Ар заңы барлық заңнан заңғар

Мұзафар ӘЛIМБАЕВ,

Қазақстанның халық жазушысы:

(жаңа афоризмдер)

Сойыл да содырды,

Рухтандыр момынды.

***

Ары таза алаңсыз ұйықтайды.

***

Топастық тобырда,

Сатқындық содырда.

***

Ақылманмен әңгiмелессең, аз сөйле.

***

Тiрлiк тылысым – кең ғимарат, зертхана,

Зертханадан айырады  дерт қана.

***

Қанағатсыздықтан асқан

Қарымбайлық болмас.

***

Бойы биiк мақтана берсiн,

Ойы биiктiң озғанын көрсiн.

***

Естi сөздi iрiкпе,

Ойсыздардан үрiкпе.

***

Тұншыққан тулай алмайды.

***

Түнгi түстер – күндiзгi ойдың жалғасы,

Шындыққа кiм шүбәланып нанбасын?!

***

Әулекi

Ұрыс-керiс дәулетi,

Не мақсатқа жұмсалады қауметi?!

***

Жамандық жасамау да – жақсылық.

Жамандық жасатпау да – жақсылық.

***

Қазақ даласында елдiктi,

Ерлiкпен берiк қорғаға.

Содан да қазақты,

Алты Алаш қолдаған.

***

Шындалу – шындық,

Жындану – сұмдық.

***

Желiкке берiлмейтiн қыз –

Аптапта ерiмейтiн мұз.

***

Аналық

Даналық –

Құлпырсын өмiр жаңарып.

***

Күнiне бiр күлмесең, көңiлiң тұнжыр.

Халық үшiн құлшынбасаң, өмiрiң құнжын.

***

Аққа қара жұққанмен

Қаралай алмайды.

Жала-пәле шыққанмен

Алалай алмайды.

***

Әр жаңа таң жақсылықтар әкелсiн,

Жерден қазына, көктен жұлдыз әперсiн.

***

Сезiм – сергек,

Уайым кермек.

***

Табиғатқа таңданбаған пенде – мүскiн,

Тата да алмас ләззатын тебiренiстiң.

***

Шалағай шаруасын

Шала тындырар.

***

Уақыт оздырады да,

Түтiп тоздырады да.

***

Сырт көз сыншы қолында

Сынар екен кiмдi осал?

Әдiл түйiн жасауға

Сен өзiңдi сынға сал.

***

Енжарлық –

о да кемтарлық.

***

Еңсенi тiк тұрғызу –

Сергектiкке бұрғызу.

***

Жасық сөздi жек көрдiм де жирендiм,

Жаңа сөздi жан құштармен игердiм.

***

Парасатсыз саясат

Парықсыз саясат.

Бағы тайған саясат

Игiлiксiз зая сәт.

***

Ерлiкке орын елiңде,

Елiңнiң ноян ерiнде.

***

Сөзiңнiң еркiндiгi –

Ойыңның беркiндiгi.

***

Уақыттан озбыр рақымың жоқ.

***

Дарындылық, бiлiмдiлiк шынайы –

Сенiмдiлiк, құдыреттiлiк құдайы.

***

Бiр алдансаң жүз мәрте опық жерсiң,

Бiлiм үстем, қайрат жиын бекiнерсiң.

***

Ажар да, асқар ақыл бiр өзiңде,

Жарқылдап көлбеңдейдi күн көзiнде.

***

Долдану –

Зораю емес, зорлану.

***

Бойдақтық –

жайдақтық.

***

Омыраусоқ кердеңдi

Дей алмайсың көргендi.

***

Қалталылар

Қағанатты билегендей қағынып, дүрдиедi.

***

Өзiңе көңiлiң көншiмеу –

Өрлеудiң сыйын еншiлеу.

***

Жолдаманы дәуiр бередi,

Мәндi сөздi қауым тередi.

***

Жаңарудың төл басы –

Мәңгiлiктiң жалғасы.

***

Қартқа қаужаңдау да – қанағат.

***

Тәрбиенiң өмiршеңдiгi өнеге де.

***

Шындыққа жүгiну –

Бүгiлу емес.

Түңiлу емес,

Шынығу.

***

Ұмытшақ

Қолдағыдан айырылар,

Айырылар да, қайғырар.

***

Елiн сүйген ерленер,

Өзiн дөймен теңгерер.

Барын доспен тең бөлер,

Ойын теңдей өңгерер.

***

Болсаң шын шабандоз,

Жарысқанда әманда оз.

***

Алжыған – аш көз,

Болғайсың бас-көз.

***

Бақытын әркiм қорғаса,

Сормаңдай пенде болмас-ты.

Iзгiде ұлтың қолдаса,

Жүректiң гүлi солмас-ты.

***

Айтылғанша сенiкi,

Айтылған соң елдiкi.

***

Көппен көрген қуаныш та жұбаныш,

Туған елден ұзай көрме тым алыс.

***

Дарындылық, бiлiмдарлық шынайы,

Сенiмдiлiк, құдыреттiлiк құдайы.

***

Өзгелерге ұқсамасын түбiрiң,

Өнеге тұт азаматтың мығымын.

***

Кешегiңнен болғайсың ақылдырақ,

Ұлтыңа жан-жүйкеңмен жақынырақ.

***

Сүйе бiл де, сына,

Алты Алашқа ұна.

***

Бiздер дейдi, қандай екен бiрлiгi,

Қызығарлық болғандай ма тiрлiгi?!

***

Өзiң үшiн жасамайсың өмiрде,

Жаралғансың елiң үшiн жеңуге.

***

Шешiлетiн мәселе шашыңнан көп,

Өзiңнен, өзгеден де жасырма тек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *