АРУЛАР ЕЛІ КЕШЕГІ

Жақсыдан сөз қалсын

 

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

88Сахнадағы шындық

Сол жылдары Семей театрында Қайым Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов» атты пьесасы бойынша қойылған бір қызық спектакль жүріп жатты. Басты рөлде – Қазақстанның халық әртісі Әбілқасым Жаңбырбаев. Оқиға желісі жиырмасыншы ғасыр­дың бас жағында болып өткен Қазан төңкерісінен кейінгі ақтар мен қы­зылдардың шайқасын, аумалы-төкпелі замандағы қазақ ауылының тіршілігін қамтиды.

Тұрсынғазының алғашқы рөлі, міне, осы спектакльдегі солдат­тардың бірін ойнаудан басталды. Жас таланттарға қашанда қамқор аға, жетек­ші ұстаз болып жүретін Ар­каша – Әбекең ә деген­нен-ақ оның ақкөңіл, аңғал болмысына сүйсініп, сахна өнерінің қыр-сырын үйретуге кірісті.

«Әй, бала, театр – ойын емес, өмір. Ол шындықты сүйеді. Егер сенің ойыныңа көрермен сенбесе, көңілі қалады», – деген сөзді ол кісі жиі айтушы еді.

Ақкөңіл Тұрсынғазы Әбекеңнің әрбір сөзіне басын шұлғып, ұйып тыңдай береді. Ақыл-кеңестерін жадына мықтап тоқып алуға тырысады.

Содан, бір күні «Комис­сар Ғаббасовтың» кезекті репетициясы өтіп жатқанда сахнадан әдеттегідей «Ақтар! Ақтар келе жатыр!» деген айқай шыққанда солдат Тұрсынғазы биіктігі 2-2,5 метрдей болатын қамал­дан шындап қарғиды ғой.

Сөйтіп… Төменде тұрған бір ағаш аспаптың үстіне оңбай құлап, бірер минут есінен танып жатып қалады. Комиссар Ғаббасов – Әбілқасым Жаңбырбаев бастаған актерлер тобы жан-жақтан жүгіріп келіп, бірі басын сүйеп, екіншісі маңдайынан аққан қанды сүртіп, абыр-сабыр болып жатса, қайран Тұрсынғазы көзін ашып, Әбекеңе тесіле қарап: «Қалай, аға, рөлім шын болып шықты ма?» дейтін көрінеді.

 

Тұз егу

Арғы беттен – Қытай жақтан өтіп, атамекенін аңсап жеткен ағайын­дардың ел ішіне қашан сіңісіп кеткенше көретін қызығы мен шыжығы жеткі­лікті.

Солардың бірі, жиырмасыншы ғасырдағы жылымықта Қазақстанға қоныс аударған Тұрсынғазының әкесі Төлеубай еді. Ол кісі де аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл, сенгіш адам болыпты.

Аягөзге алғаш көшіп келген жыл­дары көршілерінен жиі-жиі тұз сұрай береді екен. Шамасы, ет, тері тұз­дайтын шығар.

Бір күні оның тағы да тұз сұрап келе жатқанын білген көршісі:

– Әй, Төке, осы тұздың бір уысын көктемде жерге сеуіп тастасаңызшы. Содан соң күзде орып, қап-қап қып жинап аласыз ғой! – дейді.

– Апыр-ай, ә?! – деп аң-таң болады Төкең.

Көп ұзамай күн жылынып, қар ериді. Көктем туады. Бірде көршісі ақ тер, көк тер боп жер аударып, бірдеңе сеуіп жүрген Төкеңді көреді.

– Оу, байеке, не істеп жатырсыз? – деп сұрайды дауыстап.

– Тұз егіп жатырмын! – дейді Төкең басын көтеріп, маңдайының терін сүртіп. – Сұрай-сұрай елден де ұят болды!

– Қап! – деп көршісі санын бір-ақ соғады. – «Әзіл түбі – зіл» деген, Төке. Сізді бекер әуре қылып қойғанымды қараңызшы!..

 

Арыстанның жалы

Тұрсынғазымен соңғы рет Мұқа­ғали ақынның сексен жылдық мерей­тойында кездестім. Алыстан құшағын жайып, ағатайлап, жарқыл­дап күліп келе жатты.

Екеуміз күні бойы бірге жүріп, той қызығын бірге тамашалап, әңгіме-дүкен құрдық. Ара-тұра Тұрсынғазы әу деп, шырқап та жібереді. Оның шығармашылығына, негізінен, Мұқа­ғали жырлары өзек болған ғой. «Сәби болғым келеді», «Аягөз-ару» әндерін тыңдағанда көңіл шіркін құс болып ұшып, аспанда қалқып бара жат­қандай таң-тамаша күй кешесің.

Ол өзі «Мұқағали ақынды алғаш рет 1967 жылы ақпан айында, жетінші класта оқып жүрген кезімде көрдім» деп отыратын.

Сол жылы Тұрсынғазының немере ағасы, белгілі қаламгер Ерғазы Рахимов ақынды қонаққа шақырып, Аягөз маңындағы Тарбағатай ауы­лына жақын жердегі қыстауға ертіп барса керек.

«Ақын-жазушылардың кескін-келбеті, әсіресе, шаш қоюы ерекше болады екен. Алғашында маған Мұқа­ғалидың шалқайта қайырған қай­­рат­ты қара шашы тұп-тура арыс­танның жалындай болып көрінді» дейтін.

Сол жолы бала Тұрсынғазы ағаларының алдында домбыра тартып, ән салыпты. Мұқағали ақын Қасым­ның «Өзім туралы» толғауын оған қайта-қайта айтқызып, «Мен білсем, осы бір қара бала болашақта үлкен әнші болады», – депті.

Аузы дуалы кісі еді ғой. Сол айт­қаны айнымай келді емес пе. Оның үстіне Тұрсынғазының әндері Мұқа­ғали жырларымен керемет үйлесім тапты. Сондықтан да бұл тойда Тұрсынғазы шешіліп әңгіме айтып, шырқап ән салуға тиіс болатын.

 

Ақынның тойы

Қарасазда басталып, Шәлкөдеде жалғасқан салтанатқа жиналған жұрт­тың легіне көз жетпейді. Мерей­тойдың ресми бөлімін белгілі қоғам қайраткері Серік Үмбетов ашып, жиналған қауымға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді. «Ардақты әлеумет! Сіздерді қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақа­таевтың 80 жылдық мерей­тойымен шын жүректен құттық­таймын.

Ел Тәуелсіздігімен бірге Мұқағали жырлары да түлеу үстінде деп айта аламыз. Ақынның қаламынан туған шығармаларға әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жыр жинақтары мен таңдамалы шығар­малары жарық көруде. Мемле­кет қамқорлығымен мұралары жинас­тырылып, мұражайы бой көтерді. Жауһар жырлары әлем тілдеріне аударылуда.

Туған елін тебірене жырлаған Мұқағали ақынның өміршең өлеңдері жас ұрпақты болашақта да отаншыл­дыққа, адамгершілікке баули береді деп сенемін. Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отырған баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шат­тық тілеймін. Ұлттық әдебиетіміз өркендей берсін! Той құтты болсын!» депті Елбасы өзінің Құттықтау хатында.

Республикамыздағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академия­лық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы балалар мен жасөспірімдер театры және Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театры әріптестерінің қатысуымен театр­ландырыл­ған көріністер қойды.

 

Тұлпарды тұлпар таниды

Аламан бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, топ бәйге секілді жарыстардың бас жүлделеріне 6 автокөлік тігіліп, үш жүзге тарта сәйгүлік бақ сынады.

Жүйрік көрсе, екі көзі шоқтай жанып, делебесі қозып кететін жігіт еді Тұрсынғазы. Ол үшін бәйгеден кімнің, қай облыстың аты озып келетіні маңызды емес. Ең алдымен сәйгүліктің өзіне көз салады. Күреңбай сыншы секілді көңіл сүзгісінен өт­кізеді. Сонсоң барып, өзі ұнатқан жүйрікке бар ынты-шын­тысымен жанкүйер болады.

Тап бір, тұлпар емес, өзі шауып бара жатқандай та­ғат­сызданып, орнынан ұшып түрегеліп, айқайға басып, қиқу салып, айнала­дағы жұрт­­ты мүлде ұмытып кетеді.

Кім білсін, ол әнге де осы­лай беріліп, әнмен бірге қанат қағып, аспанға самғай жөнелетін болар-ау.

Бұл өзі, жалпы, өнер ада­мына тән мінез, өнер адамына тән қасиет емес пе.

 

Таланттың орны – төр

Ол табиғатынан қара­пайым, шыншыл бүкпесіз адал жігіт болатын. Өз бойындағы өнерді дәреже көріп, дандайсып, өзгелерге салмақ салып, кердиген кезін ешқашан көрмеппіз. Қашан кездессек те сол баяғы кішіпейіл, ақ-адал қалпынан танбаушы еді.

Мұқағали тойында бізді қаз-қатар тізілген қазақ үйлердің біріндегі кең дастарханға шақырған кезде:

– Әй, Тұрсынғазы, жүр, – деп едім, ой, аға, сізге еріп кете берсем, нақ төрдегі ағаларымның ортасынан бір-ақ шығамын ғой, – деп әдеп сақтап, шегіншектей берді.

– Жоқ, айналайын, сен өзіңнен бұрын өнерің төрге шыққан азамат­сың,  қысылма, – деп иығынан кұшақ­тап, алға қарай бастай жөнелдім.

Қайран Тұрсынғазы! Ағаларының көңілін ақ самаладай желпіп, айналасын әнмен тербеп жүретін кішіпейіл, дарынды жігіт еді!..

 

Аякөз деген – аядай бұлақ деседі,

Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?

Аякөз болып, ғасырлар алға көшеді,

Ая, көз, ая – Арулар елі кешегі!

Шіркін, Мұқағали жырға, Тұрсын­ғазы әнге қосқан Аягөз  ертегідегідей  сұлу, таңғажайып бір сәулелі мекен болып елестейді емес пе.

Бұл да өнердің құдыреті ғой!..

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

 

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *