Аргентинаның тағдыры бүгін шешіледі

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Ресейде өтіп жатқан әлемдік футбол чемпионатында топтық кезеңнің шешуші ойындары өтіп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше құрама 1/8 финалға шығып үлгерді. Олар – Ресей, Уругвай, Испания, Португалия, Франция, Хорватия, Бельгия және Англия.

Кей топтардан озып шығатын жүйрік­тер енді анықталады. Марокко, Египет, Сауд Арабиясы, Перу, Коста-Рика, Пана­ма, Тунис және Польша құрамалары екін­ші кездесуден соң-ақ келесі кезеңге шы­ғудан үмітін үзді. Енді олар үшінші турдағы ойындарын өткізеді де, елдеріне қайтады. Қазірдің өзінде алғашқы үштік үш ойынды да тәмамдады. Олардың қатарына кеше Португалиямен тең ойнап, келесі кезеңге шыға алмаған Иран қосылды.

Осылардың ішінде Перу және Марокко футболшыларына обал-ақ. Олар алғашқы екі ойынында да қарсыластарынан бір мысқал да кем ойнаған жоқ. Кей сәттерде тіпті әлдеқайда басым көрініп те жатты. Даниямен құрығанда итжығыс түсуге тиіс болған перуліктер француздармен де терезесі тең өнер көрсетті. Сонда да гол соға алмады. Марокколықтар болса, екі қарсы­ласынан да – Ираннан да, Португалиядан да жақсы ойнады. Тіпті, Испаниямен де тең ойнап, 2010 жылғы әлем чемпиондарын топтан шығармай тастауға шақ қалды. Алайда, бұлардың да қарсы қақпа алдында бағы жанбады.

Кеше А және В топтарындағы соңғы ойындар өтті. Египет пен Сауд Арабиясын оңай жеңген Ресей футболшылары соңғы турда Уругвай құрамасына қарсы қайрат көрсете алмады – 3:0. Ал сол топтағы екі аутсайдердің арасындағы матчтың тағдыры бірінші және екінші таймдардағы қосымша минуттарда шешілді. Сауд Арабиясы Салах бастаған жігіттерді 2:1 есебімен ұтып, топтағы үшінші орынға тұрақтады.

Ал В тобы шым-шытырыққа толы болды. Жарысты ерте аяқтады демесеңіз, Марокко құрамасы Йерроның шәкірттерін әбден састырды. Сонымен қатар, Португалия мен Иран арасындағы матч та соңғы ысқырық естілгенше кімнің келесі кезеңге өтетінін болжауға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, екі ойын да тең аяқталып, Испания бірінші, Португалия екінші орынмен топтан шығып отыр.

Осылайша 1/8 финалдағы алғашқы екі кездесуде кімнің кіммен кездесетіні анықталды: Уругвай – Португалия, Испания – Ресей.

Соңғы минуттарда соғылған гол

Доп додасы басталар алдында алтын кубоктан үміткерлердің қатарында аталған Аргентинаның тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Исландиямен тең ойнап, Хорватиядан ойсырай ұтылған олар бүгін Нигерияны қалайда жеңуі керек. Жай жеңе салмай, мүмкіндігінше қомақтылау есеппен басым түскені жөн. Бірақ бұлар сонда да келесі кезеңге шығу үшін Исландия – Хорватия матчының нәтижесіне қарайлауға мәжбүр. Әлдеқашан топ жеңімпазы болып қойған хорваттардың бас бапкері Златко Далич бұл ойынға қосалқы құрамды шығаратынын мәлімдеді.

Әлем чемпионаты тарихында Арген­тина құрамасы жалпы 22 рет ұтылса, соның төртеуі – ірі есеппен екен. Алғашқы ойында  ұта алмаған соң, Лионель Месси­мен оның командасына хорваттарды жеңу өте қаже­т еді. Алайда, бас бапкер Хорхе Сампаоли құрамға аз-кем  өзгеріс енгіз­генімен, ко­ман­даның ойыны жақсара қойған жоқ. Месси мүлде көзге түспеді, шабуыл өте азусыз болды. Рас, қақпашы Кабальеро кешірілмес қателік жіберді, бірақ бұл алғы шеп ойыншыларының солғын қимы­лын ақтап алуға жеткіліксіз.

Әлем футболының тәжін сарапқа салу­шы сайып қыран командалардың бәрі дерлік кем дегенде бір рет хорваттардан «таяқ жеген». «Шақпақ жейделі» команда Англияны 2 рет, Италияны 2 рет, Герма­нияны 2 рет жеңген, Голландия мен Испа­ниядан 1 реттен басым түскен. Енді, міне, Аргентинаны ойсырата ұтып отыр. Биылғы додада біраз жерге баруы мүмкін команданың бірі осы хорваттар болар.

Барселона ойыншысы Мадридтік қақпашыға гол соқты

Алғашқы турда тең ойнаған Бразилия екінші қарсыласымен де ұпай бөлісе жаздады. 90 минут сартылдап өте шық­қанда таблодағы есеп 0:0 еді. Бес дүркін әлем чемпиондарымен аянбай айқасқан костарикалықтар әбден шаршаған сәтте, төреші қосқан минуттардың біріншісінде Коутиньодан көз жазып қалды. Артынша Неймар екінші голды соқты – 2:0. Айт­пақшы, осы Бразилия–Коста—Рика кезде­суі  әлем чемпионаттары тарихындағы 850-матч болды.

Чемпионатты Мексикадан ұтылып бастаған Германия құрамасының швед­термен айқасы да аса қызықты өтті. Допты немістер жиі ұстағанымен, жылдам қарсы шабуылымен көбірек қауіп төндірген Швеция есеп ашты: шабуылшы Тойвонен допты қарсы шыққан қақпашыдан асыра теуіп, торда тулатты. Әлем чемпиондары есін екінші таймда бір-ақ жиды. Алайда, Марко Ройс таразы басын теңестіргенімен, ойын соңына дейін шведтер жақсы қорғанып бақты. Матчтың бітуіне 11 секунд қалғанда айып добын ғаламат шеберлікпен орындаған Тони Кроос өз командасына жеңіс әперді.

Англия құрамасы әлемдік доп дода­сына алғаш рет қатысып отырған Панама командасын 6:1 есебімен ойсырата жеңді.  Бұл – ағылшындардың әлем чем­пио­наттарындағы ең ірі жеңісі. Олар әлемдік доп додаларында осыған дейін үш рет қана ірі жеңіске қол жеткізген: 1986 жылы Польша мен Парагвайды қатарынан 3:0 есебімен ұтса, дәл осындай нәтижемен 2002 жылы Данияны талқандады.

Панама құрамасының әлемдік доп додаларындағы тұңғыш голының авторы Фелипе Балой – дүниежүзілік турнирлерде мергендік танытқан ең жасамыс фут­болшы­лардың қатарына енді:

 Роже Милла – 42 жас, 39 күн (Камерун, 1994)

Гуннар Грен – 37 жас, 236 күн (Швеция, 1958)

Куаутемок Бланко – 37 жас, 151 күн (Мексика, 2010)

Фелипе Балой – 37 жас, 120 күн (Панама, 2018)

Ағылшын шабуылшысы Харри Кейн биылғы турнирдегі екінші хет-трикті жасап отыр (біріншісінің авторы –Криштиану Роналду). Сондай-ақ, бұл – әлем чем­пионаттары тарихындағы үшінші ағылшын хет-тригі:

Джеффри Херст, Англия–Германия, 4:2 (1966)

Гари Линекер, Англия–Польша, 3:0 (1986)

Харри Кейн, Англия–Панама, 6:1 (2018)

Алғашқы турда Тунис құрамасының қақпасына екі гол енгізген Х.Кейн биылғы әлем чемпионатының  мергендер көшін бастады. Оның еншісінде енді 5 доп бар. Кешегі өткен Португалия–Иран арасындағы кездесуде Криштиану Роналду әлем чемпионаты тарихындағы ең егде футболшы қорғаған қақпаға пенальти соға алмай, Кейнді қуып жету мүмкіндігін пайдалана алмады.

ӘЧ тарихындағы ең егде ойыншы – 45 жасар әл-Хадари

 

«А» тобы

Ресей – Египет – 3:1 (гол соққандар: Фатхи, 47, өз қақпасына, Черышев, 59, Дзюба, 62 – Салах, 73, пенальтиден).

Уругвай – Сауд Арабиясы – 1:0 (Суарес, 23).

Сауд Арабиясы – Египет, 2:1 (Әл-Фарадж, 45+6, 90+5 – Салах, 22)

Уругвай – Ресей, 3:0 (Суарес, 10, Черышев, (АГ, 23), Кавани, 90)

 

«В» тобы

Португалия – Марокко – 1:0 (Криштиану Роналду, 4).

Иран – Испания – 0:1 (Диего Коста, 54).

Иран – Португалия – 1:1 (Ансарифард, 90+3 – Куарежма, 45)

Испания – Марокко – 2:2 (Иско, 19, Аспас, 90+1 – Бутаиб, 14, Ән-Несери, 81)

 

«С» тобы

Дания – Австралия – 1:1 (Эриксен, 7 – Единак, 28, пенальтиден).

Франция – Перу – 1:0 (Мбаппе, 34).

 

«D» тобы

Аргентина – Хорватия – 0:3 (Ребич, 53, Модрич, 80, Ракитич, 90+1)

Нигерия – Исландия – 2:0  (Ахмед Мұса, 49, 75).

 

«Е» тобы

Бразилия – Коста-Рика – 2:0 (Коутиньо, 90+1, Неймар, 90+7).

Сербия – Швейцария – 1:2 (Митрович, 5 – Джака, 52, Шачири, 90).

 

«Ғ» тобы

Оңт.Корея – Мексика – 1:2 (Сон Хын Мин, 90+3 – Вела, 26, пенальтиден, Эрнандес, 66).

Германия – Швеция – 2:1 (Ройс, 48, Кросс, 90+5 – Тойвонен, 32).

 

«G» тобы

Бельгия – Тунис – 5:2 (Азар, 6, пенальтиден, 51, Лукаку, 16, 45+3, Батшуайи, 90 – Бронн, 18, Хазри, 90+3).

Англия – Панама – 6:1 (Стоунз, 8, 40, Кейн, 22, пенальтиден, 45+1, пенальтиден, 62, Лингард, 36 – Балой, 78).

 

«Н» тобы

Жапония – Сенегал – 2:2 (Инуи, 34, Хонда, 78 – Мане, 11, Ваге, 71).

Польша – Колумбия – 0:3 (Мина, 40, Фалькао, 70, Куадрадо, 75).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *