АСАНӘЛІ ӘШІМОВ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ АРНАЙЫ СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Серік ЖҰМАБАЙ

16-18 қазан аралығында Алматыда Түркі әлемі деректі фильмдері ІV Халықаралық фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өткен болатын. Бұл іс-шараны Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Түркі әлемі журналистер федерациясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған.

Үш күнге созылған кинофестивьге Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Босния және Герцеговиния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Венгрия, Македония, Кипр елдерінің жетекші университеттері студенттерінің байқаудан өткен үздік жұмыстары қатысты. Бұл фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптарды, жастар тәрбиесін қамтиды.

Бұл ретте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түркі елінен келген қонақтарға «әл-Фараби – өркениет философы» деректі фильмі көрсетіліп, меймандар «Түркі дүниесіндегі қазақ киносының орны мен дамуы» төңірегінде пікір алмасты.

18 қазан күні түстен кейін Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалінің Қазақстандағы бағдарламасы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жалғасты.

Академия ректоры Ақан Жылқышыбайұлы келген қонақтарды өзі қарсы алып, кинозалда арнайы жиын өткізді. Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов қатысып, қонақтарға деген ыстық ықыласын білдірді, қазақтың мәрттігін көрсетті.

Алғаш сөз алған академия ректоры Ақан Әбдуәлиев: «Бүгін ерекше күн. Түркі тілдес елдердің деректі фильмдер фестивалі төртінші рет өткізіліп отыр. Біздің түркі халықтарымен байланысымыз бұрыннан жақсы жолға қойылған. Себебі, біздің түбіміз, қанымыз бір халықпыз. Кейде бір жиындар болады, еш пайдасы жоқ. Оны мың рет көрсең де есте қалмайды. Ал кейбір жиындар бір-ақ рет өтеді, бірақ ол мыңға татиды. Бүгінгі кездесу сол мыңға татитын жиындардың бірі болып отыр» деп, сөз кезегін қонақтарға берді.

–Жыл сайын фестиваль өзінің тынысын кеңейтіп, біздің елдерімізді рухани жақындастырып келеді. Осы ретте біз кино майталманы, абыз ақсақал Асанәлі Әшімовпен танысқанымызға өте қуаныштымыз. Біз енді бірлесіп, екі ел арасындағы жобаларымызды жүзеге асыратын боламыз. Түркі әлеміне ортақ бірлескен фильм түсіреміз деген арман-мақсатымыз бар. Фильмдеріміз арқылы түркі дүниесінің арғы тарихын көрсетсек қандай тамаша болар еді, – деді Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті, Кинофестивальді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мендерес Демир мырза.

Сондай-ақ ол театр саңлағы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке қазақ өнеріне, түркі дүниесіне, әлем мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін арнайы сыйлық табыс етті. Өнер академиясының ректоры Ақан Жылқышыбайұлы да тірісінде аңызға айналған тұғырлы тұлғаға арнайы шапан жауып, абыз актердің жарына құшақ толы гүл сыйлады.

Сонымен бірге ректор Асанәлі Әшімов атындағы өнер мен мәдениетті қолдау қорынан үлгерімі мықты, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген, үздік студентке арнайы степендия тағайындалғанын жеткізді. Асанәлі Әшімов атындағы степендияға Театр өнері факультетінің Драма театр және кино әртісі мамандығының үшінші курс студенті Лаура Әлайдарова ілікті. Айта кетейік, ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Мұрат Ахмановтың шеберханасын дәріс алып жүр.

Кездесуде Асанәлі Әшімов өзіне жасалған құрметке ризашылығын білдіріп, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.

–Түркі халқына, түркі тілдес одаққа айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта біздің академияның студенттері деректі фильмдер байқауына қатысып, жүлделі орындар алады деген сенімдемін. Кино ел мен елді таныстырады. Халықтың өнері мен мәдениетін паш етеді. Келешекте ортақ мәмілеге келіп, бірлесіп жұмыс жасаймын деген ойдамын – деп, абыз ақсақал ректордың өзі иығына жапқан қазақтың ұлттық шапанын Мендерес мырзаға тарту етіп, қазақтың мәрттігін көрсетті.

Кездесуден соң меймандар Асанәлі Әшімовтың шеберханасында болып, шәкірттерінің қойылымдарын тамашалады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *