ҚАРАСӨЗДІҢ ҚАРА НАРЫ

Халық жазушысы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов – 80-де

 

79Осы көктемде 80-нің сеңгіріне шығатын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, белгілі қаламгер Қабдеш Жұмаділов өмірінің 60 жылын Алматыда өткізіпті. Қазақ интеллигенциясының алтын ордасына айналған Алматы қаласында өмір сүрудің өзі кімге де болсын бақыт емес пе?! «Фейербахтың метафизиктік көзқарасы – ауылда қалып қойғанынан» деп Гегель айтқандай, егер Қ.Жұмаділов туған жерінен дер кезінде қол үзбегенде, соншама мол қазына көкірегінде кетіп, қазақ әдебиетінің «ақтаңдақ беттері» толықпас еді. Шығармашылық жолы 1960 жылдардан басталған  Қ.Жұмаділовтің ерекшелігі сонда, ол кейіпкерлерін бай мен кедей деген жікке бөліп әуре болған жоқ. Жазушы ұстанымы – шындық пен дәлдік, өмірде болған нақты оқиға мен өзінің жеке интуициясынан туған көркемдік қиял. Мұның бәрі суреткерлік шеберлікпен ұштаса келе, қаламгердің тарихи шығармаларында ірі империялардың отарлау саясатының басталуы мен аяқталуына дейінгі халық тағдыры түгелге жуық қопарылыстыра сөз болды.

1956 жылы үздік оқушы болғандықтан, ҚХР-нан келіп, ҚазМУ-де екі жыл оқыған студентті «Стиль түзету» науқаны басталған кезде Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. Оған  «бала жасынан ұлтшыл» деген айып тағылады. «Сөйтіп мен 22 жасымда «ұлтшыл» атандым. Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйреніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақшы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәуба!  Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді. Тегінде, қай елде болмасын, отаршыл өкіметтің «халық жауы» дегендерін – «Халық қаһарманы», «ұлтшыл» деп атағандарын «елін сүйген патриот» деп ұқсақ, қателеспейміз», – деген сөзді қарымды қаламгер «қытайдың қайыс ноқтасынан ғана емес, орыстың темір ноқтасынан да құтылып», ауыздан тұмыл­дырық алынғаннан кейін ғана айтуға мүмкіндік алды.

Қ.Жұмаділовтің өз сөзімен айтсақ: «халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда, «ұлтшыл неге жаман болуға тиіс? Тәуелсіз, еркін елдерде «ұлтшыл» сөзі әлі күнге дейін оң мағынасында қолданылады. Оларда «ұлтшыл» атану – мақтаныш. Ал, біздің қорқып қалғанымыз сонша, өз халқын сүйген азаматтарды «ұлтшыл» деуге аузымыз бармай, «ұлтжанды» деп жүрміз. Осыны естігенде бетіме бірдеңе былш ете қалғандай болады. Мен білгенде, бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар-ды. Байжанды, қатынжанды және итжанды. Үшеуі де – ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Сондықтан мен шар тартқан шағымда «бірдеңе жанды» атанғанша жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген атағымды сақтап қалғым келеді», – дейді.

«Бала күнінен ұлтшыл» атануына себеп, оған мектепте жүргеннің өзінде Қытайдағы қазақ, ұйғыр сияқты ұсақ ұлттардың тілдік мәселесін қозғап, облыстық баспасөзге мақала жібергені негіз болады. Бұдан кейінгі жылдарда Үрімшідегі «Шұғыла» журналына өлеңдері мен тұңғыш әңгімесі – «Жамал» жарияланып үлгергенмен, көші-қонның негізгі идеясын жанын шүберекке түйіп жүріп жасаған болашақ жазушы 1962 жылы ол өлкені біржола тастап, шекара маңындағы тұтас көтерілген елді бастап, бергі бетке өтіп кетеді. Міне, осы кезден бастап, Қ.Жұмаділовтің шығармашылық еңбегі басталады. 1963 жылы жазылған «Қаздар қайтып барады» деген әңгімесі соқталы романдарының ғана емес, қазақ әдебиеті тарихында туған жер, атамекен, атақоныс тақырыбына арналған шығармалардың да алғашқы қарлығашындай.

«Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық шығармасында роман – тұтас дәуірдің шындығы болғанда, әңгіме – сол шындықтың адам басындағы бір бөлшегі екендігін, өмірді зерттеп білмей тұрып, кейіпкеріңді көз алдыңа айқын елестетпей тұрып, қолға қалам алу бекершілік болатындығы жөнінде кәнігі ғалымдар сияқты ой айтқан Қ.Жұмаділовтің бұл әңгімесінде тебеннің көзіндей тесіктен тауды жарып, тасты бұзып ағатын шырдақ судай болашақ тасқынды туындыларда айтылатын қордалы ойдың ұшығы меңзеледі. Осы әңгімедегі туған жермен кіндіктес Байтас деген жетім шалдың өлер шағында жалғыз өзі жасырын жолмен тау асып, кезінде ата-баба қонысынан түйіп алып, тұмардай сақтаған бір уыс топырақты қайта әкелуінде қаншама мағына жатыр десеңізші?  Мұнда жазушы бірді көлденең тарту арқылы мыңдардың, миллиондардың қайғысын қозғап, тағдырын танытып тұрған жоқ па?!

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін жазушы «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», «Прометей алауы», «Қылкөпір», «Атамекен» сияқты романдарында сөз болған тарихи тақырыпты шағын жанрға ауыстырғаны байқалады. Бұған «Көкжалдағы» Оспан батыр, «Абылайдың ақырғы күндеріндегі» Абылай, «Абылайдың ақырғы батырындағы» Бердіқожа, «Ханның басы қанша тұрадыдағы» Кенесары, «Аққуды атпас болардағы» Шәкәрім, «Қанды қақпандағы» Мұхаметқали үкірдай, «Академиктің көз жасындағы» Қ.Сәтбаев, «Шамырқанса шарт сынатын тектілердегі» Қ.Аманжолов пен М.Мақатаев, «Қысқа өмірдегі қырық құбылған дүние-айдағы» С.Мұқанов, «Ағалардың алақанындағы» С.Шаймерденов, «Аранға түскен аққулардағы» Алаш қайрат­керлерінің жұбайлары, «Тозақ отындағы» Тарым лагері, «Әріп пен Сара», т.б. эссе, хикаяттарындағы образдар галереясы дәлел.

Біз сөз еткелі отырған әңгімелерінің тақырыбы әр алуан. 2000 жылдардан кейін жазған «Жалдамалы күйеу», «Бұхарбайдың бұқасы», «Жемдеген қырғауылдар», «Толған айдың түні», «Құдайдың үйі», «Бір ғана ғұмыр», «Дөңгеленген дүние-ай», «Тіленші», «Ит базары», «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи арасы», «Тоқымқағар» «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әмбебап әйел», «Ол да бір қызық дәурен-ді», «Бәс, немесе қарагер аттың хикаясы», «Есі ауысқан адамдар», «Диктатор­дың ажалы», «Қараманның қарғысы», «Донжуан қораз», «Қысыр кеңес», «Құр­дастар», «Ағалардың алақаны», «Батырмен өткен бір күн», «Елім-айлап өткен өмір», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Жағым­паздың ажалы», «Сырттан», «Жеті ата», «Аруақтың ататыны рас па?», «Жалған атақ, арзан абырой», «Сызықтың арғы жағы, бергі жағы», «Менің алғашқы бастығым», «Көгілдір жәшік алдында», «Жан мен тән», т.б. сияқты толып жатқан әңгімелері осы ойымыздың куәсі. Шағын мақалада мұның барлығына тоқталу мүмкін болмайтындықтан, бір-екі әңгімесі туралы бірер ауыз сөз айтайық.

«Зауал» әңгімесінде ұлт басына төнген зобалаңның кесірінен нақақ сүргінделіп, нақақ жазаланған азаматтың бастан кешкені айтылады. Бұл үйленгелі жүрген жарынан айрылады, өз мәмпағаты үшін ол азаматты өз қолымен күйелеп жіберген пысықай оның үйленгелі жүрген қызын шырғалап қолына түсіреді. Жаңағы жалақор ол қайтып келгеннен кейін қылтамақпен ауырып жатып, өлер шағында нақақ жазаланған адамды үйіне шақырып, кінәсі үшін кешірім сұрағандай болады. Бұл жерде жазушы ешкім айта қоймаған түйінді алға тартады. Өйткені, әйелдің өз басы да онша опалы емес, ойнамалы екенін бетіне басады.

Ал «Мерген» деген әңгімеде қазіргі заманның шертіп тұрған проблемасы қозғалады. Ауғанстан соғысынан қайтқан мерген қазақ жігіті бірден ауылына келмей, біраз жыл Шешенстанда ғұмыр кешеді. Шешеннен қыз алады. Біраз жыл өткеннен кейін ол әйелімен Алматыға келеді. Ел баспана таба алмай жүргенде, ол Алатаудың бауырынан коттежд сатып алады. Жігіттің негізгі оқыған кәсібі – суретші. Күнкөрісі – адам ату, мергендік. Бірде басына келідей күрең папаха киген қайынағасы келіп, адам ату туралы тапсырыспен таныстырады. Оның бір кереметі  – өнер, ғылым адамына, былайғы ұлттық көзқарастағы азаматқа қиянаты жоқ. Шығарманың қуаттылығы сонда, атылуға тиісті адам – расында үкіметтің де, заңның да әлі келмейтін үлкен бір мафияның керемет лидері. Дүниені қымбаттату, үйді қымбаттату, өзге кәсіпкерлерге кедергі жасау – бәрі соның қолында. Жазушы осыған сендіреді. Расында, мафия бастығының өлуіне, көзінің жоғалуына тілектес болып отырасың. Бір сөзбен айтқанда, мерген басынан өтетін әрекет түзілісі (хроникасы) халыққа, айналасындағы әлеуметке пайда келтіріп отырған қажетті адам ретінде сипатталады. Осы шығармалардың қай-қайсысында болмасын жазушы даңқ пен дақпырттың құрбанына айналған адамдарды ар азабынан арылту үшін  ең шешуші сәтте ғана сынайды.

Әр жерден қазіргі уақытта қылаң беріп отырған осындай әңгімелері заманның бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін жаңа типтік образдар өзгеше қарқынмен жасалып жатқанын айқын көрсетеді.

Жалпы, Қ.Жұмаділов шағын көлемді шығарма жанрының өзімен-ақ бүкіл  адамзатқа тән тарихи дамудың ортақ проблемасын көтеріп келеді. 1999 жылы жазылған «Құзғынның өлімі» атты әңгімесінде Қ.Жұмаділовтің өткен мен бүгінгі және болашақтың ара жігін табиғат жаратылысымен байланыстырып, тосын көркемдік амал-тәсілдерге баруы – жаңа ақпарат ағымынан туындап отырған жәйт. Әсіресе, ұлттық идеяны берудегі әлеуметтік символиканың рөлі шығармада барынша басымдық алған.

Әңгімеде, негізінен, бір ғана кейіпкер бар, ол – адамша ойлайтын құзғын. Мың жасайтын құзғын туралы ертеден келе жатқан таным-түсініктерді тілге тиек ете отырып, жазушы адамдар өмірін құстар өміріне көшіреді. Осы арқылы қазақ халқына алапат азап әкелген Ақтабан шұбырындыдан бастап, аштық зұлматынан үдере көшкен елдің қасіретті тағдырына дейінгі кезең шындығын көз алдыға елестетеді. Тек өлімтікпен ғана күн көрсе де, бірнеше жүз жылдықты жасаған кәрі құзғын «қазақ тарихының қаралы беттерін» көрсетуде таптырмайтын символдық бейнеге айналған. Бір сөзбен – «қарақұстар» деп аталатын тазқара, құмай, күшіген, кезқұйрық сияқты құзғынның туыстары мен бүркіт бастатқан сұңқар, қаршыға, лашын, бидайық, ителгі сияқты «қыран» құстарға деген адамдар көзқарасы да құзғын ойымен беріледі. «Қорлану, кектену, жауласу, ашулану, шамданып-шамырқану» сияқты қыранға тән сезімдер «жүйкесі сұмдық берік» құзғында болмаса да, Лобнор оқиғасынан (Шыңжандағы Лобнор көлі төңірегінде атомның салдарынан бөкен мен қарақұйрықтың қырылуы) кейін құзғынның «қанатты құс емес, екі аяқты адамша ойлай» бастауы мифтік кеңістіктегі символдық «барлаушылар» мен «жер бетін өлекседен тазартатын санитарларға» жаңа түйсік бітіру үшін алынған. Атмосфералық ауа қабығының бұзылуы тіршілік иесіне ғана емес, бүкіл жаратылыстың құрып кетуіне қауіп төндіріп келе жатқандығын әлеуметтік символика табиғатына сыйдыра білген қаламгер, сөз жоқ, образ сомдаудың соны үлгісін көрсетіп, тыңға түрен түсіргені анық.

Қыран мен құзғын әрекетін қарама-қарсы қою арқылы «анау-мынауға селт етпейтін тас жүйке» тек құзғынға ғана тән екендігін, ал кенеттен оның депрессияға (психологиялық ауытқу) ұшырап, жүйкесінің жұқарып, сары уайымға салына бастауының салдары оған ой түсуінен, ал «ой – жегі құрт» деген ишара жасайды. Бұл құзғынды рухани мешеулік жайлаған ортадан безініп, қыранша қимылдауға итермелейді. Бүркіттің өліміне себеп болған орманшыға құзғынның кектенетіні сонша, оның көзін ойып, құртып түсіруді көздейді. Оңтайлы сәт іздеп, аспанда қалықтаған құзғын ақыры бүркіт түскен шошқаның етін тиеп базарға шыққан көліктің күн нұрымен шағылысқан әйнегіне келіп соғылады. Орманшының тіл тартпай кетуіне себеп болған осы оқиға құзғынның емес, бүркіттің атын шығарады. Өйткені, үлкен тас жолдың үстінде «Жигули» машинасына шабуыл жасаған бүркіт туралы «Табиғат ғажайыптары» деген айдармен баспасөз құралдары жаппай хабар таратады. Мылжа-мылжасы шыққан құстың құзғын екенін білсе де, бұған жан баласы сенбес еді. «Сөйтіп қашанда даңқ пен дақпыртқа табынатын адамдардың кінәсінен ол байғұстың мың жылда бір істеген ерлігі де өзіне бұйырмай, басқаға телініп кетті», – деп түйіндейді жазушы өз ойын.

Филология ғылымдарының докторы А.В.Таңжарықова «Қазақ прозасындағы этнографиялық және фольклорлық сарындар» атты еңбегінде Қ.Жұмаділовтің «Құзғынның өлімі» атты шығармасындағы бүркіт пен құзғын образында Құт-Құс – Тәңір мен жер арасындағы дәнекер әрі адам баласына «жан беруші, қорғаушы, киелі елшісі, жебеп қорғаушысы» дейтін мифтік сенімдер негіз болғандығын айта келіп, ал оның құзғын ой-санасымен берілуі – қазақ прозасындағы автор ашқан жаңалық екендігін атап көрсетеді. Сондай-ақ, қыран жайлы этникалық көзқарас шығармашылық әдістермен шеберлікпен пайдаланылғандығы, құзғынның жан дүниесі мен оның өмірлік мұратын тереңдей баяндайтыны антитезалық жолдарға сыйғызылғаны, бұл қаламгер талантының даралығын дәлелдейтін жаңа үрдіс екендігі, кейіпкердің ішкі әлемін ашудағы портреттік сипаттауды шебер қолданғандығы, өлексе аңдыған құзғын көзімен берілетін қыранның сыртқы тұрпаты, құзғын бойында өтіп жатқан қызығу, қызғаныш, сүйсіну сезімдері де психологизмнің фольклорлық тек-тамырымен байланысып жатқан ерекше бір нышан  екендігі, сөйтіп, адам мен табиғат арасына жік қоймайтын көне мифтік ұғым көркемдікпен көмкерілгендігі әдемі дәлелденеді.

Жазушының сыншылдық-философиялық терең тұжырымын түйіндесек, «Құс зұлымы құзғынның өзін ойға қалдырған, адам қатігездігінің шегіне жетуі, табиғатқа деген жыртқыштық көзқарастың ашылуы, «дайын асқа тік қасық», я болмаса, «күріш арқасында күрмек су ішеді» дейтін мәтелдерге негіз болған адамдар ниеті мен іс-әрекеті, қыранша өмір сүруге ұмтылыс саналы да жігерлі адамның ғана қолынан келетіндігі – «бұл – қаламгер талантының даралығын айқындайтын жаңа үрдіс»  деген А.Таңжарықова пікірі мықты тиянақ.

Осы бір «шамырқанса шарт сынатын тектілерге» ғана тән мінездің «Құзғынның өлімі» әңгімесінде адам болмысының қарама-қайшылықты табиғатын ашу үшін тосын формалық пішінге көшуі – қазақ әдебиетіндегі неомифологизмнің жарқын көрінісі.

Шын мәнінде, жазушы қаншама бөгетке, қаншама қысым-кедергіге жолықса да, өзінің ұстанған бағытынан ауытқыған жоқ, ешбір ағымға икемделмей, шығармаларын өзінше жазды. Халықтық мүдде, заманның талап-тілектері, тарихтың тағлымы, тарихи тұлға характері, ұлт-азаттық қозғалыс, т.б. мәсе­лелердің көркемдік шешім-түйіндеулері ұлттық құндылықтар негізінде сөз болды.

Сайып келгенде, «Қарасөздің дарабозы, «Қарасөздің қара  нары» атанған Қ.Жұмаділов ата-баба даналығынан, сол сілемде қалыптасқан ұлтының ғұмыр сүру дағдысынан, жөн-жосығынан көз жазбай, адамға да, қоғамға да, заманға да сабырлы әрі сергек қарап, өзінің оған деген ішкі пайымын ақ қағазға түсіруден жалыққан емес. Сондықтан да қаламгер қазынасы бүкіләлемдік көркем ой дамуына жаңаша серпін беріп, қазіргі әдебиетті қасаң шарттардан, рухани тоқыраудан сақтандырады.

 

Руда ЗАЙКЕНОВА, 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *