Ғарыштағы кездесу

Рая ЕСКЕНДІР

 

Қазақтың кіл жақсылары тәлім-тәрбие, білім алған атақты №12 мектептің бай тарихы тағы да бір құнды, ұрпақ үшін мәнді оқиғамен толықты. Тұңғыштарды тербеген білім бесігіне тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің келуі заңды болса керек. Айтулы білім ошағындағы кездесу алдымен Тоқтардың тал егуімен басталды. Содан кейін талай тұлғалардың ізі қалған іші тарихқа толы киелі шаңыраққа кіріп, аралап шықты.

Қазақ білімінің бастауы болған осынау қара шаңырақ, алтын ұяға арнайы келіп кездес­кісі келгенін айтқан тұңғыш ғарышкер үлкен ілтипатпен оның өткені мен бүгіні туралы қызыға тыңдады. Мектептің мәжіліс залында өзін тағатсыздана күткен қазақтың ертеңі болатын ұл мен қызды көргенде батыр ұл тебірене толқыды. Сонау көкті тіліп өтіп, ғарышты мекен етіп, туған топырағына оралғандағы сәтті қазақтың қуанышын тағы бір көріп тұрғандай күй кешті.

Аңызға айналған Тоқтар Әубәкіровті көріп, оның әңгі­месін тыңдау бақыты бұйырған оқушылар  тыпыр етпей отырып, бар зейіндерімен қызыға тыңдады. Осылайша «Ғарыштағы кездесу» деп аталатын кездесу басталып та кетті. Гимназия басшысы ҚР Білім беру ісінің үздігі Рахима Сәкенова алдымен уақыт бөліп, кездесуге келген Тоқтар Оңғар­байұлына барлық ұжым мен оқушылардың ыстық ықыласын жеткізді.

Елбасымыздың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақала­сы аясындағы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» баста­ма­сымен көптеген жас ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір көрінісі осы кездесу кеші екендігі туралы айта келе, ғарыш­қа ғашық талай қазақ баласының арманын оятқан Тоқтар Әубәкіров ерлігінің ерекшелігін баса айтып өтті.

Исі қазақ ата-бабамыздың арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізсе, соның бір дәлелі өз еліміздің төл ғарышкерлерінің болуы. Мектеп оқушылары қадір­менді қонақтың өмірбая­нын да жан-жақты зерттегендері көрініп тұр. Тоқтар Әубәкіров «МИГ-29» реактивті ұшағын 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крей­сердің алаңқайшасына қондырса, реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген екен. Сонымен қатар, 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылдың 2 сәуірінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылдың 2 қазанында Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ұшқанын да оқушылар ерекше мақтаныш­пен айтты.

№12 мектептен талай талант­ты ақынның шыққаны белгілі. Дәл осы кездесу кешінде бас­тауыш сыныпта оқып жүрген өлеңге таласы бар бірнеше жас ақынның тұсауы кесілді. Әрине, алғаш­қы балауса жыр жолдары Тоқтар Әубәкіровке арналған. Ғарышкер болғысы келетін оқушылардың дені физика, астрономия пән­деріне жақын келетіндігі белгілі. Олардың бойында аспан денесіне деген қызығушылық басым болып келеді. Мектептің «Жас ғалым­дар» тобы ғарыш саласын зерт­теумен айна­лысуда. Физика пәнінің мұғалімі Айжан Нұрмол­дақызы жетекшілік ететін зерт­теушілер өздері ашқан ғылыми жаңалықтарын көрсетіп, Тоқтар ағаларының батасын алды.

Жас ғалымдар батыр аға­ларына өздерінің «кездесе қалса сұрармын-ау» деп жүрген сауал­дарын жолдады. Мәселен, «бола­шақта Марс ғаламшары адамзат тіршілігіне жарамды болуы мүм­кін бе? Ғарыш әлемінде тіршілік әлемі бар ма? Адамзат ғарышты толығымен зерттеп болды ма? Ғарышкер өміріндегі А.Микоян атындағы авиаконст­рук­торлар бюросының орны, т.б. сауалдарға ғарышкер Тоқтар Әубәкіров рахаттана отырып, ризашылықпен жауап берді. Кез­десудегі  Тоқтар Оңғар­байұлының сезім перне­лерін тағы бір тербеп жіберген сәті «Бала Шоқан» театры сах­налаған «Тоқ­тардың өмір жолы» атты көрініс болды. Батыр осынау көріністен өзінің анасымен қауышып, сәулелі сәттерін сағы­нышпен еске алды.

– Менің бала күнгі арманым ғарышкер болу еді. Сол арманыма қол жеткіздім. Бұл да тағдырдың сыйы дер едім. Дәл қазір ақыл тоқтатып, кемел жасқа келгенімде кім болар едіңіз деген сұрақ қойылса, мен еш ойланбастан ұшқыш болар едім дер едім. Алыс ауылдағы балаға сол кезде ұшқыш болғың келсе осы пәнді оқы деген ешкім болмады. Мен барлық сабақты беске оқыдым. Менің ұғымымдағы ұшқыш жан-жақты, көп білуге тиіс болатын. Шын­дығында солай екен. Ең бастысы, жан-дүниең таза болуы керек. Өтірік айтып, өтірік сөйлейтін адам көкке көтеріле алмайды. Сондықтан таза болып өсіңдер, – деймін.

Адамгершілік, ізгілік, мейірім, адалдық деген асыл қасиеттер бойларыңда болса, онда ойға алған арман-мақсаттарын орындалады. Оған мен кәміл сенімдімін. Менің ғарышқа ұшуым халқыма деген адалдығым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып: «Тоқтар, біз барлық ұшқыштарды зерттей келе саған тоқтап отырмыз. Дайыны сен екенсің, сені ұйғарып отырмыз» деген еді. Мен өзімнің аса күрделі жұмыстармен айналысып жатқанымды айт­тым. Ол кісі «Тоқтар, бұл саған да, маған да  емес. Қазақ халқы үшін керек. Сондықтан ғарышқа сен ұшуға тиіссің», – деген еді. Сол жолғы Елбасының маған деген сенімі, халқыма деген махаббат ғарыштың төрінен шығарды.

– Егер сонау ғарыштан қара­саңыз, Жер-ана  керемет ғажап болып көрінеді. Қарай бергің келеді. Мен өзім өмірде үш ананы қастер тұтатын адаммын. Олар: алдымен, дүниеге әкелген туған анам, білім беріп, қара танытқан ұстаздарым және өзім сұлу­лығына тәнті болып отырған Жер-ана дер едім, – деген ға­рыш­­кер жас ұландардың намысын қайрап, рухтандырды. Жігер бере сөй­леп, нағыз қазақ азаматына лайықты болып өсуге шақырды.

Айтулы мектептің алғыр ұл-қызы Айдын Айымбетовпен кездесіп айға барғандай болса, Тоқтар Әубәкіровпен кездесіп ғарышты шарлады.  Бұл кездесу ғарышқа ғашық талай өреннің арманына қанат бітіріп, алын­байтын асқардай көрінетін көкке, аспан әлеміне жол ашылғандай әсер етті. Талай баланың түсіне Тоқтар кірді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *