АРУЛАРЫН АРДАҚТАДЫ

Шапағаты мол шуақты мерекенің көктемнің алғашқы күндері келуі – жақсылықтың нышаны. Қазіргі қоғамда әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, мемлекеттік маңызды саяси мәселелерге де белсене араласатын үлкен  қозғаушы күші. Сондықтан елімізде аналардың әлеуметтік қорғалуына барлық жағдай жасалған. Асыл ана туралы қанатты  сөздер, аңыз-әңгімелер көп.  Қасиетті хадисте «Жәннат – ананың табанының астында» деген сөз бар. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, тіршілікке тірек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшін біз ардақты аналарымызға, асыл жарымызға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараймыз.

Бүгінгі қоғамда нәзікжандылар өмірдің барлық саласында еңбек етеді. Және де арулар араласқан қай сала шаруасы болма­сын құлпырып сала беретіні де рас. Ел тіршілігінің қайнар көзіне айналған энергетика саласында еңбек етіп жүрген арулар көп. Еліміздің ең үлкен мегаполисі мен Алматы облысын электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған – «Алатау жарық компаниясы» АҚ. Бүгінде Қазақстанның бизнес, қаржы, мәдениет орталығына айналып отырған Алматының әрбір тұрғын үйі мен мекемесінде жарық өшпей, электр қуатының үзілмеуіне нәзік жанды энерге­тиктер де үлкен үлес қосуда.

Өз өмірін энергетика саласымен байла­ныстырып, қиыншылыққа толы жұмысын туысқандарына деген қамқор­лықпен, балаларын тәрбиелеумен және отбасының жайлы қамын жасаумен бірге алып жүрген нәзікжандыларды «Алатау Жарық Компа­ниясы» АҚ-ның ер азамат­тары құттықтады. Шарада ком­панияның басқарма төрағасы М.Үмбе­тов мерекелік баяндама жасап, әріптес-аруларды 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құт­тықтады. Бүгінде компанияда 1006 әйел қызмет етеді. Олардың ішінде   Қазақстан  Рес­публикасы электр энергетикалық қауымдастығы тағайындаған  «Еліміздің еңбек сіңірген энергетигі» атағын ием­денгендер бар. Баяндама барысында компания басшысы, сондай-ақ,  мекемеде  интернационалист-жауынгер, 3-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлері  де еңбек ететінін мақтанышпен жеткізді.

Нұрлан СҮЙІН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *