АРУЛАР БАР УАҚЫТТА АЛДА БОЛҒАН

Рая ЕСКЕНДIР

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнде ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай «Желтоқсан – Тәуелсiздiгiмiздiң бастауы» атты әдеби-сазды кеш өттi.

Әдеби-сазды кештi университет ректоры Динар Нүкетаева ашып, елiмiз тарихында ерекше орын алатын Тәуелсiздiк туралы терең толғана сөз сөйледi. Осы жолда қолына найза алып, ерлермен қатар ерлiк көрсеткен абзал аналарымыз бен ер мiнездi аруларымыздың да болғанын, солардың асқақ арманынан туған азаттықтың соншалықты қасиеттi, соншалықты қымбат екендiгiне тоқталды.

Тәңiрдiң сыйындай болған Тәуелсiздiгiмiздiң тұғырының берiк болуын, сол үшiн бiлiмдiлiк, бәсекеге қабiлеттiлiк танытуымыз керек екендiгiн баса айтты. Осыдан соң сөз кезегiн алған кеш қонақтары – «Желтоқсан рухы» қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Талғат Рысқұлбеков, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Серiк Мұхаметалин, Бауыржан Шұғылов, Ержан Қожаев қазақтың қайсар қыздарының қан майданның қақ ортасында да, Желтоқсанның ызғарлы күндерiнде де ауыр жүктi ерлермен қатар көтерiсiп, өрлiктiң, ерлiктiң белгiсiне айналғанын, сол апаларының аманатын арқалаған бүгiнгi университет аруларының да алдында үлкен жауапты кезеңдер тұрғанын, бiлiмдi де iлiмдi ұрпақ тәрбиелеу де болашақ ұлт аналарына қатысты екендiгiн қадап айтты.

Осыдан соң кеш қонақтары мен университет ұжымы шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк, Желтоқсан көтерiлiсiндегi Ләззаттың жасампаздық рухын бейнелеген өнер және мәдениет факультетi студенттерi дайындаған қойылымды тамашалады. Филология факультетi студенттерi дайындаған

«Тәуелсiздiк рухы» композициясы да мереке алдында көтерiңкi көңiл сыйлады. Тәуелсiздiк жылдары елiмiз қол жеткiзген табыстар тасқыны да бейнебаян арқылы көрсетiлiп отырды. Кеш соңы атақты «Айгүл» ансамблiнiң орындауындағы «Өз елiм» әнiмен мәресiне жеттi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *