АРЫҚ-АТЫЗДАРДЫ ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖЫЛДАҒЫДАН ЕРТЕ БАСТАЛДЫ

5Мәншүк БЕКБОСЫН

Биыл Алматыда күн ерте жылынды. Қар еріп, жердің тоңы біраз жібіп жатыр. Бірақ, қар толық еріп бітпей, жер кеппей, судың толық сіңбейтіні белгілі. Күн лезде жылып кетсе, еріген қардың суы далада да, қалада да көл болып аға бастауы әбден мүмкін. Оған жауған жаңбырды қосыңыз. Ертеңгі күні нөсер жауыннан сарылдап аға жөнелер сағасын таппаған су жол бойына жайылатыны анық. Мұндай жағдай жүрер көлікке де, жаяу адамға да қолайсыздық тудыратыны анық. Әлбетте, бұл жағдай тұрғындарды мазаламай қоймайды. Бұл ретте биыл Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары арықтардағы тазалық қамына жылдағыдан ерте қамданды. Қаладағы арық-атыздарды тазалау жұмыстары 3-ақпаннан басталған екен.

Мегаполистегі 1000 шақырымға жететін арық жүйесінің 657 шақырымы ашық арық-атыздар екен.

– Қалада арықтарды тазалау жұмыстары жылда ақпан айының ортасынан басталатын. Биыл ауа райының ерте жылынуына байланысты бұл жұмыстарға сәл ерте қамдандық. Енді күн жылып сала берісімен, су да молая түсуі мүмкін. Әзірге қауіптенетін ештеңе жоқ. Алайда, «сақтықта қорлық жоқ» дегенді де ұмытпаған жөн, – дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Оразалин.

Маманның айтуынша, 2010 – 2014 жылдар аралығында қала бойынша 99,5 шақырым арық жүйелері жөндеуден өтіп, жаңа арықтар жүйесі салыныпты. Соның ішінде былтыр 7,5 шақырым арық жүйесі жөндеуден өткен екен. Ал үстіміздегі жылы Жетісу және Түрскіб аудандарында 11 шақырымға жететін арық жүйесін салу жоспарланған.

Негізі, қаланы су басып кетуіне тұрғындардың өздері де кінәлі. Мәселен, тұрғындар үйлерінің жанынан өтіп жатқан арықтарды тазартуды білмейді. Тазарту былай тұрсын, қыс бойы үйден шыққан лас суды төгеді, арықтарды тұрмыстық қатты қалдықтармен бітеп тастайды. Ол-ол ма, ауласындағы, қорасындағы малдың қиын да көшеге шығарып, санитарлық жағдайды бір бұзады, бұған қоса суағарларды жауып тастайды. Қоғамдық ережелерді сақтамайтын мұндай тұрғындар аз емес екен.

Жалпы, қала бойынша су көп жиналатын арықтар да бар. Бұл арықтар, әсіресе, қаланың төменгі жағында – Түрксіб ауданында орналасқан. Десек те, бұл арықтар мамандардың жіті бақылауында тұр.

Керек дерек

2010 – 2014 жылдары аралығында қала бойынша 99,5 шақырым арықтар  жүйелері жөндеуден өтіп, жаңа арықтар жүйесі салыныпты. Соның ішінде былтыр 7,5 шақырым арық жүйесі жөндеуден өткен.

77

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *