АСЕКЕҢ АҚИҚАТТЫҢ АҚ БЕРЕНІ ЕДІ

Қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толу құрметіне арналған мерекелік шаралар Абай атындағы академиялық опера және балет театрындағы салтанатты кешпен  қорытындыланды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жазушының ұлы Әлішер Сүлейменов еске алу кешін жүргізіп, Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақ­стан Республикасының Ресей еліндегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағам­бетовтің Құттықтау хаттарын оқып берді. Жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің өмірі мен шығар­машылық қызметі туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, көзі тірісінде жақын араласқан, шығарма­шылық байланыста болған қоғам қайрат­керлері Мұрат Әуезов пен Ғаділбек Шалах­метов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның президенті Өмірзақ Айтбай­ұлы­ның танымал талант иесі туралы айтқан естелік сөздері көпшіліктің көңілінен шықты. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен Абай атындағы опера және балет театрының камералық оркестрінің ұжымы өнер көрсетіп, өнер шеберлері халық әндері мен компо­зиторларының шығарма­ларын орындады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер Досхан Жолжақсынов сөз сөйлеп, жазу­шының қызы Қаракөз Сүлей­менова әке­сінің сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Салтанатты жиынға Қазақ­станның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қатысуы да жиынның салмағын арттыра түскендей болды. Асқар Сүлейменов сценарийін жазған «Құлагер» көркем фильмінен және «Адасқақ» драмалық пьесасынан үзінділер көрсетілді.

Асқар Сүлейменовтің прозалық кітап­тары да, драматургиялық шығармасы  да ұлттық сананың дамуына қосылған елеулі еңбектер болып табылады. Әрбір сөйлемді қатпар-қатпар ой желісіне құрып, оқыр­манның интеллектуалды ойлау қабілетін дамытуға әсер етпей қоймайды. Асқар Сүлейменов 1965 жылы «Жұлдыз» журна­лында жарияланған «Тәкеңнің шаңқан боздары» атты мақаласында: «Туған жердің топырағы» деген ұғым бар. Бұл ұғымның қай заманнан келе жатқанын кім білген. Мүмкін, ол әріден келе жатқан шығар, мүмкін, шаңқан тарихтың жұлынынан нәр алып, соқталдай жігіт болып өскен шығар. Біз, әйтеуір осы бір ыстық ұғымның адамның селді серігі екенін білеміз. Басы ашық тағы бір нәрсе: осы ұғым басынан қаншама тәркі дүние ғасырларды өткізгені ай маңдайына әжім, беліне құяң дарытқан емес, қажыған, қартайған емес… Жерді, туған жердің топырағын сезіну, сонсоң да – бір ойлағанында – өмірді сезінуден байқалады» деп өзінің ішкі сезімін білдіреді. Асқар Сүлейменовтің Жазушылар одағы­ның мүшелік билетіндегі лақап аты (псевдонимі) – Торлан еді. Торлан Созақ ауданынан Ащысайға қарай өтетін тау өтке­ліндегі табиғаты көркем жер. Асекең­нің мінезіндей адуынды ағысы бар өзен, қына басқан бұжыр-бұжыр жартас, ала жаздай жасыл өңін бермейтін жазық пен Қаратау шоқысы тоқайласқан Торланды қаламгер текке таңдап алмаса керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *