Аргентина, күт бiздi!

Ермұхамед МӘУЛЕН

Қазiргi кезде кез-келген спорттан тiптi хабары жоқ кiсiден: «Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Мария Шарапова кiм?» — десеңiз, ойланбастан жауап қатар едi. Олар – әйгiлi теннис жұлдыздары. Мiне, бұл спорт түрiнiң қазiр дамып-өркендеп, кең қанат жайғандығының айғағы. Соңғы жылдары Қазақстанда да осы өнер кеңi­нен насихаттала бастады. Федерация пре­зидентi болып Болат Өтемұратов келiсiмен қазақ теннисiнде алға жылжу пайда болды.

Қазақстанға теннис

өнерi қалай келдi?

Ең алдымен үлкен теннистiң қазақ жерiне қалай келгендiгi туралы сөз қозғасақ. Өткен ғасырдың 50-жылдары Кеңес Одағында теннис спорты әлсiн-әлсiн төбе көрсете бастады. Соның бiр пұшпағы бiздiң елдi де шарпып өтедi. Ол кездерде Алматыдағы «Динамо» стадионында бүкiл республикада жалғыз теннис корты жұмыс iстейтiн. Осында аз-маз тенниссүйер қауым жиналып жаттығу өткiзiп, арасында кiшiгiрiм турнирлер де ұйымдастырып тұрған. Ал 1956 жылға дейiн С.Заруба деген азамат өз ықпа­лымен жастар теннис үйiрмесiн құрған. Бiрақ ол тәрбиелеген шәкiрттер КСРО I спартакиадасында жалпы- командалық есепте 15-орын алып қалады. Дегенмен, бiз бұл сәттердi Қазақ теннисiнiң алғашқы қарлығаштары деп айтсақ жөн болар.

Одан кейiнгi iрi қадамдар теннис жанашыры Алек­сандр Маркимен байланысты. Өйткенi дәл осы кiсi ең алғаш болып Алматыдағы Горький саябағының жанынан үлкен теннис кортын ашады. Ол жай ғана корт емес, сонымен бiрге трибунасы, жуынатын-шешiнетiн бөлмелерi бар спорт базасы едi. Ендi мұндай жерде жеткiншектердi дайындау үшiн тәжiрибелi, бiлiктi маман қажет болды. Мәскеуден келген Биценко мен Қазақстанның үш дүркiн чемпионы Галина Тучашвили осы олқылықтың орнын толтырды. Шәкiртке ұстаздық еткеннен құрылтайшы Александр Маркидiң өзi де қашпады. Тiптi, оның тәрбиесiн алған В.Янчук, А.Польский, С.Пекай, Н.Андрейченколар Орта Азияның бiрнеше мәрте жеңiмпаздары атанып жатты.

Осыдан барып елiмiздiң жер-жерлерiнде корттар, теннис орталықтары ашылып, iс өрге домалады. Балалар мен жастар теннисi қарқынды түрде дамып, қолға алынды. Жаттықтырушылар саны да күн санап арта бердi. Оның iшiнде В. Янчук, И. Тернавских, И. Тучашвили А. Вельц те болды. Әсiресе соңғысының есiмi Алматы теннисiнiң тарихында ерекше орын алады. Кезiнде одақ iшiнде аты дүркiреген әйгiлi спортшы Қазақстан астанасына келiп, өз бiлiмiн жергiлiктi тәлiмгерлерге бере бастады. Осының арқасында 14 жасар Марина Крошина спорт шеберi деген атаққа қол жеткiзедi. Августин Вельцтiң тағы бiр шәкiртi Лиля Карпова бұл дәрежеге 15 жасында жетедi.

Ал 1966 жылдан бастап, негiзiн Вельцтiң тәрбиеле­нушiлерi құраған Алматы командасы КСРО-ның аймақ­тық турнирлерiнде жылма-жыл жеңiп отырған. Кейбiр шәкiрттерi тiптi КСРО намысын шет ел ареналарында қорғап жүрдi. Мысалы, 1967 жылы тамыз айында Кошицеде (Чехия) өткен жарыста Лиля Карпова ересектер арасында үшiншi орыннан көрiнедi. Одан кейiн 68-жылдың ақпанында Мәскеудегi халықаралық турнирде Карпова Венгрия чемпионы, атақты Сабоның өзiн жеңiп кетедi.

Қазақстанның жастар құрама командасы Бүкiл­одақ­тық мектеп оқушылары спартакиадасына қатысады. 67-жылы Санкт-Петерборда өткен бұл бәсекеде жерлестерiмiз Мәскеу, Өзбекстан және Грузия командаларын ұтып, жүлделi бесiншi орынды қанжығалап қайтады. Сол кездегi баспасөз беттерiнде бiздiң ұл-қыздардың соңғы чемпион – Грузияны 8:1 есебiмен ойсырата ұтқаны сенсация деп бағаланады.

Осындай атышулы жеңiстерден кейiн ел назары тенниске ауады. Ал 1964-66 жылдары Алматыда бiр жеке және екi командалық КСРО бiрiншiлiгi өтедi. Бұл, әрине, қазақ теннисiнiң тарихынан алынған алғашқы беттер ғана. Ендiгi кезектi бүгiнгi жағдайға арнасақ.

Студенттiң турнирi

Шiлде айының 8–10-ы аралығында Буэнос-Айресте өтетiн «Дэвис кубогының» ширек финалдық кездесуi қазақстандық жанкүйердiң тағатсыздана күтiп отырған жарысына айналды. Себебi, онда алаң иелерi Аргентина командасына Қазақстан ұлттық құрамасы қарсы кездесу өткiзедi. Осы орайда бiз екi команданың жай-күйi мен жекелей спортшыларының аяқалысын саралай өтсек.

1889 жылы Гарвард университетiнiң студенттерi ұлттық құрама командалар қатыса алатын турнир ұйымдастыруды ойға алады. Солардың бiрi Дуайт Дэвис жарыстың сызба­нұсқасын сызып, алғашқы қатысушыларға өз қалтасынан сыйлықтар сатып алған екен. 1900 жылы ең алғаш өткен жарысқа АҚШ пен Ұлыбритания командалары қаты­сыпты. Сол кезде жеңiмпазға күмiс кубок сыйлаған Дэвис­тiң үрдiсi осылайша әлi күнге дейiн жалғасып келедi. Туринр Дэвистiң атымен 1945 жылы Дуайттың қайтыс болуынан кейiн атала бастады. Ал 100-рет өткiзiлген Дэвис кубогында екi команда емес, 129 ұлттық құрама қатысты.  Олар әр деңгейге байланысты топтарға бөлiнген. Жеңiм­паздар мен аутсайдер атанғандар деңгейлiк топтарға ауысып жүредi. Жоғарғы деңгейдi әлемдiк топ деп атайды. Мұнда жарыс олимпиадалық жүйемен өтедi. Яғни, жеңiлiс тапқан ұжым турнирден шығып қалады. Бұл топқа жету үшiн ұжымдар Америка, Еуропа/Африка, Азия/Мұхит жағалауы елдерi деп аталатын бөлiмдерден жеңiп шығулары тиiс. Әр бөлiмде 4 топ өзара бәсекелеседi. Мықты деп бағаланатын 2 топ олимпиадалық жүйемен, ал қалған 2 топ айналмалы жүйеде бақ сынайды. Әр топтың жеңiмпаз командасы келесi жоғары санаттағы топқа өтедi (соңғы төртiншi топтан өзгесi). Бiрiншi топтың жеңiмпазы Әлемдiк топтың аутсайдерiмен iрiктеу матчын өткiзiп, қай команданың ақтық кезеңде ойнайтынын анықтайды.

Голубевтiң ерлiгi

Қазақстан теннисiнiң соңғы жылдары қарқынды дамуға бет алып, әлемдiк деңгейде тәуiр өнер көрсете бастағанына куә болып жүрмiз. Осыған дәлел ретiнде теннис спортының әлем чемпионаты секiлдi iрi бәсекесi болып саналатын «Дэвис» кубогындағы Қазақстанның жемiстi нәтижесiн айта кетсе, жетiп жатыр. Өткен күзде Швей­царияның өзiн жеңiп, елдi таңқалдырғанымыз Чехия­ны өз алаңында ұтқанымыздың жанында дым болмай қал­ды. Федерер мен Вавринка бастаған швейцарлардан Аста­нада басым түстiк. Мақұл, Федерер келмегеннiң өзiнде де Швей­царияны осал команда қатарына қоса алмайсыз. Әлемнiң 4-ракеткасы болып жүрген Станислас Ваврин­каның атақ-даңқы кез-келген қарсыласқа оңай тиейiн деп тұрған жоқ. Сонымен 4–6-наурыз аралығында Острава қала­сында өткен 1-раунд ойындары өте тартысты болды. Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Юрий Щукин, Ев­гений Королевтер алаң иелерi Томас Бердых, Ян Хайек, Жиры Веселы мен Лукаш Длухыге қарсы кортқа шықты. Бұл арада Бердых пен Длухыдың шоқтығы биiк екенiн айта кету керек. Томаш Бердых әлемдiк рейтингте 6-болып орналасса, Длухы 24-сатыға тұрақтаған. Ал бiздiң коман­даның лидерi болып саналатын Андрей Голубев тек 45-орында ғана едi.

Тұсаукесер ойын ұзаққа созылды. Андрей Голубев Ян Хайекпен тайталаса жүрiп, 3 тай-бреэктiң 2-еуiнде жеңiске жеттi. Соңында отандасымыз 3:2 есебiмен маңызды жеңiске қол жеткiздi. Екiншi болып кортқа шыққан Томас Бердых пен Михаил Кукушкиннiң арасындағы матчта атақты чех қазақстандыққа дес бермедi. Үшiншi күнi болған жұптасу өнерiнде Бердых пенен Длухы шығып, Королев пен Щукиндi оңай ұтты. Егер 4-ойында Бердых Голубевтi ұтып кеткенде онда текетiрестiң тағдыры шешiлiп, келесi кезеңге Чехия өтер едi. Бiрақ оған жол бергiсi келмеген Андрей Голубев тағы да ерлiк жасап, Бердыхты 3:1 есебiмен ұтып кеттi. Соңғы шешушi кездесуде Ян Хайекпен ракетка түйiс­тiрген Михаил Кукушкин әупiрiмдеп жүрiп, қарсыласын сан соқтырды.

Аргентинаның арыны

Ендi тура осы кезеңдi бағындырған Аргентина жайлы әңгiмелесек. Сонымен бiздiң қарсыластардың әлемдiк теннис сахнасында қандай орындары бар? «Дэвис» кубо­гын сәттi бастаған аргентиналықтар Румыния құрамасын 4:1 есебiмен ұтты. Давид Налбандян алғашқы текетiресте Адриан Унгурды 3:1 есебiмен айқын жеңдi. Ал екiншi болып кортқа шыққан Хуан Монако Виктор Ханескуды тiзерлеттi. Үшiншi кездесуде жұптасып шыққан ойыншы­лар ойынның тағдырын 3-сетте-ақ шешiп тастады. Аргенти­налық Эдуардо Шнак пен Хуан Игнасио Чела румындық Виктор Ханеску мен Хория Тецауға ешқандай мүмкiндiк қалдырмады. 4-кездесуге шыққан Виктор Кривойдың өзi де Эдуардо Шнакқа жеткiлiктi қарсыластық таныта алмады. Тек соңғы ештеңенi шешпейтiн 5-кездесуде ғана румыниялықтар бiр ұпай еншiледi. Оның өзiнде Адриан Унгур Хуан Монаконы 2:1 есебiмен әзер жеңдi.

Әрине әлемдiк рейтингтiң алғашқы жүздiгiнен орын тепкен ойыншыларды ұту оңай емес. Давид Налбандянның өзi талай додаларда мықтыларға шаң қаптырған азулы спортшы. Әйтпесе, рейтингте 22-орында тұра ма? Монако мен Челалар да сәйкесiнше 38 және 43 орындарда жайғасқан. Осының өзi-ақ Аргентина құрамасы ойыншыларының қай деңгейде екендiгiн көрсетiп тұр.

Аргентина – Қазақстан арасындағы ширек финалдың күнтiзбесi:

7-шiлде. Бейсенбi.

10.00 (19.00 Астана уақыты) – Жекелей сын. 2 кездесу. 5 сет

8-шiлде. Жұма.

11.00 (20.00 Астана уақытымен) – Жұптасу сыны, 5 сет

9-шiлде. Сенбi.

10.00 (19.00 Астана уақытымен) – Жекелей сын. 2 кездесу. 5 сет

Түйiн сөз

Федерация басшысы генерал Новиков қызметтен кетiсiмен, ел теннисiнiң керi кеткен қадамы алға басты. Республикада осы спортты дамыту барысында келелi iстер мен бiршама реформалар жасалынды. Атап өтер болсақ, «Kazakhstan Team» бағдарламасы құрылып, 8–16 жасар аралығындағы жастарды iрiктеу арқылы АҚШ-қа оқу-жаттығуға жiбердiк. Одан кейiн тағы да тенниске бейiмi бар деген 30 баланы әлемнiң үздiк теннис мектептерiне бiлiм жетiлдiруге аттандырдық. Бас қаламыз Астанада әлемдiк талаптарға сай теннис кешенiн салдық. Бұрындары өткiзiлiп келген «Президент кубогы» жарысын қайта жандандырдық. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ теннисiнiң өркендеп, дамуына қолдан келген жағдайдың барлығын жасап бағудамыз. Атқарылған iс-жоспарлардың алды ендiгi өз жемiстерiн де берiп үлгеруде. Кеше ғана Федерация кубогындағы қыздар командамыздың өз тобынан бiрiншi орын алып, келесi кезеңге өтуi соған айғақ.

Ендi осы алған беттен қайтпай, теннис Федерациясы қарқынды жұмыстарын жалғастырса, үлкен нәтижелер күтетiн кез де таяп қалғандай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close