«АШАРШЫЛЫҚ» ФИЛЬМІНДЕГІ АНА

Оның образын 14 жастағы оқушы қыз сомдаған

«Алматы ақшамы» көрермен есінде сақталып қалған сол бір шынайы көріністі ойнап шыққан «актриса» қызды тауып, онымен сұхбатты 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық  құрбандарын еске алу күні қарсаңында беруді жөн көрді.

 Балнұр АХМЕТОВА

Көне заманды айтпағанда, «Күн көсем» алып берген «Теңдік» дәуірі – Кеңес Одағы кезеңінде де қазақ халқы небір нәубет жылдарды басынан өткерді. Азаматтық соғыс… коллек­тивтендіру… ашаршылық… репрес­сия… Ұлы Отан соғысы… айта берсең бас-аяғы 70-80 жылда қазақ халқы мамыражай күй кешіп, өсіп, көбей­мепті де.

Совет үкіметін орнату бастауында, яғни 1917–1930 жылдарда халықтың білімді де бақуатты өкілдері шекара асуға мәжбүр болды, елде қалғандары кәмпеске, коллективтендіру, ашар­шылық құрбандары болды, атылды, жеңіл жазаланғандары жер ау­дарылды.

1937–1940 жылдар ел тарихындағы ең «қаралы жылдар» десе болғандай. Халықтың қаймақтары, зиялы өкіл­дері толықтай сталиндік репрессияға ұшыраса, қалған халық қолдан жасалған ашар­шылыққа тап болды.

Ал 1941–1945 жылғы Ұлы Отан соғы­сына  4 миллионға жуық халықтан 1 млн. 200 мыңдай адам майданға шақырылып, олардың 600-дейі соғыстан оралмады. Міне, осылай қазақ халқының өсуіне, көбюіне мүмкіндік болмады.

1950 жылдардан Қазақстанда «Тың игеру», т.б. науқандармен «халықтар лабораториясын» жасау қолға алынды…

Ең бастысы, күні кешеге дейін осы нәубеттер туралы нақты деректер айтылмады, толық зерттеліп жазыл­мады. Тек тәуелсіздік тұсында біршама дерек­тердің шеті ашылып, шым-шымдап жазы­лып, осы тақы­рыпта деректі, тарихи-көркем фильм­дер түсіруге мүмкіндік туды.

Осындай дүниенің бірі режиссер Еркін Рақышев түсірген «Ашар­шылық» деректі фильмі. Фильмде қазақ даласында қолдан жасалған ашар­шылық туралы біраз тың дерек­тер келтіріліп, архивтік құжаттар көрсетіліп, тарихшы ғалымдар дәйекті әңгімелер айтады. Толық метражды деректі фильмде шынайы түсірілген, сол кезеңді бейнелейтін хроникалық сюжеттер бар.

Осы фильмде аштық салдарынан босқын болған халықтың арасында аштықтан құндақтаулы баласы өліп, анасының аһ ұрған сюжеті бар. Осы бір жан түршіктірер көрініс кейіннен сол жылдар туралы жасалған көп хабарда, деректі фильмдерде пай­даланылып жүр.

Ал сіз, сол аһ ұрған ананың рөлін 14 жасар оқушы қыз сомдағанын білесіз бе?

«Алматы ақшамы» көрермен назарында сақталып қалған сол шынайы көріністі ойнап шыққан «актриса» қызды тауып, онымен сұхбатты 31 мамыр – Ашар­шылық, репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында беруді жөн көрді.

Мектепте жүргенде әрбір қыз баласы сияқты, артист болуды армандаған Айғаным МАЙЫРОВА бүгінде ІT маман­дығын меңгеріп, қонақ үй  бизнесі саласында жұмыс істейді екен.

Міне, 14 жасында ашаршылық құрбаны болған ананың рөлін алып шыққан Айғаным қызымыз арамызда жүр.

Бір кездегі «бұзақы қыз», бүгінде ашық, ақжарқын бойжеткен болған. Айғанымға «келешегің жарқын болсын» деген тілек айттық.

– Айғаным, мектепте жүріп, «киноға түсіп, әртіс болуың» қалай басталды? Өзің Алматыда туып-өскенсің бе?

– Саламатсыз ба, мен 1996 жылы Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Марқұм әкем Әбден мен анам Ажардың тұңғыштарымын. Айбек есімді інім бар. Тараз қаласында бірінші сыныпқа барып, кейін 7-сыныпқа баратын 2009 жылы Алматының маңындағы Шамалған ауылына көшіп келдік. Осында тұратын  «дәу папамыз» көшіріп алды. Шамалған ауылындағы Нұрсұлтан Назарбаев ата оқыған Әуезов атындағы мектепке жетінші сыныпқа бардым.

Ал «әртіс» болуды барлық қыздар сияқты кішкене кезден армандайтынмын. Артистікке бейімім бар деп есептейтінмін өзімді. Балалық максимализм ғой…

«Әртістікке» жақындауым да қызық болды. Сегізінші сыныпта оқитын кезім, Таразда мамамның сіңлісі Гүлбала тәтем тұрмысқа шығатын болды. Алматыда істейтін тәтемнің ұзату тойы Таразда өтетін болды. Тойдың асабасы актер-режиссер Дүйсенбай Еркебаев екен (оны кейін білдік қой). Мейрамханада өткен тойда Гүбала тәтеме «қыз жолдас» табылмай, асаба аға аяқ астынан тәтемнің қасына отырғызып қойды. Сөйтіп, «қыз жолдасты» ойнап шықтым. Рөлім жаман болмаған болуы керек, тойдан кейін Дүйсебай аға «Айғаным, сен мені құтқардың, мен сені киноға түсіремін» деді. Уәдесінде тұрды да. Сол жылы махаббат тақырыбындағы бір кино түсіріп, басты рөлге шақырған Таразға. Ата-анам «әлі жассың» деп жібермей қойды. Оның үстіне, кәмелетке толмаған маған заң бойынша ондай рөл ойнауға болмайды екен…

– Ал «Ашаршылық» фильміне қалай түстің?

– Оның да өз оқиғасы бар. Ол кезде 8-сыныпта оқимын, он төрттемін. Артист болу арманымнан айнымағанмын. Мектепте түрлі қойылымдарға қатысамын, «әртіс» бола жаздаған тәжірбием бар дегендей…

Бір күні «дәу папам»  – «Қазақфильмде» Рақышев кастинг жасап жатыр екен, барып көріңдер», – деп адрес берді. Режиссер Рақышевті елдің бәрі «Жаралы сезім», «Жетімдер» фильмдерінен біледі ол кезде. Бардық. Еркін аға мені көріп, «жарайсың» деп, әкімшілік директоры Нұржігіт Хайдарға тізімге қосуды тапсырды. Сөйтсем, мені мектеп бітірген деп ойлапты. Осылай танымал актриса Гүлшат Тутова, тағы басқалармен «киноға түсуді» бастадық. Деректі фильм болғасын негізінен «массовка» түсірілді. Қапшағай жақта, айдалада.

Бірақ Еркін аға: «Айғаным, ананың образын сен сомдайсың» деп, мені гримдеп, «балалы ана» жасады. Ал мен ол кезде 14 жаста болатынмын.

– Солай арманың орындалған екен ғой, содан «әртіс» болып кеттің бе? Ганорар алған шығарсың…

– Жо-оқ… Рас, Еркін аға сонан кейін «Биші қыз» фильміне түсіруге шақырды. Ол фильмде бас кейіпкердің құрбысының рөлінде, эпизодта ойнадым. Ал гонорарға келсек, аз-маз ақша беріп қоятын…

Сосын өзім де бойжетіп, «ыстық-суығым басылып» дегендей, «әртістіктің» күн көріске жарамайтынын түсіндім. Оның үстіне кейін әкем қайтыс болып, үйдің үлкені болып қалдым ғой…

– Сонда бала арманыңды «көміп» тастадың ба? Сенің «Ашаршылықтағы» образың мықты шыққан еді ғой. Қазір немен айналысасың?

– Солай шығар… Айтып отырмын ғой, үйдің үлкені болған соң әке-шешеге, бауырыма қарайласу керек болды. Және мектепте бұзықтау болдым, спортпен (самбо) айналыстым, техникаға (көлік айдауға) қызықтым. Тоғызыншы сыныптан соң Шамалғандағы колледжге «компьютер технигі» мамандығына оқуға түсіп, бітірдім. Әкеме көмектесіп, Бекболат ауылынан үй салдық. Марқұм папам сол үйдің жартысын тұрғызып беріп, қайтыс боп кетті. Ол қолынан бәрі келетін «бесаспап» кісі болатын…

Есесіне інім Айбек «өнер аулында» жүр. Кішкентайынан суретті жақсы салатын Айбекті «дәу папамыз» алтыншы класында Жүргенов академиясының мектеп-интернатына алып барған. Сонда оқыды, кейін академияның колледжін бітірді. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың көркем-сурет факультетін бітірген Айбек бүгінде суретші-мүсінші. Мен болсам, қазір «Қонақ үй бизнесі» саласында жүрмін. Анама, бауырыма қамқоршымын. «Әртістікке» келсек, әлі жаспын ғой (күліп қояды). «Бұрынғы еңбегімді» ескеріп, киноға түсуге шақырып жатса, баруға болады ғой…

– Әңгімеңе рахмет, Айғаным! Бағың жансын.

– Рахмет!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *