Асханасына қарап – асын таны

87-4805-2Қазiргi кезде санитар-дәрiгерлер мен құқық қорғау қызметкерлерiнiң талмай күрес жүргiзiп келе жатқан салаларының бiрi – жабайы сауда орындары және қала базарлары мен бағыттағы автобустар аялдайтын жерлерден ашылып жатқан заңсыз асханалар мен дәмханалардың жұмысы болып тұр. Жабайы сауда сәл саябырсыған сияқты едi, қауын, қарбыз шыққалы олар қайта бас көтерiп, көше бойларын, көп қабатты тұрғын үйлердiң аулаларын қайта жаулай бастады. «Алыстан арбалағаннан гөрi, жақыннан дорбалағанды» жөн көретiн тұрғындар санитар-дәрiгерлердiң «ауру – астан» деген ескертпесiне құлақ аспай-ақ, көкөнiсiн де, қауын- қарбызын да көше жағалаған көшпелi саудагерлерден сатып алуда.

Жаз басталғалы СЭС мамандары тыным көрген жоқ, жемiс-жидектер мен көкөнiстерге лабораториялық зерттеу жүргiзiп келген олар ендi заңсыз ашылған асханаларға қарсы «күрестi» қолға алды.

Асханаларға ашық күрестi бiрiншi болып Алатау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастады.

Заңсыз десе дегендей-ақ, «Шаңырақ-2» ықшамауданындағы Жанқожа батыр көшесiнде орналасқан асханадан ас iшiп жүрген адамдардың сақтаушысы бар шығар дейсiз. Болмаса, бұл асханадан тамақтанған адамдардың сескенiп қалмай жүргенiне таңқалдық. Асхана иелерi жүрек жұтқан болса керек, неге десеңiз, асхана №22 емханамен iргелес орналасқан.

Дәрiгер түгiлi, «Алматы» каналы журналистерiнiң камерасынан сескенбеген кәсiпкердiң заңсыз жолмен табыс тауып келгенiне алты жылға жуықтапты. Ешбiр тазалығы, тәртiбi санитарлық-тазалық талаптарына сай келмейтiн бұл асхана аудандық салық басқармасына да тiркелмеген. Ас әзiрлейтiн аспаздарының қолында санитарлық кiтапшалары да жоқ. Тазалығының төресi – тамақ iшетiн әрбiр үстелдiң жоғары жағына шыбын жабысатын қағаз iлiп қойғаны болмаса, басқа тазалық сақтауға қажеттi әрекеттердi байқай алған жоқпыз.

СЭС мамандары асхана қожайынына қатаң ескерту жасап, хаттама толтырды. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» демекшi, «Шаңырақ-1» ықшамауданындағы Cтемiсов көшесiндегi 209-үйде орналасқан асхананы ас iшетiн орын деп айтуға ауыз бармайды. Ас әзiрлейтiн бөлменiң исi қолқаны қабады. Тамақ жасайтын жер мен ыдыс жуатын орындары бiр. Ал ас құйып беретiн ыдыстардың тазалығы да сын көтермейдi. Соған қарамастан, мұнда тамақтанып отырғандар баршылық. Алатау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының тамақтандыру нысандарын қадағалау бөлiмiнiң бас маманы Ләйлә Тойшиева асхана қызметкерлерiне тағамдарды жерде сақтауға болмайтынын, тағамдар мен азық-түлiктердi сақтау үшiн биiктiгi 15 см. тұғырықтар орнатылуы керектiгiн, сондай-ақ, шикi өнiмдерге арналған тақтайшалар мен пышақтардың бөлек болуын ескертiп, бұл асхананың да жағдайының сын көтермейтiнiн ескертiлген хаттама толтырды.

«Халық стадионы» жанындағы асхананың жағдайы да алдыңғы екi асхананың жағдайынан төмен болмаса, жетiсiп тұрғаны шамалы. Бұл асхананы №48 бағыттағы автобус жүргiзушiлерi өзектерiн жалғап, шөлдерiн басатын жайлы орынға айналдырып алыпты. Таң алакеуiмденген кезден жұмысқа кiрiсетiн жүргiзушiлердiң тазалыққа мән беруге мұршалары да жоқ сияқты.

Ләйлә Тойшиеваның «Жұқпалы аурулар дәл осындай лас дәмханалардан тарайды. Тегiн тамақтанып жүрген жоқсыздар, неге тазалық талап етпейсiздер?» дегенiне мән де берместен жуған қолдарын жейделерiне сүйкей салып, ас iшуге кiрiсiп кеттi. Бұл асхана да ешбiр жерге тiркелместен, «қазаншының өз еркi – қайдан құлақ шығарса» деген қағидамен күн көрiп, заңсыз жолмен табыс тауып отырған жайы бар. Жалпы, бұл аудан тұрғындарының заңмен көп санаса бермейтiн мiнездерi бар.

— Мұндай заңсыз асханалар жұқпалы аурулардың ошағы болып саналумен қатар, тағамнан улану жағдайлары өте жиi орын алатын орындардың бiрi. Тамақтан улану кей жағдайда өлiмге апарып жатады. Қазiр шикi еттен таралатын бруцеллез, эхинококкоз деген аурулар көбейiп барады. Осының барлығын тұрғындармен кездесу кезiнде үнемi айтып, жұқпалы аурулар және олардың таралуы жөнiнде парақшалар таратып тұрамыз. Бiрақ, оған әзiрге құлақ асатындар сирек. Болмаса, асханалардың сыртқы сиқына қарап-ақ, ондағы астың сапасының қандай екендiгiн бiлуге болады ғой, — дейдi бас маман.

Иә, айтса айтқандай-ақ, асханасына қарап асын тануға болады. Бiрақ, ас таңдау әр адамның қалтасына байланысты шығар. 600-700 теңгелiк түскi асты қалтасы көтермейтiн қарапайым жұрттың әзiрге өзек жалғар орны – қарабазарлар мен таса-тасада жасырынып жұмыс iстеп тұрған осындай заңсыз асханалар ғана.

P.S. Сол күнi жүргiзiлген рейд барысында 3 асхана иесiне қатаң ескерту жасалып, әкiмшiлiк жазаға тарту заңсыз тамақтандыру орындарын жабу жөнiнде ұсыныс айтылған хаттама толтырылды.

Жыл басынан берi Алатау ауданы бойынша 20-ға жуық заңсыз ашылған асханалар қызметiне тосқауыл қойылған. СЭС мамандары мұндай тексеру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратындарын айтты.

Алатау ауданынан қайтар жолда төңiрекке көз тастадық. Көше бойларын қауын-қарбыз жаулап алыпты. Ашық-шашық жерде сатылып жатқан қарбыздар денсаулығымызға қауiп төндiрiп жүрмесе болғаны.

Ләйлә ТОЙШИЕВА, Алатау ауданы СЭС ТНҚБ бас маманы,

Нұржамал БАЙСАҚАЛ, «Алматы ақшамы» газетiнiң тiлшiсi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *