен бірге өзге елде шоғырланған қазақтардың энциклопедия­сын жасау қажет деп айтуға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *