Асанәлі ӘШІМҰЛЫ: ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН БАСШЫЛАР ХАЛЫҚҚА ДА ЖАҚЫН

«Жаңа ғасыр» театры қанат қақты

Республика сарайында КСРО мен Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлының шәкірттерінен құралған «Алматы әуендері» ҚМҚК қарасты «ЖАҢА ҒАСЫР» театрының ашылуы болды. Еліміздің мәдени өміріндегі маңызды іс-шараға орай «Аңыз адам – Асанәлі Әшімов» атты мерекелік кеш өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылына орайластырылған ізгі шараны «Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры» ұйымдастырды. Салтанатты кешке қоғам және мемлекет қайраткерлері мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Рухани тағылымы терең игі шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды жүргізді. Айта кетерлігі, «ЖАҢА ҒАСЫР» театрының салтанатты ашылуы аты аңызға айналған әлемге әйгілі актер Асанәлі Әшімұлының туған күнімен сәйкес келді.

 Балнұр АХМЕТ

«ЖАҢА ҒАСЫР» театрының құра­мына 2014–2018 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сындағы Театр өнері факультетінде Асанәлі Әшімовтің шеберханасынан дәріс алған талантты жас актерлар мен актрисалар енген. Театрдың алға қойған биік мақсаты – заман талабына сай, маңызды, мағыналы, құнарлы қойылым­дарымен озық ойлы көрермендерді қуанту, олардың рухани әлемін байыту. Өнерсүйер қауымның рухани азығына айналатын, көрерменге орасан ой салатын жаңа спектакльдерді сахналау арқылы жастарға тағылымды тәрбие беруді көздейтін театр ешқандай театрға ұқсамауды басты мақсат тұтқан. Естеріңізге сала кетсек, «ЖАҢА ҒАСЫР» театры өзінің шымыл­дығын өткен жылы ұлы классик Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклімен ашқан болатын. Қазіргі таңда театр реперту­рының қоржынында рухани маңызы терең бірқатар қойылымдар бар. Театрдың талантты жастары өнерсүйер қауымды құнды қойылымдарымен қуанта беруді әдемі дәстүрге айналдырмақ.

«ЖАҢА ҒАСЫР» театрының салта­натты ашылуында талантымен биік шыңдарды бағындырған театр тарланы Асанәлі Әшімұлы киелі өнер әлеміне қадам басқан шәкірттеріне ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.

– Бұл – менің қуанышты күнім. Шә­кірттерімнің киелі сахнаға алғаш қадам басқаны мен үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Театрдың құрылуына қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке алғыс білдіреміз. Өнерге жүрегі жақын басшылар халыққа жақын адамдар болып табылады. Сон­дықтан халыққа жақын басшылар көбей­се екен деймін. Сахнаға қадам басқан шәкірттеріме ақ ниетпен ақ батамды беремін. Өнердің биігін бетке алған шәкірттеріме Қыдыр дарып, бақ қонсын! Өнегелі өнер жолында бақтарың жансын! Халқымыздың руханиятына қалтқысыз қызмет ете беріңдер. Өнерлеріңмен өрге жүзіңдер, халыққа танылыңдар. Халық сендерге қарайды, сендер жерге қарап жүрмеңдер. Ұлағатты ұстаздарыңды жерге қаратпаңдар, еңбегін ақтаңдар. Өнер жолындағы шәкірттеріме әрқашан ақ жол тілеймін! Қанаттарың талмасын! Болашақ­тарың биік болсын! Өмірде де, өнерде де өз жолдарыңды тауып, бақытты болыңдар! Шаңырақ құрып, бала-шағалы болыңдар. Сонда ғана мені өмірдегі әрбір қадамда­рыңмен қуантасыңдар. Мен сонда ғана ұзақ жасайтын боламын, – деді КСРО мен Қазақстанның Халық артисі, Қазақстан­ның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы.

Салтанатты жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев шаһар басшысы Бауыржан Байбектің Құттықтау хатын, ал  Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлының Құттықтау хатын Асанәлі Әшімұлына табыс етті.

– «ЖАҢА ҒАСЫР» театрының салта­натты ашылуы – біз үшін де үлкен қуаныш. Осыдан бірнеше ай бұрын Асанәлі Әшімұлы жастардан құралған жаңа театр ашылса, жастардың бірнеше жыл оқыған еңбегі зая кетпесе, қаламыздың мәдени шырайы көркейе түссе деген бастамамен шаһар басшысына келген кезде Бауыржан Байбек бұл іргелі де ізгі істі қос қолдап қолдаған болатын. Ақыл айтатын ақсақал болса, оны қоштайтын жас болса, сол бақыт­ты ел деп ойлаймын. Асанәлі Әшімұлы, бүгін сіз ортамызда абыз ақсақал болып отырсыз. Жалғанның бақыты сізге бұйырды деп есептейміз. Талабы таудай шәкірттеріңіз өнерін ортаға салып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Алматы қаласы тек қана Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы әсем қала әрі мәдениеті дамыған қала атану үшін шаһарымызда осындай маңызды мәдени ошақтардың көп болғаны абзал. Асанәлі Әшімұлы, біз сізге зор денсаулық тілейміз. Біз әрқашан өне­ріңізбен халқыңызға қызмет ете беруіңізге тілектеспіз. Асқар таудай ағамыздың жасы­на жас қосыла берсін! Жастардың еңбегі жансын! – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Мерекелік кеште Қазақстанның Ха­лық артисі Есмұхан Обаев та ақ тілегімен жастардың жүрегін жылытты.

– «ЖАҢА ҒАСЫР» театрының жас әртістері сахнаға шыққан сәтте көңіліндегі сезімі теңіздей толқып, қобалжығанына куә болдық. Теңіздей толқыған жүректегі сол сезім сахнаға шыққан сайын енді өмір бойы олардың алдынан шығып тұратын болады. Қобалжу барда – өнер бар, қобалжу барда шынайылық бар. Өнер әле­мінің есігін ашқан жастардың «Бісміллә» деген қадамы құтты болсын! Өнердің биігі – қадірменді Асанәлі Әшім­ұлының шәкірт­терінің алды жасы 70-ке келді. Асанәлі Әшімұлының мектебінен өткен шәкірт­тердің барлығы бақытты. «ЖАҢА ҒАСЫР» театрының жас әртістері өнер жолында сіздей жүйрік болсын! Өнерде жастардың жолы болсын! Талай таудай тұлғалардың ізі қалған Республика сарайындағы жастардың қадамын Алла қабыл етсін! – деді Қазақстанның Халық артисі Есмұхан Обаев.

Әнмен әрленген кеште «ЖАҢА ҒА­СЫР» театрының әртістері «Соңғы қоңы­рау» поэтикалық драмасынан, «Арыстан­дар патшалығы» музыкалық драмасынан, «Қарагөз» трагедиясынан үзінді сахна­лады. Қазақ эстрадасының жұлдыздары мен айтыскер ақындар өз өнерлерімен кештің ажарын аша түсті.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *