АСҚАЗАНЫ ЖОҚ АДАМ

Қайыркен ҚАЛИҰЛЫ 30 жылға жуық уақыттан бері қалыпты өмір сүріп келеді

Сәрсенбек  БЕКМҰРАТҰЛЫ

Ойламаған жерден ұшырасып, аяқасты таныстық… Қажет дәріні алмақшы болып қаланың батыс шетіндегі (Наурызбай ауданы) дәріханаға бара жатқанмын. Ол өзі бір қалтарыста тұр. Жалғыз автобуспен ғана барасың. Өзін екінің бірі біле бермейді де. Кезекті аялдамаға тоқтап, жолаушыларды мінгізіп жатқан жүргізушіге бір қария:

– Мына автобус 36-емханаға бара ма? – деп сұрады.

– Барады.

– Барған кезде айтып жібер, балам, жарай ма? – деп қария ішке енді.

– Мен де сонда барамын. Бірге түсеміз, – дедім мен жаныма келіп жайғасқан егде кісіге.

– Е-е, онда тіпті жақсы болды ғой. Маған дәлірек айтсам, емхана емес, соның ішіне орналасқан дәріхана керек, – деді әлгі кісі.

– Еш қам жемеңіз, мен сол дәріханаға барамын, – дедім мен тағы да үлкен кісінің көңілін тыныштандырғым келіп…

Әрі қарай, қазақ емеспіз бе, әңгіме өрбіп жүре берді. Бұрын бір мәрте келгенін, бірақ жолды да, автобустың бағытын да есінен шығарып алғанын айтты. Қай жері ауыратынын, қандай дәрі ішіп жүргенін сұрадым. Өзіне емес, дәріні кемпіріне  алмақшы екенін, өзінің көзі сәл нашар көретінін, басқа еш жері ауыр­майтынын да жасырмады. Әс­кери адам екен, шені – пол­ковник.

– Ілгеріде асқазаным ауырды. Аты жаман ауру екен. Дәрігер асқазанымды түгелдей алып тастады. Содан аты жаман аурудан біржола құтылдым, – деді.

– Қазір асқазаныңыз жоқ па?

– Жоқ, әрине. 28 жылдан бері асқазансыз өмір сүріп келемін.

– Солай деңіз… Асқазанын алдырғандар жайында бұрын бір-екі әңгімені құлағым шалғаны бар. Бірақ 1–1,5 жылдан артық өмір сүргенін естімеппін…

Біздің кейіпкеріміз 1936 жылы  Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола облысы) Ең­бекшілдер ауданына қарасты «Үлгілі» ауылдық кеңесі аума­ғында дүниеге келіпті. Анасынан 9 жасында жетім қалып, әкесінің, кейіннен өгей шешесінің тәрбиесінде болады.

14 жасқа келгенде әкесінен айырылады. Жетімдіктің зарда­бын сол кезде толық тартады. Әке-шешесінің көзін көрген кісілердің көмегі көп тиеді. Әсіресе, өзімен бір сыныпта оқыған Айжан қыздың үйіне жиі барғыштап тұратыны есінде. Анасы да, қыз да Қайыркенді қуана қарсы алатын. Сабаққа  бірге дайындалуға да ыңғайлы. Үйлері де жақын, арасында екі үй ғана бар.

Буыны  бекіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімге  мектепке бару, өзіне  тамақ әзірлеу, киім-кешегін жуып-шаю, әрине қиынның қиыны еді. Мектептен басы салбырап үйіне  кетіп бара жатқан оның соңынан Айжан аянышты көзбен қарап тұратын.

Осы қиын кезде мектептің математика пәнінің мұғалімі Ислам Жайкенов деген ұстазы қол ұшын созып, мектептің интернатына орналасуға әрекет жасайды. Интернат негізінен малшылар мен ұжымшар бала­ларына арналған. Мұғалім интернат директорына кіріп, оқушының барлық жағдайын түсіндіріп, осы баладан түбінде  жақсы математик шығатынына сенімді екенін айтады. Жататын орын беруін өтінеді. Мұнымен де қоймай, ауылдық кеңестен қамқоршысы мен асыраушысы жоқ екендігі жөнінде анықтама қағаз алып, ақыры интернатқа орналастырады.

– Интернатқа орналасқасын Айжан қызбен араңыз алыстап кеткен жоқ па?

– О не дегеніңіз, қайта жақын­дай түсті. Интернатта жүргенде оның үйіне жиі бара­тынмын. Әкесін «папа» дейтін. Мен де ол кісіні солай атадым. Шешесі мен келгенде қымыз, айран ішкізіп, жұмыртқа пісіріп беретін. Интернаттың тамағы өте нашар болды. Сол апамыз мені өз баласындай күтетін.

Он жасымызда ата-анамыз­дың әзілдері ме, әлде шын ниеттері болды ма, мені «күйеу­балам», Айжанды болашақ «келінім» деп, бізге сезім туғызды. Ол кезде газ жоқ, бәрі пешпен атқарылады. Отын деген қат. Үйіңнің жанында өсіп тұрған қайыңды рұқсатсыз кесіп, отынға пайдалана алмайсың. Менің әкем  ағаш ұстасы болатын. Айжанды шешесі от тұтататын  ағаш жаңқасын сұратып әкеме жібереді. Әкем болса жаңқа емес, керісінше отқа жағатын кеспелтек ағаштарды оның келуіне  дайындап қояды. «Ала ғой, қызым, тағы да келіп тұр. Қысылма. Түбінде балама әперемін сені, келін етемін», – дейді екен қалжыңдап.

Мені де шешем Айжанның үйіне ыдыс-аяқ сұратып жіберетін. Оның да шешесі мені күлімсіреп, жылы қабақпен қарсы алып: «Кел, айналайын, күйеубалам, кысылма, осылай келіп тұр. Үлкейгенде күйеу­балам боласың, қызымды саған беремін» дейтін әзіл-шыны аралас…

Мектепте бір сыныпта оқыдық, бірақ қыз-жігіт болып қыдырған жоқпыз.

Мектепті бітіргенде Айжан маған кестелі орамал тоқып берді. Сонда да құшақтап сүймеппін. Бір-бірімізге деген сезімімізді білдіруге ұялатынбыз. Міне, 57 жыл! Өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көріп келеміз.

– Мұғаліміңіздің сізге қолұшын созғанына қарағанда, сабақты жақсы оқыған болар­сыз? Әлде, жетім деп мүсіркеді ме екен?

–  Екеуі де болды ғой деймін. Дегенмен, «Казгородок» орта мектебін «өте жақсы» бағамен бітірдім. Ұстазымды ұятқа қалдырғаным жоқ. Матема­тикадан өтетін мектепаралық байқауларға қатысып, жеңіспен оралып жүрдім. Мектебімнің мерейін үстем еттім.

Аттестатты алғасын мектеп бітірушілер шағын отырыс өткізді. Біреуі ана оқуға, біреуі мына оқуға барамын деп арманын айтып жатыр. Мен де үн жоқ. Не деймін: не жолға ақшам жоқ, не киетін киімім жоқ. Армандаған оқуыма қалтама ақша салып жіберетін әкем де, шешем де жоқ. Аттес­татымның «4» пен «5» болға­нынан не пайда. Үйге келгесін түнімен жылап шықтым. Елден жездем келіп ауылға алып кетті. Жұмыс істедім, жездем көмек­тесті, оқуға баратын жол қаражатын жинадым. Сөйтіп жүргенде елімізде тың және тыңайған жерлерді көтеру мәселесі қолға алынып, қарбалас тірлік басталды. Алматы облысының Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумы жанынан механизаторлар дайындайтын жылдамдатылған екі жылдық (техникум 4 жылдық болатын) курс ашылып, кеңшар (совхоз) мені сонда жіберді. Бітіргесін Ақмола облысының бір кеңшарына жіберді. Барған жерде кеңшар директоры денем шағын болғасын трактор руліне отырғызбай, механизаторлыққа оқып жүргендерге сабақ бергізді. Курсты үздік бітірген мен өз жұмысымды талапқа сай атқарып жүрдім. Бір жылдан кейін әскер қатарына алындым.

Айжан мектепті бітірісімен Алматыдағы ЖенПИ-дің физи­ка-математика факультетіне түскен-ді. Әскерде жүргенде хат жазысып тұрдық. Махаббат туралы  айтқан да, жазған да емеспіз. Мен солдаттық өмірдің, ол студенттік өмірдің жаңалы­ғын, ауылдың жағдайын, бірге оқыған достар туралы әңгіме­лейтінбіз.

Ол кезде әскери міндет 3 жыл еді. Мен бір жыл қызмет еткеннен кейін бір жылын өтеген солдатқа әскери училищеге түсуге болатындығы туралы  қаулы шығып, әскери училищеге қабылдандым.  Бұл жаңалы­ғымды Айжанға жазып жібердім, ол да қуана қарсы алды.

Училищені бітіргесін әскери офицерлік қызметім басталды. Мамандығым – фортификатор. Соғыс бекінісін салатын әскери инженер-құрылысшы. Енді менің жаныма серік болатын жар табуым керек болды. Бірақ қалыңдық іздеп әуре болғаным жоқ. «Казгородок» кентіне – ауылыма бардым да Айжанға жағдайымды айтып, көңілімді білдірдім. ЖенПИ-ді бітіргесін біз бітірген орта мектепте  мұға­лім болып жүрген. Ешкіммен  махаббат құрмапты. Келісімін берді. Ата-анамыздың аузына құдай салды ма, әлде ниеттері дұрыс болды ма, осылайша екеуміз 1961 жылы отау құрдық.

Беларусь жерінде (екі облы­сында) ракеталық әскерде қызмет еттім. Әскердің мұндай түрі 1959 жылы құрылған бола­тын. Белоруссияда Қызымыз Гүлжан дүниеге келді. Екі жылдан кейін  Ленинград қаласындағы Әскери академияға түстім. Онда 5 жыл оқыдым. Айжаным сол жерде мектепте физика мен математикадан сабақ берді. Ленинградта ұлымыз туды. Есімін Нұркен деп қойдық.

Оқу бітіргесін мені Қиыр Шығыс әскери округінің штабына жіберді. Ол жерде бес жыл әскери қызметімді атқарып, Алматыдағы Орта Азия әскери округіне ауыстым.

– Қанша бала-шағаңыз бар?

– Екеу, бір ұл, бір қыз, өз қанымнан…

– Немере, шөберелер бар шығар?

– Ұлымнан бір ұл, бір қыз бар… Қызымыз Гүлжаннан екі немере жиен сүйдік, олардан үш шөбере өсіп келеді. Айтпақшы, асырап алған бір ұлымыз бар, одан бір немере…

– Айып болмаса, сол ұлыңыз туралы айта кетсеңіз…

– Оның еш айыбы жоқ. Бірде әйелім еңбек демалысына шығып, елге – сіңлісінің үйіне барды. Барса, сіңлісі өкпесінен (туберкулез) ауырып, ауруханада жатыр екен. Үйінде күйеуі (кеңшарда жүргізуші), алты баласы (бәрі ұл) қалыпты. Алтыншы баласы 1,5 жасар, жүре алмайды, көрпемен орап, аузына дәкеге орап піспенан (печенье) тығып қойыпты. Басын көтере алмайды екен. Әйелім  мұндай жағдайға шыдай алмай, демалысын тоқтатып, баланы Алматыға алып келді. Бұл – 1974 жыл еді. Мен Орта Азия әскери округінің штабында істеймін. Әйелім Айжан Жобалау инсти­тутында инженер. Сонымен баланы Правда (қазіргі Алтын­сарин) даңғылындағы Балалар туберкулезі ауруха­насына алып бардық. Дәрігерлер: «Сіздер қайдан келдіңіздер, баланы осындай жағдайға дейін неге жеткізгенсіздер» деп реніш­терін білдірді. Бірақ баланы ауруханаға жатқызды. Оның бронхысында туберкулез таяқ­шасы бар екен. Бір жыл емделіп, сауығып шықты. Елге телефон шалып, «балаларың сауықты, алып кетіңдер» десек, «бізге керегі жоқ, өздерің бала қылып алыңдар» деген жауап алдық. Атымызға жаздырып, бағып-қағып өсірдік. Әскери  маман­дыққа баулыдым. Ержетті, үйлі болды. Қазір Астанада тұрады. Әскери шені – полковник. Одан бір немере сүйіп отырмыз.

– Әскери қызметтің өз еркіңді өзіңе билетпейтін жұмыс екенінен сырттай хабарымыз бар, әрине. Қарбалас қызметте жүріп ұрпағыңызға ұлттық тәрбие бере алдыңыз ба?

– Міне, қиын жері осы бо­лып тұрған жоқ па? Ұлым орыс қызына үйленді. Содан қауіп­теніп одан туған немеремізді өзіміз бауырымызға басып, қазақша балалар бақшасына, қазақша гимназияға (Алматыда) оқытып, тәрбиеледік. Қазақшасы жақсы. Аты – Даян. Қазір Санкт-Петербургте оқып жүр. Грантта. Жатақханасы бар. Жатақханада жағдай нашар болғасын, пәтер жалдап тұрады. Ай сайын зейнетақымнан 100 мың  теңге беріп тұрмын. Қазақ  қызына үйлен десек, махаббат ұлт таңдамайды деп бөседі. Бірақ жақсы көретін қазақ қызы бар көрінеді. Зерттеп көрдім. Соны ал деп жалынып жүрміз. Арманым – ұрпағым өз ана тілінде сөйлесе, өз ұлттық дәс­түрін білсе екен… Осы сөздерді айтқанда қарт полковниктің жүзінен әлде ұрпағына, әлде заманына деген наланың ныша­ны байқалды. – Немере қызым Энелді де қазақ бақшасында, қазақ мектебінде оқыттық. Қазір Италияның суретшілер гимназиясында (Алматыда) 6 сыныпта оқып жүр, – деді сәл үзілістен кейін сөзін қайта сабақтап.

…1975 жылы Қайыркен Нұр­сейітов Алматыдан Қиыр Шығыс әскери округіне қайта жіберіліп, әскери училищеде оқытушы болып қызметін жалғастырады. Сөйтіп жүргенде асқазаны ауырып, госпитальға түседі. Дәрігерлер ота жасау қажеттігін айтады. Алматыдағы достары отаны Алматыға келіп жасатуға кеңес береді. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу институты бір апта жатқызып тексеріп «сенің ауруың біздің мамандығымызға сәйкес кел­мейді, онкологиялық ауру» деп сонда жібереді. Ол жерде Мельс Рахметов деген хирург әйелі Ажардан қолхат алып, ота жасауға тәуекел етеді. Ота бір күнге ұласады. Әйелі дәлізде күтіп отырады. Таңертең отаға кіріскен дәрігер кешкі сағат 17.00 бөлмеден бір-ақ шыққан. 8 күн реанимацияда жатып, тоғызын­шы күні көзін ашады. Палатаға шығарылып, бір аптадан кейін үйіне қайта­рылады.

– Өзіңізге ота жасаған, былайынша айтқанда, қайтадан «өмір сыйлаған» хирургпен кездесудің кейін сәті түсті ме?

–  Иә, кездестім. Ол былай болды. Арада бес жыл өткенде әскери өмірде үйренген әдетпен (асқазанымды алдырып тастаға­ным есімнен шығып кетсе керек) жарты  стақан «тентек» суды тартып жібергенім бар. Шамалы уақыт өткесін ішім бүріп ауыра бастады. Түнімен ауырып шықты. Ертесіне дәрігерім Мэлс Рахметовке бардым. Ол мені көргенде шошып кетті.

– Оу, сіз тірі ме едіңіз, неге хабарласпай кеттіңіз?! – деді үрейлі дауыспен. –Жылына бір-екі рет келіп тұруыңыз керек еді ғой. Кезінде айтылған… Бес жыл бойына  көрінбегесін біз сізді … ендігі…

– Жоқ, дәрігер, мен тірімін. Әуелі Құдай, сосын Сіз… мен тірімін, – дедім.

– Ажалыңыз жоқ екен. Бұл отадан 100 адамнан 4 – 5-уі ғана тірі қалады. Мен сізге сифон жасадым, – деді дәрігерім. Мен:

– Оның не? – десем: «Сұйықтықты бір ыдыстан екін­шісіне ауыстыратын, жағымсыз иіс шығармайтын имек түтікше. Кеңірдекті созып идім, қозғалып кетіп қалпын бұзбасын деп қабырғаға бекітіп тіктім. Сосын тоқ ішекке жалғадым…», – деп түсіндірді.

Осыдан кейін кездесудің  реті келмеді. Сырттай естуім бойын­ша, зейнетке шыққан көрінеді…

Полковник Қайыркен Қали­ұлымен әңгіме осылай аяқталды. Қатерлі ісіктің салдарынан асқазанын алдырып тастаған біздің кейіпкеріміз 30 жылға жуық уақыттан бері  қалыпты өмір сүріп келеді. Айтқандай, осы мақаланы жазып болғасын кейіпкеріме телефон шалып, зайыбының жағдайын, өзінің амандығын сұрадым. Қазанның қара желіне қалдырмай жеміс-жидегін жинап алайын деп таудағы саяжайына жүргелі жатқанын айтты. Әлі тың. Қанша дегенмен полковник емес пе!..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *