ҒАРЫШТЫҚ ҒАЛАМНЫҢ ҒАЛЫМЫ

Физика мен математика саласында қазақ топырағынан шыққан ғалымдар баршылық. Бірақ олардың арасында әлемге танымал болғаны санаулы. Әсіресе, физика саласында көп емес. Солардың бірі – физика-математика ғылымының докторы, профессор, белгілі астрофизик, Нью-Йорк Ғылым академиясының  академигі  Тоқтасын Қожанов.

Ол 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) физика факультетіне түсіп, 1969 жылы үздік дипломмен бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясының В.С.Фесенков атындағы Астрофизика институтында еңбек жолын бас­таған. Институттың аға лаборанты, кіші ғылыми қызмет­кері, аспиранты, аға ғылыми қызметкері, Жұлдыз дина­мика бөлімінің меңгерушісінің міндетін атқарушы, кейін жетекші, бас ғылыми қызметкері болып көп сатыдан өтіп, ғылымның шыңы – профессор деңгейіне дейін көте­ріледі. Тынымсыз еңбегі Астрофизика институтында 35 жыл­ға дейін жалғасып, аспан әлеміндегі жұлдыздардың тұңғиық сырының ғажайып ғаламына арнайды. Ол ғалам әлемінде шарлық және шашыраған жұлдыздар шоғырлары туралы  тың жаңалық ашып, жетістікке жеткен.

Т.Қожановтың мұндай жетістікке ұмтылуы 1969 жылы Астрофизика институтының Күн физика бөлімінде жүргенде басталып, жұлдыздар әлеміндегі ғылымға белгісіз құпиялардың алуан жұмбағына терең үңілуіне себепші болып, осы институттың аспирантурасына түсуіне  жол ашқан екен. Оны ойдағыдай бітірген болашақ ғалымның 1979 жылы ҚазМУ-де Теориялық механика мамандығы бойынша «аспанды механика» және «теориялық механика» ғылымдарының торабында «Стацинарсыз гравитациялық  аядағы материялық нүктерлердің жүйе­лерінің динамикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны сәтті қорғауы ғалымдар арасында аса қызығушылық танытыпты. Бұл еңбек астрофизика саласында   жоғары бағаланып, Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сында да кең талқыланады.

1994 жылы ғалым Астрофизика маманы бойынша физика-математика ғылымының докторы дәрежесін «Сыртқы күштік өрістерге гравитациялық жүйелерінің динамикасы» деген тақырыпта қорғайды.  Ғалымдар бұл еңбекті астрофизика саласындағы тың ізденіс деп бағалайды. Осыдан кейін ғалымның мақалалары, жұлдыздар динамикасы және аспанды механика есептері де Лагранж-Якоби теңдеуімен ағылшын тіліне аударылып, ол Ferronsky V.І., Denіsіk S.A., Ferronsky S.V., Jacobі. Dynamіks, Dordrtecht. Reіdel. 1987. 365 беттік  моно­графияның  8-ші тарауына да енеді.

Тоқтасын Сауданбекұлы өзінің ғылыми зерттеуінде аспанды механика, жұлдыздар динамикасы және ғарышнама саласының салыстырмалылықтың  жалпы теориясын астрономиямен байланыстырып зерттесе, оның негізін де қалайды. Ол физикадағы Ньютонның тартылыс тео­риясының шеңберінде және  релятивтік жағдайда қалай болатындығын анықтап, иерархивлық ғарыштық жүйе үшін динамикалық теорияны да құрды. Бұл еңбегінің 2003 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Иерархивлық жүйенің гравитациялық динамикасы» деген атпен монография болып шығуы да астрофизика саласында тың еңбек болып саналды. Сондай-ақ, Орион  Трапеция түрінің жұлдыздар жүйесінің динамикалық эволюцияға байла­нысты зерттеуі де ғылымға  қосқан  үлесі деп бағаланды. Ол жұлдыздар әлеміндегі математикалық  қозғалыстарды  дәлме-дәл есептеді. Оны ғалым  физика мен матема­тикадағы теорияларға сүйеніп, жұлдыздар жүйесіндегі бірқатар есептердің шешу әдістерін өзінің ізденісімен тапса,  Лагранж-Якоби теңдеуінің көмегімен ғылымға жаңалық әкелді. Ғарыштағы жұлдыздар қозғалысы және олардың әр түрлі динамикалық модельдерін құруы, арақашықтары мен орналасу жағдайын зерттей отырып, оларды Эйнштейн теңдеуіне сәйкестендіріп ізденуі және  басқа өзінің нәтижелерімен Тоқтасын Қожанов докторлық дис­сертациясында дәлелдеп те шықты.

Тоқтасын Сауданбекұлы тек ғылыми жұмыспен ғана айналысып қоймай,  еліміздегі беделді жоғары оқу орындары – әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ, ҚазМем­ҚыздарПИ, ҚазПТИ, Алматы автожол институтына ұстаздық етсе, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Жоғары математика және физика кафедрасының бөлім меңгерушісі болып игілікті істер атқарған.

Т.Қожанов физика мен астрономияны қазақша сөйлеткен ғалымдардың бірі. Елімізде тұңғыш шыққан 31 томдық терминологиялық сөздіктің 1-ші томының авторы болуы да ғалымның жан-жақтылығын білдірсе керек. Сөздіктің 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығына лайық болуына да ол өзіндік үлес қосқан.

Ол 2004 жылы Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, профессоры деген атаққа ие болды. Және де АҚШ Геофизика және планеталық қоғамының мүшесі, Қазақ Ұлттық энциклопедиясы астрономия бөлімінің төрағасы,  Қазақстан Республикасы Теориялық және қолданбалы механика жөніндегі Ұлттық  комитетінің мүшесі болуы да ғалым үшін зор мәртебе. Сондай-ақ, Тоқтасын Қожанов «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға  сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталған ғалым.

Осындай жетістікке жеткен ғалым 2004 жылы 60 жасқа қараған шағында ауыр науқастан өмірден өткен еді. Қазіргі таңда ғалымның жетістігін әлем пайдаланып жатқанда оның есімін бүгінгі ұрпақ біліп жүрсе екен дейміз. Ғалымның өзі білім алып, қызмет жасаған Алматыдағы жоғары оқу орындарында да оның есімі ұлықталса, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті,  қаладағы бір көшеге не мектепке  атын беру де оған лайық. Ол  оқып, білім алған Орталық Қазақстан облысының Қарқаралы қаласындағы орта мектепке, не бір көшесіне, не болмаса ата-бабасы мекен еткен Аспантаулар аясындағы Райымбек ауданындағы елді-мекендерге ғалымның аты берілсе де артық болмас еді. Әлем мойындаған қазақ ғалымының есімі біздің жадымызда мәңгі сақталуы тиіс.

Жексен АЛПАРТЕГІ,

журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *