МЕРЕЙІ ӨСКЕН МАЙДАНГЕР

10Қазақ теледидарынан Президент күніне арналған хабарда ардагер Мұсахан қария отбасы көрсетілді, өзі Елбасыға алғыс айтты. Осыған орай, баладай қуанған ақсақалды көргенде ақ батасын алып, өмір тарихын елге жариялағым келді. Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Ушаков көшесінде кенже баласы Ерсіннің қолында тұрады екен. Жұбайы, ардақты ана Айымкүл әжейдің баяндауынан ұққанымыз мынау болды.

Мұсахан Қартаңбаев 1924 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Аңырақай деген жерде дүниеге келген. Үңгіртас орта мектебінде 6 сыныптық білім алған. 18 жасына дейін Самсы колхозында қара жұмыс істеді. 18 жасында, 1943 жылы армия қатарына қабылданып, Алматыда бір айдай соғысқа даярлықтан өтті. Осы жылдың ақпан айынан бастап батыстағы 143-атқыштар полкінің қатарында болыпты. Емцк стансасынан жаяу жүріп, сол полкпен бірге Курск, Орловск қалаларының арасында станокты пулеметші болып соғысқа кірген. Осы кезеңде бірнеше деревняны жаудан азат етуге қатысып, ерлік көрсеткен. Литваның астанасы Вильнюс қаласын алып, ілгері жылжып, Латвия жеріне аяқ басады. 1944 жылдың тамыз айында Латвияның астанасы Риганы жаудан азат етуге қатысады. 1944 жылдың қазан айында Балтық теңізінің жағалауында немістердің үлкен бір армиясын қоршап алып соғыс біткенше аралда ұстап тұруға қатысады. Жеңіс сағаты соққанда неміс фашистері бар қаруларын тастап, қолға түсті. Соғыс біткеннен кейін Латвия жерінен ауысып, Эстонияның Перу қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге қалған. 1947 жылы гвардия генерал-полковнигі Левшин Мұсахан батырға Отан алдындағы борышын адал атқарып, ерлік көрсеткені үшін марапаттау қағазын тапсырған. Сол жылы ол елге қайтқан. 1947 жылы елге келгеннен кейін колхозға кіріп еңбек еткен. 1970 жылы Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. 1985 жылы екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. 1987 жылы «Еңбек арда­гері» медалімен марапатталған. Қазір Самсы ауылында тұрады, жасы 85-те 8 баласы, 20 немересі бар.

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, жақында Жамбыл ауданының әкімдігі майдангерді Алматыдан шақырып алып құттықтады.

Онда: «Құрметті Қартаңбаев Мұсахан! Сізді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күні – тарих төрінен орын алатын ұлы мереке. Аға ұрпақтың өшпес ерлігімен келген Ұлы Жеңістің маңызы қашанда ерекше. Еліміз бен жерімізді қорғау жолында кешегі жалынды да жігерлі жауынгер – бүгінгі ардагер қарттарымыз ерлік пен батырлыққа толы табандылық, асқан қаһармандық пен қайтпас қайсарлық танытты. Бұл мереке бейбітшілік үшін жан қия күресіп, туған елінің азаттығын қорғап қалған майдан­герлердің ерлігі мен қайсар рухының, оларға деген мәңгі естеліктің символы. Сіздердің табандылыққа толы ерліктеріңіздің арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешудеміз. Отан үшін от кешкен аға буынның, Жеңіс күнін жақындатқан майдангерлердің қаһармандық істері жас ұрпақ үшін өшпес өнеге. Ел мерейін үстем еткен Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, бейбіт өмір мен ұзақ ғұмыр тілеймін!» – делінген.

Былтыр Ұлы Жеңістің құрметіне арналып, Самсы ауылындағы Телтай Сәрсембеков атындағы орта мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алаңында сенбілік өткізді. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» демекші, ауыл әкімі Ермек Мұсаханұлының жетекшілігімен соғыс және еңбек ардагері Қартаңбаев Мұсахан бастап оқушылар ескерткіш айналасына ағаш отырғызған болатын. Сол ағаштар көгеріп тұр. Тоқсаннан асқан қарт майдангердің өскелең ұрпаққа айтары мол. Ардагер ата жастарға ақсақалдық ақ батасын беріп, оларға табиғатты аялап, күтуге лайық болыңдар деуден танбай келеді. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын жас ұрпақтың естеріне салды. Осылайша мерекеде жақсы іс биыл да жалғасын таппақ.

Ата мен әже Қазақстанның әр түкпіріндегі шөберелерінен келген хаттарды, құттықтауларды оқығанда қатты қуанды. Немере-шөберелерінің мектептерінде ерлік сабағы өткізіліп, оларға шығарма жазу тапсырылған көрінеді. Соның бірін Қостанай қаласында оқитын шөбересі Фатима жазыпты. Ол шығарма үздік танылып, мектепте ілулі тұрған көрінеді.

«Менің әжемнің әкесі және менің нағашы атам Мұсахан ата Қартаңбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Мұсахан ата соғысқа дейін Самсы деген ауылда мал баққан. Соғыс басталған соң 17 жасында Отан қорғауға аттанған. Сөйтіп, Мәскеу, Минск, Киев, тағы басқа қалаларды жаудан азат етуге қатысқан. Қиын соғыстарда талай жауынгерлік ерлік көрсеткен.

1941 жылдан 1945 жылға дейін 5 жыл бойы соғыста болған. Сөйтіп, Германияда немістерді жеңіп, 9 май – Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Бұл Жеңіс күні Берлинде бірінші тойлануы еді. Бірақ, соғыста елу миллионннан астам адам қаза тапты. Сонда бұл Жеңіске дүние жүзінің халқы қуанды. Біздің солдаттардың ерлігіне алғыс айтты. Сол батыр солдаттардың бірі – менің Мұсахан атам. Ол кісі соғыстан аман-есен оралып, ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. «Қастек» кеңшарында 40 жыл бойы шопан болып, Айымкүл әжем екеуі қой бақты.

Айымкүл әжем он бала өсірген ардақты ана. Балалардың үлкені – менің әкемнің анасы, менің сүйікті Маржан әжетайым. Қазір ата-әже немере-шөберелерімен Самсы ауылында бақытты өмір сүріп жатыр. Атам 91 жасқа келді. Кеудесі толы орден-медаль. Жеңіс мейрамында Телтай Сәрсембеков атындағы мектеп оқушылары атамды күтіп, кездесіп, әңгімесін тыңдап, мектеп ауласына бірігіп ағаш отырғызды. Мен атамды мақтаныш тұтамын. Жазғы демалысымда атамның ауылына қыдырып барамын.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *