Қариялар қала әкіміне ризашылықтарын білдірді
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев 100 зейнеткер қарияның Алматыны аралауларына мүмкіндік жасады. Аудан әкімшілігінің алдынан арнайы автобус қарияларды күтіп алып, саяхатты бастап кетті. Қариялар, ең алдымен, Панфилов көшесі бойындағы жаңарған жүргіншілер аймағына тоқтап, тұрғындар үшін жасалған жағдайларды көріп, қуанып тұрғандарын жасырмады.
– Жасы келген адам көп уақытын үйде өткізеді. Дегенмен, туған қаламыздың тыныс-тіршілігімен де танысып, көргіміз келеді. Балаларымыз жұмысбасты болып, қолдары босай бермейді. Сондықтан осындай жұмыстар жасалып жатқанын тек теледидардан ғана көретін едік. Аудан әкімі ұйымдастырған саяхат барысында қайта түлеген Арбатты көріп, қалада көп жұмыстың жасалғанына куә болып жатырмыз. Қала құлпырып, түрленіп кетіпті. Осындай жұмыстарды жүйелі жүргізіп отырған шаһар басшысына деген ризашылығымыз шексіз. Ендігі жерде біздер, тұрғындар осы атқарылып жатқан жұмыстың ғұмырлы болуын қадағалайық. Отбасымыздағы бала-шағамызды құндылықты құрметтеуге үйретейік, – деген Жетісу ауданының қадірменді қариялары жерастындағы қайнаған тіршілікті де тамашалады.
Метромен күнде жүре бермегендіктен, бұл да ерекше әсер еткенін жеткізді. Қаламыздағы тағы бір керемет демалыс орны – ҚР Тұңғыш Президентінің саябағын аралаған қариялар таза ауа, көрікті мекенінде тыныстап, естелік суреттерге түсті. Халықаралық шаңғы трамплині де қарияларға өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Тек спорттық шара ғана емес, басқа да іс-шаралар өткізіліп отырған бұл кешеннің де тыныс-тіршілігімен қариялар танысып шықты.
Осылайша көктемгі Алматының келбетімен қауышып, бір серпілген қазыналы қариялар жылдың әр мезгілінде осындай саяхаттар ұйымдастырылып отырса деген тілектерін де жасырмады.