ҚАСҚЫРДЫ НЕГЕ ҚОРЛАДЫҚ?

Көк бөрі көне түріктің туы болған

«Бөрілі менің байрағым!».

Сүйінбай.

«Қазақ елі» атты композициямның ең биік шыңына Көк бөрінің бейнесін сомдадым. Өйткені, бұрын Түркі қағанаты кезінде біздің байрағымызда Көк бөрі, яғни қасқыр бейнеленген. Көк бөрі – батыр­лықтың, өжеттіліктің символы. Халқымыз бойында оты бар, ержүрек, батыр жігіттерді Көк бөріге теңеген.

Аң патшасы – арыстан, жүректі жолбарыс, айбарлы аю да конфет үшін цирк аренасында билейді. Ал қасқыр – өте текті жануар. Ол ешкімге бағын­байды. Ешкімнің ықпалына көнбейді.

Қасқырды Құдай шөп емес, ет жейтін етіп жаратқан. Оның жазығы не? Қазір өкінішке қарай, жер бетінде табиғатпен табиғи тепе-теңдік (баланс) жоғалып барады. Қарны тойып қампиған, бақайшағына дейін қаруланған шет елдің неше түрлі қаруларын асынған, астына табанында шаңғысы бар мотоцикл мен джип мінген қаскөйлер ас таппай жүрген аш қасқыр­ларға қорлық көрсетуде. Мен бірде теледидардан бір қазақ жігітінің машинасымен қасқырдың құйрығын мыжып, екіншісі басынан теуіп жатқанын көріп, төбе шашым тік тұрды. Одан кейін қасқырдың жаңа туған бөлтіріктерін қылқындырып, жерге ұрып жатқан жас­тарды көріп, жағамды ұстадым. Бұл не деген сұмдық?! Олар мұнымен қоймай, бұл ерсі іс-әрекеттерін ұялы телефондарына түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жариялап, өздерін батыр етіп көрсетіп жүр, көргенсіздер. Егер шынымен батыр болса, қасқырмен қарусыз айқаспай ма? Қаруына сенген қорқақтың қаншалықты батыл екенін сол кезде көрер едім. Сенім артып жүрген жастарымыздың осындай қылықтарын көріп, келешекте олардан қандай үміт күтеміз?!

Бәріміз білетіндей, Кеңес Одағы кезінде түсірілген «Ну, погоди» деген мультфильмде қасқырды қоянға күлкі қылып, ақылды қасқырды ақымақ етіп көр­сеткен. Оны кейбір тексіздер рахаттана көретін. Олар қайдан білсін, мұны біздің рухымызды төмендету үшін шығарған саясаттың бір түрі екенін?! Мұны біз кеш білдік.

Әлемге дамыған өнерімен, мәдениетімен таныс Рим қаласында қасқырдың адам баласын анасындай асырап, емізіп тұрған ескерткіші сонау Х ғасырларда қойылған. Сол қаланың символы іспетті Көкжал мен адамзаттың бір-біріне деген мейірімділігін бұл ескерткіштен бір­ден сезінуге болады. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағыл­ған туристер осы бейнені көруге, жанында суретке түсуге асық. Баяғыда бала кезімде бір ақсақалдың қасқыр туралы айтқан әңгімесі әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

Сыр өзенінің бір жағында тоғай, ал екінші жағында мал бағуға қолайлы жазық жайылым жер. Сол жерде Сырбай аңшы мен әйелі Айша екеуі тұрыпты. Аңшы­ның жары Айша талай жыл бойы жүкті бола алмай, сәбиге зар болып жүргенде, түсіне марқұм батыр бабасы Қасқырбай кіріп, аян беріп: «Қызым, Сыр­дың арғы бетінен бергі жағасына арлан азық іздеп жүзіп келетін болады. Сен одан қорықпа. Оған жейтін қорегін апарып, жерге көміп тұр. Ол азығын өзі алып кетеді. Аңшы күйеуің мұны білмесін, атып қояр. Айт­қа­нымды орындасаң, өмірге ұл бала әкелесің», – дейді.

Айша іштей жүрексінгенімен, батыр бабасының айтқанын орындайды. Күйеуіне білдірмеуге тырысып, мал сойылғанда итке бергенсіп, қойдың ішек-қарнын жасырып алып кетіп, арлан келетін жерге көміп тұрады. Көмген бойда арлан азығын әкетіп тұрады. Арада біраз күн өткен соң, Айша өзінің аяғы ауырла­ғанын байқайды. Айы-күні жетіп, босанатын уақыты да жақындайды. Бұл кезде арлан әдеттегіше көмулі тұратын қорегін іздей бастайды. Сәби күтіп, толғатып отырған әйел оған азық апарып бере алмай, үйден шыға алмай қиналады. Ертесіне тоғайдан шыққан қасқыр өзеннен жүзіп өтіп, қорегін іздеп, аңшының көзіне түседі. Қасқырдың бұл әрекетін аңдып жүріп, байқаған мерген ашуға мініп, дереу оны мылтығымен атып түсіреді. Терісін сыпырып алып, төріне іліп қойып, келген қонақтарға: «Міне, мен атып алған арлан, қараңдар!», – деп, мақтанышпен айтып отырады екен. Айша аман-есен босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Үйінің төрінде ілулі тұрған қасқырдың терісін көзімен көріп, өз көзіне өзі сенбей, мән-жайды түсініп, күйеуінің бұл ісіне күйініп, оған іштегі сырын, ашу-ызасын айта алмай, қатты қынжылады. Сәбилі болуына себепші болған киелі арланнан іштей кешірім сұрап, аянышын білдіреді. Енді ұлымның атын Арлан қоямын деп үміттеніп, бұл шешімін күйеуіне айтады. Ал күйеуі кенеттен: «Үйдің қожайыны мен емес пе, ұлымның есімін өзім қоямын», – деп ашула­нады. Сол кезде ақылды Айша: «Сен тура мен босанған уақытта арланды атып, терісін төрімізге тұмардай іліп қойдың. Бұған себепші өзің болғасын айтып отырға­ным ғой, отағасы», – дейді. Күйеуі сол кезде барып ойланып, амалсыздан: «Е-е, онда мұның жөн екен. Арлан болса, Арлан болсын», – деп келіседі.

Арада көп күндер, айлар өтіп, Айша тағы да жүкті болады. Әйелінің балықтың етіне жерік екендігін біліп киік, қоян, қырғауыл сынды аңдардың етін жеп жүрген аңшы амалсыздан баласы екеуі балық аулауға барады. Кенет баласы ағысы қатты Сырдария өзеніне құлап, ағып кетеді. Суда жүзуді жақсы білмейтін аңшы жар дегенде жалғыз баласын құтқаруға қауқары жетпей, шарасыз күйге түседі. Осы кезде өзі атып өлтірген қасқырдың (қаншығы) серігі арғы беттегі тоғайдан атып шығып, өзенге секіреді. Жүзіп келіп, өзенге ағып бара жатқан баланы тістеп алып, тоғайға еніп кетеді. Елге келіп жар салған аңшы «Қасқыр баламды жеуге алып кетті, қасқырдың азығы болған баламның ең болмаса сүйегін алып келейік», – деп, қайықшыға жалы­нады. Қайықпен арғы бетке өтеді. Тоғайдың етегінде, Сырдың жағасында тірі жатқан баласын көріп, аң-таң болады. Өзінің жауызым, дұшпаным деп жүрген көкжал қасқырдың жақсылығына таң қалады. Осыдан кейін аңшы аңшылық кәсібін тастап, бұдан былай мылтық ұстамауға серт береді. Үйіне келіп, төрінде ілулі тұрған көкжалдың терісін жерге көміп, Көк бөріге дұға бағыштайды. Осылайша баланың әкесі жыл сайын туған күніне орай қасқыр қалдырып кеткен жағаға барып, қой сойып, құрбандық шалады екен. Содан кейін қасқырлар көзден ғайып болады. Жер ауыстырды ма, әлде біреулер атып алды ма, ол жағы белгісіз, жұмбақ күйінде қалды.

Екінші сәбиін күтіп жүрген Айша уақыты келіп, өмірге қыз бала алып келеді. Әйел бұл жолы сәбидің есімін қоюды күйеуіне тапсырады. Аңшы Сырбай ойлан­бастан: «Қыздың атын «Бөрікүл» деп қойсақ, қалай болады?», – дейді. Аңсаған арманы орындалған Айша күйеуінің бұл сөзін қуана құптайды.

Арада сырғып айлар, жылжып жылдар өтеді. Арлан ержетіп, Бөрікүл бойжетеді. Осы уақытта әке-шешесі оларға барлық сырды баян етеді. Болған оқиғаны түсінген қос бала Көк бөрінің басына барып, көк тас қояды. Сөйтіп, Көк тасқа мынадай жазуды ойып жазады: «Бабамыздың байрағы болған, балалық шағымыздың қорғаны болған Көкжал қасқырға мәңгі бас иеміз». Бір күні Сырдария өзені арнасынан асып, Сырбай аңшының жағадағы үйін шайып кетеді. Аңшының өзі де топан судың құрбаны болып, ағып кетеді. Ал жұбайы Айша судың тасқынынан қашып, арланға қойған көк тастың үстіне шығып, аман қалған екен. Аңшыны кезінде өзі атқан арланның киесі ұрды ма екен, кім біледі?.. Қасқыр боп көрінген Қыдыр болар, бәлкім… Ол тек бір Аллаға ғана аян. Шіркін, адамзат та арлан сияқты текті болса ғой!

Бірде айдаладағы жалғыз үйлі қойшы ұлыған қасқырдың дауысынан түн ұйқысы төрт бөлініп, аулада тарсылдатып мылтық атып шығады. Таңертең ұйқыдан тұрып қараса, дәл қораның түбінен қарға түскен бөрінің ізін байқайды. Дереу сол жерге қақпан құрып қояды. Азанда қасқырдың жан ұшырған қыңсылын естіп, үйден атып шықса, қақпанға түскен бөрінің өз тірсегін шайнап жатқанын көреді. Дереу оқтаулы мылтығын алып шықса, қасқырдың өзі жоқ, қақпанда жарты аяғы қалып қойған. Қызыл қаны сорғалаған қасқыр көзді ашып-жұмғанша қыр асып үлгеріпті. Қанның ізін қуалаған қойшы жүгіріп қырға шығады. Бөрі үш аяқтап ақсаңдай қашып барады екен. Енді көздей бергенде, арғы беттен тайдай көкжал шыға келіп, кеудесін керіп, «бөлтіріктерімнің анасы аман қалсын, мен-ақ құрбан болайын» дегендей, қалқан болып тұра қалады. Көкжал қасқырдың тектілігіне қайран қалған қойшының қолы қалтырап, мылтығы жерге түсіп кетіп, қос қасқыр да аман қалады. Осы оқиға­дан кейін қасқырдың өзі тұрмақ ізі де, ұлыған үні де мүлдем ғайып болып, қойшының құлағы да, жаны да тынышталады.

Қазіргі таңда ұлы даланың арланы атанған қасқыр­лардың жейтін азықтарын қаруланған қаскөй жауыз­дар қырып жоюда. Кең даладағы жейтін азығы қалма­ған соң, амалсыздан қорамыздағы төрт түлігімізге шабуға мәжбүр болып отыр. Қайтсін енді?! Текті Көк бөріні бейшара халге түсіріп жібердік қой, адамзат. Қасқырға қиянат көрсетпейік, қазақы қауым!

Біздің баяғы байрағымыздың символы болған Көк бөріні, көкжалды аялайық, ағайын! Қалталы азамат­тар қолдаса немесе қалтама қомақты қаржы түссе, Қазақстанда қасқырға ескерткіш қояр едім.

 

Тілеуберді БИНАШЕВ,

мүсінші, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *