«ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ТІЛЕУІН ТІЛЕП ОТЫРАМЫН»

Дүйсенбі күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, біртуар театр және кино актері Қасым Жәкібаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші болды.

Әсел ДАҒЖАН

Қазақ театры мен кино тарихында ойып тұрып орын алған, қайталанбас өзіндік келбетін қалыптастырып кеткен Қасым Әбекұлы театр сахнасында 200-ден астам рөл сомдаса, кино саласында 60-тан астам кейіпкерді өз көрер­менімен қауыштырды.

Бүгінгі аға буын, әсіресе театр мен өнер десе ішкен асын жерге қойып, сондай жанкүйерлікпен театрдың әрбір жаңа қойылымын жібермей көретін көзіқарақты көрермен Қасым Жәкі­баевтың әрбір образы қайталанбас шынайылықпен сомдалатынын жақсы біледі.

Екі сағатқа созылған еске алу кешіне актердың өнердегі әріптестері мен театр әртістері, көзкөрген қоғам қайраткерлері мен жары Нұртай Жәкібаева қатысып, кеш барысында естеліктер айтылып, арнайы сахналық көріністер қойылды.

Кеш басталар алдында Қасым Жәкі­баевтың жұбайы Нұртай апамызбен аз-кем тілдескенбіз. «Азаматым тіріліп келгендей болып отырмын» деген Нұртай апа: «енді бүгін мен Қасымның орнына қара шаңырақ аман болса екен деп тілеуін тілеп отырамын», – дейді.

–       Елді, Отанды сүю осылай болатын шығар. Бүгін өзінің көзі жоқ болса да елі театрға келіп, еске алуда. Азаматым тіріліп келгендей болып отырмын. Өмірде өте қарапайым болды. Екеуміз де жетім болғандықтан ба екен, білмеймін. Әйтеуір әртіспін деп кеуде кергенін көрмедім. «Перекресток» фильмін көрген балалар Аплатон деп артынан жүгірсе, «жо-о-оқ, ол мен емес­пін, ол басқа адам» деп қашатын. Үйде отырып қалғанда театрдың тілеуін тілеп, «Қара шаңырақ аман болса екен» деп отыратын. Енді сол тілеуді қазір мен тілеп отыратын болдым. Көпшіл еді. Жолдастарының бәрін үйге ертіп келетін. Соған үйреніп қалғанбыз, әлі күнге дейін үйге біреу келсе екен деп отырамыз, – деген Нұртай апа «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп сөзін аяқтады.

Сан қырлы талант иесі жайлы бұл күні театр сахнасында өте жақсы естеліктер айтылып, әдемі сахналық көріністер де қойылды. Осыдан сегіз жыл бұрын өмірден озған актерды әріптестері де, көзкөргендер де сағынып еске алды. Әртістердің арасындағы үл­кен интеллектуал тұлға театр мен кино саласына ғана емес, өмірінің соңына дейін қазақ ұлтына қызмет етіп кетті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *