АРҚАНЫҢ ТӨСІНДЕГІ АСҚАҚ ҚАЛА

немесе Бозоқтан – бүгінге дейін...

Арқаға мойын бұрып қарасақ, бір кездері Мәскеу түшкіріп қалса болғаны, күллі Кеңес империясының сай-сүйегіне дейін сырқырайтын замандарды да бастан кешірдік. Құдайға шүкір Кремльдің қабағына жаутаңдайтын кез көрген түстей өтті де кетті. Қазір өз алдымызға ел болып, еңсе көтеріп, еңселі елорда салған жайымыз бар. Соның арқасында бүгінде Алаш баласы Арқаның төсіндегі асқақ та айбынды Астананы алшаңдай басып, өзінің өзгеге кіріптарлығы жоқ, Тәуелсіз елдің азаматы екенін сезіне алады. Ал біздің Астананың жөні бөлек…

БІР КҮНДЕ ОРНАМАСА ДА…
Астанамыз әлемнің көптеген елінің бас қаласымен салыстырғанда, аз ғана уақыт ішінде бой көтерді. Тіпті оның көз ілеспес шапшаңдықпен өсуіне өзге елдер түгіл, сол қалада таң атырып, кеш батыратын Астана жұртшылығының өзі «Бірер ай ғана бұрын осы бір ғимарат жоқ секілді еді, қалайша лезде?..» деген таңданыс пен сүйсініс аралас лебіз білдіріп жатады. Рас, елордамыз тікелей Елбасымыздың өзінің таңдауы мен өзінің бас-көз болуының арқасында тоқтаусыз салыну үстінде. Алайда бұл – Астанамыз тақыр жерден туды деген сөз емес, білгенге оның тамыры сонау тереңде жатыр.
«Бұрын өткен заманда, дін мұсылман аманда…» деп басталатын «Алпамыс» жырындағыдай сөз бастасақ, сол тұста болмаса да, ежелгі ғасырларда Сарыарқананың сайын даласында Бозоқ деген қала болыпты. Басқа емес, саясат пен экономикадан бөлек тарих, әдебиет – барлық саладан білімі кемел Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде «бүгінгі жас, жас та болса қас сұлу елордамыздың арғы атасы – сол ортағасырлық Бозоқ» деген тұжырымды ой айтады. Жалпы, Бозоқ қаласын алғаш ашқан – тарихшы, әйгілі академик Кемел Ақышев. Ал «бозоқ» деген сөздің өзі түркі-оғыз термині болса керек. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың «бозоқ» термині «тесіп өтетін жебе» немесе «ақ жебе» деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.
Тәуелсіз Қазақстан астанасының ұлы дала орталығы – Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы тегін емес. Есіл мен Нұраның ортасындағы бұл мекеннің геосаяси маңызы зор екенін ежелгі қыпшақтар да білген. Астана тарих ағынымен жеткен Бозоқтың жалғасы іспетті. 1998 жылы қазақ археологі Кемал Ақышев қазіргі Астананың іргесінен орта ғасырға тән Бозоқ қаласының орнын анықтады. Қазақстан тарихынан сыр шертетін бұл мұраны зерттеу барысы осылай басталған екен. «Бозоқ»… Бұл қала шамамен біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдық- тың VIII ғасырында пайда болған. Содан бастап 600 жыл іргесі сөгілмей тұрған. Сол замандарда бұл аумақтан Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Бозоқтың пайда болуы соның арқасы деседі. Бозоқты зерттеген археологтердің айтуынша, бұл шаһар Есіл мен Нұра өзендерінің арасындағы саз балшық пен кішігірім көлшіктердің ортасында қалған. Қараөткел дейтін өткел бар. Ұлы Жібек жолы мен Сарыарқа даласы сол жерде түйіседі. Оңтүстік тен Солтүстікке, яғни Тайгаға және Шығыстан Батысқа қатынайтын көштердің барлығы осы Қараөткел арқылы өткен. Саудагерлер, керуендер, көшпенді халық нөпірі ешбір толастамаған стратегиялық жол болған. Сондықтан олар алғашында үш кішігірім бекет салған. Содан кейін, IX және XII ғасырларда бұл аумақтың көлемі ұлғая түскен. Бозоқ ортағасырлық кенті жеке үш бөліктен тұрған. Оның орталық бөлігі – дуалдардан, солтүстік бөлігі тұрғын және өндірістік кешендерден құралған. Ал оңтүстігін қорымдар алып жатыр. Қалашықтың жалпы аумағы 30 гектардан астам. Ортағасырлық өлшеммен алғанда бұл нағыз мегаполис болған. Зерттеушілер барлық үйлер температурасы өте жоғары арнайы пештерде күйдірілген кірпіштерден салынғандығын айтады. Бұл бабаларымыздың киіз үйден басқа да заманауи жайларды тұрғыза білгендігін аңғартады.

КӨНЕ ШАҺАР ТЫҢ ИГЕРУДЕН ҚАЛАЙ АМАН ҚАЛҒАН?
Себеп – бұл шаһар Есіл мен Нұра өзендерінің арасындағы саз балшық пен кішігірім көлшіктердің ортасында қалған. Мұндай жерлер тың игеруге келгендерді тым қызықтыра қоймаса керек. Осы ретте бір мәселені ерекше айта кетуіміз шарт, ол – Бозоқтың географиялық орналасу аймағының ерекшелігі жайлы. Тарихтың тереңіне бойласақ, түркі текті көшпенділер Еуразия кеңістігін алғаш қоныстанған кезде өздерінің елді-мекендері мен тұрақтары үшін табиғи Бозоқтың бел баласы – қазақтың Астанасы қорғаныс ерекшеліктері бар сулы-батпақты өңірлерді таңдаған екен. Оның мәнісі жаугершілік заманда шапқыншылардың батпақты өңірлерде кең соғыс қимылдарын жүргізе алмайтындығына байланысты. Мұндай «батпақты аймақтағы қалалар» мысалына, Арал өңіріндегі оғыздар, Дағыстандағы Терек өзенінің жағасындағы батпақты өңірлердегі хазарлар тұрғызған қалаларды мысалға келтіруге болады. Бозоқ қаласы да осындай топографиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол Есіл өзенінің сағасындағы батпақты өңірге қоныс тепкен. Ал бабаларымыз неліктен қаланы батпақты өңірлерге салуды дұрыс деп шешкен? Себебі олар осы арқылы екі тиімділікке қол жеткізген екен: біріншіден, бұл қорғаныс үшін қолайлы болса, екіншіден, егіншілікпен айналысуға таптырмайтын кеңістік. Бозоқ қаласының батыс жағы Бозоқты көлімен қорғалса, шығыс жағы батпақты болып келеді. Ал қаланың оңтүстік аймағы қолдан жасалған орлармен қоршалған.

БОЗОҚТАН – БҮГІНГІ АСТАНАҒА… .
Бергі тарихқа көз салсақ, 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында, тоғайлы қамысты Қараөткел аймағында Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтің Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығымен қазіргі қала орнына қазық қағылады. 1832 жылы халық санының өсуіне байланысты бекініске қала мәртебесі берілген. Содан тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл аймақ тез өсіп, ірі сауда орталығына айналған. 1873 жылы бекіністе қала сұлбасы пайда болыпты. Бозоқтан Астанаға дейінгі шаһар атаулары әр кезеңнің саясатына байланысты өзгеріп отырған. Қала 1961 жылға дейін Ақмола атанып келсе, 1961-1992 жылдары тың игерушілердің орталығы ретінде Целиноград болып өзгерген. Ал өзінің байырғы атауы Ақмоламен ол 1992 жылы қайта қауышып, 1992-1998 жылдары қала Ақмола деп аталды. 1998 жылдың 6 мамырында ел Президентінің Ақмола атауын өзгерту туралы бұйрығымен қала Астана болып тарихқа енді. Астананы Ақмолаға көшіру туралы батыл бастаманы ең алдымен Елбасымыз Н.Назарбаев көтерді. Бұл идея талай рет талқыға салынып, ел еңсесін тіктей алмай жатқанда бас қаланы батпақты өңірге көшірудің ақылға сыймайтындығын айтып қатаң сынға алғандар да табылды. Соған қарамастан, Ақмоланың астана болуға лайықты 50-ден астам артықшылығы мен ерекшелігін дәлелдеген Елбасымыз еді. Сондай қайраткерлік пен жігердің арқасында осындай талас-тартыстың соңы Президенттің ұсынысын қабыл алумен аяқталды. Сөйтіп, 1997 жылдың 20 қазанында Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау» туралы бұйрыққа қол қойды.

ТҮЙІН:
Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.
Мәриям ӘБСАТТАР

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *