ҚАРТТАРЫМЫЗДЫ ҚОЛДАП, ҚҰРМЕТТЕЙІК!

1 қазан — Қарттар күні

Баршаға белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын 1 қазан Қарттар күні ретінде аталып өтеді. Мұның мәнісі, біздің елімізде де қарияларымызды құрметтеп, олардың қоғам алдындағы ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегін қадір тұтып, бағалауда жатса керек. Қарттарымыздың ерен еңбегін ескеріп, ел үшін төккен терін, адал қызметін үлгі тұту кейінгі өскелең ұрпақ үшін маңызды. Кешегі жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.

Осындай қарияларымыз саналы өмірін еңбекке арнап, тек қана өз балалары мен немерелерін ғана тәрбиелеп қоймай, еліміздің барша жастарына үлгі болып, өздерінен кейінгі ұрпаққа еліміздің болашағын өркендетуді сеніп табыстады. Қазыналы қарттарымыздың өнегелі еңбегінің нәтижесінде бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, қанат жаюына жол ашылды.
Бүгінгі таңда жастарының ұлғайғанына қарамастан талай ардагерлеріміз әлі де тұғырынан таймай, жасампаз еңбектің үлгісін көрсетіп, қоғамдық-саяси шараларға белсене қатысып келеді. Ал жас ұрпақ аға буын өкілдерінің қайраты мен оптимистік тұлғасына қызыға қарап, олардың қажырлы күш-қуатын өнеге тұтады.
Біздің елде қарияларымыз ешқашан назардан тыс қалмайды. Олар әрдайым өздерінің туыс-жақындарына, кезінде еңбек еткен ортасына, бүгінгі қоғамға қажет. Өз кезегінде қарттарымыздың еңбегін бағалап, мол тәжірибесін және өскелең ұрпаққа көрсеткен үлгісі мен тәжірибесін, отанға деген патриоттық сезімін ардайым қадір тұтамыз. Ендігі жерде аға буынның жастар тарапынан ыстық ықылас пен қамқорлықта болатыны біздер үшін аса маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында Елбасының саясатын одан ары жалғастыра отырып, аға буын өкілдеріне жасалатын қамқорлық басты бағыттардың бірі ретінде жалғаса беретінін, азаматтардың көмекті қажет ететін буындарына баса назар аудару керектігін қадап айтты.
Қазақстанда жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артып, жасы ұлғайған азаматтарға медициналық және әлеуметтік көмек деңгейі жақсара түсуде. Осы тұрғыда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен үстіміздегі жылдың 1-ші сәуірінен бастап, зейнетқақы мен жәрдемақы мөлшері 10 пайызға артты.
Пандемияға байланысты «Biz birgemiz» қоры тарапынан жағдайы төмен 52 мың отбасына 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Осылардың қатарында 25 мың тылдағы еңбек және соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілген басқа да төменгі мөлшерде зейнетқақы алатын қарттарға жалпы сомасы 2.6 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен қатар, осы санаттағы зейнеткерлерге коммуналдық төлемдердің шығындарын өтеу үшін әрбір екі ай сайын 15 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы мақсатта елу мың зейнеткер қаржылай көмек алып, соған бюджеттен 1.5 миллиард теңге жұмсалды.
ҚР Тұңғыш Президенті қорынан, «NUR OTAN» партиясынан және «Жаңа Алатау» қоры мен басқа да жекелеген демеушілер тарапынан сексен жастан асқан бір мың зейнеткер күн сайын ыстық тамақпен қамтылып, 48 мың қала тұрғындары азық-түлік жинағын алды.
Мұның үстінде қалалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлініп, 13 түрлі әлеуметтік бағдарлама бойынша зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай қалалық бюджет есебінен 18 мың зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетілді. Солардың ішінде 202 соғыс ардагеріне 1 миллион теңге, соларға теңестірілген 4 мыңнан аса кісіге 100 мың теңге, сондай-ақ тылда еңбек еткендерге 50 мың теңге берілді. Жалпы, осы мақсатқа қала бюджетінен 1.3 миллиард теңге бөлінді.
Биылғы жылы бүкіл қазан Қарттар айы болып есептеліп, түрлі шаралар өткізіледі. Қазыналы қарияларымыздың құрметіне орай осындай саяси-әлеуметтік шаралар игі дәстүрге айналып, Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі қала басшылығына жасы ұлғайған еңбек ардагерлерінің құрметіне бүкіл қазан айы бойында түрлі қайырымдылық акцияларын өткізіп, зейнеткерлерімізді әлеуметтік жағынан қамқорлыққа алып, дәрігерлік қызмет көрсету, еңбек ұжымдарында құрметке бөлеп, білім, мәдениет мекемелерінде кездесулер өткізу секілді игі шаралар алынады.
Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі шаһардағы аудан әкімдіктері мен «NUR OTAN» партиясының және оның жастар қанаты саналатын «ZHAS OTAN» ұйымының, басқа да қоғамдық ұйымдар мен бизнес саласының өкілдері қарияларымызды қамқорлыққа алудың түрлі игі шараларын өткізеді деп сенеді. Осы тұрғыда қалалық ардагерлер Кеңесі шаһардың барлық мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен мекемелер, бизнес-қауымдастығы басшыларына және барлық өнегесі мол өрісті жандарға қарттарымызды қамқорлыққа алу мақсатында осы шараға белсене қатысуға шақырды.
Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, Қазақстанның өркендеуіне еңбегі сіңген бүгінгі ардагерлерін Халықаралық қарттар күнімен және жасы ұлғайған ардагерлерімізді құттықтай отырып, олардың денсаулықтары сыр бермей, жастары ұзақ болып, ұрпақтарының ортасында мәнді де мағыналы өмір сүруіне, Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт күнінде тыныш та жайлы ғұмыр кешулеріне тілектестік білдіреді.

Ақан БИЖАНОВ, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close