Арқа төсінде он жылда-ақ заманауи шаһар бой көтерді

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-на қарасты Алматы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылды.

– Тәуелсіз мемлекетіміздің қайта түлеуінің символына айналған Астана қазақ елінің киелі қазынасына айналғаны хақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас қаланы көшіру туралы шешімі, осы жолдағы қиын­дықтар мен жеңістер, қарапайым облыс орталығының тұруға жайлы мегаполиске, әлемдік сәулет өнерінің жақұтына айналуы – ел тарихының ерекше маңызға ие тарау­лары, – деді көрмеге келушілерді құттық­таған Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасы тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Назерке Кәкіжанова.

Астана құрылысына 71 қала, 135 өндіріс орны, 435 құрылыс компаниясы атсалыс­ты. Бас қаланы салуға түрік, итальян, француз, швейцар құрылысшылары үлесте­рін қосқан. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орта және ірі нысандар іске қосылып отырды. Бас қаланы салуда сәулетшілер Ш.Уәлиханов, А.Рүстембеков, Қ.Монта­хаев, Т.Әбілда және тағы басқа да шебер­лердің үлесі зор.

Көрменің ашылуына шақырылған қонақтардың бірі – Астана қаласының бұрынғы бас сәулетшісі, «Қазақстан темір жолы» әкімшілік ғимараты, 2000 орынды цирк секілді танымал нысандар жобалары­ның авторы Төлеген Әбілданың айтуынша, бас қаланы салу жоспары Елбасының тікелей бақылауымен жасақталып, жүзеге асты.

–Алғашқы жылдары тұрмыстық қиын­дықтарға, Ақмоланың қаһарлы қысына қарамастан еңбек еткен сәулетшілер, дизайнерлер мен құрылысшылардың жігері мен барша қазақстандықтың қолдауы арқасында Арқа төсінде 10 жылға жетер- жетпес уақытта әсем, заманауи шаһар бой көтерді, – дейді Төлеген Сыздықұлы.

Мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға айналған Астананың  алғашқы ғимараттарының жобасы қалай туды? Мемлекет басшысымен қоян-қолтық жұмыс істеген сәулетшілерді не толған­дырды? Бүгінде тарихқа айналған кейбір сәттер, кездесулер, қызу пікірталастар туралы белгілі сәулетші, марқұм Қ.Мон­тахаевтың зайыбы Жібек Рамазанқызы және Қалдыбай Жұмағалиұлының досы, итальяндық дизайнер Франческо Капилет­ти қатты толғанды.

Көрмені ұйымдастырушы «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-ы директорының ғылым жөніндегі орынба­сары Сержан Саровтың айтуынша, атал­мыш экспозицияның басты мақсаты – алматылықтар мен қала қонақтарын Елор­да құрылысы тарихының жекелеген сәтте­рімен таныстыру, тек өз саласында ғана танымал сәулетшілер мен дизайнер­лердің есімі мен еңбектерін халыққа паш ету, заманауи қазақстандық сәулет өнерін насихаттауға үлес қосу.

Көрмеге келушілер Астана үшін жасалған бірегей нысандардың идеясы туындаған сәттен бастап іске асу кезеңдері туралы мәліметтерді, архитекторлардың жеке заттарын, құжаттарын, марапаттарын тамашалай алады. Сонымен бірге, сәулетші қиялынан туып, бірақ әр түрлі себептермен іске аспай қалған жобалар туралы ақпарат та көрермен қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Көрме 6 тамызға дейін жалғасады. Біздің есігіміз сіздерге әрдайым ашық.

Қайрат ТАРБАЕВ,

«Алматы қаласы музейлері бірлестігі» ҚМКК директорының даму жөніндегі орынбасары.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *