ҚАР БАРЫСЫ САҚТАЛУЫ ҚАЖЕТ

Қазақстан астанасында қар барысы популяциясын сақтау мәселелеріне арналған жаһандық конференция ашылды

Нұрлан СҮЙІН

Қазақстан астанасында қар барысы попу­ляциясын сақтау мәселелеріне арналған беделді халықаралық конфе­ренция өз жұмысын бастады. Форумды Snow Leopard Foundatіon, қар барысын сақтау бойынша жеке халықаралық қоры ұйымдастырды. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы бір жыл бұрын ірі қазақстандық меценат, кәсіпкер және қоғам қайраткері Нұрәлі Әлиев болды.

Конференцияның тақырыбы: «Қар барысын сақтау: популяциялардың жағ­дайы, ландшафттарды басқару және транс­шекаралық ынтымақтастық». Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда ілбіс атала­тын – қар барысы мекендейтін барлық елдерде осы көркем және сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау бойынша тиімді бірлескен тетіктерді әзірлеуді жалғастыру.

– Біз Қазақстанның елордасында ірі әлемдік қорлар мен халықаралық ұйым­дардың өкілдерін, сондай-ақ, қар барысын қорғаумен айналысатын және террито­риясында барыс мекендейтін 12 елдің ең беделді ғалымдарын жинай алдық. Біз тәуелсіз Қазақстанның символы есептеле­тін осы жануарды сақтау үшін нақты қадамдар жасауды жоспарлап отырмыз, – деді Snow Leopard Foundatіon қорының құрылтайшысы Нұрәлі Әлиев. – Атап айтқанда, БҰҰ Даму Бағдарламасының сарапшыларымен біз елімізде қар барыстары бойынша барлық ғылыми және статисти­калық деректерді біріктіруге арналған бірыңғай әлемдік ақпараттық орталық құру жобасын талқылаудамыз. Нұр-Сұлтанда бастай беруге дайын тағы бір нақты жоба –  ілбістің бірыңғай халық­аралық гендік зертха­насын құру.

Конференцияға Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пә­кістан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Непал, Бутан және Ресей сынды қар барысы мекендейтін барлық 12 елдің өкілдері қатысуда. Қазақстан астанасына БҰҰ Даму Бағдарламасының (UNDP), Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF), Snow Leopard Trust қорының, қар барысын және оның экожүйелерін сақтау жөніндегі Жаһандық Бағдарлама Хатшы­лығының (GSLEP), Халықаралық табиғат қорғау одағының (ІUCN) және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары келді. Конференцияға Қазақстан Респуб­ли­касының экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі Мағзұм Мырза­ға­лиев те қатысты.

– Бүгін әлемде қар барысын қорғау бойынша көптеген іс-шаралар өткізіледі, бірақ оларда жалпы табиғатты қорғау немесе мысық тұқымдастарының барлық өкілдерін қорғауға байланысты мәселелер талқыланады, – деп атап өтті Snow Leopard Foundatіon қорының басшысы Ержан Еркінбаев. — Біз ілбіс популяциясын қорғау­дың тар сегментіне мақсатты түрде назар аударғымыз келеді. Конференция аясында популяцияны сақтау бойынша неғұрлым тиімді тәсілдер туралы ғылыми пікірта­ластар жалғасуда, қар барысын сақтау мақсатында трансшекаралық ынты­мақтас­тық туралы меморандумның таныс­тыры­лымы және ғылыми мақұлдануы, сондай-ақ біздің қор мен БҰҰ Даму Бағдарламасы арасын­дағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою орын алды.

Snow Leopard Foundatіon өкілдері қор қызметінің бірінші жылының нәтижелері туралы баяндады. Атап айтқанда, қар­жылық және техникалық қолдауды қамта­масыз еткен қор қатысуының арқасында ҚР БҒМ Зоология институтының ғалым­дары Іле Алатауындағы қар барысының потенциалды мекендейтін жерлерін зерт­теді, фототұзақтар орнатты, алынған мәлі­меттер негізінде Алматы өңірінде мекен­дейтін популяцияның қазіргі күнгі таралуы мен санына қатысты мониторинг­тік зерт­теулер жүргізді. Конференция қаты­сушылары қар барысын өсіру және бейім­деу орталығының құрылыс перспекти­ва­ларын талқылады. Орталықтың құрылысы үшін Іле Алатау ұлттық табиғи паркі территориясында барлық қажетті талап­тарға сәйкес келетін учаске анықталды, қазіргі уақытта қор сарапшылары Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен бірлесіп ұйымдастыру мәселелерін талқылауда.

WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц Қызыл кітапқа енген жыртқыштың популяциясын сақтау және ұлғайту мақсатында қар барысы ареалының барлық мемлекеттері ынтымақтастығының қажеттілігін атап өтті. «Қазақстанның үлесіне әлемдік популя­цияның тек 3%-ы ғана келеді, бірақ бұл жеке топ емес. Қазақстан тарихи түрде экологиялық дәліз рөлін атқарды және бүгінде ареалды жекелеген фрагменттерге бөлу түрдің жойылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан Нұрәлі Рахатұлы Әлиевтің бастамасы Қазақстанның символы – осы бірегей аңды сақтау үшін өте маңызды», – деп атап өтті Григорий Мазманянц.

Конференция қатысушылары Алматы­да бірыңғай ақпараттық орталық құру жобасын талқылады, оның міндеттеріне жергілікті тұрғындар арасында ағарту жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барыс мекендейтін барлық аумақта тұратын жануарлар туралы толық ақпаратты қамтитын бірыңғай деректер базасын құру кіреді. Деректер базасын құру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарлануда. Осы технология­лардың арқасында сарапшылар жануар­дың терісіндегі сурет сияқты бірегей сипат­тамаларға сүйене отырып, фотосуреттердегі барлық жеке бастарды сәйкестендіру бойынша анағұрлым нақты талдау жасай алады. Бұдан басқа, базада генетикалық сараптама нәтижесінде алынған деректер қамтылатын болады.

Конференция қонақтарының қата­рында қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қосқан медиалық тұлғалар, белгілі кәсіпкерлер болды.

Конференцияның ресми тасымал­даушысы – Aіr Astana әуекомпаниясы.

Қар барысы немесе ілбіс (Panthera unіca) – біздің еліміздегі мысық тұқымдастарының ең ірі өкілі. Ілбіс Халықаралық таби­ғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне, сондай-ақ, оның таралу аймағының барлық 12 елінің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкіс­тан, Үндістан, Непал, Бутан, Қытай, Моңғолия мен Ресейдің ұлттық Қызыл кітаптарына енгі­зілген. 2013 жылы Қазақстан «Қар барысы және оның экожүйелерін сақтаудың жаһандық бағдарла­масына» қосылды. Бірақ сирек кездесетін түрді сақтау бойынша күш-жігерге қарамастан, оның популяциясы үнемі қысқару үстін­де. Мәселен, 20-жүзжылдықтың соңында қар барысының қазақ­стандық популяциясының саны шамамен 180-200 басқа баға­ланды. ҚР БҒМ Зоология инсти­тутының есебі бойынша 2014 жылы Қазақстанда барлығы 110-130 ілбіс тіршілік еткен.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *