Арманым  – Алматы кардиохирургия орталығын халықаралық деңгейге жеткізу

Халықтың өз таңдауымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңім­пазы атанған дәрігерлердің саны 20-ға жуық болса, соның  10-ы алматылық ақ желеңді абзал жандар. Солардың қатарында Алматы жұрты үшін ғана емес,  жұдырықтай жүрегі сыр беріп, Алматыға шипа іздеп,  еліміз­дің басқа  аймақтары мен алыс-жақын шет елдерден келген   науқастардың да сүйікті дәрігеріне айналып, «Жүрекші»  деген  атқа ие болған кардиохирург дәрігер, қалалық кардиология және кардиохирургия орталығының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, Ресей   медицина  академиясының аттестацияланған профессоры Алмат Тұрысбекұлы Қодас­баев та бар. Жуырда Алматы қалалық  Ішкі саясат және Жастар саясаты басқармаларының ұйым­дас­­тыруымен Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында С.Ж.Асфендияров атын­дағы Қазақ Ұлттық медици­на университетінің студенттері Алмат Қодасбаевпен кездесу өткізді. Кездесуді университет ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Убайдулла   Датхаев жүргізді.

Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Алмат, ең алдымен,  өзінің бола­шақ ізбасарларына мамандық таң­дауы, білім алып, қазіргі деңгейге жетер жолындағы ізденістері мен дәрігер болып жұмыс істеген алғашқы жылдары басынан өткерген  қиын­дық­тары   туралы әңгімелеп берді.  Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, ол туып-өскен ауылда жоғары білім алған дәрігер болмаса керек, ауылдағы  адамдардың басы ауырып, балтыры сыздай қалса, бар сенетіндері ауылдық фельдшерлік пункттегі жалғыз  фельд­шер Елмат аға ғана болса керек. Соған қарамастан,  ата-аналар балаларының  адам өмірін қорғайтын дәрігерлік  мамандықтың емес,  зоо­тех­никтің оқуын оқығандарын көбі­рек қалайды.  Қазақы  пайым малдың басында жүрсе жаман болмас деген­дері болар, оның үстіне  Алмат туып-өскен Төлен  Қабылов атындағы қой совхозына бастық болып келгендердің  көбі  зоотехниктің оқуын бітіріп келгендер екенін білетін  ырымшыл  қазақ   баласының  да бастық болға­нын қалағаны болар. Алматтың да әкесінің таңдауы зоотехник маман­дығы болыпты. Бірақ жасынан айтқан бетінен қайтпайтын,  өнер десе, спорт десе ішкен асын жерге қоятын  Алматтың бар арманы ауыл фельдшері секілді ауыл адамдарының денсаулы­ғын қорғау болатын. Ақыры  Алмат  әкесі мен анасына дәрігер болғысы келетіндігін жеткізеді. Баласының айтқан бетінен тез қайта қоймайтын мінезін жақсы  білетін әкесі Тұрысбек  Алматқа ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салады.    Әкесінің ақ бата­сы,  анасының  сол ақ тілеуі қабыл бо­лып, бүгінде Асының асқар асула­рына қарап бой түзеп, сұлу таби­ғатына сүйсіне ер жеткен  Алмат елге танымал кардио­хирург-дәрігер. 600-ден астам қыз­мет­кері бар Алматы қаласындағы кардиохирургиялық орталықтың басшысы. Орталық жылына  бес мыңға жуық адамның жүрегіне түрлі деңгейдегі оталар жасайды. Орталық дәрігерлері  ашық жүрек жағдайында ота жасау әдісін дамытып, бір мезетте жүрек қызметіне қажетті бірнеше отаны қатар жасау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Өткен жылы бұл орталық 282 шет ел азамат­тарына кардиохирургиялық көмек көрсетіпті.  Жүз жаңа есім жобасы­ның  жеңім­пазының әңгімесін  қы­зыға тыңдаған студенттердің Алмат Тұрысбекұлына қояр сауалдары аз болған жоқ.  Алмат  жастарға дәрі­герлік  мамандықтың қиындығы мен  сүйінер қуанышты сәт­тері  туралы  әңгімелеп берді.   Дәрігер болу үшін адам бойында болуға тиісті қасиеттер жайында айтты.  Дәрігердің ең басты құралы – дәрі мен пышақ  қана емес, жылы сөз, науқастың жанын жылытар мейірім­ділік екендігін баса айтқан  ол  дәрі­герлік  мамандықты таңдаған адам, ең алдымен, бұл мамандықты шын жүрегімен қалауы керектігін, бойында төзімділік пен шыдамдылық, ең басты­сы, жүрек жылуы болу керек­тігін, мінезге бай болуы тиісті  екен­дігін айтты. Қазақстан кардиологтары ассоциациясының,  Еуропа кардио­лог­тары ассоциациясының толық мүшесі Алмат Қодасбаевтың әңгімесі болашақ дәрігерлерге үлкен ой салып, олардың өз  мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін арттыра түскені анық.

– Біздің университетте тәрбиелік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жоба­сының жеңімпазы университе­тіміздің түлегі Алмат Қодасбаевтың  өмір, қыз­мет жолы,  дәрігерлік қызмет жолын­дағы қол жеткізген жетістіктері туралы айтқан әңгімелері  студент-жастарға  үлкен өнеге болар  тәрбие  сабағы болды деп айта аламын. Жастарды сөзбен емес, осындай өнегелі адамдар үлгісімен тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл кезде­суден кейін кардиохирург болғысы келетін жастардың қатары көбейетін­дігіне сенімдімін. Осындай кездесу ұйымдастыруға, жанымызда жүрген жақсы адамдармен жүздесуі­мізге  ұйытқы  болған   Алматы қала­лық Ішкі саясат және Жастар саяса­ты басқар­маларына  рахмет айтамыз дейді, –  студенттердің тәрбие жұмы­сына жауапты проректор Убайдулла Махан­­бетұлы.

Университет ұжымы соңғы жыл­дары тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөле бастағанын аңғаруға болады. Айт­пақ­шы, жақында университет ректо­рының бастамасымен ата-аналар комитеті құрылыпты. Бұл да жаңа әрі  жастар тәрбиесіне ортақ жауап­кер­шілікті арттыруға негіз болар жақсы бастама екендігін айта кеткен жөн.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *