«Қара майордың» батасы

Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толды. Осы қанды қырғын қаншама боздақтың өмірін жалмады десеңізші. Талай 18-20 жастары жігіттер қыршын кетті. Көптеген аналар ұлдарынан, қыз-келіншектер сүйгендерінен мәңгіге айырылды. Ауған соғысы адамзат жүрегіне жазылмас жара салды. Алматыдағы №119-мектеп-гимна­зияда өткен ауқымды кездесуге «ауған» жауынгерлері шақырылды. Олар – аты аңызға айналған қолбасшы Борис Керімбаев, Қазақстандағы жалғыз Кеңес Одағының Батыры Борис Кременыш бастаған қарулас достар гимназияда Ауғанстан соғысы ардагерлеріне арналған қабырғаның ашылу салтанатына қатысып, оқушы­лардың өнерлерін тамашалады.Кездесудің бір ерекшелігі – қандай да бір уақыт шеңберіне тоқталмай, келген әрбір қонақ басынан өткен оқиғаларды айтып, ұрыстан қайтпаған достарын еске алды. Соғыс тактика­сын шебер меңгерген даңқты «Қара майор» – Борис Түкенұлы Паншер патшасы Ахмет шах Масудпен үш рет келісім жасап, мыңдаған халықтың өмірін сақтап қалды.  Ауған жерінде болған екі жыл, екі ай және бес күннің әр күнін санап отырғанын айтты. 177 арнайы мақсаттағы ерекше отрядтың командирі ондаған жауынгерлерінен айырылудың оңай болмағанын жет­кізді. «Сендер еліміздің келешегісіңдер, Отан қорғайтын, оны сақтап қалатын нағыз патриоттар – сендер! Елімізде тыныштық болсын, ондай соғысты көрмеңдер! Бұл менің сендерге берген батам болсын!», – деп тіледі ол. Айта кету керек, осыдан 37 жыл бұрын, 1981 жылдың 29 қазанында Керімбаевтың «Мұсылман батальоны» Кеңес-Ауған шекарасынан өткен болатын.Ауғанстанда әскери борышын өтеген Адыл Сулейманов, Алмасбек Айдарбаев, Сергей Савиченко, Радион Юн  Ауғанс­танда түрлі ұлт жігіттерінің бір үйдің балаларындай болғаны, біреудің қазасына бәрінің қайғырғаны, әскери антқа адал болғандар туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісіп, бұл кештің өте маңызды екендігін айтты. Елбасының Украин ұлтының өкілі, белгілі касіпкер, меце­нат Александр Скоропадский бүгінгі Украинадағы саяси тұрақсыздықтан қарапайым халықтың зардап шегіп жатқанына өкінетінін, Сирия, Палес­тинадағы жағдайдың Қазақстанда болмағанына қуанатынын айтты. Ол өз қаржысы есебінен шығарып жатқан «Kaharman.KZ» журналының бірнеше санын және ауған тақырыбына түсіріл­ген бейнетаспаларды гимназия дирек­торы Сәуле Тіреуоваға тапсырды. Қала­лық әкімшілік жанындағы Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров Сәуле Марат қызын Алғыс хатпен марапаттады.Мектеп-гимназияға музыка аспап­тарын асынып барған «Паншер» тобы мүшелері Алмасбек Айдарбаев, Әли Жүнісов, Еркін Қанатов, Павел Пса­рев оқушыларға әскери әндерді  орын­дап берді.Бұл – жиналған қалың қауымның рухын көтеретін кездесу болды. Ауған­станнан Кеңес әскерінің шығарыл­ғанына 30 жыл толуына байланысты жоғары дәрежеде өткізілген алғашқы шараның ұйымдастырушысы Сәуле Маратқызы Тіреуованың басқа оқу орындары үшін үлгі боларлық ісі үшін рақмет айтамыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *