ҚАРА ШАЛДЫ ЖЕТЕЛЕГЕН ҚАРА ШАЛҒЫ

немесе Мұқағали жырындағы қарттар бейнесі

Ата қызығын, әке қызығын көре алмай өссе де Мұқа­ғали үлкенді құрметтеп, қарапайым қарттарды сүйген. Мен үшін өн бойынан тер иісі аңқыған, көңілдері  дарқан, жүректері  жомарт, жандары жайсаң, ауылдың қарапайым қарттарын дәл Мұқағалидай сүйген ақын жоқ сияқты. Ол біраз өлеңдерін  сол қарапайым ауыл қарттарына арнаған. Оның сол қарттарға арналған өлеңдерінің шынайылығы сондай, көңіліңдегі сезімді дөп басып, көз алдыңа сол ауыл қарттары, өз аталарымыз келіп, сағыныштан жүрегіміз сыздайды. Олардың қадір-қасиетін дәл Мұқаңдай түсініп, бағалай алмағанымызға өкінгендей боласың. Бұл Мұқағалиға Алланың берген тағы бір ерекше қасиеті болса, екіншіден әке орнына әке, ана орнына ана болған ардақты анасы  Нағиман шешеміздің өнегелі өсиетінен болса керек. Оны Мұқағалидың мына өлеңінен көруге болады.

Анам маған: – Үлкенді сыйла, – деген

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем.    

 

Атамнан қалған мұра – ізеттілік,

Арымды соған қойғам күзеттіріп.                                             

Адалдық – менің сәби айбарым ғой,

Маңдайынан жүргені жүз өптіріп, – дейді.

Ақиық ақын «Мен қарапайым қарттарды сүйем» деген өлеңінде:

Мен қарапайым қарттарды сүйем,

Не деген керім еді!

Не біледі, осы жұрт, не біледі?!

Бабалардың баласы – қариялар,

Сиреп бара жатқандай көрінеді.

 

Сақалыңнан айналдым қарт-бабалар,

Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?

О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,

Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? – деп өзінің қара­пайым қарттарды сүйетінін айта келе, олардың сиреп бара жатқанын уайымдайды. Оның қарттарды соншалық ет жүрегімен елжірей сүйетіндігі «Сақалыңнан айналдым қарт-бабалар» деген көрініп тұр емес пе.

Ақын қарттарды жәй сүйіп қана қоймайды, олардың кеудесі жатқан қазына, өмірден көргені мен түйгені мол, тірі шежірелер ретінде бағалап,  өнеге өсиет алып, солардың мұрагері ретінде болашақ ұрпаққа жеткізуді өзіне парыз санайды. Өзін болашақ ұрпақ алдында жауаптымын деп есептейді. Мәселен ол:

Қанеки, нелерің бар, Аталарым,

Ұрпағыңа ұран ғып апарамын.

Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,

Сендердің мұрагерің атанамын.

 

Осылай деп қарттардан қалап келем,

Өнеге өсиетін санап көрем.

Санап көрем тоймаймын сұранамын,

Себебі мен де бір күн жауап берем, – десе, ары қарай:

 

Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,

Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің?              

Сондықтан садақ болып иілемін,

Сауыт болам тек қана киіне біл, – десе,

«Азайып бара жатыр» деген өлеңінде:

Неменеңе  жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки жағада тұр.

 

Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,

Сонда орнайды жетімдік басымызға.

Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,

Бір күлшесін, бөліскен ашымызға.

                      

Ақиқатты айқындап жариялар,

 Бара жатыр азайып қариялар.

Дауыл тұрса былқ етіп толқымайтын,

Бара жатыр сарқылып дариялар, – деп қиналады.

Ол «Туған жерім» деген өлеңінде:

Туған елім,

Көрмесем сағынамын,

Кетсем ізім өзіңнен табылады.

Жасыра алман, інінің отауынан,

Ыстық маған атаның шаңырағы, – дейді.

 

Ақынның «Тоқта ботам! Атаң келеді артыңда!» деген өлеңінде қаншама зор мағына жатыр десеңші:

Тоқта ботам!

Атаң келеді артыңда!

Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.

Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын

Айырбастап ала алмай жүр алтынға.

Тоқта ботам!

Атаң келеді артыңда!

 

Ей болашақ!

Қарт келеді зиялы.

Кейімесін ата-қыран ұялы.

Сен сыйласаң сәби шақтың бір сәтін,

Атаң саған ұзақ өмірін қияды.

Ақылына айырбаста күлкіңді,

Қайтесің сол күлкі деген шіркінді?!

Бейқам күліп өспеген соң өз басым,

Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі…

 

Тоқта ботам!

Атаң келеді артыңда.

Дария шалқар даналығын ал тыңда! – деп  қамшының сабындай қысқа өмірімізде  өмірді өтпейтіндей көріп, жалындаған жастықтың қадірін бағаламай, кейін қанша өкінсең де,ешқандай қымбат затпен оны қайтара алмайтындығыңды айта келіп, өскелең ұрпаққа жастық шақтың қадірін біл және одыраңдамай қарттарды қадірле, олардың өнеге өсиетін тыңда, ертең сен де осындай қарт боласың деп ескертіп тұр емес пе.

Ақынның «Қара  шалғы» атты өлеңін оқығанда, көз алдымызға өн бойынан тер иісі  аңқып  тұратын, еңбекқор аталарымыз келеді. Жастық шақтағы сол атамызбен бірге қол шалғымен шөп шапқан кездер еске түсіп, оның күн қағып, тер сорғалаған әжімді жүзін, әбден тер сіңген көлемді қол орамалымен сүртіп тұрған сәтін сағына еске аласың.

Жетелеп сонау жылдар қара шалды,

Қарасазда жүруші ең, қара шалғы.

Қарасудың ішінде қарт пен сенің,

Талай-талай көріп ем тамашаңды.

Қалыпсың ғой қаңырап, қара шалғы.

 

Түбегінен түк қоймай Қарасудың,

Қарт екеуің қаншама аласұрдың.

Қаншама рет қапырық күн өткеріп,

Түн жамылып,  қаншама таң асырдың,

Күркеде жағасында Қарасудың.

Өлеңдегі  тіршіліктің қамымен, өзінің жанұясының, ұрпағының, қамы үшін күркеде қона жатып, жанталасып еңбек еткен қарияны өмірден өткеннен кейін келінінің  тез ұмытып, атадан қалған мұраны бағаламай, немқұрайды­лықпен,  қара шалғының сабын отқа жағып жіберген қылы­ғын оқығанда  жүрегің сыздап, жаның күйзеледі.

Аттандырып келмеске қара шалды,

Қаңыраған қорада қара шалғы.

Ұнғысынан сырығын суырып ап,

Тамызыққа келіні жаға салды.

Қала берді тат басып қара шалғы, – дейді.

Әрине, атадан қалған әрбір затты мәңгілік сақтау мақсат емес, бірақ бұл жерде келіннің ұрпағы үшін тер төккен еңбекқор қартты  тез ұмытып, ата қадірін білмеген жеңіл мінезі суреттелген.

Ақын  «Күзетші» атты өлеңінде бейбіт өмірдің тыныш­тығын бұзған, қанды соғыста төрт бірдей ұлы майданда қаза тауып, олардан жастайынан жесір қалған төрт келінінің бағын байламайын деп  төрт адамға ұзатып, сол аяулы ұлдарынан қалған төрт немересіне пана болып,  өзі өсіріп, соған да шүкіршілік етіп отырған қарттың өмірін керемет шеберлікпен суреттейді. Сұм соғыстың зардабынан аузы күйген қарттың күндіз-түнгі ендігі тілегі тыныштық өмір мен сол немерелерінің амандығы.

Шатынаған соғыс салған сызаттан,

Кәрі кеуде жалын атқан, сыз атқан.

Төрт баланы тыныштыққа құрбан ғып,

Төрт келінді төрт адамға ұзатқан.

 

Төрт келіннен алып қалды төрт бала,

Өзі – пана, ал өзіне төрт – пана.

Қартың отыр түгендеп ап ұпайын,

«Айырбастап төрт қараға төрт қара».

 

Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі,

Сексен емес жүзіңнен де дәмелі.

Сәлеміңе қайтаратын жауабы:

– Тыныштық па? – деп сұрайды әуелі.

                              

Өмірде әлі қауіп көп қой не түрлі,

Қарт қалғымай күзетші болып бекінді.

Сәл ұйықтаса төрт немере төрт жаққа,

Көзден ғайып болатұғын секілді.

Ақын  «Тау өзені тентек қой тасып жатыр» деген өлеңін­де, өмірден тәжірибесі аз бала  шопанның  ағыны қатты арқыраған тау өзенінен отарын арғы бетке өткізе алмай жанталасқан әрекетін, оның отарды бастап арғы бетке өте қоймады деп көк серкені қойдан бөліп алып сабаған қылығын суреттейді.  Оның осы қылығына шыдамаған қарт шопанның келіп, білегінен ұстап,  «өзеннен өтуге серке емес сен өзің де қорқып тұрсың, сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?», –  деп малдың жайын жақсы білетін қарттың өзі үлгі болып, шешініп  арқыраған ағынды суға түскен қайсарлығын көреміз.

 

Шешініп суға түскен қартты көріп,

Көк серке өзенге өзін атты келіп.

Көсемінен көз жазбай тұрған отар,

Жамырасып жағаға тартты берік.

 

Қазақтың мал – ырысы, малы бағы,

Қашаннан бір-біріне танымалы.

Күреңімен қырқа асып бара жатқан,

Қартқа қарап көк серке маңырады, – дейді.

«Жылқыбайдың жүрегі» атты өлеңінде ақын аш жетімдерді аяп, оларға қамқор болып, қойнынан күлшесін таратып беретін, жаны жайсаң,  жүрегі жомарт диірменші қартты сағынышпен еске алады.

Мектептен шығып жіңішке судан әрі аттап,

Жылқыбай қартқа келетін еді жетімдер

Өзегі талып,

Аш лақтардай жалақтап.

 

Ортан жіліктей,

Темекісін қарт орайтын,

Орайтындағы бір-бірлеп бізді санайтын.

Санайтындағы қойнынан алып күлшесін,

Тең-тең бөліп,

Күрсініп ұзақ қарайтын.

 

…Су диірменді,

Әкеткен    мұнан кім едің?

Ауылға барсам, айналып орнын жүремін.

Қайтейін енді

Осында мәңгі сақтаса,

Артында қалған Жылқыбай қарттың жүрегін, – деп ақын жүрегі сағыныштан толғанады.

 

Марат  ҚОЖАМБЕРДИЕВ,

                    Талғар ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *