«Қарағым, шырағым» азайып барады

Қали СӘРСЕНБАЙ

Абайдың «Қара сөзінің» бірін оқып барып, жұмысын бастайтын, өзі ірі, сөзі тірі бір басшыны білетін едім. Сол кісі жұртқа көп еңбек сіңірді. Марқұм Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанов біреу ірі лауазымдық қызметке тағайын­далғанда: «Әй, осы Абайдың бар-жоғын біле ме екен?!» деп еді. Сол кемеңгердің «бір кітапты бітірген сайын, надан­дығымның бір бетін ашамын» деген сөзі де еске түсіп отыр.

Енді осы ойымызға бүгінгі күннен, біз күнде оқып жүрген «кітаптың» бір бетін ашып, жауап іздеп көрейік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өзінің тұңғыш Жол­дауында елді толғандырып отырған көп мәселелерге тоқталды. Соның бірі де бірегейі халықпен жұмыс істейтін мемле­кеттік қызметкерлер, жергілікті шенеунік­тер туралы. Президенттің өзі сайлауалды бағдарламасында атап көрсеткеніндей, халықпен ашық диалогқа жол ашып берді. Аталмыш Жолдауда оның ел дамуындағы мән-маңызына тағы бір тоқталып, пысықтап өтті.

Халық – сүзгі, дүрбі. Алысты, жақынды бәрін көріп отыр. Қай басшының деңгейі қандай екенін сөзіне, ісіне қарап бағалауда халықтың әзірге қателескен тұсы жоқ. Сөзі түзу басшының ісі де түзу, нәтижелі болады. Рас, көбіне басшыларды іскерлік, менеджерлік қабілетіне, өзге тілді жақсы білуіне қарай іріктеп жатады. Бұл да дұрыс шығар. Дейтұрсақ та…

Әкім – саяси тұлға. Ол бар жағдайды терең сараптап, пысықтап отыруы керек. Алайда, ол ең алдымен өз ана тілін жетік білуі және сол тілде шешен сөйлеуі қажет. Оның ең басты жетістігі осы болуы тиіс. Әлгі біз жиі айтатын «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген жаны сірі сөздің сонда бағы ашылады.

Екі деректі мысал етіп көрейік.

Арыс дүрбелеңі тұсында Шымкентте митингілер өтті. Осы митингілер арқылы басшылардың да деңгейі көрінді. «Әйел­деріңе неге ие болмайсыңдар?» деп халыққа дүрсе қоя берген шаһар басшысының тағдыры қалай болғанын бәріміз білеміз. Жаңылмасам, бұл сөзді мешіттің ішінде не қасында тұрып айтты. Осындайларды қайдан тауып алады десеңші.

Кеше Жаңаөзенде де билікке үлкен талаптар қойған митингі өтті. Ал елдің алдына келген жергілікті басшылардың сөз райы былай: «Сен, сен» деп селкілдеп тұр. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Оның ішінде аға да, ата да, әже де жүр. Демек, жергілікті басшының бойында қарапайым деңгейдің исі де жоқ. Бір кітапты тауысып оқымаған не мүлдем оқымаған адамның ісі осылай болып келеді. Мұндай адам бардың бағасын, жоқтың қадірін де білмейді. Тұлғасы кім, тектісі кім, тұлпары кім, мәстегі кім оны ажыратып жатпайды. Мұндай қасиеттен жұрдай басшы билеген жерде «Сіз» деген ізгілікке толы сөзді, архаизмге айналып бара жатқан «қарағым, шырағымды» көктен іздеуге тура келеді. Ізгілікпен басқарудың исін де сезінбейсіз.

Олар тек анекдот айтумен ғана күн көреді. ….

Қысқасы, мемлекеттік қызметкер ол барып кел, шауып кел, қаптаған қағаз толтырумен айналысатын адам емес. Ол шын мәнінде Тұлғаға айналғанда ғана ел дамуындағы өзгерістерге бетбұрыс жасалады. Шенеуніктерге сенімсіздік білдіру, талап қою халықтың міндеті. Ал халық сенімінен шығу – шенеуніктің міндеті. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлер санын шектеп, саннан сапаға көшуі жөніндегі пікірі осындай ой айтуға ден қойғызды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өте жоғары деңгейдегі интеллект иесі, парасат-пайымы биік, білім-білігі зор, дегдар адам. Демек, билікке де енді осы бағыттағы ұлт, мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын болашақ «Жәнібековтер», «Омаровтар» келе бастауы тиіс деген үмітіміз де зор.

Өзіміздің Төле би тәрізді Қытайдың бір биі Конфуцийдің мына бір сөзін тағы бір мәрте еске алуға тура келіп тұр.

«Мен жұрттың мені түсінбегеніне емес, мен сол жұртты неге түсінбедім деп қапаланамын», – депті кемеңгер.

Бұл сөзге ештеңе де алып, қоса алмайсыз.

Осылай бір дедім.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *