АРДАГЕР МҰНАЙШЫЛАР АЛҒЫСЫН ЖАУДЫРУДА

Ағымдағы 2019  жыл — еліміздің мұнай-газ саласы үшін елеулі мерейтой жылы. Қазақстанның қазіргі отын энергетикасы саласының тұғырын қалаған мыңдаған мұнайшылар үшін Қазақстан мұнайының 120 жылдығы – төл мерекесіндей, олардың әрқайсысы тек ел мұнайының тарихына ғана емес, осы игі кәсіпті жалғастырушы ізбасарлардың, саладағы заманауи менеджерлердің бүгінгі атқарып отырған істеріне өзінің тікелей қатысын сезінгендей болды.

Бүгінде егемен Қазақстанның экономикалық қуатының негізі болып табылатын 200-ден астам мұнай және газ кен орындарын ашқан мұнайшылардың аға буынының еліміздің өркендеуі мен толағай табыстарына қосқан үлесі зор. Мұнай-газ саласы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев үндегендей, Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 50 елінің қатарына қосылуының басты негіздерінің бірі болып табылады. Республикамыздың аға буындағы мұнайшыларының атқарған рөлі мен қосқан үлесі биыл Қазақстан мұнайының 120 жылдығында ерекше аталмақ. Мұнайшы ардагерлердің көбі салаға сіңірген айрықша еңбегі үшін мерейтой медальдарымен марапатталады. Ел Президенті мен республика Премьер-Министрінің атынан бірқатар ардагер үкіметтік марапаттарға ұсынылатын болады. Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» ҚҚ ұсынысы бойынша Атыраудағы Мұнай және газ университетіне Сәфи Өтебаевтың есімі берілді. Мұнайшылар Қазақстан мұнайының патриархы деп атап кеткен осы аты аңызға айналған тұлғаның құрметіне туған жерінде ескерткіш орнатылады.

Елін сүйген үш мұнайшы азамат негізін салған, 15 жыл бойына 9 мыңнан астам ардагер мұнайшыны бір шаңырақтың астына біріктіре алған Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры республика ауқымында осы гуманитарлық шараны дайындау және өткізу жөніндегі жұмыстарға белсене атсалысуда. Біз «Самұрық-Қазына» ҰИҚ, ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «КаzEnergy» қауымдас­тығына Қазақстан мұнайының 120 жылдығына өткізуге бағытталған ауқымды шараларды жоспарлауда біздің де ұсы­ныстарымызды ескергені үшін алғысымызды білдіреміз. Осы мақсатта құрылған жұмысшы комиссия көлемді ұйымдас­тыру жұмысын атқарып, аталмыш мерейтойға дайындық науқанына республикамыздағы барлық кен игерушілерді тартты.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің газетіңіз арқылы біз Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асуына себін тигізіп жатқан барлық азаматтарға ардагер мұнайшылардың атынан алғыс білдіреміз!

Кейінгі жылдары республика Президенті және Үкіметі ардагерлердің өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыруда. Дегенмен, саланың көптеген ардагерлері әлі де әлеуметтік қолдауға мұқтаж, әсіресе соңғы уақытта.

«Мұнайшы» қоғамдық қоры мұқтаж ардагер мұнайшыларға әлеуметтік және рухани-моральдық қолдау көрсету жөніндегі ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруда. Біздің атқарып отырған іс-шараларды атасақ, бұл: ай сайынғы атаулы материалдық көмек, мерзімді басылымдарға жазылу құнын төлеу, мерейтой иелерін құттықтау, ардагерлерге қиын жағ­дайда қолдау көрсету; «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты атақты мұнайшылар жайлы кітаптар топтамасын басып шығару, кен ізашарларының Даңқ аллеяларын ашу және басқа да гуманитарлық іс-шаралар.

«Мұнайшы» қоры демеушілік қаражатты шоғырландыру­дың ыңғайлы нысаны әрі мұнайшыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің ең оңтайлы жолы болып табылатындығын ес­кере отырып, сондай-ақ шынайы демеушілік көмек көрсету мақсатында, біздің қор мен «Самұрық-Қазына» ҰИҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оның компаниялар тобына кіретін: «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ және басқа компаниялар арасында 2005-2016 жылдарға Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат «Мұнайшы» қорын отандық мұнай компанияларының аға буындағы мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешудегі әлеуметтік әріптесі деңгейіне шығарды. Сала ардагерлері мен осы компаниялардың басшылығы арасындағы байланыстырушы әрі сенімді буын бола отырып, ардагерлердің әлеуметтік мәселе­лерін шешуде маңызды рөл атқаруда.

Қор өз қызметінде тек ұлттық мұнай компанияларымен ғана әріптестік қатынастармен шектелмей, республикамызда мұнай операцияларын жүзеге асыратын шетелдік, жеке және біріккен кәсіпорындардың демеушілік қаражаттарын  жұмылдыру бойынша зор ұйымдастыру жұмысын жүргізуде.  Қазақстан мұнайының 120 жылдығында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.», Тенгизшевройл (ТШО) және тағы бірнеше шетелдік компания қорға үлкен қолдау көрсетті, ардагерлердің ол үшін алғысы зор.

2018 жылы Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры құрылтайшыларының «Самұрық-Қазына» Ұлттық Игілік Қорына өтініші бойынша «Samruk-Kazyna Trast» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Аға ұрпақтан – жаңа ұрпаққа» жобасын жүзеге асыруға демеушілік көмек көрсетті. Бұл жоба көмекке мұқтаж және жалғыз басты ардагер мұнайшыларға, ҰОС ардагерлеріне, өндіріс мүгедектеріне қайырымдылық көмек көрсетуге және бірқатар іс-шараны өткізуге бағытталған.

2018 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта қор еліміздің барлық мұнай-газ өндірілетін аймақтарындағы мұқтаж ардагер мұнайшыларға, ҰОС ардагерлеріне, жалғызбастылар мен мүгедектерге ай сайын қайырымдылық көмек көрсететін болады. Осы жобаның шектерінде Қордың сайтын модерни­зациялау жұмыстары жүргізіліп, интернет-магазин функцио­налына ие электронды кітапхана жасалды, себебі қордың шығарған барлық кітаптары тарихи, библиографиялық және анықтамалық материал ретінде ерекше құндылыққа ие болып, республикамыздың мұнай-газ өнеркәсібінің даму тарихын зерттеушілер үшін таптырмас көмекші құрал болып табылады. Электронды басылымдарға қол жеткізуді жеңілдету мақсатында «ҚМА» және «Жеңіс» топтамасындағы кітаптардың барлығы «Қазақстанның мұнай энциклопедиясы-2005» анықта­малығы сандық форматқа көшірілді. Осы басылымдардың барлығын электронды нұсқада www.munayshy.kz веб-сайтынан сатып алуға болады.

Қордың негізін қалаушы және тұңғыш атқарушы дирек­торы, мемлекет және қоғам қайраткері, атақты бұрғышы Нәсіп­қали Әбуғалиұлы Марабаевтың есімі берілген гуманитарлық салалық «Мұнайшы» қоғамдық қорының алға қойған мақсаттары әлі де көп. Қор мұнай-газ саласы ардагер­лерінің сіңірген еңбегіне лайықты баға беріп, мұнайшы кәсібін ұлықтау үшін аянбай еңбек етуге дайын.

Біз барлық отандық және шетелдік компанияларды қоғам алдындағы және көмекке мұқтаж ардагер мұнайшылардың алдындағы өз әлеуметтік жауапкершілігін орындау мақсатында бізбен ынтымақтасып, күш біріктіруге шақырамыз. Біздің бір-бірімізге тигізер пайдамыз көп болатынына сенімдіміз.

Ардагерлер бизнес қауымдастығының көмегіне әлі де зәру.

 

Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *