ҚАРIП АУЫСТЫРУДАН «АҚЫРЗАМАН» ЖАСАУДЫҢ КЕРЕГI ЖОҚ

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бiз 2025 жылдан бастап әлiпбиiмiздi латын қарпiне, латын әлiпбиiне көшiруге кiрiсуiмiз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиiс принциптi мәселе. Бiр кезде тарих бедерiнде бiз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшiн осындай шешiм қабылдауға тиiспiз және бұл әлеммен бiрлесе түсуiмiзге, балаларымыздың ағылшын тiлi мен интернет тiлiн жетiк игеруiне, ең бастысы – қазақ тiлiн жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Осы орайда «Мемлекеттiк тiлге құрмет» қоғамдық бiрлестiгi, Алматы облыстық әзiрбайжан этно- мәдени орталығының төрайымы Асылы ОСМАН редакциямызға арнайы келiп, осы мәселе төңiрегiнде өз ойларын ортаға салған едi.

Латын әлiпбиiне көшу – отарсыздануға жол ашады

– Елбасының биылғы Жолдауының орны да, мәнi де, маңызы да ерекше деп бiлемiн. Неге десеңiз, бұл Жолдауда менiң жүрегiмнiң төрiнен орын алған, жанымды жай тапқызған мәселе – мемлекеттiк тiлдiң болашақта латын әлiпбиiне көшуiне байланысты айтқаны. Елбасы бұған дейiн де тiл мәселесi жөнiнде талай айтты. Алайда, дәл биылғыдай қадалап, шегелеп айтқан емес едi. Шыны керек, Елбасының өз Жолдауында латын графикасы мәселесiн көтергенiне қатты риза болдым.

Елiмiзде латын әлiпбиiне көшу мәселесi 1990-жылдардан берi талқыланып келедi. Бұл жайында, шыны керек, аз айтылып жүрген жоқ. Түркi тiлдес Әзiрбайжан, Түркiменстан, Өзбекстан латын графикасын қабылдаған. Бiрақ, Қазақстан халқы құрамының әр алуандылығы, оның iшiнде славян диаспорасы көптiгi ескерiлген болса керек, бұл мәселе қозғалған жоқ. Оның үстiне елде экономикалық, әлеуметтiк дағдарыс болғаны мәлiм. Ал, 2000 жылдан берi латын әлiпбиiне көшу тақырыбы қайта көтерiле бастады. Себебi, Қазақстан экономикасы бұл уақытта нығайған едi. 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы 12-сессиясында мемлекет басшысы латын графикасы туралы айта келiп, мамандарға осы мәселенi зерттеп, нақты ұсыныстар даярлауға тапсырма бердi. Осыдан кейiн А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты ғалымдары зерттеу жүргiзiп, латын қарпiн қолдану үлгiлерi бойынша бiраз жобалар жасап шығарды. Бiлiм және ғылым министрлiгi де бос отырмады. Арнайы бағдарлама әзiрлей бастады. Бiрақ содан берi бiршама жыл өтсе де, бұл мәселе талқылау деңгейiнен аса алмай, «жабулы қазан – жабулы» күйiнде қалып қойды.

Латын әлiпбиiне көшу, ең алдымен, отарсыздануға жол ашады. Екiншiден, ұсынылып отырған графикада әрiптер аз, бұл, әсiресе, балалар үшiн үйренуге оңай, тиiмдi болмақ. Үшiншiден, латын графикасы тiлiмiздiң бұрмалаусыз, қатесiз, ашық дыбысталуына жол ашады. Төртiншiден, латын әлiпбиi түркi әлемiмен бiрiгуiмiзде тиiмдi болмақ. Мұның артында мәдени, ұлттық сабақтастық қана емес, экономикалық, саяси, әлеуметтiк интеграция мәселелерi де жатыр. Сондықтан, қарiп ауыстырудан ақырзаман жасаудың керегi жоқ. Халық үйренiп кетедi. Латын қарпiне көшу бiзге рухани да, экономикалық та пайда әкелерi сөзсiз. Әлiпбиiмiздiң төрiнен табылған орыс әрiптерi латын әрiптерiмен алмастырылса, қазақ әлiпбиiнде қазiргiдей 42 емес, 26-ақ әрiп қалып, ь,ъ, щ дыбыстары, тағы басқалары түсiп қалады. Ол елiмiздi Еуропа елдерiне тағы бiр қадам жақындастыра түсiп, заманауи технологияны пайдалануға жеңiлдiк бередi. Демек, қазақ тiлi латынға көшсе, тiлдi жаңаша реформалауға зор мүмкiндiк туады. Осылайша, өз ана тiлiмiздiң рухани өзегiнен айырылмауына жағдай жасаймыз.

Латын әлiпбиiне 2025 жылы көшу – кеш

Сонымен, латын әлiпбиiне көшу туралы сан жылдар бойы айтылып келген мәселеге де нүкте қойылды. Президент бұқараға арнаған Жолдауында латын графикасына көшу туралы нақты мәселе қойып, әлiпби ауыстырудың мерзiмiн белгiлеп бердi. Сондықтан, елiмiзде латын әлiпбиiне көшу мәселесi талқыланып, қоғамдық пiкiрлер айтылып болды деп есептеймiн. Латын әлiпбиiне көшу, көшпеу туралы мәселенi қайтадан зерттеудiң қажетi жоқ. Ендi оны сауатты түрде iске асыруымыз қажет. Және латын графикасына көшуде науқаншылдыққа салынуға жол берiлмеуi керек деп есептеймiн. Ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелген, сараланған, кешендi мемлекеттiк бағдарлама қажет деп отырғаным да осыдан. Сондай-ақ, әрiп ауыстырудағы көршi елдердiң тәжiрибесiн ескеру елiмiз үшiн өте маңызды. Өзгелер жiберген қателiктердi қайталауға болмайды.

Бұл ретте латын әлiпбиiне 2025 жылы көшу өте кеш. Бүгiнде тiлшi-ғалымдар халықаралық ЕХРО көрмесiнiң Астанада өтетiндiгiне орай, графиканы ауыстыруды 2017 жылы бастауды ұсынып отыр ғой. Менiңше, бұл – дұрыс бастама. Оны кейiнге қалдырудың керегi жоқ. Олай дейтiнiм, кезiнде халқымыз араб әлiпбиiн қолданып жүрген уақытта, елiмiздi жиырма тоғызыншы жылы бiрден латын қарпiне көшiрiп жiбердi. Он жылдай уақыт латынмен жұмыс iстеп келгенiмiзде күтпеген жерден тағы да әрiп ауыстырып, кириллицаға көшiп шыға келдiк. Бiрақ, одан заман ағымы тоқтап қалған жоқ. Көш жүре бердi. Халық та өзгерiстерге үйренiп кеттi. Ал, бiз болсақ, «бұған дейiн басылып шыққан кiтаптарды қайтемiз?» дегендi сылтауратып, өз-өзiмiздi алдарқатумен келемiз. Сол себептi, елiмiздегi газет-журнал атаулы бiр бетiн латын графикасымен баса бергенi дұрыс деп есептеймiн. Бұл – латын әлiпбиiне көшудiң тиiмдi жолдарының бiрi. Сондай-ақ, мектептегi бастауыш сыныптардағы балаларға латын әлiпбиiнiң қазiрден үйретiле бергенi дұрыс. Жоғары сынып оқушыларына да латын сабағының жүргiзiле бастағаны тиiмдi. Ал, кирилл қарпiндегi көптомдықтар мен энциклопедияларды уақытша қолданыста қалдыра беруге болады. Жаңа томдықтар латынша басылуға көшсе, әлiпби ауыстырудың алғашқы кезеңi үшiн мұның өзi аз жұмыс емес.

Жазып алған – Мәншүк БЕКБОСЫН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *