ҚАРАБАЗАР МЕН ЖАБАЙЫ САУДАҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСУДА

  • Сана тазармай, қала тазармайды

563Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Алматының ажарын бұзып келген қарабазарлар мен жабайы сауда орындары, сауда дүңгіршектерін  сүру мен  жою шаралары жалғасын  табуда. Өткен аптада тағы екі базар сүріліп, көзге қораш көрінетін дүңгіршектер  мен жабайы сауда орындары жойылды. Бұл жолғы кезек қала жұртының ғана емес, қыз ұзатып, келін түсірген аймақтағы ағайынның құдалығының киіттеріне қажетті кездемелер мен киім-кешектер, қоржынға салар заттары, тойбастардың жабдықтары, қызға берілетін  көрпе-жастықтар мен тұсаукесер, бесік тойға қажетті заттардың  көтерме базары — «Давун» мен «Юпитер» базар­ларына келген еді. 

Өткен жылдан бері бұзуға дес бермей тұрған «Давун» мен «Юпитер»  базарлары сот шешімі  бойынша бұзылуда.  Жарты гектардай аумақты алып тұрған «Давун» жартылай бұзылды.  «Юпитер» базарының  босаған жерлері  алдағы уақытта қаланы кептелістен құтқару мақсатында салы­натын  он жолақты  жол салуға пайдала­нылмақ. Ал қалған аумағына қазіргі заман талабына сай сауда орталығының құрылысын салу жоспарлануда.

Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасы заң бөлімінің   жауапты маманы Ерлан Жармұхамедовтің айтуынша, ендігі кезек қызыл сызықты еркін жайлап алған  «Батыр», «Саяхат», «Еуразия» базарларына жеткендей. Қазіргі кезде бұл базарларда сауда жасап тұрған саудагерлерге ескерту  жасалып,  басқа базарлардан сауда нүктелері ұсынылған. Ал «Давун» базарының бұзылатынын біле тұра, осында сауда жасап келген 300-ден аса саудагердің әрқайсысынан 75 мың теңгеден  базар­дың жалдық   ақысын жинап алған базар басшысының ісін құзырлы мекемелер өз бақылауына  алыпты. Жалпы, наурыз айының соңына дейін  Алматының сыртқы аумағының сиқын кетіріп тұрған қара базарлар мен жол жағалай орнығып алған жабайы саудагерлер «еркіндігі» келмеске кетпек. Осы аптада, сондай-ақ, сонау тоқсаныншы жылдардың басында ел өміріне енген   нарық заманының  «өркениетті» өкілі саналып келген оншақты  дүңгіршек шынжыр табанды трактордың табанының астында қалды.

– Жабайы сауда, ең алдымен, қаламызың тазалығына кері ықпалын тигізсе, екіншіден, тұрғындарымыздың денсаулығы үшін де қауіпті, сол себепті  жабайы сауда орындарымен күрес шаралары  жыл бойына жалғасатын болады, – дейді Алматы қалалық Тұтыну­шылар құқын қорғау департаментінің жауапты маманы Әнел Мұсабаева.

Жабайы сауданың қызатын шағы алда, дегенмен, Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің мамандары мен учаскелік полиция қызметкерлерінің айтуына қарағанда, биыл жабайы саудаға қарсы күрес талаптары қатаң болатын секілді. Өйткені, бұл қала әкімінің жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдерінің алдына қойып отырған басты талаптарының бірі. Қала тазалығы көше бойларынан басталады емес пе, олай боса, сіз де осы талапты орындауға атсалысқаныңыз абзал, қолындағысын жолға тастап кеткенді әдетіне айналдырып алған  Алматы қаласының тұрғындары.

 

Тақырыпқа орай

«Болашақ» көркімен көз тартатын болады

– Бүгінде сүрілумен қатар, қайта қалпына келтіріліп жатқан базарлардың бірі — «Болашақ», «Құлагер» және «Алатау» базарлары. Қазір үш базардағы қызыл сызыққа дейінгі сүру, бұзу жұмыстары аяқталуға таяу. Сүру толық аяқталған соң, мұнда тұтынушылардың талабы мен талғамына сай, көркімен көз тартатын жаңа сауда орындарының құрылысы қолға алынатын болады, – дейді Алатау аудандық әкімдігінің кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Айдарбек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *