«Араққа салынып кеткен кезімде екі таңдау мені қайта тұрғызды»

Әсел ДАҒЖАН

 

Басқа емес, дәл осы бір адам­ның өмірі кино түсіруге сұранып-ақ тұр. Кино болғанда да адам­ның жігерін жанып, рухын көте­ретін, бүгінгі тілмен айтқанда мотивация сыйлайтын фильм. Өйткені, жастайынан әке-шеше­сінен айырылған Әзиз Зайыров балалар үйіне түседі. Ол жерде үлкендерден қорлық көріп жүріп, боксшы болуды армандайды. Өйткені, мықтылар ғана адам сияқты өмір сүретін. Көп өтпей жатып тағдыр оны аурумен сы­найды. Араққа салынып, үйсіз-күйсіз далада қаңғып қалады. Бірақ бұл қиындықтың бәрі оның сағын сындыра алған жоқ.

Біз бүгін оқырмандарды «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазының бірі, режис­сер және қоғам қайраткері Әзиз Зайыров­пен таныстырмақшымыз.

Көзі ашық, көкірегі ояу қауымға Әзиз Зайыров есімі көптен таныс. Ол бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалардың шығарма­шылық қабілетін оятып, олардың өздеріне сенуіне жол ашып жүр.

Бұл өмірдегі әрбір адам, мейлі балалар үйінен, мейлі мүгедек болсын немесе әке-шешесінің махаббатына бөленіп өскен бала болсын, өмірдегі барлық жақсылық түгел өз қолымызда. Ғажайыпқа сенген адам ғана кереметке куә болады. Оған сенбеу де өз еркіңізде…

 

«Анам енді жоқ екенін түсіндім» 

 

Болашақ режиссердің балалық шағы махаббат пен қуанышқа емес, күрес пен қиындыққа толы. Ол Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Оның өзін есейгенде бір-ақ біледі. Ол туғанда әкесі мен шешесі де аман-есен, алдында үш әпкесі мен ағасы болатын. Бірақ алтыншы балаға аяғы ауыр анасы босану кезінде нәрестемен бірге қайтыс болады. Ауыр қайғыны көтере алмаған бес баланың әкесі араққа салынып, отбасын тастап кетіп қалады.

–       Сол күн әлі есімде. Бір бөлмеде көп әйел жылап жүргенін білем. Біреуі ғана қозғалмай жатыр. Мен сол адамның жанында ойнап жүрмін. Оның мұрнын жауып, құлағынан тартсам да ол қимылдамады. Бір кезде бір әйел мені көтеріп алып кетті. Айқай-шу болғаны есімде. Мені бір жаққа алып кетті. Ұзын жол есімде, – дейді сонау балалық шағын есіне алған Әзиз Зайыров.

Сол ұзын жол оны балалар үйіне алып келеді, бірақ ол кезде оны екі жасар Әзиз түсінбеген еді, әрі анасының жоқ екенін де білмеді. Оның өзін кездейсоқ түсінеді.

–       Біз жолда тамақ ішуге тоқтаған­быз. Ал мен сол маңда ойнап жүрмін. Бір кезде шөпте жатқан қара құсты көріп, жақындадым. Тура бөлмеде қозғалмай жатқан әйел сияқты үнсіз жатыр. Қозғал­тып көріп едім, қолыма қан жұқты. Қорқыныш сезім бойымды биледі. Әлгі құс бәрібір қозғалыссыз. Сол кезде анамды көре алмайтынымды түсіндім. Сол қорқынышты сезім әлі есімде, – деген Әзиз содан кейін балалар үйінен бір-ақ шыққанын есіне алды.

– Мені мүлде бөтен әйел көтеріп алған. Үлкен кір жуғыш машинасының жанынан өтіп бара жатқанбыз. Түрлі-түсті киімдер айналып жатыр. Сол кезде мені әлгі машинаға лақтырып жіберетіндей көрінді. Машинаның ішінде өзім сияқты балалар бар шығар деп ойлағам.

Балалар үйі десе Әзиз үшін адамдарды есінен айырып, тұлғалық қасиетін жойып, арнайы жүйеге бағындыратын орын елестейді. Оның жоғарыдағы естеліктері кейін режиссердің «Қыз және теңіз» картинасына кіреді.

– Балалар үйінде тура әскердегідей, үлкен­дер кішкентайларға әлімжеттік жасайды. Егер күшің жетіп, оларға жұды­рықпен жауап бере алсаң, адам сияқты өмір сүріп, қалағаныңды ала аласың, – дейді кейіпкер.

Бала кезінде Әзиз әйтеуір бір күні бұл әлемді өзгерткісі келетін. – Менің екі арманымның біреуі – бокстан әлем чемпионы болғым келетін. Бала кезімде рингтің гениі – Мұхаммед Әлидің атағы аспандап тұрған кез. Оны пір тұтатын­мын. Балалар үйінде тамағың мен киімің­нен айырылып қалмас үшін мықты бо­луың керек. Ал екінші арманым – мықты болсам  бүкіл әлемде тәртіп орнатуға болатындай көрінетін, – дейді Әзиз.

Ол кездері бала Әзиз Горький саяба­ғындағы «Спартак» спорттық клубына баратын. Әдеттегі төбелестің бірінде оның аяғын біреу темірмен аяусыз ұрады. Балалар үйіндегі медбике «жазылып кетеді» деп оның ауру аяғына дұрыс көңіл бөлмейді. Соның кесірінен ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсіп, ақыры ота жасатып, ауруханадан мүгедектіктің екінші тобы деген құжатпен шығады. Содан бастап бокспен қош айтысады.

 

 

Екі айға созылған қаңғыбас өмір

 

Сонау Кеңес Одағы кезіндегі балалар үйіндегі жағдайды Әзиз әлі күнге дейін түрменің жағдайындай елестетеді. 15 жасында балалар үйінен шығып, үлкен өмірге араласқанда да ешкім оның басы­нан сипаған емес. Жертөледе түнеп, далада аш ұйықтаған кездері көп. Балалар үйінен шыққаннан кейін құрылыс училищесіне түсіп, онда ағаш ұстасы мамандығын меңгеріп, зауытта жұмыс істейді. Жұмысты сүйіп істейтіні сонша, тек қана рахаттана еңбектенетін. Бүгінде қолы қалт етсе, сүйікті жұмысын қолына алады. Бірақ сол жылдары училищені енді бітірген маманға жұмыс табу оңай болған жоқ. Оның үстіне денсаулығындағы кінәрат та кедергі. Бүгін жұмысқа алған мекеме келесі күні түрлі сылтау айтып шығарып салатын. Осы кездері ол араққа салынып кетеді. Айтуын­ша, 7 жасынан бастап темекіге құмартып, 11 жасынан бастап ішімдікке үйір болған. Жұмыссыз, үйсіз-күйсіз қалған кездері тағы сол ішімдікпен ғана мұңдас болады. Екі айдай көшеде түнеп, қоқыс аралап, вокзалдың жанын торуылдап, милицияның желкелеуімен участоктан шықпайтын. Бірақ бір күні ақылға келді…

–       Шал, араққа салынған қыз бен бір жігіт бар. Мен сол үшеудің қатарына қосылып, қоқыс ақтарып, картон қағаздың үстінде ұйықтайтынбыз. Жанымдағы шал маған өмірде болған қызықты оқиғалар айтып беретін. Қайғылы жағдайдан соң әлгі шалды өзінің туған балалары тастап кеткен көрінеді. Оның үстіне ақшасы мен құжаттарын жоғалтып алып, далада қаңғып қалады. Ол үнемі мені ар-ұятқа шақыра­тын. Көше кезіп, үйсіз-күйсіз демесең, министр немесе бизнесменнен де артық адам­дар бар. Бір рет түнде екеуміздің сөй­лес­кеніміз бар, мен ол кезде онымен соңғы рет сөйлесетінімізді білмедім. Ол маған балалары жайлы айтып, қызын ұзатып жатқан сәтті көргісі келетінін айтып, бірақ оның қайда екенінен хабары жоғына өкініш білдірді. Ақыры ол маған менің бұлай көшеде тентіреп жүргенімнің дұрыс емес екенін айтып, бұл жерден кет деді. Таңғы сағат 4-те әлгі шал қайтыс болды, – деп өткен күндерді есіне алған кейіпкер біраз ойланып қалды.

 

 

Екі таңдау: не аяқ астында жатамын, не аяққа тұрамын

 

Сол түнгі әңгімеден кейін Әзиз Зайы­ровтың есі кіріп, бұл жерде қалмау керек екенін түсінеді. Содан кейін бір бос бөтелкені тауып алып, су толтырып, жуынып, аялдамаға барады.

–       Елдің бәрі маған қарап тұрған сияқты. Көзі бақырайған келіншек маған жылы жымиып, жаныма жақындап келіп, жөн сұрады. Сол сәтте көзіме жас толып, ағыл-тегіл жыладым. Қашан соңғы рет жылағаным есімде жоқ. Әйтеуір әлгі әйел өзінің Медеу аудандық мүгедектер қоға­мының меңгерушісі екенін айтып, өзінің телефондарын берді, – деп ауыр кездерді есіне алған Әзиз бір апта ойланып жүріп, орталыққа баруға бел будым дейді.

Мүгедектер қоғамының табалдырығын аттаған сәтте ол денсаулығы әр түрлі деңгейдегі оншақты баланы көреді. Біреуі арбада отыр, біреуінің қолы жоқ, енді біреуінің көзі мүлде көрмейді. Бірақ сонда да әлгі балалар ойнап-күліп, рахаттанып жүргенін көріп, өзі үшін қатты ұялады. Аяқ-қолы сау бола тұра өзін қандай күйге жеткізгенін ойлап, өз-өзінен қысылады.

–       Үнемі жығылуға болады, бірақ есің кіріп, түсінген сәтте: аяқ астында езіліп жата беруіңе болады немесе өзіңді қолға алып, аяқтан тұрып, биікке ұмтыласың ба, ол өзіңнің қалауың. Осы екі аралықты түсінген сәтте сен бір таңдау жасауың керек, – деп есептейді Әзиз.

1998 жылы Әзиз Зайыров бүгінгі Өнер академиясына оқуға түседі. Ол кезде оның жасы 30-да болатын.

–       Бір күні суық тиіп, ауруханаға түстім. Ота жасаған соң мені палатаға шы­ғарды. Менің жанымда Қайырғали Қасы­мов деген жас жігіт жатты. Ол Жүргенов атындағы академияның 3-курсында оқып жүр екен. Қазір ол белгілі мультипликатор. Екеуміз сөйлесе бастадық. Мен сүйікті шығармаларымды әңгімелеп, кітап оқуды жақсы көретінімді айттым. Оқу дегенді балалар үйінен әдеттенгенім бар. Ол маған таңғалып, неге академияға оқуға түспейсің деп ұсыныс жасады. Ол кезде мен оның сөзін шындап қабылдамадым. Өйткені, ол кездегі менің өмірім жұмыстан келген соң достармен қосылып арақ ішіп, темекі тартумен өтетін, – дейді бас кейіпкер.

 

 

Арақ пен темекіні аузыма алмаймын деген уәдемді орындап келемін

 

–       Көпшілік адам режиссер болуды армандап түсетін. Ал менің алдымда екі-ақ таңдау болатын. Мен не өмір бойы жығы­лып жатам, не өзімді сүйреп, орнымнан тұрғызам. Ақыры байқаудың талаптарынан өтіп, оқуға түстім. Бірақ көп өтпей денсаулығыма байланысты академиялық демалыс алуға тура келді, – деген Әзиз қаладағы Мүгедек балалар ата-анасы қауымдастығының сауықтыру орталығына жұмысқа тұрғанын айтты. Өмір бір сәтке жылы қабақ танытқан сияқты болған. Бірақ сол күндері ол қарындасының өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғанын естиді.

– Қарындасым менің көмегіме мұқ­таж болғанда өз-өзіммен жүргенімді ойлап, қатты өкіндім. Арақты салынып ішіп, екі апта бойы оның бейітінің жанында түнедім, – дейді Әзиз.

Бірақ бір күні ол тағы есін жиып, өзін қолға алады. Тағы да екі таңдау. Не араққа салынып, өзіңді құрдымға жібересің не жаңа бір нәрсені қолға аласың. Осыдан кейін танысының кеңесімен   есірткіге тәуелділіктен айықтыра­тын орталыққа барады. Арақ пен темекіден бас тартқан сәттен бастап Әзиз мүлде басқа адамға айналады.

– Мен арақ пен темекіні аузыма алмаймын деп өз-өзіме серт бергем. Сол уәдемді орындап келемін. Қазір сала­уатты өмір салтын насихаттап жүрмін, өйтке­ні, біз бір ұлтттың, қазақ халқының бола­шағын тәрбиелеп жатырмыз. Ол үшін алдымен өзіміз сау болуымыз керек. Біздің жаман әдеттеріміз бұл әлемді ластайды. Балалар – біздің болашағымыз деп ұран­датамыз. Бала – өмірдің гүлі. Біз оларды ішімдіктің исі мен темекінің түтініне тұншықтырып қоймауымыз керек, – деп есептейді біздің бүгінгі кейіпкер.

Әзиздің шығармашылық жолы мүм­кіндігі шектеулі балалар жайлы деректі фильм түсіруден басталады. «Зимние бабочки»  деп аталатын отбасылық тұңғыш балалар фильмі Алматыда өткен қайы­рымдылық фестиваліне шақырту алады. Голливудтан белгілі актерлар шақырылған фестивальде аталған фильм Гран-приді жеңіп алады.

– Фестивальде менің атым аталған сәтте буындарым босап, көз алдым тұмандана бастады. Ал сахнада менің сүйікті актерім Ален Делон тұр. Сахнаға жеткенше көз алдымнан бүкіл балалық шағым сырғып өтті: көрші ауладан қалай алма ұрлайтынымыз, жүгіріп ойнап жүр­ген кездерім, дәл осы Ален Делон ойнай­тын киноларды жібермей, жарыса отырып көретін кезіміз. Мен оған ұқсауға тыры­сатынмын. Ал енді ол мені сахнаға шақы­рып құттықтағалы тұр. Ол мені құшақтап, сыйлықты ұсынған сәтте есімнен танып қалмасам болды деп ойладым. Қолыма микрофон ұстап тұрып менімен балалар үйінде бірге өскен балалар менің жетістігімді көріп, олар да өз күш-қуаты мен армандарына сенсін дегенді айттым. Егер адам биікке ұмтылар болса, бір күні ғажайып нәрселер болады, – дейді Әзиз сенімді түрде.

Режиссердің «Бар болу немесе бордай тозу» атты мүгедек жігіттің өмірі жайлы түсірген деректі фильмі 2015 жылы Америка Құрама Штатындағы Facebook-тың бас кеңсесінде көрсетіледі. Кинема­тографистер сол жақта өткен Superfest кинофестиваліне шақыртумен барған болатын. Әлемнің 30 елі қатысқан фести­вальге 85 фильм байқауға түсіп, Әзиздің режиссерлігімен түсірілген деректі фильм үздік шығып, «Совершенство» деген номинацияны жеңіп алады. Қазақстаннан 5 адам болып барған кинематографистер фильмді түсіру кезінде «Америкадан бір-ақ шығамыз» дегенді ойлаған емес. Бірақ сүйікті ісіңді беріле істеп, жан-дүниеңді салып, еңбектенсең түбі ол сені өз арманыңа жеткізеді. Тіпті, адамның алдынан үлкен даңғыл жол ашылады. Оған кейіпкердің өмір жолы куә.

Бүгінде Әзиз Зайыров мүгедек балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, қайырымдылықпен шұғылда­нуда. Әрі қоғам қайраткері Аружан Саинмен серіктесіп жұмыс жүргізеді. Оның әлеуметтік желідегі парақшасына көмек сұрап жазатындар көп көрінеді. Оның бәріне Әзиз барынша көмектесуге тырысып жүр. Тіпті, өзінің отбасымен бірге үйінде емізулі баламен далада қалған бір қызды қамқорлығына алған.

–          Қазір мен қоғамға, айналама неғұрлым көбірек пайдалы болуға мән беремін. Сен балалар үйінен шықтың ба, мүгедектігің бар ма, ол өзіңді кінәлап, бармақ тістеуге себеп емес, алдымен өзім үлгі көрсетіп, тағдырым қандай болса да айналама пайдам, көмегім тиетін азамат болу – парызым, – дейді Әзиз Зайыров.

 

P.S. Өз арамызда жүрген қазақтың баласының тағдыры расымен қаншалықты соқтық­палы-соқпалы болса да, өмір оны мұқатып, жеңе алмады. Сағын сындыра алмады. Шыны керек, мұндай тағдыр­лармен біз шетелдік бест­селлер кітаптардың орысша аудармасы арқылы ғана таныс­пыз. Бірақ «100 жаңа есім» жобасы арамызда жүр­ген рухы мықты заман­дас­тарымызды танытуда. Өмі­ріңіздің аспанын қара бұлт торлап алды ма, уайымның түбіне түсуге асықпаңыз.

 

Жігітке арман жеткізіп пе еді

Өз сорын өзі жеңбесе.

Өмірдің барлық сәтсіздіктері

Бақытсыздық емес, ендеше! 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close