Қара орамал бүркенген ҚАРА ТАҒДЫРЛАР

Шаһардағы Жібек жолы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы Мегатау сауда орталығы біріміз болмаса енді бірімізге жақсы таныс. Бұл жерді, әсіресе дін ұстанып, орамал тағып жүрген қыз-келіншектер жақсы біледі. Өйткені, осы ғимараттың бесінші қабатында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты «Имани гүл» діни кеңес беру және оңалту орталығының филиалы жұмыс істейді. Бұл жерден орамал таққаны бар, тақпағаны бар небір қыз-келіншектер дәріс алып жүр. Кейбіреуінің тіпті, қара орамалдың ар жағындағы жылтыраған екі көзін ғана көруіңіз ғажап емес. Бәрі өзіміздің қазақтың қаракөз қыздары. Айдың-күннің аманында олар неге қара жамылып жүр? Көкейіміздегі көп сауалды аталған орталықтың жетекшісі Жұмагүл ӘБДІРАХМАНОВАҒА қойған едік. –               Жұмагүл Халилуллақызы, орталық­тың атауында оңалту деген сөз бар. Кімдер­ді қандай «аурудан» емдеп жүрсіздер?

–       Біздің орталық тағдырдың түрлі тауқыметімен «исламға келіп, намаз оқи­мын» деп жүріп басқа ағымға кіріп кетіп, басы тасқа тиіп, небір адамдардан жәбір көрген қыз-келіншектердің діни сауатын ашып, оларды ата-баба ұстанып кеткен хақ жолға салумен айналысады. Одан бөлек, жәй ғана «өмірде көп адастым, маған дұрыс жол көрсетсеңіздер» деп келетін қыздар бар. «Төрт қызымның бірі жат ағымда жүр» деп жылағанда етегі жасқа толған, егде жастағы бір апайымыз болды. Жігіттерге алданып қалып, аборт жасатып, көңілі тыншымай, өкініші кетпей жүрген екі-үш қыз болды. «Намаз оқимын десем, әке-шешем қарсы» деп келетін жас қыздар да бар. Қарап отырсақ, көбіне 17 мен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер түрлі тағдырмен, түрлі мәселемен келіп жатады. Бас-аяғын санасақ, 524-тен аса қыз-келіншек қазір біздің орталықтан дәріс алып жүр. Біз оларға шариғат заңдарын, ақида, фиһх, Құран тәпсірі, психологияны оқытамыз. Орталығымызда қазір 8 ұстаз сабақ береді. Оның бесеуі әйел адам болса, үшеуі ер адам. Араларында бір психолог та жұмыс істейді. Біз орталықтан дәріс алып жүрген қыздардың қандай сұрақпен жүр­генін жақсы білеміз. Өйткені, алдымызға келген әрбір қыз-келіншекпен сұхбат жасап, оларды арнайы журналға тіркеп оты­рамыз. Бұл жерді УЗИ деу керек шығар. Себебі, орамалдағы қыз-келін­шектердің діни сауатының қаншалықты екенін бірден білеміз. Оның сөйлеген сөзі, өзін ұстауынан-ақ байқап, «диагноз» қойып беруге болады. Бізден дәріс алып жүрген қаракөздеріміздің арасындағы 80 қыз-келіншек өзге ағымға кіріп кетіп, адасу­шылықта жүр деген фактімен тіркелген. Олардың 60 шақтысын учаскелік полиция қызметкерлері алып келді. Өйткені, олардың күйеулері бөтен ағымға кіріп кетіп, қамауда отырған азаматтар. Олардың әйелдері де учаскелік полицияда тіркеуде тұр. Біз олардың әрқайсымен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, сөйлесеміз. Біз негізі «SAAD Almaty» жекеменшік қоры­ның әйелдер жамағатымен жұмыс істейтін филиалы болып есептелеміз. Енді осы адасып жүрген әйелдердің қамаудағы күйеу­лерімен жұмыс істейтін тағы бір филиалы бар. Яғни ер-азаматтармен жұмыс істейтін орталық бөлек. Дәріс кезін­де біз қыздарға ата-бабамыз ұстанған діннің қандай екенін, дәстүрлі исламның салт-дәстүрмен үндестігін, қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің шариғат шеңберінен шықпағандығын дәлелмен айтамыз. Өткеннен ғибрат алмай біз қалай алдыға, жақсы өмірге қадам басамыз? Арыға бармай-ақ, Абайдың тектілігінің бір сырын айтсақ, Ұлжан анамыз баласын дәретсіз емізбеген. Міне, нағыз тазалық. Кезінде біздің әжелеріміз неліктен бізге «ғұсылсыз әйелдің балаларына берген тамағы періш­телердің көзімен қарағанда қанды ірің ішіп отырады» деп қатты айтатын? Өйткені, олар таза­лыққа, ұрпақ тазалығына, деннің сау­лы­ғына, адалдыққа, обал-сауап, ұят дегенге қатты мән берді. Теледидарды қазір қосып қалар болсаңыз, небір ұяты жоқ фильмдер көрсетіліп жатыр. Соларды көрсетуге ұялмағанда біз жастарға дәрет пен ғұсылды айтуға ұялуымыз керек пе? Қатты қада­ғалап айтуымыз керек.

Не үшін бізде ДЦП-мен ауыратын бала­лар көбеюде? Құдайдың салған ісі, тағдыры дей салғанға өзіміз мықтымыз. Кезінде ата-бабаларымыз «менің жіберген қателік-күнәларымды ғафу ет, дұғамды қабыл ет, дені сау, салиқалы ұрпақ бер» деп дұға жасайтын. Иләһи көзбен қарасақ, баға­нағы аурудың артында ата-бабаларымыз­дың әйтеуір біреуінің жіберген қателіктері бар. Өз күнәсінен арыла алмай өмірден озған адамның сол қателігі қанда сақта­лып, ұрпаққа қалып қояды екен. Оны бүгін­гі медицина дәлелдеп отыр. Қазбалап қара­сақ, оның астарында тазалықтың жоқтығы жатыр. Сондықтан өмірде әр нәрсенің шегінен шықпаған абзал. Біздің діндегі жолымызда да қағида ұстануымыз керек, бағдаршам бар ма, тоқтаңыз. Құстың да қос қанатымен ұшатыны секілді, тек қана дін деп бір бағытта кетуге болмайды. Құран «Аллаға мойынсұныңдар және басшыла­рыңа бағыныңдар» деп әмір етеді. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан біз бас­шы­лықтың айтқаны мен Заңдарға бағы­намыз. Сол шеңберде жұмыс істеп, басшылыққа ай сайын есеп беріп отырамыз.

–       Жақсы. Құдайға құлшылық, Жара­тушыға сыйыну деген әркімнің жүрек қалауымен болатын жеке мәселесі. Мұндай нәзік дүние адамға сондай бір тазалық, көркем мінез сыйлауы керек еді. Ол қазақ­тың салт-дәстүрімен қабысып, сіңісіп кеткені сияқты қазақтарды бір-бірімен жақын­дастыра түсуі керек еді. Бірақ қара орамал тағып, түгел қара киімге тұмша­ланып жүрген жастарымыз қазақ қоғамын екіге бөліп тастаған сияқты. Олар біз танымайтын қандай исламды ұстанып жүр?

–       Халықпен жұмыс үлкен жауапкер­шілікті талап етеді. Біздің орталыққа «намаз үйренсем» деп келген қыздардың қандай себеп­пен намазды іздегеніне жауап іздей­міз. Біреулер еліктеушілікпен келеді, біреулер тағдырдың тәлкегінен шаршап, жанына демеу боларлық нәрсені намаздан іздейді, біреуден зардап шегіп келетіндері бар, енді бірі «светский» өмірден шаршаған. Яғни біз әрбір факторды назардан тыс қалдырмаймыз. Бәрін тіркеп, жазып отыра­мыз. Орамалға келсек, кейбір қыз­дардың қара орамалды сән қуып тағатыны бар. Орамалға келсек, кейбір қыздардың қара орамалды сән қуып тағатыны бар. Ал қара орамалдарына берік қыздар «осы жүрі­сімізбен жиһадта жүрміз, өстіп жүріп біз мемлекетке салық төлейтін болсақ, Мәриям анамыз алғандай сауапқа кенелеміз. Ақыретте біздің жүзіміз жарық болады» деп шімірікпей қарап тұрады. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауы­зым» дегеннің кері. Қара орамалдың артына бет-жүзін жасырып жүргендердің бәрі өзіміздің әп-әдемі қыздарымыз, қазақтың қаракөздері. Олар мемлекеттің Заңдарын қабылдамайды, тіпті мүлде мойындамайды. Бұл жерде мемлекет орамалмен күресіп жатқан жоқ. Бірақ адамның бет-жүзін тануға кедергі жасайтын немесе қоғамдық орындарда адамдарға үрей, қорқыныш туғызатын діни атрибуттағы киімді мем­лекет құптамайды. Қара орамал жамылған әйел баласын көшеде көрсек, біраз сескеніп, үрке қарайтынымыз рас. Қазақта қашан қыз-келіншек басына қара жаулық салатын еді? Қаралы жиын, өлім болмаса қазақ қара түсті мүлде жақтыр­майды. Жамандық шақырма деп үлкендер қара жаулықты жаман ырымға балайтын. Бұл түс өте агрессивті түс. Міне, осыны түсін­діріп айтсақ, олар мұны қабылдамайды. Қара орамалдағы қыздардың көбі тұрмыста. Бұлардың көбісінің діни ілімнен хабары жоқ, тек бір-екі хадис жаттап, намаз оқығандары болмаса, күйеулерінің «уағызымен» дінге келгендер. Адасушы­лық­пен тіркелді деп жоғарыда айтқан алпыс қыздың күйеулері деструктивті ағымды уағыздағандықтан қамауда отыр. Бірақ солар темір тордың ар жағында отырса да, әйелдерін өздері басқарып отыр. Күйеуім «орамалыңды шешпе» деген, мен қара орамалдан бас тартпаймын деп айтқаны­нан мүлде қайтпайтындары бар.

–       Демек, қара орамалдың астында бір мықты «сенім» жатыр. Олар адамды қандай уағызбен өзіне арбап алады?

–       Қара орамалды қыздардың екі тобы бар. Олардың бірі ұрысқа бейім тұрады. Сенің айтқан кез-келген аргументіңе «дәлел керек» деп қасарысып тұрып алады. Екіншілерін психолог деуге болар. Көркем мінез, тәтті тілімен тура алдап түсіреді. Әлжуаз, алдауға тез түсетін момын адам­дарды олар бірден таниды да, өздеріне тартады. «Неге қара орамал тағу керек?» десеңіз, олар өздерін жәннатқа кіршіксіз, күнәсіз, сондай бір асқан тазалықпен барамыз дегенге қатты сенеді. Өз-өздеріне былай деп үкім шығарып алғаны сонша, Алланың алдында бізден сұрау болмайды, тақуалығымыз сондай жоғары дәрежеде деп есептейді. Бұлардың кейбірі көзіңе қарап тұрып алдауы мүмкін. Дәріс алып жүрген қыздардың ішінде 1980 жылғы Меруерт (есімдердің бәрі өзгертілген – авт.) деген қыз бар. Қолғап киіп, екі көзінен басқа жерінің бәрін тұмшалап келген болатын. Неге бұлай киініп жүрсің дегенімізде тақуалық, әурат жерімді жауып жүрмін дегенін білем. Бірақ о заманда бұ заман, қазақтың қызы бетіне бетперде жауып, қашан қолғап киген еді? Сондай бір ақыл­ға қонымсыз дүние. Діннің өзінде адамның бет-жүзі мен қолы әурат болып есептел­мейді. Сол қыз ұзақ уақыттан бері орта­лыққа келмей жүрген. Енді «қара киімім­нің бәрін шештім, Әбу Ханифа мазхабын­дамын, райымнан қайттым ғой» деп бізге қайтадан дәріске келіп жүр. Бірақ кейде оған сеніңкіремей, ішім жылымай тұрады. Мен әлі оның анық-қанығына көз жеткі­зуім керек.

Бұлар қалай өз қатарына адам тартып жүр десеңіз, оразаның алдында қара киінген үш әйелді учаскелік полиция алып келді. Олардың күйеулері қазір Ақтауда түрмеде отыр. Солардың бірі Гүлмира деген қыз орамалын шешіп, ораза кезінде сабақ­қа қатысты. Сана-сезіміндегі ескіліктер миын улағаны сонша, Иса әлейһиссалам­ды айтады. Әсия анамызды айтып, «менің өмірім сондай болып өтсе екен» деп армандайды. Басында «бетімдегі пердені алсам, мендегі қасиет ұшып кетеді» дейтін. Бұлардың түрмедегі күйеуінің сөзін екі етпейтіні сонша, «дәріске қатыса бер» деп күйеуім рұқсат берді деп бір күні қуанып келді. Көп уақыт өтпей сабаққа қатысатын қыздарды менен рұқсат алып, үйіне ауызашарға шақырды. Мен қыздарға «абай болыңдар, қарсы шықпай, не айтса да мақұл деп, бәрін маған айтып келіңдер» дедім. Сөйтсем, ол қыздарды жинап алып, «жәннаттық болғыларың келе ме, жәннат­тың төрінде отырғыларың келе ме? Бақытты өмір сүріп, кешегі Айша, Әсия анамыздай болғыларың келсе, мына паранджаны киіңдер. Киген күні сендер басқаша бола­сыңдар» деп уағыз айтқан. Содан келесі күні оны шақырып алып, «Гүлмира, айна­лайын, сен кімді алдап жүрсің? Екеуміз ашық сөйлесейікші, райыңнан қайтпапсың ғой» деп едім, күйеуімнің айтқанынан шықпаймын дейді. Сонымен, мен оған «әлі адасып жүр, тіркеуде тұр, райынан қайтпаған.  Біздің орталықтан білім алып жүріп, үгіт-насихат айтып жүр деген анық­тама толтырамын» десем, баласын айтып жылайды. Ешқандай діни білімі жоқ бұл қыздар күйеуін пір тұтады. Ұстазым – күйеуім дейді. Ол не айтса, сол заң. Бұл қара орамалды қыздарға біреу жәннатқа жолдама беріп қойғандай, үнемі жәннат туралы уағыз айтады. Егер мешітте мұқият қарасаңыз, бұл қыздар намаздың парызы­нан кейін сүннетін оқымай, шығып кетеді.

–       Деструктивті діни ағым, қара орамал­дың арбауындағы жастар мәселесі – бұл қандай да бір проблеманың салдары болып тұр. Себебін қайдан, кімнен іздейміз?

–       Бүгінгі үлкен проблеманың бірі –ата-ана баласының немен айналысып, интернеттен не көріп, не тыңдап, кіммен сөйлесіп жүргенінен мүлде хабарсыз. «Жігітіммен интернет арқылы танысып, үйленіп едік» деп жылап-еңіреп Мақпал есімді бір қыз келді. Сөйлесіп жүргенде жігіті өтірік уәдені үйіп-төгіп, алдап, іші-бауырына кірген. Бұл сәләфи ағымының қыздарды қармағына түсіру айласы екен. Үйленген соң әкеме кірмейсің, қай­ныммен отырмайсың, өйтпейсің-бүйтпейсің деп мінез шығарған. Бір жыл бойы жігітінен қорлық көргені аздай, үйінен шығармай, әке-шешесі­мен сөйлестірмей қойған. Әлгі қыздың үлкен атасы қайтыс болғанда да төркініне жібермеген. Содан дос қызы оған тығылып билет әкеліп беріп, Арай әйелдер дәрігеріне көрінемін деп тура төркініне тартып отырған. Кейін күйеуіне, үйіне қайта келсе «сені талақ еттім, менің бір жақсы ағайым бар еді, сол сені ұнатып қалып­ты, сені соған бердім» деген ешбір саспастан. Сәләфи ағымындағылар әйелдерін ұнатпаса, бір-біріне беріп кете беретін өте лас тірлікпен айналысады. «Басымды тасқа ұрғанымды кейін білдім» деп әлгі қыз біздің алдымызда отырып көз жасын көл­дет­­кенде, сай-сүйегің сырқырайды. Ал енді жесірін жы­латпаған атам қазақ пен нағыз исламның не екенінен хабары жоқ, Құдайдан қорықпайтын, адасқан жастар­дың мына іс-әрекетін салыстыра беріңіз. Қойдың терісін жамылып алған қасқырдың тірлігі демегенде, не дейміз?

Үшінші қабаттағы сауда орталығында жұмыс істейтін қара орамалдағы 20 шақты қыз бала бар. Олар бізден сабақ ала бастағалы көзқарас-ұстанымдары жұмсарды. Өздерінің қате жолда жүргендерін түсінгенімен, қайтар емес. Мен олармен араласа жүріп, отбасылық жағдайын, шыққан ұясын бақыладым. Әке-шешесін сұрап, әңгімеге тартқанымда көбісі ата-ана мейірімін көрмей, жылы сөз естімей өскен екен. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы да бар. Жат ағымның өкілдері қиналып, жылап жүрген қыздарды көрсе, бірден бас салады. Сол күні олардың қажетін беріп, қолына ақшасын ұстатып, жағдайын жасап, басынан сипайды. Сол адамның сеніміне кіріп, кәдімгі «сен үшін дұғада­мыз» деп қамқорлық танытады. Егде жастағы бір апайы­мыз теріс ағымға кіріп кеткен қызын орталыққа алып келді. «Иә, дұрыс айтасыздар, әбу-Ханифа мазхабын ұстану керек» деп аузымен айтқа­ны­мен, көңілімен бағанағы ағымға байланып отырғанын көрдік. Өйткені, олар әлгі қызға үй әперген. Уақыт өте оларды екінші әйелдікке баулиды. Діннің атын жамылған ағымдар өздерінің осындай қылмысты істерін ислам, паранд­жамен бүркеп қойған. Бұлар қазақтың отбасылық құндылықтарын бұзып қана қойған жоқ, қыздары­мыздың тағдырын талқандап жүр. Қайсыбірін айтайтын, Қарағанды жақтың Гүлзада есімді қызы дәріске келіп жүр. Туған әке-шешесімен араласпағалы үш жылдан асып кеткен. Ата-анасы әу бастан жігітінің өзге ағымда екенін біліп, қарсылық танытса керек. Бірақ Гүлзада соған қарамай тұрмысқа шығып кете берген. Басында қара орамалымен қоса өте агрессивті болатын. Құдды жүрегі қатып қалған ба деп ойлайсыз. Бірнеше дәрістен соң жүрегі жібіді ме, әке-шешесін сағынғанын айтып, көз жасын сығып алды. Бірақ олар үшін әке-шеше намаз оқымаса кәпір, біз Тағұт мемлекетте тұрамыз дейді. Ол не десеңіз, заңдар бізді қолдамайды, ұстанымымызға қарсы дегенді айтады. Ең бір жүрекке ауыр тиетіні, оның күйеуі деструктивті ағыммен қамауға түскенде, бұл балаларын аштықтан өлтіріп ала жазда­ған. Балаларының аштықтан бұратылып жатқанын көршілері байқаған болу керек. «Күйеуім рұқсат етпейді, көшеге шығуыма болмайды» деген ессіздік жағдайға дейін барып, балаларының бетіне қарап отыра берген. Исламда ер-азаматы сапарға кетсе, не басына күн туып, түрмеге түссе, бала-шағаны аштан өлтір демейді. Күйеуіңнің ата-анасы, бала-шағасы және жиған дүниесі саған аманат. Сен олардың бәрін шамаң келгенше асырап-бағуың керек. Ал бұлар көшеге шығуға бол­майды, бұл кәпір мемлекет деген сияқты ақылға қоным­сыз, қисынсыз нәрселер айтады. Кейбір ата-ананың діни сауатсыздығы да олардың балаларымен арақатынасына сызат түсіруде. Сымбат есімді қыз намазға келіп, орамал таға бастағанда шешесі бүкіл киімін өртеп жіберген. Шешесіне өкпелеген қыз жігітіне қашып кетіп, тұрмысқа шығып алады. Бірақ сол қыз айналып келгенде бақытты болған жоқ. Өйткені, шешесінің разылығын алмады. Қандай жағдай болмасын әке-шешеңнің қас-қабағына қарап, көркем мінезділік танытсаң, олар саған разы болса, тілеуіңді Алла береді ғой. Содан әлгі қашып кеткен Сымбат екі балалы болғанда күйеуі қайтыс болып, жылап-еңіреп ақыры анасына келген.

«Алла Тағаланың ашуы ата-ананың ашуында» деп тегін айтылмаса керек. Егер сенің діни сауатың бар, бірақ ата-анаңда ондай білім болмаса, оларды дұшпан көрмей, керісінше жағдайды жәйлап түсіндіріп, сабырлық таныт. Ата-анаң саған бар өмірін арнап, өсіріп-жеткізгенде адал болды да, өзіміз сәл дінге ден қойғанда бәрі арам бола қалды ма? Егер сендегі өзің ойлаған керемет діни сауат­тылықтың ата-анаңмен жақсы қарым-қатынас жасауы­ңа шамасы жетпесе, демек, сенің діндарлығыңның құны көк тиын болғаны. Қанша тақуа болсаң да, әке-шешені аттап, одан сырт айналып кетіп, өмірде жетістікке жетем дегендер қатты қателеседі. Жолың болмай, өмірде қайта-қайта сүріне берсең, әке-шешеңмен байланыс қандай, соны ойланып көрген абзал. Бұл өмір дәлелдеп келе жатқан айнымас шындықтар.

Дейтұрғанмен, мәселенің себебін қайдан, кімнен іздейміз десек, бір жақты жауаппен шешім таба алмас­пыз. Діни сауаттың жоқтығы мен төмендігі, жеке психо­логиялық және әлеуметтік факторлар, дінге қатысты айтылған кез-келген ақпаратқа сыни көзқарастың жоқ­ты­ғы, жастардың отбасында жылулық көрмеуі, рухани кедейлік деген сияқты факторлар олардың адасуына әсер етуші факторлар болып отырғаны шындық.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *