ҚАРАШАҢЫРАҚ

Қала  құндылықтары

 

57Қазақ бейнелеу өнерінің атасы, Халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толуына орай 2014 жылы 17  қаңтарда  ол тұрған үй Музей-үй ретінде есігін көпшілік қауымға ашып, мәдени өміріміздегі елеулі жаңалық болып аталып өтті. Суретшінің өмірі, тұрмысы, бейнелеу өнеріндегі тар жол, тайғақ кешулері жарты ғасырдан астам уақыт бойына аңыз-әңгіме мен деректі зерттеулердің, өнертанушылар мен зиялы қауымның назарында болып, үнемі толығуда. Ауыр тұрмыстың дәмін бала күнінен татса да жарату­шының берген таудай талабының арқасында талан­тына жол ашылды. Қазақ деген халықтың еуро­палық үлгідегі бейнелеу өнерінің алғашқы қарлы­ғаштарының бірі де бірегейі болу бақытына қолы жетті. Ғаламат еңбекқорлығы мен өмірді сүйген, табиғат пен туған халқына деген шексіз махаб­батынан мыңдаған суреттер туындап,  рухани байлығымыздың алтын қорына қосылды.

Әбілхан ағаның 15 жыл отбасымен тұрып, қарапайым адами бақытын көрген шаңырақ бүгінде музей-үй атанды. Музей-үйдің ел назарына дұрыс көрінуі үшін, ұлы суретші тыныстап, маңдайтерін төккен қасиетті орында қызмет етіп жатқанымызды – бізге де тағдырдың берген сыйы деп қабыл­даймыз.

54Дегенмен, бұл үйдің салыну тарихында көпші­лікке белгісіздеу қиындықтар болғанын да айта кеткеніміз жөн сияқты. 1942 жылы республиканың Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған кезде суретшінің тұрмысына қамқорлық жасау керектігі жөнінде, Алматы қаласының басшылығына  шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін, баспана мәселесін шешіп беруге нұсқау берілген Үкімет қаулысында (№560, 28.11.1942 ж.) көрсетілген екен. Бірақ, Алматыда баспана тауқыметін тартқан қан­дастары секілді Қастеев отбасы да пәтер тапшы­лығын бастарынан кешеді. 1936 жылы алғашқы үй-жайы айына бір сом төлеп тұрған, төбесі сабанмен жабылған қарапайым жер үй болса, кейіннен Су­ретшілер одағының төрағасы Мұхамед­жан Жанкин Медеу шатқалындағы екі бөлмелі үйін береді. Ол үйде қыста тұруға мүмкін болмағандықтан, қаладағы екі бөлмелі үйінің бір бөлмесіне көшіріп, үлкен қам­қорлық жасайды. 1940 жылдардың басынан сол кездегі Өзбек көшесі, 134-үй, 6-пәтерде  (қазіргі Сейфуллин даңғылы)  Мұхтар Әуезовтен босаған пәтерде бес баласымен қысылысып, жеке үйге көшкенше тұрады.

55Пәтер тарлығын,  Республика халық суретшісі бола тұра шығармашылықпен айналысуға шеберха­насының жоқтығын айтып республика Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхме­товке 1947 жылы жазған хатында баяндайды. Үй салу мәселесі тек 1956 жылы ғана қолға алынады. Оның өзінде сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А. Қонаевтың Әбілхан ағаны құрметтеп, арнайы көңіл бөліп, нұсқау беруінің арқасында 1958 жылы жүзеге асады. Бәлкім, Әбілхан аға Димаш інісімен кездеспегенде  бұл қамқорлық та қанша уақытқа шегінерін кім білсін?.. 1950 жылдардың басында республика Ғылым академиясының пре­зиденті Дінмұхамед  Қонаев бірде Ғылым академиясының орталық есігіне қарама-қарсы гүлзардағы орындықта өзімен — өзі ойланып отырған Әбілхан ағасын көріп, бұрылып барып сәлем береді. Хал-жағдайын, отбасы амандығын, шығармашылық жаңалықтарын сұрастырады. Әбілхан аға үлкен қызметтерде жүген Димекене ұят та болса үй тарлығын, жеке шеберханасының жоқтығын айтса керек. Еліміздің тұңғыш Халық суретшісінің қиындау тұрмыстық күйі Димаш ағаның көңілін козғап, көкейінде қалады. Ол республика Министр­лер кеңесінің төрағасы болып тағайындалған соң, суретші ағасының баспана мәселесін шешуді қолға алып, орындалмай жатқан Үкімет шешіміне қозғау салады.   Бірақ, бұл жерде де суретшіге деген қиянат жалғасын табады. Үйдің қабырғасы кірпіштен емес, қамыс қосылған саздан тұрғызылады. Сол уақытта осы үйдің прорабы өзіне кірпіштен үй салып алған көрінеді. Үйге орнатылған темір пешке от жағылатын. Одан жылитын төрт жылу құбырының тек екеуі ғана жылыған. Балалары суық тиіп, жиі-жиі ауыра берген. Ал, бұл үйге кіргенге дейін 1955 жы­лы балаларының ішіндегі ең бір таланттысы, суретші, музыкалық аспаптардың сан түрінде еркін ойнайтын қабілетті Нұртайы жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Енді қалған балаларының ауырмай-сырқамай аяқтанып кетуін тілейді. Әбілхан аға қала басшыларына әлденеше рет арызданған соң, үйді осы аумақта орналасқан тубдиспансердің жылу қазандығына қосады. Бірақ, мәселе онымен шешілмейді. Гүлдәрия Әбілхан­қызының айтуынша, қазандыққа от уақытында дұрыс жағылмаған.

56Бала күнінен көрген ауыр тұрмыстың әсері ме, әлде елге танымал суретші, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілсе де осындай тұрмысындағы қолайсыздықтардың салдары ма екен, Әбілхан ағаның жүрегі сыр беріп, «инфаркт»  деген пәленің құлағы көріне бастайды. Кейде қан қысымы артып, мазасын алады. Ал, 1966 жылы Кеңес одағының үздік өнерпаздары құрамында арнайы кемемен Жерорта, Қызыл теңіз арқылы ашық мұхитқа шығатын сапарға дайын­далады. Бұл теңіз жаға­лауындағы мемлекеттер мен өрке­ниет ескерт­кіштерін көру мүмкіндігі туғанда, ғұмырында шет елге шығып көрмеген ұлы суретші ерекше көңіл күйде, аса қуанышты жағдайда  сол күндерді асыға күтеді. Үйіне келген достары мен әріптестеріне сапарының маршрутын картадан көрсетіп, теңіз жағалауындағы Испания, Италия, Франция, Египет, т.б. елдердің топырағын басып, өнер ескерткіштерін көру бақытына кенелетіндігін қиялымен елестете әңгімелейді. Ол елдер туралы кітаптар мен энцикло­педиялардан танымдық дүниелерді тауып оқып, білімін толықтыра түседі. Бірақ, дәрігерлік комис­сияның «бұл сапарға денсаулығыңыз жарамайды»  деген қорытындысы әйгілі елдер мен жерлерді көрсем деген арманын су сепкендей басады. Алып ұшқан көңілі құлазиды. Бұл оқиға да Әбілхан ағаның денсаулығының нашарлауына «өз үлесін»  қосқан секілді.

631966 жылы қала архитекторы Нұрғазы Ора­зымбетовтің басшылығымен үй орнынан күреліп, осы қазіргі үй (бұл да қамыс қосылған саздан) бой көтереді. 1968 жылы қосымша шеберхана салы­нады. Бірақ, жылу беру мәселесі сол күйінде ше­ші­мін таппай, тек 1973 жылы 15 қазанда ғана қаланың орталық жылу жүйесіне қосылады. Ал, бір жарым айдан соң 2 қарашада ұлы суретші өз ауласында отырып, жүрек талмасынан қайтыс болады.

Қазақ КСР халық суретшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі мәрте Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше орден мен медальдардың иегері бола тұра баспанадан осындай қиыншылық көрген Әбілхан ағаның жүрегі қалай ауырмасын… Жазды күндері көбінесе ел аралап, табиғатқа шығып жұ­мыс­тар жасаған. Ал, күз, қыс, көктем айларында иығы­­на пальтосын жамылып, аяғына жылы бай­пағын киіп, салқын шеберханасында сурет сала берген. Ол жылуды, өмірге деген қызығушылықты сүйікті шығармашылық жұмысынан тапқан секілді. Ешкімге дауыс көтермеген, ренішін білдірмеген, мен сондай таланттымын, атақтымын деп кеуде кермеген қарапайым да сабырлы суретші еңбектің ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Сурет салудағы шеберлігін ұштаумен, бір туындыдан екіншісіне үнемі өсумен болған. Біз оны өмірінің соңында жазған 1970 жылдардың басындағы Қапшағайға арналған туынды­ларынан көреміз.

Иә, сол 1970 жылдары қала әкімшілігі Ленин және Шевченко көшелерінің қиылысындағы көп қабатты үйден үш бөлмелі пәтер береді. Бірақ, ол үйге үйленген, балалары бар екі ұлын кіргізеді.

58Суретшінің туғанына 100 жыл толуына орай Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жөнінде шараларды қолға алады. Ә. Қастеев атындағы МӨМ-нің алдынан ескерткіш орнату, отбасы отыр­ған үйді музей жасау жөнінде игі іс қолға алынады. Қала әкімдігі отбасына екі бөлмелі екі пәтер бергізіп, жеке үйді өз қарамағына алғанымен, музей ашу ісі кейінге қалдырыла береді. Біресе қалалық әкімдік, біресе Ә. Қастеев атындағы МӨМ қарамағына өткен он жылда үйдегі мебельдер тозып, жоғалуына жол берілген. Тек суретшінің 110 жылдығы қар­саңында Ә. Қастеев атындағы МӨМ-нің өз күшімен жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, балаларының қолында сақталып қалған зат-бұйымдары, кар­тиналардың көшірмелері әзірленіп, мұражай үйі дайын болады. Бұл жерде музей директоры Бақыт Сералиевтің ынталы еңбегін айта кеткеніміз жөн. Содай-ақ, ғылыми хатшы Г. Мол­дашева, Қазақстан бейнелеу ғылыми орталығының жетекшісі Ә. Жа­дайбаев қызметкерлерімен және суретшінің қызы Гүлдәрия Қастеева ауқымды жұ­мыстар ат­қарды. Музей-үйдің ашылу салтанатына Қазақ­станның Халық суретшісі, 85 жастағы ақсақалымыз Сабыр Мәмбеев, Парламент сенаты­ның депутаты Нұрлан Оразалин, Мәжіліс депутат­тары Қуаныш Сұл­танов, Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов, қала әкімдігі, Мәдениет басқармасының қызмет­керлері, басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Үстіміздегі жыл Ә. Қастеев атындағы өнер му­зейінің 80 жылдығына орай музей-үйдің аяқталмай қалған жөндеу жұмыстарын жалғастырып, сурет­шінің өмірі және шығармашылығымен танысам деушілерге мүмкіндігінше жағдай жасалды.

Қарашаңырақ – қазақ халқында қасиетті ұғым. Мәселен, алғаш шаңырақ көтерген М. Әуезов атындағы академиялық драма театры, тұңғыш ашылған оқу орын­дары: ҚазПИ, ҚазМУ, Ұлттық кітапхана секілді руха­ниятымызға қызмет етіп жатқан қарашаңы­рақтар еліміздің мақтанышы. Сон­дай-ақ, ұлы тұлғалар өмір сүріп, қызмет еткен, маңайына ізгілік пен еңбектің, білім мен өнердің сәулесін шашқан мекенжайлар да қарашаңырақ­қа сан­алған. Солай деп, Жидебайдағы Абайдың, Ұзын­ағаштағы Жам­былдың,  Алматыдағы А. Бай­тұрсынұлы, М. Әуе­зов, Д. Қонаев, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлерін айтар едік.

1929 жылы көркемсурет студиясына білім алуға келген жігіттің өздігінен салған суреттерін көрген 78 жастағы қарт суретші Н.Г. Хлудов: «осыншама жасқа келгенде қазақтан шыққан мұндай талантты суретшіні көргенім үшін бақыттымын» деп қолын қысқан екен. Сол бағаны өмірінің соңына дейін дәлелдеп өткен халқымыздың біртуар қылқалам шебері Ә. Қастеевтің музей-үйі де өнеріміз бен мәдени өмірімізде өзгеше орны бар, қадірлі де қасиетті қарашаңыраққа саналуы тиіс. Өйткені, бұл музей-үй өнеріміздің бәйтерегі, елі мен жерінің ұлылығын қылқаламымен жырлаған дархан дарын иесінің отбасы мен ұрпағының ғана емес, бейнелеу өнеріміздің бір құтты мекені. Неге десеңіз, бұл үйде Әбілхан аға өзі барда тағы бір ұлы талант, халқы­мыздың мақтанышы Орал Таңсықбаев жиі атбасын тіреп, құрметті қонағы болған. Дарынды замандас­тары мен іні-қарындастары: Әубәкір Ысмайлов, Құлахмет Қожықов, Хәкімжан Наурызбаев, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Қанафия Тельжанов, Сабыр Мәмбеев, Молдахмет Кенбаев, Гүлфайрус Ысмайлова, Евгений Сидоркин, Жанатай Шарденов, Бек Төлеков, Загруддин Назыровтар жиі болып, дидарласып тұрған. Шет елден келген қонақтар: амери­кандық Рокуэл Кент оншақты адаммен, Арменияның өнер апталығында Мартирос Сарьян, Қырғызстанның әйгілі сурет­шілері Гапар Айтиев, Сабырбек Ақылбеков, Моңғолия, Венгриядан келген белгілі өнер адамдары бұл үйден дәм татқан екен. Өзімізідің өнер жұлдыз­дарымыз: Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Нұрғиса Тілендиев, жазушы Сәбит Мұқанов, кинооператор Ескендір Тынышбаевтар да жиі бас қосқан. Ал, кейін елге белгілі болған жас суретшілер ағаның батасын алып, ақыл-кеңесін тыңдаған. Сондай-ақ, жаз айларында елден, туған ауылынан ағайын-жерлестері оқуға балаларын әкелсе де, дәрігерге қаралуға келсе де осы үйге түсіп, орын болса үйге қонып, болмаса ауладағы шатыр астында жатқан. Барлығы Сақыш апаның кең дастарханынан дәм татып, шаруалары біткен соң алғыстарын айтып, ауылдарына қайтып отырған.

Міне, Әбілхан ағаның үйі кезінде осындай дастарханы жиылмаған қонақжайлылығы өз алдына, бейнелеу өнерінің өркендеуіне рух берген, үлгі-өнеге көрсеткен қарашаңырақ деп айтуға толық негіз бар. Ендігі мақсат – музей-үйдің экспонат­тарын толықтыра түсу, суретшінің өмірі мен шығармашылығын тереңдете зерттей беру,  мол мұрасын насихаттап, музей-үйдің мәртебесін көтеру. Ескірген, тозған тұстарын жөндеп, ауланы абаттандырып, республикамыздағы әзірше суретшіге арналған жалғыз музей-үйді өз еліміз бен сырттан келген қонақтарға лайықты көрсетіп, таныстырсақ деген ойдамыз.

 

Еркін НҰРАЗХАН,

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер  музей-үйінің жетекшісі

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *