Ардағым десе, арқаланып кететін

Жақсыдан шарапат деген. Осынау бір ауыз сөздің астарына қаншама қасиетті мағына сыйғызған дана халқымыз. Айналасына шапағат нұрын себетін игі жақсыларымыздан бірінен соң бірінен айырылу бізге оңай болмай тұр. Өткен аптада қазақ журналистикасының ақтаңгері Бекболат Әдетовтен айырылсақ, бүгін белгілі қаламгер, Бекеңнің өмірдегі дос-бауыры Ғалым Тыныбаевтан көз жазып қалдық.

Өткен ғасырдың бел ортасында алғашқылардың бірі болып ата-баба топы­рағына оралған Ғалым аға­мыз туған топыраққа ежелгі мәдени құндылықтарды алып келіп, оны халқы­мыздың мұралық дүниесіне айналдыруда көп еңбек сіңірді.

Жақсылық – азаматтық парасаттың туы. Оның үлкен-кішісі болмайды. Сүрінгенде досыңа қол жәрдемін беріп, игілігі мол сауапты іс жасау да жақ­сылық шырайына жатады. Ғалекең сол тұстары елге келген өзге бауырларына да көп жәрдемін тигізді.

Еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» басылымында қызмет етіп, қоғам өміріне белсене ара­ласты. Газет секре­тариа­тында жастарға тәрбие беріп, басылымның «Егемен Қазақстан» газетіне айнал­уына өзіндік үлес қосты.

Ғалекең жаңашылдыққа жаны құмар жан болатын. Киім кию үлгісі мен жүріс-тұрысының өзі мәдениеттен тұратын. Киікотына үйме­леген көбелектей оны жас­тар үнемі қаумалап, өздеріне ұстаз тұтатын.

Адамды санадан өшір­мейтін мәңгілік құндылық – ән өнері. Ғалым ағамыздың «Ардағым» әні кезінде халықтың сүйіп тыңдайтын әніне айналды. Ол ұзақ уақыттар бойы бас басылым ұжымының әнұранына ұласты.

Алдың пейіш, артың кеніш болсын, асыл аға!

 

  «Ақшамдықтар».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *