«Қарт» қақпашы рекорд жасады

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Ресейде өтіп жатқан әлем­дік футбол чемпиона­тында топтық кезеңнің ше­шуші ойын­дары өтіп жатыр. Қазірдің өзінде 1/8 финал­дағы төрт жұп белгілі: 30 мау­сым күні Фран­ция – Арген­тина (20.00) және Уругвай – Португалия (00.00) ойнаса,1 шілде күні Испания – Ресей (20.00) және Хор­ватия – Дания (00.00) кезде­седі.

Сауд Арабиясы – Египет матчында мысыр­лықтардың қақпасын 45 жастағы Әссам әл-Хадари қорғады. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең қарт ойыншы. 1973 жылдың 15 қаңтарында дүниеге келген қақпашының жасы тіпті биылғы дүниежүзілік додада команда баптап жүрген үш маманнан – сенегалдық Алиу Сисседен, серб Младен Крстаичтен және Бельгияны жаттықтыратын испандық Роберто Мартинестен үлкен. Египет құрамасына ең алғаш сонау 1996 жылы шақырылған Әссам әл-Хадари содан бері ұлттық команда сапында 159 рет ойнапты.

Әлем чемпионаттарының финалдық сындарында бұған дейін ең қарт ойыншы – 2014 жылғы доп додасында бір ойын ойнаған колумбиялық қақпашы Фарид Мондрагон болып келген еді. Жаңа рекордшы – төрт дүркін (1998, 2006, 2008, 2010) Африка чемпионы Әссам әл-Хадари. Бұдан «кәрі» футболшы енді мундиальға келе қоймас.

ӘЧ-ға қатысқан ең қарт ойыншылар:

Әссам әл-Хадари (Египет) –

45 жас, 5 ай, 11 күн                      2018

Фарид Мондрагон (Колумбия) –

43 жас, 3 күн                                 2014

Роже Милла (Камерун) –

42 жас, 1 ай, 8 күн                        1994

Пат Дженнингс (Солтүстік Ирландия) –

41 жас                                                            1986

Питер Шилтон (Англия) –

40 жас, 9 ай, 19 күн                      1990

Дино Дзофф (Италия) –

40 жас, 4 ай, 13 күн                      1982

Әли Бумнижел (Тунис) –

40 жас, 2 ай, 10 күн                      2006

Джим Лейтон (Шотландия) –

39 жас, 10 ай, 30 күн                    1998

Дэвид Джеймс (Англия) –

39 жас, 10 ай, 26 күн                    2010

Анхель Лабруна (Аргентина) –

39 жас, 8 ай, 18 күн                      1958

Жозеф-Антуан Белл (Камерун) –

39 жас, 8 ай, 16 күн                      1994

Алғашқы екі ойында қарсыластарын тас-талқан ғып жеңген Ресей құрамасын үшінші турда Уругвай футболшылары өз орнына қойды. Бастан-аяқ ойын тізгінін өз қолдарында ұстаған Оскар Табарестің коман­дасы онсыз да айқын басымдық танытып еді, бірінші таймда-ақ ресейлік қорғаушының алаңнан қуылуы есептің ірі бола түсуіне септігін тигізді. Өз қақпасына бірде-бір доп жібермеген уругвайлықтар 9 ұпаймен топ жеңімпазы атанса, әуелгі аптығы басылып, аяңға көшкен алаң қо­жайындары екінші орынға сырғып, көрші топтың жеңімпазымен кездесетін болды.

Ал ол топтың жеңімпазы ойынның соңғы секундтарында ғана анықталды. Ұпайы да, доп айырмасы да бірдей пире­нейлік қос жүйрік қайсысының озып шығарын қатар өткен кездесулерде анық­тады. 90-минутқа дейін Испания Марок­кодан ұтылып, ал Португалия Иранды жеңіп тұрды. Егер ойындар осылай аяқтал­ғанда, матч барысында пенальти соға алмаған Криштиану Роналдудың коман­дасы бірінші, испандықтар екінші орын алар еді. Алайда, төреші қосқан минуттың алғашқысында Яго Аспас таразы басын теңестірді, тап осы уақытта португалдық­тардың қақпасына 11 метрлік белгіленді. Азиялықтардың шабуылшысы Ансарифард оны мүлтіксіз орындап, тура мағынасында бәрінің астын үстіне шығарды: бір доп артық соққанының арқасында испандық­тар топ жеңімпазы атанып, олардың көр­шілері екінші тұғырға сырғыды. Егер соңғы секундтарда ирандықтар тағы бір ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғанда, Португалия тіпті топтан да шықпай қалар еді. Өкінішке қарай, Иран құрамасы бұл чемпионатта өте жақсы ойын көрсетсе де, үшінші орында қалды.

Даниямен тең ойнаған (0:0) Франция «С» тобының жеңімпазы болды. Яғни осы доп додасындағы 37-матчта ғана қақпа құлпы ашылмады. Бұл – әлемдік рекорд. Бұған дейін сонау 1954 жылғы чемпионат­тың ғана 26 ойынында түгел гол соғылған еді. Екінші орыннан Австралия құрамасы да үмітті болатын, бірақ алдыңғы екі турда еш жолы болмай қойған перуліктердің адымы енді ашылды: Андре Каррильо мен Хосе Герреро бір-бірден доп соғып, Перу құрамасы финалдық турнирлердегі 40 жылдан бергі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қосалқы құрамымен-ақ Исландияны ұтқан Хорватия «D» тобынан жеке-дара озып шықты. Екінші орыннан Аргентина мен Нигерияның да үміті бар-тын. Ойын­ның 86-минутына дейін таблодағы есеп 1:1 боп сіресті де тұрды. Егер осы нәтиже сақталғанда 1/8 финалға Нигерия шығар еді. Алайда, тәжірибесіз жас африкалықтар Лионель Месси мен оның серіктерінің тегеурініне төтеп бере алмады.

 

«А» тобы

Уругвай – Ресей – 3:0 (гол соққандар: Суарес, 10, Черышев, 23, өз қақпасына, Кавани, 90).

Сауд Арабиясы – Египет – 2:1 (әл-Фарадж, 45+6, пенальтиден, әл-Даусари, 90+5 – Салах, 22).

«В» тобы

Иран – Португалия – 1:1 (Ансарифард, 90+3, пенальтиден – Куарежма, 45).

Испания – Марокко – 2:2 (Иско, 19, Яго Аспас, 90+1 – Бутаиб, 14, ән-Несири, 81).

«С» тобы

Дания – Франция – 0:0

Австралия – Перу – 0:2 (Каррильо, 18, Герреро, 50).

«D» тобы

Нигерия – Аргентина – 1:2 (Мозес, 51, пенальтиден – Месси, 14, Рохо, 86).

Исландия – Хорватия – 1:2 (Г.Сигурдссон, 76, пенальтиден – Бадель, 53, Перишич, 90).

 

«Е» және «Ғ» топтарындағы соңғы ойын­дар кеше түнде өтті. Бүгін «G» және «Н» топтарында Англия – Бельгия мен Панама – Тунис (00.00), Жапония – Польша мен Сенегал – Колумбия (20.00) ойнайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *