ҚАРҚАРАЛЫДАҒЫ ҰЛЫ АҚЫН ТОҚТАҒАН ҮЙ

Биыл ұлы  ақынның  туғанына  175  жыл.  Осыған  орай жер-жерлерде  ақын  тойына дайындық  жұмыстары басталып  кетті. Ұлы ақын  мұралары  түбегейлі зерттелуде. Алайда, оның  өскен ортасы мен ақын болып қалыптасу  кезеңін толық танып болған жоқпыз. Абайдың Қарқаралы  өңірінде  тоқтап, табанының  ізі қалған үй  туралы айта кетсек,  ол да тарихымызға қосылған бір құндылық болары  анық.

 Жақында   редакциямызға   ұлы ақынның   Қарқаралы  өңіріндегі Абай өмірінде ұмытылмастай болып қалған қоныс үйі  туралы ой  бөлісуге сол  өлкедегі атақты көпес  Халиулла Бекметевтің ұрпағы, жоғары  дәрежелі  кітапханашы,  библиограф Жәмила   Кәмелқызы Бекметева  келді.

 

«КӨктӨбелі  үй»  иесінің  ұрпағы

– Жәмила  ханым, киелі Қарқара­лыдағы Құнанбай қажы мен хәкім Абай өмі­рін­де ұмытылмастай белгі  болып қалған тарихы қос ғасырға жуықтайтын   «Көктө­белі  үй»  туралы   айта кетсеңіз?

– Қарқаралы  қаласында  «Көктөбелі  үй»  деген  тарихы  сан-қатпар  ғимарат бар. Осы қасиетті  үйде туып-өскен, есімдері елімізге  танымал атақты  қайраткерлер  және  олардан  тараған  ұрпақтар  аз  емес.  Бұл  үйде бала Абайдың  ізі қалған, Құнан­бай бабамыз түстеніп,  әйгілі  заңгер,  қоғам  қайраткері Жақып  Ақбаев  осы  үйдің  қызына үйленген, белгілі Алаш  қайраткері, публицист Ахмет  Байтұрсыновқа  қамқор болған Мұхамед-Махсұт  Бекметевтің  осы үйде кіндігі  кесілген. Бұл «Көк  үйді»  салған  атақты көпес  Хамит Бекметев  пен  оның  ұлы Халиулла Бекметев менің  туған  бабаларым.

– Қасиетті осы үйдің  іргетасын  қалаған  Халиулла  Хамитұлы Бекметевтің  ұрпағы  ретінде  не  айтасыз?   

– Қарқаралы тамырын тереңге  тартқан тағылымды тарихымен  ғана емес, талай ғұлама ғалымдардың табанының ізі қалған сырлы  шежіресімен  белгілі  екенін  жоғарыда айтып  өттім. Оны кезінде қазақ­тың асыл перзенті Қаныш Сәтбаев «Алтай­дан   Карпатқа дейінгі ұлан-байтақ  далада   дәл  Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деп  бағалаған болатын.  Мен  ұзақ  жылдар бойы осы  туралы жазыл­мады-ау  деп қаламгерлерге  өкпе  артып  жүр­ген болатынмын.  Қазіргі  таңда  ол туралы  жан-жақты  жазылып  жатыр. Енді  бабаларым  туралы  білгенімді  айта  отырайын.

Халиулла  Бекметев 1833 жылы дүниеге келген. Бабамыздың Латифа, Хадиша, Фатима, Ғайни  есімді  төрт  әйелі  болған.  Осы  төрт  әйелінің  екеуінен  12 бала сүйген. Сол  12  баласының  жеке-жеке  күтушісі, дара жатын бөлмесі  болған.  Халиулла Қарқаралы  өңіріне  белгілі  өз  дәуірінің аса дәулетті,    құрметті  адамы  болған.  Көпес  әрі  кәсіппен  айналысқан.  Халыққа  жасаған  қайырымдылығы  үшін Ресей  императорлары ІІІ Александр 1888 жылы Станислав ленталы күміс  медалімен, ал  ІІ Николай 1904 жылы  Анна  ленталы  алтын  медалімен  марапаттаған. Санк-Петербург  қаласында  мешіт  салынғанда  қайырымдылық жасап,  жеке  қаржысынан   көмек  берген.  Ол 1905 жылы  өмірден  өтіп,  Қарқаралы  қаласында  жерленген. Бабамыздың Қарқаралыда  тағы  бір  зәулім  үйі  болыпты.  Ол  өзен  жағасында  екен.   Оны  біреулер  қызғаныштан  өртеп  жіберген  көрінеді.

Ұлттың руханият әлеміне сілкініс  әкел­ген кемеңгер тұлғалар  есімін Қарқара­лымен тығыз байланыстырып тұрған Құнанбай қажы мешітінен басқа, мұндағы тағы бір құнды жәдігер – Абай дәм татқан  менің  үлкен бабам  Халиулла  Бекметевтің «Көктөбелі үйі». Өз уақытының  сәулет  өнерінің  ғажайып  үлгісі болған  қос ескерткіш бүгінде өз дәстүрі мен мәдени сипатын  қалыптастырған тарих, мәдениет, сәулет өнерінің біртұтас  туындысы.

Жас  кезімнен ойда  жүрген бір арма­ным, бабамның осы  үйінде сурет  көрмесін  ұйымдастыру  еді, сол көрме  арқылы  көпші­лік  қауымды  Қарқаралы  уезінің  қоғам­дық өміріне  белсене араласқан, Алаш  қайраткерлерімен достық  қарым-қатынаста болған,  Қарқаралыда  мешіт  салдырған, қаланың  көркеюіне  өз үлес­терін  қосқан  Бекметевтер  әулетінің  тари­хымен  таныстыру  болатын.  Сол мақсат­пен  2007 жылдың  желтоқсан айында  Қарқаралыға  барып,  қасиетті сол үйде  көрме  ұйымдастырдым.

Көрменің  шымылдығы   мұсылман­дардың  қасиетті  кітабы 1898 жылы Қазан  қаласындағы баспаханада  басылған  «Құран Кәрімнің»  фотосуретімен  ашылды. Ол кітап  менің  атам Мұхамед-Мұхтар  Халиулла Бекметевтің кітабы  болатын.  Көрме  залында Абай  атамыздың 1952 жылы жарық көрген «Таңдамалы  шығармалар» жинағының  фотосуреті  ілінді. Бұл  кітап менің  әкем  Кәмел  Мұхтарұлы Бекметевтің қолынан  түсірмей  оқыған  кітабы  болатын.

Абай алғаш бес жасында келіпті

– Кезінде    ақын  Абай Қарқаралыға  атба­сын жиі бұрып тұрған көрінеді. Ол  осы қасиетті өлкені Шыңғыстаудан кейінгі екінші атамекені санапты. Ақын Қарқа­ралыға жасаған  сапарында  Сіздің  ата­ңыздың  үйіне  тоқтаған  көрінеді. Ол туралы  не  білесіз?

– Қарқаралының Абай жүрегіне айрықша жақын болуына ақынның анасы Ұлжан Қаракесек руының қызы болса, алған жары Ділдә  Қаздауысты   Қазыбек би мен  Тіленші биден тарайтын Алшын­байдың ұрпағы  болғандығы ықпал етсе керек. Бұл болашақ  ақынның у-шуы мен қызығы мол қалаға жиі келіп-кетіп жүруіне  жол ашқан. Ол туралы  мен    әкемнен  үзік-сызық білетінмін. Оның  үстіне біздің  әулеттің  Құнанбай  қажымен  құданда­лығы  да  болған. Ол туралы  айтыла  бер­мейді. Халиулла  бабамыздың  қазақ  әйелі   Ғайни  жеңешеміз   қажының   туысы,  Тобықты  руынан  болып  келеді. Сол  Ғайнидан  туған  Мұхсин ағайымыз  да  қара  жаяу  емес.

– Ұлы   ақынның ғұмыр жолының бей­мағ­лұм   тұстарынан   әкеңіз  әңгіме  айтушы  ма  еді?

– Құнанбай  қажы мешіті мен Абай түскен үйдің тарихтың тағылымды бетте­рінен  алар орны айрықша. Қазіргі таңда жәдігерлер Қарқаралының мақтан тұтатын орындарының бірі саналып, ұлы Абай жолының  тағылымды мектебіне айналған. Бекметевтер  үйін   қала  тұрғындары  мен  келуші қонақтар   жақсы  біледі.  Табалды­рығында қажы Құнанбай мен дана Абайдан бастап, Алаш арыстары мен ұлтымыздың небір қайраткер тұлғаларының ізі сайрап жатқан киелі мекен осы бір қасиетімен де құнды. Осы  тұста  мынаны айта  кетсем  деймін.  Көптеген  деректерде  Қарқаралыдағы   ақын  тұрақтаған  Көктө­белі  үйдің  иесі, менің  бабамның  аты мен тегі  дұрыс  жазылмай  жүр. Бабамның шын  аты-жөні Халиолла емес, Халиулла, тегі Бекметов емес,  Бекметев  екенін ескерте  кетсем  деймін. Енді   үйдің тарихына  тоқталсақ.

Құнанбай мешітімен салыстырғанда Абай үйінің ғимараты біздің заманға өз күйінде  бүлінбей  жетіп отыр. Кезінде  болашақ  ақын  аралап көрген бөлмелер мен   оның табанының  ізі қалған діңгектер жақсы сақталып, қаз-қалпында келер ұрпақ сабақтастығына айналдырылған.  Ұлық қасиет  ұялаған бұл ғимаратта  қазіргі  таңда аудандық  «Саз  мектебі»  орналас­қан.

Абайдың  Қарқаралы топырағына  алғашқы  рет табанының  ізі  түсуі   мешіт­тің құрылыс жұмыстары басталған   кезең­мен тұспа-тұс келсе  керек. Ақын осыдан  кейінгі әр келісінде тұрақты түрде     баба­мыз  Халиулла Бекметевтің Көктөбелі  ағаш   үйінде тоқтаған  көрінеді.  Оған  дәлел  ретінде осы  ғимараттың  маңдай­шасына жазылған: «Бұл үйде 1850 жылы ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев   болған» деген  тақта  дерек растай түседі. Егер ақынның  1845 жылы өмірге келгенін ескерсек, онда Абайдың Қарқаралыға алғаш 5 жасында табан   тигізгеніне көз жеткізуге болады. Ал бұл  уақыт  Құнанбай қажының Қарқаралыға болыс болып сайланып, мешіт құрылысымен қызу айналысып жатқан уақытын  айғақтайды. Оны Мұхтар Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында жақсы суреттей келе: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп  алған-ды. Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар,  қонақшыл татар саудагерінің  үйі…» деп жазады қаламгер. Жазушы айтып отырған қонақжай шаңырақ біз   сөз етіп  отырған татар саудагері Халиулла Бекметевтің Көктөбелі   үйі екендігін  көрсетеді. Ол туралы  деректі  әңгімелер  көп.

«Құнанбай   Абаймен бірге  Халиул­ланың үйіне бірнеше рет келген. Өйткені, Қарқаралы дуан орталығы болғандықтан жиі келіп тұратын. Бірнеше күн бұрын өзінің келетіндігін арнайы кісі жіберіп хабарлап отырады екен. Сыйлы қонақ­тарды күту үшін Халиулланың үйі алдын-ала дайындалып, Құнанбайға арнайы тай сойғызады екен» депті  қарқаралылық ақсақал Ахметбек   Әрінұлы  өз  естелігінде. Ол туралы академик Ақжан Машановтың естелігінде  де мынадай дерек сақталған: «Абай әр келген сайын Халиулла байдың «Көк үйіне» атбасын тіреп, қадірлі қонақ ретінде қабылданған. Жиһаз-жабдығы мол, бай   кітапханасы бар осынау еңселі ағаш үйде демалып жатып, өлең жазған. Абайды Қарқаралы жастары қошеметтеп қарсы алып, оның келуін үлкен өлең-жырдың мерекесіне айналдырған. Оны Бекметевтер әулеті мен қаланың белді азаматтары кезек-кезек қонаққа шақырып, құрмет көрсеткен. Ол сонымен бірге қансонарда аңға шығып, құс салып, тазы қосып, түлкі аулаған».

Жалпы, бұл  әулет туралы әлі  де  зерттеу  жұмыстарын  жүргізе түскен  дұрыс  болар  еді. Осыдан  бірнеше  жыл  бұрын  жергілікті  өлкетанушы  Ерлан  Мұстафин  Халиулла  бабамның  Қарқаралы  зиратындағы  көк  тасын  іздеп  тапты. Көк  тастағы  араб қарпімен жазылған  жазуды  Американың  Индиана  штатында  тұратын  профессор-библиограф  Акрам  Хабибуллаев  оқып,  аударып берді. Осыдан  кейін Ерлан  бабамыздың  жеке  мөрі  басылған  «Құран»  кітабын  тапты. Оған  алғысымыз  шексіз!

– Сол  кезде  бой  көтерген ғимарат  біз­дің қазіргі   заманымызға  өзгеріссіз  күйінде  жеткен бе?

– Кезінде бұл  Көктөбелі үйдің алдында қонақ қабылдайтын арнайы жапсарлас  үйі болған көрінеді. Үйдің қорасы үлкен болыпты. Қораның ұлтанына  тас төселген. Ол кезде аулада қосымша үлкен үш қора орналасыпты. Біріншісінде,  келген қонақ­тардың көлігі, екіншісінде малдың жем-шөбі, үшін­шісінде сауын сиырлардың қорасы мен қасапхана бо­лыпты.   Бірнеше жыл бойы баптап, арнайы кептірілген үлкен бөренелерден  қию­ластырып салын­ған тарихи жәдігердің тағы бір ерек­шелігі – үйді салу бары­сында оның  құрылысына  шеге атаулы мүлдем қолда­нылмаған. Осынау  ғима­рат­ты ертеректе   көрген адам­дар Халиулланың қора-жайы қандай үлкен болса,  дастарханы да сондай мол, ел-жұртқа аса сыйлы бол­ған­дығын жиі сөз етеді  екен. Құнанбай қажы мешіт құры­лысын қолға алғанда Ха­лиулла Бекметев  оған рухани   және  қаржылай  қолдау  көрсетіпті.

Менің  бабаларымның ағайынға бергісіз бауырмал­дығы мен мәрттігін аса жоғары бағалаған   Құнанбай қажы кейін Ха­лиуллаға То­бық­ты руынан  шыққан өзінің жақын қарындасы   Ғайни  Шоңбайқызын алып беріп, араларындағы достықты жүз­жылдық туыстыққа ұласты­рыпты. Зама­нының  озық  туған  тұлғалары  осы  арқы­лы  жақын  адамдарға айналған.

 

Текті  ұрпақтың тағдыры

– Тегі   татар  бұл  әулет  сол  заман­дағы өзге  де  қазақ  зиялыларымен өте  тығыз туыстық  байланыста    болған  көрінеді  ғой…

– Иә,  көзге  түртіп  айтпасаңыз,  олар­дың  түр-түсінен  татар  екендігін айыра  алмаған  болар  едіңіз. Қазақ  халқына  айрықша  адал  қызмет еткен басқа  ұлттың  өкілі  болса, дәл  менің  бабаларымдай  қызмет етсін.   Ол туралы мақтанғым  кел­мейді.   Кезінде  маған  бабаларым  туралы    Аргуния  Жақыпқызы  әңгімелеп  берген  болатын.  Ол жөнінде еске  алғым келмейді. Халиулла   бабамыздың   үшінші әйелі Фатимадан туған Гүлбаһор (Күлбіш) – қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, белгілі қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың жары болатын. 1922 жылы Жақып Ақбаев Алаш өкіметі мүшесі болғандығы үшін айыпталып, өз қаражатына салған баспа­насы заңсыз тәркіленіп, арыстай басы абақтыға қамалған қиын-қыстау шақта заңгердің далада қалған отбасы мен бала-шағасы  да  осы Көктөбелі   үйді паналап  жан  сауғалаған.

Қазақ тарихына Жақып Ақбаев сынды көрнекті тұлға берген, заман талқысын көп көрген бір әулеттің ел білмейтін сыры мен қыры көп. Ал оның еңсесін енді тіктеген қазақ тарихында  алар орны  орасан зор.

Жақып  Ақбаевтың әйелі Гүлбаһор  Бекметева менің атам Мұхаммед-Мұх­тардың   туған  қарындасы. Олардың әке­лері Халиулла Хамитұлы Бекметев Қарқаралы өңірінің  зиялы және құрметті азаматы болған. Ұлы Абай болған Қарқаралыдағы «Көктөбелі  үй» сол кісінің үйі.

– Қарқаралыда  бұдан басқа Сіздің  туы­сыңыз Мухсин  Бекметевтің  де  үйі   болған  деседі?..

– Иә, Қарқаралыда үлкен  баба­мыз­дың  балалары Мухсин мен Муғиннің де   үйлері болған. Ол  туралы  жоғарыда  айт­тық.  Мухсиннің үйінде Алаш  қайрат­кері  Әлім­­хан  Ермеков  отбасымен  бірге  тұрған. 1920 жылы Әлімхан  Ермеков осы  үйде  тұрып, Қарқаралыда  мектеп  ашқан. Қызығы  сол, Әлімхан  Ермеков  тұрған үй  де сақталған.  Үй Ермеков  көшесінде  тұр. Мухсин мен  менің атам  Мұхтар  бір туған  бауырлар.

– Қазақ тарихында өшпестей  із қал­дырған Бекметевтердің  ұрпақтары    тура­лы не айтасыз?

– Мақтан  тұтар  бауырларым  көп қой.  Бірақ  олардың  көпшілігі   қазақ  оқыған­дарымен  қатар   азапты  да бірдей  көрді.  Солардың  бірі Мұхаммед-Мақсұт  Хами­дул­лаұлы Бекметев атақты публицист, қайраткер болатын.  Омбыда  білім алған. 1906 жылы қазақ  жерінен  Қазан қаласына жер аударылған. Екінші  рет тұтқындалып,  Орынбор  қаласында абақтыда  отырған. 1909 жылы Санкт-Петербургте  шығатын «Речь» газетінде  Семей  түрмесінде  отырған Ахмет  Байтұрсыновқа  бостандық берілуін  талап  етіп, мақала  жариялаған. Мұғин  Халиуллаұлының  Қарқаралы  қаласында  мануфактуралық  дүкені  болған.  Өткен  ғасырдың  басында  қызыл  кірпіштен  салынған  дүкен  осы  күнге  дейін  сақталған,  ол тарихи  және   сәулет  өнерінің  ескерткіші  болып  табылады.

Балқаш  қаласына  таяу Гүлшат  деген  кент  бар. Бұл елді-мекен  ХІХ ғасырдың 80-жылдары  осы  маңда  өмір  сүрген  кен  өндіруші  кәсіпкер  Хамидулла  Бекме­тевтің  қызы  Гүлшаттың  есімімен  аталған.  Гүлшат Мұхаммед-Мақсұттың  қарындасы.

Мухсин  Бекметев 1890 жылы Абай  атамыз  тұрған  қасиетті  үйде  дүниеге  келген. Қалалық училищені  бітіріп,  қоғамдық  прогресшіл  жұмыстарға белсене араласқан. Алаш қозғалысына араласып, Қарқаралы уезінің  жұмыстарына   жегіл­ген. Милиция бөлімінің  басшылы­ғына ұсынылған. 1911 жылы  Міржақып Дула­товтың «Оян, қазақ» кітабын  таратқаны  үшін  жандармдардың   құрығына  іліккен.  Қазір  таңда  Мухсиндер  әулетінен  Тамара деген   апамыз  бар,  жасы 90-да.  Ол 1930  жылы Қарқаралы  қаласында  дүниеге  келген. Қазіргі  АҚШ-тың   Нью-Йорк қаласында  тұрады. Ол кезінде  Алматы  консерваториясын  бітіріп,  «Қыз бен  жігіт»  фильміне  түскен. Кейін «Ленфильм» киностудиясында  бірнеше  фильмде  ойнады. Қызы  Марина ұзақ  жылдар АҚШ Федеральдық қызметінде жұмыс  істеп,  зейнетке  шыққан. Сондай-ақ,  АҚШ-та математика  профессоры  Айрат  Рефхат­ұлы,  Татарстанда көнеславян  тілінің  зерттеушісі  Ринат Бекметевтер тұрады.

– Қазақтың  көптеген  белгілі  қайрат­керлері  осы  «Көк  үйдің»  қыздарына ғашық  болып,  тағдырларын байласқан  деседі?..

– Иә,  ол  туралы мағлұмат  көп. Ол туралы  әңгіменің  шет-жағасын  жоғарыда айтып  кеттім.  Қазақтың  көптеген  игі жақсылары Бекметевтер  әулетінің  сұлу  қыздарына үйленіп, өсіп-өнген.  Олардың  қатарында   Алаш  қайраткерлері  Жақып  Ақбаев,  Райымжан  Мәрсеков, қазақтан  шыққан  тұңғыш  дәрігер  Әміре  Айтбакин, мемлекет  қайраткері,  жазушы  Шәріп  Өтеповтер  бар. Сондай-ақ, орыстың белгілі  жазушысы,  «Вечный  зов»,  «Тени  исче­зают  в  полдень»  романдарының  авторы,  КСРО  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреа­ты, Социалистік  Еңбек  Ері,  КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  депутаты Анатолий  Иванов та  осы  үйдің  күйеубаласы.

– Енді әкеңіз  Кәмел  туралы  айта  кетсеңіз?

– Менің  әкем  Кәмел-Мұхаммед Мұх­тарұлы  Бекметев   1911  жылы   Қарқаралы  қаласында  дүниеге  келген.  Өткен ғасырдың  20-жылдарындағы саяси-қуғын сүргін  зардабын  өз   көзімен  көрген   қайраткер. Оқу-ағарту саласында  ұзақ жылдар қызмет атқарған. Әкесінің  тірі  кезінде  баласының  атына  банкіге  салған бүкіл  қаржысы  Қазан  төңкерісінен  кейін  жаңа  үкіметтің  меншігіне  өтіп кетіпті.

Әкем 1930 жылы  Қарқаралы  қала­сында  ІІ сатылы мектебін  бітіргеннен кейін  Қу  ауданының  «Жаңа  жол»  колхо­зында  ересектерге  сабақ  беріпті. 1931 жылы Алматыға  келіп  жаңа ашылған  Қазақтың  мемлекеттік  медицина  инсти­тутына түседі.  Ол кезде  институт  РСФСР-дың  Денсаулық  сақтау  халық  комис­сариатына  қарайды  екен.

Сол  тұста  халықты  жаппай шешекке  қарсы  егу  үшін  дәрігерлік  бригадалар  құры­лыпты. Әкем бір топ  дәрігерлермен  бірге  жазғы  демалысында   дәрігердің  көмекшісі  ретінде   ел  арасында  шешекке   қарсы   егу  жұмыстарына  қатысады. Осы­дан  соң Мәскеуге барып,  1-ші  Мәскеу  медицина  институтына  оқуға  түскенімен ауыр  тұрмыстық  жағдай мен  сырқат­тануына  байланысты  оқуын  үзуіне  тура  келіпті. Ташкенттегі Орта  Азия  универ­ситетінің  арнаулы  даярлық  бөлімін, Қазақ  педагогикалық  институтын  бітіріп,  Халық  ағарту  комиссариатында  ұзақ  жыл­дар  жауапты  қызметтер  атқарады. Міне, қазақ  қоғамында өзіндік  орны  бар  Бекметевтер  әулетінің өмір  тарихы  осындай.

– Әңгімеңізге  рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *