Арбаттан арт-галереяға дейін

 

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Шын зерделеп ұққанға қазақтың бейнелеу өнері де өзгеше даму үстінде. Егер оның қыр-сырына одан әрмен қанық боламын, жан-дүнием буырқаныс күйін кешсін десеңіз, мына бір мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Қаламыздағы «Заңғар» танымал сауда орнында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дүние жүзіне аты мәшһүр суретші Алпысбай Қазығұловтың «Дала өнері» арт-галереясы ашылды. Осы күнге дейін 7 мыңнан астам картина жазған, өзі де, өнері де ешкімге ұқсамайтын суретшінің мұнда өзінің 15 картинасы мен еліміздің танымал қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған. Жалпы, бұл күнді тарихқа Қазақстандағы арт-рыноктың алғаш қадам басқан күні десе де болады. Осы тұрғыдан келгенде, бұл қадамды жаңалық деуге болады. Шынында арт-галереяға келген көрермен қала мен дала мәдениеті, өркениетінің тоғысқан сәтіне куә болды.

 

Алматыдағы «Заңғар» танымал сауда орнында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші Алпысбай Қазығұловтың «Дала өнері» атты арт-галереясы ашылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайрат­керлері, өнер­танушылар қатысты. Белгілі сурет­ші Алпысбай Қазығұлов­тың айтуынша, арт-галереяны ашудың басты мақсаты –  отандық кәсіби қыл­қалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу. Жалпы, сауда орнына қойыл­ған картиналарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этно тақырыптар, қазақ даласының табиғаты кеңінен қамтылған.

Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған ҚР Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков автор­дың туындылары туралы айта келе, оларға жоғары баға берді. Сонымен қатар, белгілі кинорежиссер Серік Әзімов те аталған көрмеге қойылған туындылардың көркемдік мәніне, арт-галереяның кәсіптік деңгейіне тоқтала келе, суретшіге шығармашылық табыс­тар тіледі.

Шығармашылық алаң қабырғасын­дағы әдемі картиналар көздің жауын алады. Сол заманда жүргендей әсер аласың. Суреттер майлы бояумен салы­нып, бір-бірімен үйлесім тапқан. Сурет­шілер сан алуан көзқарастарымен тарих­қа деген құрметтерін жеткізе біл­ген. Көрмеге қойылған жұмыстар қазақ халқының тарихы мен мәдениеті тақы­рыбын кеңінен қамтыған.

Арт-галереяға еліміздің белгілі суретшілері Әбілхан Қастеев, Ерболат Төлепбаев, Марат Әбдіреев, Ербол Хамиров, Құрманғазы Ақашов және тағы басқа кәсіби қылқалам шеберлері­нің 70-тен астам картиналары қойылды. Айта кету керек, топтамаға белгілі сурет­ші Алпысбай Қазығұловтың 15 картинасы да ұсынылған екен.

Алпысбай Қазығұлов 1958 жылы 25 қыркүйекте Қызылорда облысы, Арал қаласында балықшы отбасында дүниеге келді. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-гра­фика факультетін тәмамдады. Қа­зақстан Суретшілер одағының мүшесі. Республикалық және одақтық дәре­жедегі бейнелеу өнері кәсіби шеберле­рінің көрмелеріне қатысушы. Сондай-ақ, шет елдердегі, оның ішінде Ресей­дегі, Жапониядағы, Нидерландыдағы, Бельгиядағы көрмелерге қатысқан. 2003 жылы Прагада өткен көрмеде әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін еуропа­лық өнер одағы­ның Масарик атындағы құрметті сыйлығымен марапатталды. Ол абстрак­ционизм және сюрреализм стилінде жұмыс істейді.

Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ,

ҚР Суретшілер одағының төрағасы:

 

ЕСІМІ БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ, ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ДЕ КЕҢІНЕН ТАНЫЛҒАН СУРЕТШІ

 

– Бүгінде бейнелеу өнері айдынға жеке шыққан кеме секілді. Арт-гале­реялардың ірі банк, сауда орталықта­рының ішінде көптеп ашылуы әлемдік тәжірибеде бар дүние. Ал бізде бұл жағы енді-енді қалыптасып келеді. Өнер бір орында тұрмайды ғой. Арт-галереялар­дың көптеп ашылуы суретшілерге де, қарапайым халыққа да пайдалы. Осын­дай шығармашылық алаңдарының суретшілерге көп көмегі тиетіні анық. Осы арқылы суретшілер танылады, наси­хатталады. Заманауи менеджмент заңдылықтарымен жұмыс істейтін мұндай галереялар мықты суретшілер­мен бірлесе жұмыс істеу арқылы пайда табады. Тиісті мөлшердегі табыстан суретші де кенде болмайды.

…Ал Алпысбай Қазығұловтың есімі біздің елімізде де, шет елдерде де кеңі­нен танылған. Оның туындыларының қай-қайсы да адамның қызығушылығын тудырмай қоймайды. Алпысбай мырза – қазақ бейнелеу өнері жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты сурет­шілердің бірі. Сондықтан да автор кез-келген құрметке лайық. Оған тек шығармашылық табыстар тілеймін.

 

Суретшінің бауыры, белгілі журна­лист Шархан Қазығұл арт-галерея туралы ойларымен былайша бөлісті:

 

«Өнерге құштарлық картинаны сатып алудан емес, сол карти­наларға терең үңіліп, ойлауға үйре­нуге бейімделуден басталады»

 

– Тоқсаныншы жылдары қазақтың көптеген белгілі суретшілерінің өзі жұмыс­тарын Алматыдағы Арбатта сатып тұратын. Бұл, әрине, жабайы капитализмнің бір деталі екеніне ешкім­нің дауы жоқ. Шынында да, күні бүгінге дейін Қазақстанда арт-рынок дамыды деп айта алмаймыз. Мақтанып жүретін Ресейдің өзінде бұл бизнес енді-енді аяғынан тұрып келеді. Қазіргі заманғы әлемдік өнер нарығының 78 пайызын Қытай мен АҚШ құрап отырғаны жасырын емес. Миллиардтаған доллар қаржы осы екі елде айналып жатыр.

Ал бізде арт-рыног әлі де әлеумет­тік-мәдени құбылыс ретінде мойындал­май отырғаны жанға бата­ды. Оның объективтік және субъек­тивтік себеп­тері өте көп. Біріншіден, осы бағыттағы заңнамамыз өте төмен деңгейде. Екін­шіден, мемлекет тарапы­нан өнер адам­дары әлеуметтік тұрғыдан қорғалмайды. Үшіншіден, тауарды (өнер туындысын) өткізудің нарықтық технологиясын меңгеру жағы әлі мардымсыз.

Осындай қиындықтарға қарамастан, туған інім, белгілі суретші, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Алпыс­бай Қазығұлов 9 ақпан күні тағы бір ерлік жасағанын мақтанышпен айтамын. Алматыдағы «Заңғар» сауда орталығы­нан өзінің жеке «Дала өнері» арт-гале­рея­сын ашып, оның тұсаукесерін өткіз­ді. Осы күнге дейін өзі 7 мыңнан астам картина жазып, басқа белгілі суретші­лер­дің жүздеген картиналарын сатып алып, үлкен коллекция жинап үлгерген Алпысбай осылайша Қазақстанда арт-рыноктің дамуына өз үлесін қосып отыр. Бұл айтқанға ғана оңай. Мұның бәрі тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында келді. Арт-рынок тарихы­ның бастауында тұрған Алпысбайдың бұл қадамы үшін ерекше қуанғанымды жасырғым келмейді. Тұсаукесердің өте табысты өтуіне Алпысбайдың ұлы, арт-дилер Әнуардың көп еңбек сіңіргенін де айта кеткім келеді.

Алматыда болсаңыз, арт-галереяға баруды ұмытпаңыз! Өнерге құштарлық картинаны сатып алудан емес, сол карти­наларға терең үңіліп, ойлауға үйре­нуге бейімделуден басталады. Ал ойлауды үйренген қазақ күндердің күнінде ойланбай картина сатып алуды да әдетке айналдыратынына сенімдімін. Өркениеттің көшінен қалмау деген сол!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *