АРМЕНИЯ ПАРЛАМЕНТТІК БИЛІККЕ КӨШПЕК…

«Бұл — президент С.Саргсянның қулығы» деседі

 

15Мұндай жүйеге оппозициялық күштер қарсы

Армян жұртының бүгінгі тыныс-тіршілігі қазақ оқырманын қалыс қалдырмаса керек. Себебі, қалай дегенмен де  жетпіс жыл КСРО құрамында болып, біртұтас халық шаруашылығы кешенінің шеңберінде  одақтас республикалар ретінде  аралас-құралас болдық. Оған қоса, Армения кейінгі кезде  эко­номикалық тиімділік бере ме деген үкілі үмітпен Беларусь, Қазақстан және Ресей құрған  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып қосылды.

Осы арада нақтылай айта кететін бір жәйт, 2014 жылдың мамырында ЕЭО жоғарғы органы Мемлекеттік кеңестің Астанада өткен отырысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев:  «Армения ЕЭО құрамына БҰҰ таныған мемлекеттік  территория ауқымында енуі керек. ДСҰ қатарына сол бойынша қабылданған» деген алғышартты көлденең  тартты. Бұл арада әңгіме Әзірбайжанмен екі арадағы қырғи- қабақ дау-дамайдың себепшісі саналатын Таулы Қарабақ туралы болып отыр. Ортақ шешімін таппай отырған осы қарама-қайшылықтың  екі жаққа тілектес талайлардың алаңдаушылығын тудырып отырғаны анық. Еуразиялық альянсқа қосылу үшін армян үкіметіне бірқатар талаптар қойылды. Сондай-ақ, әлемдік қауымдастық тарапынан әлі мойын­далмаған Таулы Қарабақ пен Армения арасында кедендік бақылаудың қойылуы керектігі айтылды.

Сөйткен Армения жақында  президенттіктен – парламенттік басқару жүйесіне көшу жөнінде халыққа сұрау салған референдум өткізді. Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша  Армения Конституциясына сондай өзгеріс енгізуді жақтап, тұрғындардың  63,37 пайызы дауыс берген болса, 32,36 пайызы қарсы болған.

Референдум нәтижесі жарияланған бойда Армения президенті Серж Саргсян: «Ақыл мен көрегендік, сенім сәулесі күмән мен белгісіздік, мазасыздық тұманын сейілтті. Ендігі жерде біздің парламенттік басқаруға көшетініміз белгілі болды» деп қанағаттанғандық сезімін білдірді.

Сөз жоқ, сайлау мен референдум өткен жерде қай кезде де қолдаушылар мен қарсы болушылар табылады. Ол демократияға тән құбылыс. Дегенмен, қарсы болу былай тұрсын, оппозициялық АҰК (Армян ұлттық конгресі) партиясы  «сұрау салу және дауыстарды санауда  көптеген заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтар жол берілді» деген айыппен референдум нәтижесін жарамсыз деп тану жөнінде  Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Парламенттегі АҰК партиясының жетекшісі Левон Зурабянның мәлімдеуінше референдумді өткізу барысында: «келеңсіздік көп болған». Сондықтан оның  есебінше конституциялық реформаны қолдап, қатысқандардың әрі кеткенде 30,3 пайызы, ал қарсылық білдіріп 69,69 пайызы дауыс берген тәрізді.

Жалпы, қазіргі билікке қарсы топ: «мұның бәрі президент Серж Саргсянның қулығы мен құйтырқы амалы. 2018 жылы оның президенттік мерзімі бітеді. Биліктің дәмін татып, бауыр басып қалған ол парла­менттік жүйеде  премьер-министр тағына отыра  қоймақ» деседі.

Бұл айтып отырғандары негізсіз емес сыңайлы. Өйткені, Конституцияға енгізілмек жаңа рефор­малық өзгерістер бойынша парламенттік басқаруға көшкен кезде президенттің билігі мен құзыреттік міндеттері шектеледі. Оған қоса, президентті осыған дейінгідей тікелей дауыс беру арқылы халық емес, парламентте депутаттар сайлайды. Оның мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылады. Бір рет президент болған азамат екінші рет сайланбайды. Президент өзінің қызметін атқарған кезеңде ешқандай саяси партияға мүше бола алмайды. Үкімет атқарушы биліктің жоғарғы органы ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатын айқындайды. Премьер-министрді президент тағайындайды. Алайда, оның канди­датурасын парламенттік көпшілік қолдауы тиіс. Қарулы күштер үкіметке бағынады. Соғыс жағ­дайында  Бас қолбасшы  болып, Қарулы күштердің билігін премьер-министр қолға алады.

Сондай-ақ, Парламент – Халық Жиналысы ендігі жерде көп партиялық жүйе бойынша сайланып, жасақталады.

Біздің білетініміздей, бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған посткеңестік елдердің ішінен парламенттік басқару жүйесі Латвия, Молдова және Эстонияда ғана қолданылады. Литвада парламенттік республика саналғанымен, онда президенттік биліктің кейбір белгілері сақталған. Әрине, бұл жүйе  «төрт аяғын тең басқандай» жемісті нәтиже беріп отыр деп айту қиын. Мәселен Молдовада партия­лардың келіспеушілігі мен итырғылжың күресінен елде саяси тұрақсыздық белең алуда.

Осындай  жағдайды ескергендіктен бе екен, Арменияның оппозициялық күштері елдің парла­мент­тік басқаруға көшуіне үзілді-кесілді қарсы. Сон­дықтан  да олар Ереванның  «Еркіндік» алаңында конституциялық реформаға қарсылық акциясын өткізуде. Онда   оппозициялық  «Мирас» партиясы мен «Құрылтайшы парламент» азаматтық баста­машыл топтың өкілдері  бірлесіп «Жоқ!» майданын, ал Армян ұлттық конгресі мен  Армения халықтық партиясы  бірігіп «Болмайды!» қозғалысын құрған.  Олардың басты талабы: конституцияға өзгерістер енгізбеу және тезірек президенттік, парламенттік сайлаулар өткізу.

«Мирас» партиясының жетекшісі Раффи Ован­нисянның  айтуынша, олар мақсаттарына жет­пейін­ше наразылық шараларын өткізе бермек. «Ешкімнің де бұған күмәні болмасын. Біз күресімізді жалғас­тыра береміз. Өмір деген күрес. Біздің күресіміз  жеңіске жеткізеді», — дейді ол.

 

Саясаттың қырсығы экономикаға тиеді

 

Қазіргідей  геосаяси  текетірес пен қақтығыс, қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында кез келген елдің дамып, өркендеуі оңай болып тұрған жоқ.  Бірақ, сонда да болса  әлемдік ахуалды былай қойғанда, Арменияның  көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасының дұрыс болмауы, дәлірек айт­қанда, «Таулы Қарабақ» факторы, оның  эконо­микалық ілгерілеуіне көп зиян-залалын тигізіп отырғаны жасырын емес. Өкінішке қарай, кейде саясаттың қырсығы экономикаға тиіп жатады.

Жалпы, Армения, негізінен, өнеркәсібі Кеңес одағы тұсында қалыптасқан индустриалды-аграралық ел. Мұнда мыс пен молибден, басқа да түсті мен бағалы металдардың қоры бар. Жерінен, сондай-ақ, құрылысқа қажетті тастар, минерал сулары өндіріледі. Тәуелсіздік алғанға дейін химия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп пен түсті метал­лургия  өндіріс айтарлықтай дамып, экономикаға едәуір серпін беріп келді. Ал, ауыл шаруашылығының үлес 20 пайызды құрады. Алайда, біртұтас өндірістік кешеннің шеңберінде жұмыс істеп келген мұның бәрі КСРО ыдырағанан кейін тұралап қалды.

Бір жаманы, Армения экономиканың күш-қуат берер нәрі болып табылатын энергия көздерін, дәлірек айтқанда мұнай мен газды сырттан тасымалдайды. «Қарабақ» жанжалына бай­ланысты Әзірбайжан және Түркиямен дүрдараз қаты­наста, яғни эконо­микалық қоршау жағдайында. Бұл көлік қатынасы  мен өнер­кәсіпке де  кесірін тигізіп отыр.

Әйтсе де, «суға кеткен тал қармайды», «қиналған амал­дап күн көреді» демекші, тығырықтан шығудың бар амалдары қарастырыл­уының нәтижесінде елде 2001-2003 жж. аралығында өнер­кәсіптің айтар­лықтай өсіміне қол жеткізілді. Керісінше, келесі жылдарда сәл баяулап қалды. 2009 жылы  халық­аралық ұйымдар тарапынан ірі көлемді инвести­циялардың құйыл­ғанына қарамастан Армения­ның экономикасы күрт құл­дырап, ЖІӨ 14 пайызға тө­мендеді. Сарап­шылар  мұ­ның себебін «құры­лыс жұмысының баяулап қалуы­мен және шет елде жұмыс істеп жүрген армян еңбек мигранттарынан жібе­рілетін қаржының азаюы­нан»  деп түсіндірді. 2010 жылы эконо­миканың қайта жан­дануы байқалды.

Елдегі ЖІӨ-нің: 46,6 пайы­зын — қызмет көрсету саласы, 31,5 пайызын – өнеркәсіп, 21,9 пайызын – ауыл шаруашы­лығы құрайды.

2003 жылы ДСҰ (Дүние- жүзілік сауда ұйымына) мүше болып кіріп, оның бірқатар талаптарын орындауынан  ауыл шаруа­шылығы өнімдері,  соған сәйкес өңдеуші кәсіп­орындар тауарлары қымбаттап, бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайына ауырт­палық түсірді.

Армян Республикасы әлемнің 160 мемлекетімен дипломатиялық қатынас ор­натқан. Ондай байланыс Әзірбайжан, Пәкістан және Сауд Арабиясымен ғана жоқ. Сауда-экономикалық сала­дағы негізгі әріптестері: Ресей, Германия, Болгария, Иран, АҚШ,  Канада, Грузия, Голландия және Швейцария елдері. Сырттан әкелетін тауарлары: газ, бензин, темекі өнімдері, азық-түлік, алмаздар. Экспортқа, негізінен, шойын, өңдел­меген мыс, молибден, т.б. түсті металл өнімдерін  шығарады.

1970 жылы КСРО тұсында салынған Армян АЭС-ы 1988 жылғы Спитак жер сілкінісінен кейін тоқтатылған болатын. Алайда, энергия тапшылығына байланысты 1995 жылы қайта іске қосылды. Ол бүгінде елге қажетті электр қуатының 40 пайызын қамтамасыз етеді ал, 25 пайыз энергия СЭС-терде өндіріледі.

2007 жылы Ираннан тартылған газ құбыры эконо­мика­ны көтеруге көмек беріп, едәуір қан жүгіртті. Соған қара­мастан энергетикалық тұрғыдан Армения Мәскеуге көп тәуелді. Бұл саланың көптеген нысандары Ресейдің мен­шігінде немесе соның басқаруымен жұмыс істейді. Олай дейтініміз, сонау 2002 жылдың өзінде-ақ  электр энер­гиясын бөліп, таратушы жүйелер жекеше­лендірілген болса, биылғы 2015 жылы толықтай ресейлік миллиардер, шыққан тегі армян Самвел Карапетянның меншігіне көшті.

 

Армениямен Қазақстанның қарым-қатынасы қандай?

 

Армения Республикасымен Қазақ­стан­ды  байланыс­ты­ратын жәйттер бар­шылық. Екеуі де ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік келі­сім-шарт ұйымы) мен ЕЭС (Еура­зия­лық экономикалық одақ)  ұйым­дарының мүшелері.

Армения-Қазақстан ынты­мақ­тастығы дипломатиялық қатынас орнатылған 1992 жылдан бері өзара әріптестік пен тиімділік жағдайында, шама-шарқынша дамып келеді. Қос тарап байланыс­тарының бағыт-бағдарлары 1993 жылғы 19 қаң­тардағы екіжақты  қарым-қатынас­тың негіздер туралы келісім  және 1999 жылғы  2 қыркүйекте  қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы ара­сындағы Достық пен ынтымақтастық жөніндегі келісім құжаттары арқылы айқындалған. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінен қазақ-армян үкіметаралық комиссиясы  жұмыс істейді.

Қазақстан мен Арменияның тауар айналымы  8 млн. доллар көлемінде. Біздің еліміз Арменияға металл өнімдерін, түрлі қондырғылар, конденсаттар, панельдер, баспа өнімдерін сатады. Ол жақтан әшекей бұйымдар, қондырғылар, каучук пен фактис, этил спиртін  сатып алады.

Екі елдің ауыл шарауашылығы, кәсіп­керлік, көлік, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қала құ­рылысы, мәдениет, туризм мен ғылым, т.б салаларда ынты­мақтас­тықты дамыту мүмкіндіктері зор. Мәдени-гуманитарлық салада қарым-қаты­настар да ұмыт қалып отырған жоқ.

Кейінгі кездері  армян жұртының көне тарихында қыпшақ мәдение­тінің іздері бар екені белгілі болды. Осының айғағындай, Армения мұра­ғаттарынан табылған «Төре бітігі — 1519-1594 жж. Армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі» деп аталатын аса бағалы жәдігерлік мұра заңгер-ғалым Ғайрат Сапарғалиев және филолог-ғалым Алек­сандар Гаркавецтің ыждаһатты еңбек­терінің арқасында 2003 жылы қазақшаға аударылып, оқырманға ұсынылды. Бұл бүгінде құқықтанушы ғалымдар мен ма­мандар ден қоя зерттеп, ғылыми жұмыстарында пайдаланып, сенімді түрде сілтеме жасайтын құнды дерек көзіне айналды.

2006 жылдың қарашасында Астанада  Қазақстан мен Армения арасында мәдени байланыстарды дамыту жөнінде  келісім жасалды.

2012 жылдың 27 — 29 тамызында  Қазақ­стан-Армения дипломатиялық қатына­сының 20 жылдығына орай Ереванда  «Қазақфильм» кино­сту­диясы өкілдерінің қатынасуымен қазақ киносының күндері өткізілді.

2013 жылдың  қыркүйегінде   Армения астанасында  өткен «Армян бояулары» көр­месіне  қазақстандық суретшілер  карти­наларының қойыл­уы жергілікті тұрғын­дардың назарын аударып, қызығушылығын тудырды.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» экономикалық шолушысы

 

«Ақшамның» анықтамасы:

САРГСЯН Серж Азатович  30 маусым 1954 жылы Әзірбайжан КСР Таулы Қарабақ автономиялы облысының Степанакерт қаласында дүниеге келген. Әкесі Азат Саргсян 1937 ж. репрессияға ұшырап, Степанакертке қоныс аударуға мәжбүр болған. Серждың әу бастағы фамилиясы Саркисян, артынан өзінің талабы бойынша армян орфографиясына сай «Саргсян» болып өзгертілді.

Серж  Саргсян мамандығы бойынша филолог, 1979 ж. Ереван университе­тінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын электротехникалық зауытта слесарьлықтан бастаған. 1979—1988 жж. Степанакерт қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші хатшы, кейіннен қалалық партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі қызметтерін атқарған.

«Қарабақ» жанжалы туған 1989-93 жж. Таулы Қарабақ Республи­касының (ТҚР) өзін-өзі қорғау комитетін бас­қарды. 1990 ж. Армения Жоғарғы кеңе­сіне депутат болып сайланды. 1995 ж. Армения қорғаныс министрі қызметіне тағайындалып, ТҚР мен Әзірбайжан арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізді. 1995-96 жж. республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде алдымен басқарма бастығы, сонан соң министр болды. 1996-99 жж. Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік министрліктері біріктірілген тұста оған жетекшілік етті. 1999-2000 жж. президент әкімшілігін басқарды. 2000 ж. президент жанындағы қауіп­сіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. 2007 ж. Армения республика­лық партиясының жетекшісі Андраник Маргарян қайтыс болғаннан кейін оның орнына төрағалыққа сайланды. 2007-2008 жж. Армения үкіметінің премьер-министрі.  2008 жылдың 19 ақпаны­нан Армения Республикасының президенті. 2013 жылғы ақпандан оған екінші  рет сенім көрсетілді. Армения Конститу­циясы бойынша бір адам президенттік қыз­метке  екі рет қана сайлануға құқылы.

Бұдан көретініміз Серж Саргсян биліктің барлық баспалдақтарынан өткен білікті шенеунік, тәжірибелі саясаткер.

Серж Саргсян 29 жасында үйленген. Зайыбы Рита Александровна Саргсян да Степанакертте туған. Музыка пәннінің мұғалімі. Ануш және Сатеник есімді қыздары бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *